Мұқағали және дін

Сейсенбі, 27.01.2022

Ақиық ақын Мұқағали өлеңдерінің адам жанын жылдам баурап алатындығының бір сыры оның ештеңеден шімірікпей шындықты, ақиқатты дөп басып жырлайтындығында. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде жазған өлеңдерінен соны байқаймыз. Мешіттер қиратылып, дін жайлы ауыз ашқандар жазаланып жатқан кезеңде Мұқаң:

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!

Құбылаға бет алып қол қусырып,

Сәждеге жығылатын қайда күнім? деп дінімізді ұстанып, намазымызды еркін оқитын азат күннің ақ таңы туралы арманын ашық білдірді.Сан ғасыр бойы қаймағы бұзылмай, момын халқымызбен бірге жасасып келе жатқан асыл дініміздің қанат-қолы қырқылып, мүгедек күйге ұшырағанын айтып күйзелді. Мұнда ақын күллі қазақтың бір Аллаға бас ұрғанын шын жүректен қалайтыны өлең рухынан анық сезіледі.Демек Мұқағали бүгін бізге бұйырып отырған еркін заманды аңсағаны анық. Бірақ өкінішке орай, бүгін ешкім не үшін мұсылман болдың деп айтпайтын уақытта әлі де иманның, намаздың, діннің қадірін білмей жүргендер жоқ емес.

Сондай-ақ байқаған адамға ақын құбылаға бет алуды, сәждеге жығылуды биік мақсат, ұлы мұрат ретінде көрсеткен. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын намаз оқып, дін ұстануды қорлық көріп, намыс санайтын адамдарды да көзіміз көрді. Адамдар «мен мұсылманмын» деп айтуға ұялған кездерді сіз бен біз бастан кешірдік. Дінді біресе апиын, біресе ескіліктің қалдығы дейтіндер болды. Міне, Мұқағалидың Мұқағалилығы сол – ол көпшіліктің ығымен кете бермей, дінімізді мадақтап жыр жазды. Бұл оның батылдығы мен парасаттылығының белгісі.  Мұнысымен шектелмей:

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін деп маржан сөздерін тізбектей түседі. Дәл осы шумақ бүгінгі таңда ақшаға, басқаға қызығып, өзінің ата діндерінен безіп өзге дін қабылдап кеткен қара көздерге қамшы боп тисе дер едім. Асылында да солай. Бұл жалғанда, не сатылса сатылсын, дінді сатуға жол жоқ. Исламнан шығып мүртәд болу - өте ауыр күнә. Мұсылмандықты тастап, шоқынып кеткен қазақтар бүгінде Алланың мәңгілік қорғауындағы өзгермеген, бүлінбеген Құранды емес, адамдар тарапынан бұрмаланып кеткен түрлі кітаптарды киелі кітабымыз деп ұстанып жүр. Бұл әрине, ұлтымыздың ауыр қайғысы, сүйегімізге басылған таңба. Басқаны қойып, енді өзінің қазақ тілінде шоқынып жатқан қазақтарға Алла ынсап берсін дегеннен өзге айтарымыз жоқ.

 Мұсылман үмбетінің күндіз түні ғибадатпен, еңбекпен айналысатыны да Мұқаңның талданып отырған өлеңінде қамтылған. «Таппайтын күнде тыным, түнде тыным Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін» деп Ислам діні тоңмойын жатыпішерлерді жақтырмайтынын бір-ақ ауыз сөзбен түйген.

Бір күні Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен бірге шөл далада келе жатып, бір жерде тынығуға тоқтайды. От жағу керек болып, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жағатын бір нәрсе жинап келіңдер», деді. Қасындағылар: «Уа, Расулаллаһ, қараңызшы, бір тал шөбі жоқ қу далада тұрған жоқпыз ба?» деп қалды. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Сонда да, жақсылап іздесе, әркім бір нәрсе тауып келе алады ғой» деп жауап қайырды. Осыдан соң сахабалар шексіз шөлден отқа тамызық іздеп тарап кетті. Жерден бас алмай шүйлігіп жүріп іздеді. Болмашы бір талшық көріп қалса, дереу теріп алды. Содан соң барлығы жинағандарын алып келіп біріктіргенде, әжептеуір отын жиналып қалды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кішкентай күнәлар да осы секілді алғашқыда көзге бадырайып көріне бермейді. Бірақ барлық ісімізді түгел көріп тұрған Бақылаушымыз бар. Іздеп, мұқият қарап едіңдер, осынша отын жиналды. Күнәларың да осылайша біріктіріліп саналатын болады. Сол күні сол елеусіз саналған кішкентай күнәлардың өзінен үлкен үйінді жиылып қалғанын көресіңдер», - деді.

Міне, осы оқиғада мұсылман жұртының қаншалықты еңбекқор болу керектігі анық айтылып отыр. Мұқағали ақын осындай күндіз-түні дамыл таппайтын еңбекқор Мұхаммед үмбетінің бірімін деп мақтана жырлады.

         Ал өлеңнің соңында:

Қаны аққан қайран менің мұсылманым,

Осы ма екі ортада қысылғаның.

…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,

Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!! деп әлемдегі исі мұсылмандарды бірігуге шақырған. Бұл да дәл бүгінгі күні айтылуға тиіс ұран секілді. Өйткені балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен мына аумалы-төкпелі заманда мұсылман мемлекеттері бастары бірігіп, ынтымақ құра алмай отырғаны жасырын емес. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың ұйымдастыруымен Астана қаласында дәстүрлі түрде өтіп жүрген Ислам экономикалық форумының мақсаты да осы олқылықтың орнын толтыру болды деп есептейміз. Шынында да, мұсылман елдері бірігіп, бір күш болмаса, тозған қазды топтанған қарға жейдінің кері келу ғажап емес.

Сөз соңында айтарымыз, Мұқағали ақынның осы өлеңінде айтылғандай, дініміздің қаймағы бұзылмасын, намаз оқымай жүрген бауырларымыз сәждеге бас қойсын, елімізде дінін сататын опасыздар болмасын және күндіз-түні тыным таппайтын еңбекқор үмбет болуды жазсын.

 

 

 Асылбек Әуезханұлы

Оқылды 1206 рет
JoomShaper
Top