Мұсылманға музыка тыңдау харам ба?

Жұма, 20.09.2021

Ислам діні адам баласын өз табиғатындағы осындай сезімдеріне тұсау салып я болмаса балта шауып жоқ ету үшін келген жоқ.

Пайғамбарымыздың хадистерінен музыкаға байланысты салынған тыйым тікелей музыкаға немесе аспаптарға қатысты емес, олардың қалай қолданылуы, сондай-ақ, тыңдаушы мен орындаушының түпкі ниетіне байланысты екенін аңғарамыз. Кез-келген музыка аспабының әркелкі дәрежеде тартылуына, бұған қоса, ән мазмұнының әр алуандығына байланысты, олардың адамға тигізер әсері де әрқилы болмақ.Сондықтан харам-халал үкімін музыка аспабының қолданылуы мен ән мазмұнын негізге алып қарастырған жөн. Мысалы, сіріңкені біреудің үйін өртеу тәрізді қастандыққа да, от жағып үй жылыту, ас пісіру сияқты игілікті іске де қолдануға болады емес пе?

«...Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар » деп кемеңгер Абай айтпақшы, әннің де, әуеннің де жағымды-жағымсызы болмай ма. Егер музыка адамның жақсы сезімдерін жетілдіріп, рухын сергітіп, шаршаған жүйкелерін тынықтырып, көңілін тыншытатын болса, ондай музыканы харам деуге бола ма?

Хадисте пайғамбарымыздың (с.а.у.) әуен аспабының сүйемелінде айтылған әнді тыңдағандығы, Әбу Бәкірдің ән айтқандарды сөгіп, Айшаға айтқан ренішін құптамай, «Оларға тиіспе!» - деп ескертуі – зияны жоқ әуеннің адалдығына дәлел. Пайғамбарымыз жалпы музыка аспаптарын харам еткен болса, өзі музыка аспаптарын мүлдем тыңдамас еді, әрі музыка аспаптарын қолданған жандарды да дереу тыяр еді.
«...Сондықтан адамның жан дүниесі, ішкі сезімдері әрдайым көркем табиғатты тамашалауды, судың сарқыраған дауысын естіп, құстар салған әсем әндерді естуге құмартып тұрады. Ислам діні адам баласын өз табиғатындағы осындай сезімдеріне тұсау салып я болмаса балта шауып жоқ ету үшін келген жоқ. Керісінше, оларды реттеп, орта жолға бағыттау үшін келді». (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.).
Отанды, бірлікті, ерлікті уағыздайтын, ойына көркем пікір салатын, ішкі болмысына рухани жігер беретін, адамгершілік пен имандылыққа баулитын музыка мен әуенді харам деуге болмас.
Абайдың: «Құлақтан кіріп, бойды алар
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй»,-дегеніндей кейбір әуендер мен әуездер ешбір сөз айтылмаса да адамның ішкі дүниесіне ағыла құйылып, өзінше бір әлемге жетелеп, терең ойға шомдырады. Мысалы, қазақтың кейбір күйлері орындалған уақытта көз алдыңа кең байтақ жер мен ондағы әсемдіктер елес береді. Көктемдегі көңіл-күйді білдіретін, жауған жаңбырдың тамшыларын елестететін, көңіліңді дем алдырып, керемет ойға жетелейтін жұмсақ та нәзік әуендердің бар екені баршаға белгілі.
Музыка қандағы гормондарды көтеріп не азайтып, стрессті де баса алады.

