Анаға құрмет – ұрпаққа міндет

Дүйсенбі, 16.03.2022

Ана – дүниедегі ең ардақты жан. Ол – әлемдегі барша ізгілік пен мейірімнің, парасат пен тағылымның көрсеткіші. Ұлы Алла Тағала қасиетті Құранда: «Адамдарға ата-анасына жақсылық жасап, қарайласуды бұйырдық. Анасы қиыншылық үстіне қиыншылық көріп, оған жүкті болды. Екі жылда омыраудан айыруы (емшектен шығару) бар», – дейді («Лұқман» сүресі, 14-аят). Кез келген ана баласының бақыты мен амандығы үшін жанын пида етуге әзір. Тіршілікте ананың баласына деген кемел сүйіспеншілігі мен қамқорлығы ешқашан таусылмақ емес.

Ананың босанардағы қиын-шылығы, ауру-сырқаты қанша-лықты ауыр болса да, сәбиін қолына алғанда барлық көрген қиындығын бір-ақ сәтте ұмытып, сәбиін мейірім бесігіне бөлейді. Бұл мейірім шуағы ғұмыр бойы перзент болмысын жарыққа бөлеп, күндіз-түні баласының тілеуін тілеумен болады. Ана – әрбір адамның ғұмырдағы ең жақын жанашыры, сырласы және ақ ниетті тілекшісі. Кез келген пенденің ішкі дүниесінің әсемдігі, мінезінің ерекшеліктері анасының ақ сүтімен бойға дариды.

«Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Я, Расулалла, қартайған анамды өз қолыммен тамақтандырамын. Дәретін алғызып, арқалап жүремін. Осы амалыммен ақысын өтеген боламын ба?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Жоқ, ақысының жүзден бірін де орындаған болмайсың. Ол саған аяққа тұрып кетуіңді күтіп қызмет еткен еді, ал сен оған өлімін күтіп қызмет етудесің. Бірақ, Алла Тағала бұл аз ғана жақсылығың үшін көп сауап ихсан етеді»  (Р. Насихин). Тағы бірде: «Ата-анам өте мейірімсіз, оларға қалай мойынұсынамын?», – деген адамға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп түсіндіреді: «Анаң сені тоғыз ай құрсағында көтерді, екі жыл емізді. Сені үлкейгенге дейін қойнында жетілдірді, қамқор болды. Әкең де сені өсіру үшін көптеген қиыншылықтарға төзді. Сенің қажеттіліктеріңді қамтамасыз етті. Саған дініңді, иманыңды үйретті. Сені Ислам тәрбиесімен өсірді. Енді қалайша олар мейірімсіз болады? Бұдан асқан мейірім бола ма?» (Әййухәл уәләд илмихалы). Алла Расулы (с.ғ.с.) хадистерінің терең мағынасына бойлай отырып, перзент бойындағы ананың хақысы өте жоғары екендігіне көз жеткіземіз.

«Бір кісі пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.): «Адамдардың ішінде кіммен ең жақсы қарым-қатынаста болуым керек?», – деп сұрады. «Анаң», – деді пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Әлгі кісі: «Одан кейін ше?», – деп сауалын жалғастырды. «Анаң», – деді пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Үшінші рет: «Одан кейін ше?», – деп сұрады әлгі адам. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы да: «Анаң», – деп жауап берді. «Ал одан кейін ше?», – деп қайта сұрақ қойған кісіге, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әкең», – деп жауап қатты». Осы хадистен тағы да анамен көркем қарым-қатынас жасау қажеттігін әрі әкеден гөрі ананың хақысы биік екендігін түсінеміз. Бала әкеге өте үлкен құрметпен қарауға міндетті, ал ананың хақысы әкеден қарағанда жоғары болады. Бұл жайында хадис шәріптерде былай делінеді: «Анаға жасалған жақсылықтың сауабы екі есеге көп болады» (И. Ғазали); «Бірінші анаңа, екінші әкеңе, кейін әпке-қарындасыңа, аға-ініңе, кейін ретімен қалған туыстарыңа жақсылық жаса!» (Нәсаи); «Уәйіс әл-Қарани бүкіл ихсандары мен дәрежелеріне анасына жасаған жақсылықтарының себебімен қол жеткізді» (Р. Насихин); «Я, Расулалла! Менің анам мүшрік. Оған жақсылық жасауым қажет пе?», – деп сұраған адамға Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Иә, анаңа жақсылық жаса және оны құрметте!», – деді» (Әбу Дауд).

