Түркияда әр 6 сағатта 1 мешіт салынады (ФОТО)

Сәрсенбі, 01.06.2022

Алланың қалауымен біз көкке көтерілген әуе кемесі Ыстамбұл шаһарын 5 сағатта бағындырды. Ұшақтан түскен бойда әуежайдағы сәні мен сәулеті үйлескен зәулім мешіт бірден көзге түсті. Аспанға ұмтылған Алла үйінің ұзын мұнарасы құдды бізге «мұсылман мемлекетіне қош келдіңіз!» деп тұрғандай сезілді.

Құлшылық үйіне назар аудармай, қалаға қарау, шаһарды көзбен шолу мүмкін еместей. Қысқасын айтқанда, қалаға қадам басу құлшылық үйінен басталады. Минут сайын ұшақ қабылдап, минут сайын әуе кемесін ұшыратын «Ататүрік» әуежайында орналасқан көрікті мешіт күн сайын мыңдаған шетелдік адамның көкейіне көркем ой салады-ау, сірә. Өйткені, Құдайдың құдіреті туралы ойланудың өзі – құлшылық.

Мешіт – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйласа, Исламнан хабары жоқ пендеге Жаратушы жайлы, Оның асыл діні туралы қызығушылығын тудырып, бір сәтке болсын ойлануына әсер етпек. Әуежайдан мешіт тұрғызу – ізгі ойдан туған қадам, игілікті идеология деп түйдік.

Осындай ойға беріліп, сенім күшейіп, сезім оянып жатқанда Алматы әуежайындағы 3-4 шаршы метрді құрайтын намазхананың барына іштей шүкір еттік. Бұйырса, ел тыныш, жұрт аман болса, оған да жетерміз деген ниетпен қалаға қарай бет алдық.

Елбасы Астанада әуежайға жетер-жетпес жол бойында салынған мешіт туралы: «Шетелдіктер осы мешітке қарап, қандай елге келгенін білсін!», – деген еді...

Делегацияны әуежайдан Түркия Дін істері министрлігінің халықаралық байланыс дирекциясының қызметкері Рүстем Құрмаш мырза күтіп алды. Жол бойы министрліктің жұмысы туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, қазір Дін істері министрлігінде 140 мың адам жұмыс істейді. Дін қызметкері – мемлекет қызметкері. Жалақылары мемлекеттік бюджеттен төленеді. 

Біз жолай қаланы тамашалап келеміз. Анкара бізге Алматыны еске түсірді. Жасыл желекке оранған жоталары, жолдың екі шетінде жағалай өскен шалғын шөптері мен ағаштары, бұлтты аспаны, т.б. оңтүстік астанамызға ұқсайды екен.

Қалаға кіреберістегі сол жақ беттегі биік жота, ағаштар тағы да Алматыны, әсіресе «Көктөбені» көз алдымызға келтіргендей. Біздің назарымыз тағы да әлгі жотаның ең биік тұсында ерекше сәулетпен салынған еңселі мешітке ауды.

Рүстем Құрмаштың айтуынша, қаладан жырақтау бөлек салынған қалашық – ел президенті Тайып Ердоғанның шетелден келген қонақтарды күтетін сарайы екен. Осы сарай аумағында салынған мешіт – бүгінде мәртебелі меймандардың намаз оқитын  немесе зиярат жасайтын құлшылық үйіне айналыпты.

«Көктебеде ең үлкен мешіт салынады», – дегенде басымыз көкке жеткен... Орынды себептері болғаннан кейін құлшылық үйінің құрылысы тоқтатылған. Шынайы ниет етіп, дұға жасасақ, нәсіп етсе ол ойымыз да орындалар. Бұған бір досымыздың басынан өткен өнегелі оқиғасы дәлел. Ол Алматыдағы Розыбақиев пен Жандосов көшелерінің қиылысында бірнеше жыл пәтер жалдап тұрды. Үйге кіріп, шыққан сайын дәл қиылыстағы казиноны көріп, ондағы күнәлі іске қынжылып: «Уа, Алла! Осы казиноның орнын мешіт ете гөр», – деп жалбарынып, дұға жасапты. «Әр намаз сайын осылай тіледім», – деген еді сол досымыз «Бәйкен» мешітінің ашылу салтанатынан кейін қуанышы қойнына сыймай, жүрегі елжіреп... Дұға – мүміннің қаруы деген осы.

– Анау тұрған – президентіміздің жаңа салынған резиденциясы, – деді бірнеше гектар жерді алып жатқан алып ғимаратты ишара білдіріп көрсеткен жолбасшымыз Р.Құрмаш, – ал мынау – осы резиденцияға қарасты Анкарадағы ең үлкен мешіттердің бірі.

– Жалпы Түркия бойынша қанша мешіт бар?

– 88 мың.

– Ал Анкарада ше?

– 3 мың.

Дін істері министрлігіне қарасты дирекциялардың жұмысымен танысу барысында Рүстем аға бізге қызық мәлімет айтып берді: 

– Бізде әр алты сағат сайын бір мешіт салынады. Бұл менің сөзім емес – мамандарымыздың жүргізген талдау жұмысының көрсеткіші. Зерттеу жұмысының қорытындысы осындай. Мешітті иманды кәсіпкерлер, жалпы халық пен арнайы қорлар салады.

Бұған ә дегенде сенерімізді не сенбесімізді білмей қалдық. Мүмкін ағынан жарылып, асыра сілтеп жіберді ме деген алабөтен ой келді. «Талдау жұмысының көрсеткіші», – дегеннен кейін көңіліміз көтеріліп қалды.

Сонда күн сайын – 4 мешіт... Неткен ғажап дестік.

Аллаға шүкір, қазіргі жағдайымыз бен әлеуетімізді салыстырмалы түрде ескергенде, біздің елде де мұндай жақсылықтар мен игі істер орындалып келеді. Қазақ топырағында жылына 20-30 мешіт бой көтереді. Бұл жалғаса берсе – жақсы көрсеткіш.    

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Қаланың өте жақсы орындары – мешіттері...» – деген екен. Сүйікті елші тағы бір хадис шарифінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды», – деп сүйіншілеген... 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

Баспасөз бөлімінің меңгерушісі


Оқылды 234 рет
JoomShaper
Top