Иман мен амалдың даралығы – қоғам тұтастығы

Сейсенбі, 23.02.2022

Қазақ халқының діни санасының қалыптасуында ислам дінінің маңызы, соның ішінде сунниттік Ханафи мәзһабы, Ханафи мәзһабының доктриналық көзқарасын дамытқан имам Матуридидің орны ерекше. Бүгінгі таңда көпшілік халықтың Матуридилік сенімнің негіздерінен бейхабар болуы немесе оның тиісті деңгейде зерттелмеуі тәсірінен кейбір «діндар» білгірсымақтар анау «мұсылман», мынау «кәпір» деп, қазақты бірнеше топқа бөліп өз биліктерін жүргізуде. Олар өздерінің сыңар жақтылы түсініктерін «ең дұрыс сенім» ретінде насихаттап, бұрыннан жалғасып келе жатқан сенімдік негіздерді мансұқтап, ел арасына бүлік салуда.

Тіпті, соңғы жылдары қоғамымызда бой көтерген террорлық актілер мен кешегі Сирияға аттанған жастардың ісі қоғам тыныштығына қатер тудырып отыр.Әрине, жетпіс жылдық атеистік саясаттың ықпалымен белгілі деңгейде діни сауатсыздық болғаны рас. Алайда, атадан мирас болған асыл дініміздің арқауы Ханафи мәзһабы екенінЕл басымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз мұсылманбыз, оның ішіндегі сүнниттік бағыттағы Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамыз...» деген. Яғни, діни бағытымыздың темір қазығы саналатын Ханафи және Матуридилік мәзһаб бойынша, иман және амал мәселесін қарастырып көрелік.

Иман сөзі тілдікте – сену, растау дегенді білдіреді. Қасиетті Құранда: «...бірақ қанша жерден шынымызды айтсақта, бізге сенбейсіз-ау» («Юсуф» сүресі, 17-аят) деген. Имам Әбу Ханифа көзқарасы бойынша, иман – жүрекпен мақұлдап, растау. Ал тілмен «кәлима шәһәданы» айту иманның шарты. Немесе дүние істеріне үкім беруде «кәлима шәһәда» сөзін тілмен айту арқылы мұсылман өзге дін өкілінен ажыратылады. Сол себепті, оны тілмен айту иманның шарты саналады [1. 335 б.].

Имам Матуриди: «Әһлі тәуил ғалымдары Құранда келетін «آمَنُواْ» сөзіне бір ауыздан «олар растады» мағынасын береді. Сол себепті, иман – көңілмен тасдиқдап (растап) бекіту» [2. 248 б.] десе, басқа бір жерде имам ән-Нәсафи: «Иман – жүрекпен растау екендігін айтқандардың бірі имам Матуриди. Оның бұл көзқарасы Әбу Ханифадан риуаят етілген» [2. 244 б.] деп, ұстазының иман туралы түсінігін Әбу Ханифадан жеткен бір риуаятпен қуаттайды. Сондай-ақ, үзірі жоқ адам өмірінде бір рет болса да тілімен куәлік сөзін айту керек. Зәрулік болған жағдайда мүмін адам шынайы сенімін көңілінде жасырып, тілімен күпірлік сөзін айтудың иманына кері әсері болмайды. Бұл мәселе туралы имам Матуриди қасиетті Құранда: «Жүрегінде иманы орныққаннан кейін зорлық көрген біреудің (тілімен күпірлік сөзін айту) ісі басқа» («Нахыл» сүресі, 106-аят) аятын да, мүшріктердің азабынан құтылу үшін күпірлік сөзін айтқан Аммар ибн Ясырға Алла елшісі (с.а.с): «Жүрегіңді қалай сезіндің» дегенде, Аммар ибн Ясыр: «Жүрегімнің иманға толы екенін сезіп тұрмын» деген сөзін де дәлел қылады [4. 473 б.].