Олай болса, музыканы жалпылай харам санап, барлық адамға «Тек Құранды ғана оқы әрі тыңда!» деп күштей алмаймыз.
Музыка тыңдауды ұнататын адамдарға егер біз жақсы музыканы тыңдауға болатынын айтып жөн сілтемесек, тіпті көркем мағыналы әрі әуенді әндердің шығарылуына бағыт-бағдар беріп реттемесек, ол адамның бара-бара жаман музыкаларға ұрынбасына кім кепіл?
Даңғаза әуеннің кісінің мінез-құлқы мен психологиясына, тіпті ағзасына кері әсер ететіні белгілі. Бұл жайлы Американ ғалымы Дэвид Элкин қатты шыққан дауыс арқылы белокты қуырып жіберуге болатындығын дәлелдеді. (Бір концертте дауысзорайытқыштың алдына қойылған жұмыртқа үш сағаттан кейін қатты даң-дұңнан өліп, қуырылып кеткен көрінеді). «Ауыр металл» өсімдіктің өсуін тежейді, тіпті олардың солып қалуына да себеп. Рок тыңдатылған балықтың да көп өтпей жансыз күйінде су бетіне қалқып шыққаны байқалған. Бұдан адам да шет қалмайды.
Ендеше музыка – егер адам баласының уақытын босқа өткізіп ғибадаттарына кедергі жасаса, нәпсісін қоздырып, ойына харам нәрселерді салып, жаман пиғылдарға жетелейтін болса, даңғырығының қаттылығынан мидағы клеткаларды өлтіріп, адам мінезін ұшқалақтыққа тәрбиелесе онда – харам. «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі музыкаға байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін музыкаларға байланысты болса керек»- дейді ХІ ғасырда өмір сүрген тақуалығымен танымал ханафи ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің «Идахут-дәлалат фи самағил-әәләәт» атты музыка аспаптарын тыңдауға байланысты дәлелдерді түсіндіруге арналған кітабында (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.).
Бүгінде бірқатар әншілеріміз батыстың өнеріне еліктеп, құдды солар секілді жарты жалаңаштанып киінуді, солардың ұшқалақ, жеңіл әуеніне салып шырқауды мәдениет деп білуде.
Бүгінгі осы сала ұстаздарының алдында жастарымызды өнегелі ән мен әуенге баурап, қазақтың дәстүрлі әндерін жандандыру, қазіргі эстрада әндерін де жоғарыда айтылған өлшемдерге қарай реттеу сияқты үлкен де сауапты міндет тұр. Бұл сөзімізбен барлық әндердің діни сипаттағы ән болуын да талап етіп тұрған жоқпыз. Тек айтпағымыз, ән мен әуендердің жалпы адамгершілік қағидалары мен дініміздің ережелер шеңберінен шықпауына көңіл бөлу. Сөзбен пайдалы нәрсені насихаттауға да, зиянды теріс мағынаны жеткізуге болатыны секілді музыканы да жақсы-жаман түрлі бағытта қолдануға болады дей келе, Әбу Насыр әл-Фарабидың басынан өткен мына бір оқиғаны бере кетуді жөн көрдім.
Әл-Фараби ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын жан болған екен.
Бір күні өзінің бір ұстазынан ән-күй жайын сұрады. Ұстазының айтуынша, сырнай-керней, әуен – жын-шайтанның ісі болып шықты. Адамды алаң қылып аздырады, ісінен қалдырып, күнәға кіріптар етеді екен.
Бұрын ән-күйді жақсы сүйетін Әбунасыр осыны естігеннен кейін қолына күй аспабын алмайтын болды. Ән-күйді сүйіп ойнайтын Әбудың бір қымбатты қимас жолдасы жоғалып қалғандай күй кешеді де мынандай ойға батады. Әсем ән деген адамды жадырататын, көңілді көтеріп, жүректің мейірімін оятатын бір қасиетті өнер ғой. Ендеше, ол қалай сайтанның меншігі болады?
Осы сауалын ол екінші бір ұстазынан сұрайды. Ол ұстазы: Әсем саз – ол қасиетті нәрсе емес пе? Мұнда аспанның сыры бар, әлемнің үні бар. Қолыңнан келсе бұл өнерден жиренбе...», - дейді. Мұны естіп Әбунасыр қатты шаттанады. Алайда, ол үлкен ұстаз Әбу Мәлік хазіреттің өзінен сұрамаққа бекінді. Әбу Мәлік ұстаз былай деп жауап берді:
– Ол да дұрыс, ол да дұрыс. Екі айтушының екеуі де дұрыс айтады... Я, солай... Жамандық та, жақсылық та адамның өз бойындағы қасиетке сүйенеді. Азғындық пен ізгілік ежелден егіз емес пе? Ән-күйдің әуеніне еріп, басқа өнер-білімнен қол үзсең, сонымен өміріңді қапыл өткізсең өкініш емей немене. Әсем әуен алпыс екі тамырды бірдей қозғайтын кереметті, құдіретті нәрсе. Оның сені билеп әкетуі ғажап емес. Алғашқы айтушы сені сонан сақтандырады. Құдіретті өнерді керекті жерінде өлшеумен ұстап, тізгінді ақыл-ойға беріп ізгілік іске қоссақ, онан келер пайда тағы көп. Көкірек кеңіп көңіл оятар, қиял қоздырып қайрат берер тағы сол... Ғылымның ата тегі әр ненің өлшеуін білуде емес пе. Сен ән-күй үйренсең, онан менің қаупім жоқ. Құдіретті күйдің сиқырлы үнін тежеп отыруға сенің ақыл-қабілетің мол жетеді», - деген екен.
(Ағжан Машанов, әл-Фараби. Жалын баспасы, 1970 ж).

www.muslimwomen.kz

Оқылды 1414 рет
JoomShaper
Top