Ұлы Жаратушыға ғибадат ету, оған кәміл иманмен бойұсыну – пенденің жаратылыс мақсаты және Алла алдындағы құлдық міндеті. Сондай-ақ, Алланы тану – екі дүниедегі бақыттың кілті. Сол себепті Алла Тағала былай дейді: «Маған және ата-анаңа шүкір ет!» («Лұқман» сүресі, 14-аят); «Раббың Өзіне ғана құлшылық қылуларыңды және ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті» («Исра» сүресі, 23-аят). Бұл екі жерде де өзіне ғибадат пен шүкіршіліктен кейін бірден ата-анаға жақсылықты бұйыруы, оларға игілік жасап, құрмет етудің маңыздылығын бекіте түседі.

Әлемге рақым нұры болып жіберілген ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Әйелін анасынан жоғары тұтқан адамға лағнет болсын! Оның парыз болған және басқа да ғибадаттары қабыл болмайды» (Шира).

Осыған қатысты төмендегі оқиға әркімге ой салары анық. Бір күні ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жақын сахабасы болған Алқаманың ақтық сәт алында қатты қиналып, тілі күрмеліп жатқандығы жайында хабар келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алқаманың жағдайын біліп келу үшін Әбу Бәкір Сыддық пен Біләл азаншыны (р.а.) жібереді. Әбу Бәкір келіп, Алқамамен сұхбаттасқанда, Алқама барша сөздерді сөйлеп, өзінің жағдайын айтады. Алайда, ең маңыздысы – тілін кәлимаға келтіріп, «Лә иләһа иллалла» деген сөзді айта алмады. Бұл көріністі өзі келіп көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына қарап:

– Бұл Алқаманың ата-анасы бар ма? – деп сұрады. Сахабалар әкесінің ертеде өмірден озғанын, бірақ анасының бар екендігін мәлімдейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.):

– Анасына хабар беріңіздер. Егер келе алса, менің құзырыма келсін, келе алмаса, өзім барайын, – деді. Хабарды алған Алқаманың анасы Расулалланың (с.ғ.с.) құзырына өзі келетіндігін баяндады. Сыртта көлеңкеде ауырып жатқан баласының маңайынан өтіп барып, бірден Расулалланың (с.ғ.с.) алдына келіп, сәлемдесті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған:

– Сіздің балаңыз Алқама қандай болып еді? – деп сауал қойды.

– Балам жақсы, сіздің маңайыңызда қызмет атқарады, – деді.

Сол сәтте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Жоқ, сізбен қарым-қатынасы, мәмілесі қалай еді? – деп сұрады.

– Менің баламнан көптен бері көңілім қалды, оны ұлым деп ұмытқалы көп уақыт болды, – деді көз жасын тыя алмаған күйі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) себебін сұрағанда:

– Баламның сәби кезінде әкесі өмірден өтті, жастайымнан жесірліктің тауқыметін тарттым. Өгей әке көз алартып жүрмесін деп күйеуге де шықпадым. Ұлым өсіп, ер жетті, үйлі-баранды болды. Алайда, сол мезеттен бастап бар жылы-жұмсақты, тәтті тамақты әйеліне тасыды, бар ықыласы мен құрметін әрі жылы сөзін әйеліне ғана арнады. Бастан өткен жағдайларды көріп, бұлармен бір шаңырақта тұра алмайтынымды білген соң, жүгімді жинап кетуге даярландым. Сонда балам: «Анашым, сіз мені сәбиімнен бағып-қағып, мейіріміңізге бөлеген едіңіз. Енді қайда барасыз?», – деп сұрауға да шамасы келмей, баратын үйіме жүгімді көтеріп апарып берді. Міне, сол сәттен бері аналық мейірім, махаббатым бұл балама теріс болды…