Адам баласы Жаратушы иесі Алла тағалаға деген күдіксіз сенімін көңілінде берік орнықтырмай кәміл мүмін болмайды. Имам Матуриди: «Олардың: «Әттең! Біз (дүниеге) қайтарылсақ, Раббымыздың аяттарын өтірікке шығармай, сенушілерден болар едік» дейді» («Әнғам» сүресі, 27-аят) деген аят туралы: «Расында иман, ол тек тасдиқ. Өйткені, олар азапты көздерімен көріп, қорыққан сәттерінде Алла разлығы көзделмеген амалдарынан бір пайда жоғын, таза сенім ғана көмек беретінін ұғады. Яғни, иман – жүректе орнығып, жайғасқан сенім екенін біледі. Бұл көлгірсіген жалғандықтың антонимы болған ақиқат» дейді [5. 5/40 б.]. Ол тағы да: «Міне солардың жүректеріне Алла иман жазды» («Мүжәдала» сүресі, 22-аят) аяты туралы: «Олардың көңілдеріне иманды орнықтырды. Енді имандарынан қайтпайды. Міне, бұл иманның мекені – жүрек екендігін білдіреді» [5. 15/56 б.] деген. Жүректің қалауы, ол – адамның сенімі. Ал ізгі амардар сол көңілдің қалауы негізінде жемісін береді. Немесе әркім істеген істерінде ықылас-ниетіне сай сауап алады яки сауаптан махрум қалады.

Әбу Ханифа өмір сүрген кезең харижиттік, мұғтазилиттік және мүржилік ағымдардың өз идеологияларын таратып, қоғамды бөлшектеуде едәуір ықпалы жүріп тұрған кез болды. Осындай аумалы-төкпелі заманда хақ дінді көзінің қарашығындай қорғаған, қара тобыр халықтың радикалды ағымдарға еріп кетуіне алаңдаған жанашыр жанның бірі Әбу Ханифа еді. Ол өмірінің бастапқы кезін әһлі сүнна уәл жәмағаттың доктриналық көзқарасын бір жүйеге келтіруге арнады. Нәтижеде ақидаға қатысты мәселелердің дұрыс шешімін өзге теріс пікірдегі ағымдардың көзқарастарымен салыстырмалы түрде егжей-тегжейлі баяндап, артына сенімге қатысты бірнеше еңбектер қалдыра білді.

Енді, иман туралы кейбір адасқан ағымдардың көзқарасына жеке-жеке тоқталып, әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдарының көзқарасымен жауап берер болсақ, карамия ағымының көзқарасы бойынша, иман – кәлима шәһәданы тілмен айту ғана. Имам Матуриди: «(Әй, Пайғамбар!) Ауыздарымен: «Сендік» деп, жүректері сенбегендер» («Мәйда» сүресі, 41-аят), және: «Адамдардың кейбіреулері екі жүзді (мұнафықтар): «Аллаға, ақырет күніне сендік» дейді. Бірақ олар сенбейді» («Бақара» сүресі, 8-аят) деген аяттар карамия ағымының көзқарасының дұрыс еместігіне дәлел. Өйткені, олар «иман – кәлима шәһәданы тек тілмен айту» деп сенімді жүрекпен бекітуді мойындамайды. Ал аталмыш аяттарда құр тілмен «Аллаға, ақырет күніне сендік» деу екі жүзділік екенін, олар қашан көңілдерінде шынайы сенімді орнықтырмайынша иман еткен болмайды делініп тұр. Міне, бұл иман – жүрекпен растап, бекітуді білдіретінін, тек тіл ұшында айту жарамсыздығын білдіреді» [5. 1/35 б.] деген.