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Балаңыз пәни дүниемен қош айтысқалы отыр. Разылығыңызды білдіріңіз, – деді. Ол баласына дүниеде разы еместігін қайталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына қарап:

– Ағаш, отын жиыңдар да үлкен алау жағыңдар! Ана­сын наразы еткен баланың отта жануын анасы және баршаларыңыз көріңіздер! – деп бұйырды. Сол мезетте Алқаманың анасы:

– Ей, Расулалла, балам жанғанша, сол отта мен өзім жанайын, балама разымын, разымын, – деп бірнеше рет қайталап сұранды. Сол сәтте қиналып жатқан баласы Алқама: «Лә илләһа иллаллаһ», – деп жан тапсырды. Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Сіз бұл дүниенің аз ғана отына балаңыздың түсуін қаламадыңыз, сіз разылығыңызды бермегенде балаңыз мәңгілік тозақ отына түсер еді, – деді. Анасын ренжіткеннің азабы жайлы бұл оқиғада әрбір мүмін пенде үшін толағай тағылым мен өшпес өнеге жатыр.

Қасиетті Құранда ата-анаға құрмет көрсетудің маңыздылығын баяндайтын мынадай аят бар: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір қылды. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (Кейіс білдірме.) Сондай-ақ, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегендей, Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!», – де» («Исра» сүресі, 23-24-аяттар). Яғни, бұл аятта Алла Тағала өзінен басқа ешкімге ғибадат етпеумен қатар ата-анаға құрмет көрсетуді бұйырады.

Алла Тағала Мұсаға (ғ.с.) былай деп ескерткен: «Ей, Мұса! Менің қасымда «жаман сөз» сондай ауыр, оның ауырлығы жер жүзінің топырағының салмағындай», – деді. Мұса (ғ.с.): «Уа, Раббым, ол қандай сөз?», – деп сұрағанда, Хақ Тағала: «Ата-ана перзентін шақырғанда бармай, ешқандай құлақ аспай, жоқ бармаймын, сенің айтқаныңды тыңдамаймын», – деп қасарысып, олардың көңілін қалдыратындай, жаман сөз айтуы», – деп жауап берген.

«Бір кісі: «Я, Расулалла, ата-ана баласына зұлымдық етсе де, олардың разылығын алмаған адам тозаққа кіре ме?», – деп сұрағанында, жауап ретінде үш рет: «Иә, зұлым еткен болса да разылығын алмаған бала тозаққа кіреді», – деді» (Бәйһақи).

Сондай-ақ, ата-анаға құрмет көрсету – пенденің күнәларының кешірілуіне себеп болатындығы жайлы мынадай хадис бар. Бір күні бір адам Расулаллаға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен тым үлкен күнә жасап қойдым. Қалай тәубе етемін, менің тәубем қабыл болуы үшін не істеуім керек?», – деді. «Анаңыз бар ма?», – деп сауал қойды Алла Елшісі (с.ғ.с.). «Жоқ», – деді әлгі кісі. «Анаңыздың әпкесі бар ма?», – деп сұрағын жалғастырды. Әлгі адам: «Иә», – деді. «Ендеше, соған құрмет көрсетіп, жақсылық қыл!», – деді рақым Пайғамбары (с.ғ.с.).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ата-анасына жақсылық етуші қуанышқа бөленсін! Алла Тағала оның ғұмырын ұзақ етсін!», – деп дұға еткен. Ендеше, Алла Тағала барша мұсылмандарды осы дұғаға лайықты болып, Алла Тағаланың «Исра» сүресінде әмір еткеніндей, Раббымызға ғана құлшылық жасап, ата-анамызға көркем түрде құрмет көрсетуді нәсіп етсін! Әмин!

Мақсат ҚУАНЫШҰЛЫ,

ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша

өкіл имамы

Оқылды 788 рет
JoomShaper
Top