Жәһмия ағымының құрушысы Жаһым ибн Сафуанның көқарасы бойынша, иман – тану, білу мағынасын ғана білдіреді. Оның бұл көзқарасы да дұрыс еместігін имам Матуриди: «Және саған бұрыңғы пайғамбарларды баян қылдық, сондай-ақ пайғамбарлардан саған баян етпегеніміз де бар» («Ниса» сүресі, 164-аят) аятына берген түсіндірмесінде: «Иман, ол – танып, білу мағынасын білдірмейді. Бәлки, растау мағынасында. Пайғамбарымыз (с.а.с) бүкіл пайғамбарды мойындап, оларға жалпылай иман етуге шақырды. Құран аяттары бүкіл пайғамбардың әрбірін егжей-тегжейлі тануды, білуді иманның шарты қылмады. Егер олардың бәрін тану иманның шарты болғанда, бәрін толықтай баяндар еді. Міне, бұл иман етуде әр нәрсені толыққанды білу шарт еместігін дәлелдейді» [5. 4/110 б.] деген.

Алла елшісіннің (с.а.с) хақ пайғамбарлығын білген кітап иелерінің арасында иман етпегендері қаншама. Сондай-ақ, танып-білу иманның өзі емес. Бірақ, ақиқатты көре-білу иман етуге жетелейтін себептердің бірі.

Ал, харижид және мұғтазила ағымдарының көзқарасы бойынша, иман –жүрекпен бекітіп, тілмен айту және парызды амалдарды орындау. Бұл үшеуінің біреуін орындамаған кісі иман еткен болып саналмайды. Немесе әділетті халифалар заманында белең алған радикалды ағымдардың ушықтырған доктриналық мәселелерінің қатарында күнә жасаған адамға қатысты шариғи тұрғыдан үкім беру ісі халықты дүрліктірді. Харижидтер ағымы мұсылман ауыр яки жеңіл күнә жасасын кәпір саналады, тозақта мәңгі қалады деумен қатар оларға қарсы соғыс ашу халал деп түсінеді. Мұғтазилит ағымы болса, үлкен күнә жасаған мұсылман жәннат пен тозақтың аралығындағы жайда болады (Әл-мәнзилату бәйнәл мәнзилатайн) деп ашық кәпір қатарына кіргізбесе де, мұсылман қатарына да жатқызбайды. Мүржия ағымы қандай ауыр күнә жасаса да, таза мүмін болып қала береді деп есептеді [6. 71 б.]. Яғни, бұл ағымдар күнә жасаған кісіге үкім беруде асыра сілтеушілікке барса, енді біреулері бүкілдей үмітке салынып, халықты парыз құлшылықтарға селқостық танытуға себепкер болды.

Харижидтік ағымның бұл ұстанымының нақты көрінісі Сыффын оқиғасында әділ қазылардың үкім беруін құптаған хазірет Әлиді және қазылық үкім шығаруды қабыл еткен хазірет Әбу Мұса әл-Ашғариды кәпірге санағандығында байқалды. Тағы бір риуаятта: «Хазірет Әли Мәдайн еліне жауапты еткен Абдулла ибн Аббасты жанындағы тобымен бірге тұтқынға түсіріп, басшы халифа (Әли) жайлы көзқарастарын сұрайды. Бәрінің халифа туралы жақсы пікірде екенін білгенде, Абдулланы, оның жүкті әйелін және бірге жүрген төрт әйелді де өлтірді» [7. 74 б.] делінген.

Демек, бүгінгі таңда да өздерін мұсылманбыз, жиһад жасап жүрміз деген ұранмен кейбір парыз құлшылықтарды орындамаған бейуаз халықтың қан қарызына қалып жүргендер де аз емес. Көбінесе олар, өздерін «Әһлі суннә уәл жәмағаттың доктриналық сенімін ұстанамыз» дейді. Немесе олар, имам Мәлік, имам Шәфиғи, имам Ахмад және хадис ғалымдарының: «Иман – жүрекпен бекітіп, тілмен айту және парыз амалдарды орындау» деген иман жөніндегі анықтаманы қалқан етеді. Яғни, діндегі парыз болған құлшылықтарды орындамаған адамды кәпір санап, аталмыш имамдардың негізгі айтпақ ойының тереңіне бойламастан харижидтік ағымның көзқарасынан ажырата алмайды.  

Әһлі суннә уәл жәмағаттың доктриналық көзқарасының негізін қалаушы көрнекті имам Мәлік, имам Шәфиғи, имам Ахмад және хадис ғалымдарының: «Иман – жүрекпен бекітіп, тілмен айту және парыз амалдарды орындау» деп, иман туралы берген анықтамасы мүғтазила және харижидтік ағымдардың иман туралы берген түсініктемесімен ұқсас сияқты көрінгенімен айтпақ болған ойлары мүлдем басқа. Бәлки, бұл үш имамның көздегені имам Әбу Ханифа мен имам Матуридидің көзқарасымен бір. Бұлай дейтініміз, олардың «Иман – жүрекпен бекітіп, тілмен айту және парыз амалдарды орындау» деуінің негізін төмендегі хадистерден аңғарамыз. 

  1. Жәбрейіл (а.с) келіп Алла елшісіне (с.а.с) келіп Ислам, иман және ихсан туралы сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.с) иман, ол: «Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне сенуің. Және тағдырға: оның жақсылығы мен жамандығына сенуің» деп, иманды Исламның негізі болған намаз, ораза сынды парыз құлшылықтардан бөліп түсіндіреді.
  2. Уәфду Абдулқайыстың хадисінде Алла елшісі (с.а.с): «Алланың Өзіне ғана иман етудің не екенін білесіңдер ма?», - деп сұрайды. Олар: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі», - дейді. Ол (с.а.с): «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан оразасын ұстау және олжаның бестен бірін беру» - деп, Исламның негізі саналатын парыз құлшылықтарды иманның өзі ретінде атап көрсетеді.

Сондай-ақ, бұл мәзһаб имамы әуелгі хадисті иманы бар жан түбінде бір жәннәттық болатынын, екінші хадис парыз құлшылықты орындамаған адамның тозақы болуына кіріптар екенін айтады. Сөйтіп, әуелгі хадисті: «Алладан басқа құдай жоқ деп айтып, сол сөзінде берік тұрып жан тапсыратын бір пенде жоқ. Егер ондай біреу болса, ол жәннәттық» деген хадиспен бекітеді. Екінші хадистегі иманмен бірге айтылған құлшылықтарды орындамау тозақтық болуға себепкер болғанымен, онда кәпірлер сияқты мәңгі қалмайтындығын «Көңілінде зәредей иманы бар адам тозақтан шығарылады» деген хадиспен қуаттайды [8. 1/174-175 бб.].

Яғни, имам Мәлік, имам Шәфиғи, имам Ахмад ибн Ханбал және хадис ғалымдары «Жүрекпен растауды» иманның рукуні, «тілмен айтуды» шарғи үкімдердің іске асырылуының шарты, ал «парыз амалдарды орындамау» Алланың азабына душар ететін себеп ретінде қарастыруымен имам Әбу Ханифа және имам Матуридидің иман жөніндегі көзқарасымен үндесіп, адасқан мұғтазила және харижидтік ағымдардың көзқарасын терістейді.  

Имам Әбу Ханифа: «Егер мұсылман ауыр күнәні халал деместен істесе, кәпір демейміз. Оны шынайы мүмін деп айтамыз. Ол кісі кәпір емес, пасық мүмін болып өлуі мүмкін» [9. 621 б.] дейді. Ол Алла тағаланың харам еткенін халалға, халал еткенін харамға шығармай пенделікпен ауыр күнә жасаған мүмін-мұсылманды харижидтер секілді кәпір деп айтудың дұрыс еместігін және пасық (күнәлі) мүмін дей отырып, мүржилер сияқты еш күнәсіз деп айту да дұрыс еместігін ашық білдіреді.

Әбу Ханифа өз көзқарасын нақли (аят, хадис) және ақли (логикалық қисын) дәлелмен қуаттайды. Нақли дәлелге келсек, қасиетті Құранда: «Әй, иман еткендер! Сендерге кісі өлтіргендерден құн даулау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 178-аят) деп, жазықсыз адамды әдейі өлтіру құн дауын парыз ететіндей ауыр күнә бола тұра, имани атпен шақырылды. Бұл да амалдың иманнан бөлек екенін білдіреді дей отырып, адамдар иман еткеннен кейін намаз оқиды, ораза ұстайды, зекет береді және қажылық жасайды. Парыз амалдарды істегеннен кейін иман етпейді деп ойын айшықтайды [10. 15 б.].

Ақли дәлелі: «Амал иманнан бөлек, иман да амалдан бөлек. Көп жағдайда мүминнің мойнынан парыз амалды орындау міндеті түседі. Бірақ иманы бойынан ажырағанды білдірмейді. Мысалы: етеккірі келген әйелдің мойнынан намаздың парыздығы түседі. Бірақ, имансыз деп айтылмайды. Ол әйел шариғаттың әмірімен ораза ұстамайды, (тазарғанда) қазасын өтейді. Бұл кезде де ол әйел имансыз болды делінбейді. Кедей кісіге зекет беру міндет деп айтылмағанымен, иман міндет емес деп айту дұрыс болмайды» [6. 74 б] деген.

Бірде Әбу Ханифадан: «Мүмин Жаратушы иесін барлық нәрседен артық көретін болса, онда неге Жаратушы тыйым салған күнәні жасайды?» деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Бала әке-шешесін жақсы көреді. Бірақ кейде оларды тыңдамайды. Мүмин де тура солай. Қанша күнә жасаса да, Жаратушы иесін бәрінен артық көреді. Оның күнә жасауы Алла тағаланы сүймегенінен емес, бәлки нәпсісін тежей алмаған пендешілігінен» [10. 19 б.] деп жауап береді.

Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, мұсылмандық парыз міндеттерін орындамаған немесе шариғатта тыйым салынған күнәлардан тыйылмаған мұсылман тек күнәкар болады. Діннен шықпайтынын айтады.

Ал, имам Матуриди да харижид, мұғтазила және мүржия ағымдарының иман мен амал туралы көзқарасының дұрыс еместігін айтып, олардың дәлел ретінде келтірген: «Шынайы мүміндер – Алланың аты аталғанда жүректері діріл қағады» («Әнфал» сүресі, 2-аят) сынды аяттарға түсіндірме бере отырып: «Мүміннің бойында аятта айтылған сипаттың болуын бәріміз айтамыз. Алайда бір мұсылман парыз амалды білімінің таяздығы, нәпсісінің жетегінде кетіп қалуы немесе жалқаулық танытуы себепті орындамаса иманы бойынан ажырады, имансыз болды демейміз. Алла тағала: «Әйтсе де, Алла қабыл алуды уәде еткен тәубе – жамандықты (бір сәт нәпсіге еріп немесе) білместікпен істегеннен кейін (ол істің күнә екенін білген бойда) дереу тәубе етіп, Аллаға бет бұрғандардың тәубесі басқа. Міне, солардың тәубесін Алла міндетті түрде қабыл алады. Алла (құлдарының ниетін, қай істі не үшін істегенін жақсы білетін) шексіз ілім иесі» («Ниса» сүресі, 17-аят) аятымен сөзін растайды. Сондай-ақ, мүміндер тақуалық ұстанымы мен жасаған ізгі амалдарына қарай дәрежесі әртүрлі болады. Кейбір күнәкар құлын Алла Тағала кешіріп, рахым пайғамбарының (с.а.с) шапағатын нәсіп етеді. Сыртқы көрініс негізінде үкім беру дұрыс емес. Үкім беру бір Алла тағаланың іліміне тән...» [5. 6/170 б.] деп жауап береді.

Қорыта айтар болсақ, әһлі суннә уәл жәмағаттың доктриналық көзқарасы бойынша, иман мен амал екі бөлек нәрсе. Амал иманның рукуны есептелмейді. Бәлки, шарты. Бұл әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдары амалды қабыл етпейді немесе тек иман жеткілікті, құлшылық жасамай-ақ қойса да болады дегендік емес. Керісінше, иман – халалды халал, харамды харам деп қабылдау. Алла тағаланың тыйымы мен әмірін міндет деп мойындау. Кімде-кім Алла тағаланың әміріне қарсы шығып, халалды харам, харамды халал десе діннен шығады. Алайда, бір мұсылман парыз болған бір амалды мойындай тұрып, оны орындауда жалқаулық танытып немесе пенделіктің құрығынан құтыла алмағаны себепті кәпір демейміз. Бірақ, күнәкар, пасық мұсылман болып саналады. Оның күнәсін Алла қаласа кешіреді немесе қаласа соған лайық жазалайды.

Мұхаммед пайғамбар да (с.а.с), оның ізбасарлары Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әлилер де (р.а) Ислам дінін қабыл етіп, иманға келгендерден сенімдерін айғақтайтын нақли яки ақли дәлелдер келтіруін талап етпейтін. Өйткені, Ислам территориясы Византия имаператорына қарасты Шам, Парсы императорына қарасты Басра, Куфа және т.б қалаларын, Хорасан жерлерін, Әзірбайжан мен Арменияға дейін кеңейген уақытта көпшілік халық мал және егін шаруашылығымен айналысқандықтан білім деңгейлері төмен болатын. Ислам халифалары оларды сұрақтың астына алып, сенімдерін дәлелдеуін міндеттемейтін. Керісінше, Ислам және имандарына қатысты көңілдерінде күдік болса, оны хикметпен сейілтудің жолын қарастыратын. Ешкімді, «Сен кәпірсің, дұшпанымсың» демей, достасуға ұмтылатын. Міне, бұл үрдіс күнімізге дейін жалғасын тауып келген әһлі суннә уәл жәмағаттың сара жолы. Шынайы Ислам, шынайы мұсылмандық!

 

Самет ОҚАН,

«Ғылым ордасы»

философия, саясаттану және дінтану

институтының «исламтану»

мамандығы бойынша докторанты 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Әли Абдулфаттах әл-Мағриби, Имаму әһлис сунна уал жамаға Әбу Мансур әл-Матуриди уа әрауһул кәламия, «Мактаба уаһба» баспасы, Қаһира. – 2009. 455 бет.
  2. Мұхаммед Халил ән-Науайһи, Әл-Усит фи ақайди имам әл-Матуриди, «Дарун нұр» баспасы, Йордания. – 2013. 336 бет.
  3. Тажуддин ас-Субки. «әс-Сайфул-машһур фи шархи ақидати Әби Мансур», 49-бет; Иман және амал мәселесі, Жұмағұл Қанат Әділханұлы.
  4. Әбу Мансур әл-Матуриди. Китабут таухид, «Дару садыр» баспасы, Байрут. – 2007. 538 бет.
  5. Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2005-2010. – Т. XVII
  6. Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Бабурти әл-Ханафи, Шарху уасияти Әби Ханифа, «Дарул фикр» баспасы. – 2009. 155 бет.
  7. Мустафа Өз, Анахатларила Ислам мазһаблари тарихи. – 2000. 360 бет.
  8. Махмуд ибн Ахмад әл-Ғайни, Ғұмдатул қари шарху сахих әл-Бұхари, «Дәрул кутубил илмия» баспасы, Байрут. – 2001. –Т. XXV.
  9. Мұхаммад Заһид әл-Каусари, әл-Ақида уә илмул кәлам мин әмалил-имам, «Дәрул кутуб илмия» баспасы, Байрут. – 2004. 645 бет.
  10.  Мин турас әл-Каусари, Әл-Алим уәл мутағәлим, «әл-Мәктабату азһария лит-турас» баспасы, 80 бет.

 

Оқылды 396 рет
JoomShaper
Top