Төзімділік тұрағы – дін исламда

Жұма, 12.02.2022
Төзімділік тұрағы – дін исламда

Қаншама ғасырлар өтіп, сан түрлі еңбектер жазылса да ислам тарихының алғашқы ғасырларындағы әскери әрекеттерді «отарлау жорықтары» ретінде бағалап жатқандар баршылық. Тіпті соңғы жылдардағы ислам әлеміндегі кейбір келеңсіздіктердің себебінен мұсылмандарды - қатыгез, жауыз, даму мен мәдениеттің хас жауы ретінде көрсетіп, өздерінен басқа дін өкілдеріне немқұрайды қарайтындығын жарыса жазып, дабыл қағып айтуда. Нәтижеде әлем жұртшылығының назарында ислам - жаугершілікпен қабысып жатқандай пікірлер туындап, исламофобиялық түсініктер қалыптасуда.

Он төрт ғасырлық тарихы мен қазіргі уақытта миллиардтан астам сенушісі бар Ислам діні шындығында да озбырлық пен қантөгушілікке шақыра ма? Ол сұраққа жауап ретінде мұсылмандардың өзге дін өкілдері мен мәдениеттерге деген құрметі мен толерантты ұстанымын айшықтайтын бірнеше тарихи мысалдар келтірсек.

Ислам – кез-келген сенім өкілдері мен әртүрлі нәсілден тұратын адамдарға Алланың ең көркем жаратылысы ретінде құрметпен қарады. Осылай сенген мұсылмандар өзге сенім иелеріне қатысты «сендердің діндерің өздеріңе, біздің дініміз бізге» («Кафирун», 109/6) деген Құрани ұстанымды әрдайым басшылыққа алған. Олар исламның алып келген әмірінен адамзат баласын  бірлікке, бір тұтастыққа, ар-ұждан бостандығы мен әлеуметтік әділеттілік пен тыныштыққа жеткізетіндігін көрген. Көрген де иман еткен.

Әлем тарихында теңдессіз түрде жүзеге асқан Ислам жеңістерінің нәтижесінде мұсылмандардың қарамағына өткен елдердің Ислам дінін қабылдауға ешқашан мәжбүрленбеген.  Исламда жиһад адамдарға зорлықпен исламды қабылдату үшін жасалмайды. Өйткені, Құран әмірлері ондай әрекеттерді түбегейлі қолдамайды. Мысалы, алғашқы халифа Әбу Бәкірдің әмірімен Халид ибн Уәлидтің бастаған жорықтарының нәтижесінде мұсылмандардың қарамағына өткен жергілікті халықтар мұсылман болу немесе жизия төлеу шартымен өз діндерінде қалу құқығына ие болып, екі жағдайда да Ислам мемлекетінің қорғауына алынып отырған. Жизия өтеу шартымен «зымми» (мемлекет қорғауына алынған өзге дін өкілі) болуды қалағандарға, өз діндерінде қалуға рұқсат беріліп, ғибадатханаларына тиіспей, құлшылықтарына да араласпаған. Мәселен, Мысырдың алынуына қатысқан Зияд ибн Жәз әз-Зубәйди: «... Қолымыздаға мысырлық соғыс тұтқындарымен бірге бәріміз бір жерге жиналдық. Христиан дін өкілдері де келді. Біз әр тұтқынды Ислам дінін немесе христиан дінін таңдауын өз еркіне қалдырдық. Біреуі исламды таңдаса, зор дауыспен Алланы ұлықтап, оны өзіміздің жанымызға алатын едік. Христиан дінін таңдаған болса, христиандар да дауыстап, оны өздерінің жанына алатын» - деген сөзі мұсылмандардың бір қаланы қолдарына алған кездеріндегі әрекеттерін анық түрде көрсетеді.

Соғыс жолымен немесе келісім жолымен болсын мұсылмандардың қол астына өткен қалалардың тұрғындары қандай да бір зорлыққа ұшырамай уақыт өте келе бірінен кейін бірі Ислам дінін қабылдаған. Себебі, олар Исламды, оның кітабы Құранды және хазіреті Пайғамбардың жоғары ахлағы мен сүннетін мұсылмандардан көріп, иман еткен.

Ислам билігіне дейінгі Византия мен Сасанидтер империясының басшылары әртүрлі ұлттардан тұратын, әртүрлі дін мен сенім өкілдеріне жасаған қарым-қатынастары адам төзгісіз болды. Міне, осы себептен яһудилер Византияға қарсы мұсылман әскерлерін қолдап, тіпті жорықтар барысында жиі-жиі оларға жәрдем берді. Кейбір яһуди деректерінде мұсылмандар құтқарушы ретінде жазылғаны да айтылады. Себебі, сан жағынан аз болмағанымен, яһудилер Палестина мен сол маңайдағы монофизит және якобит бағыттарға мүше христиандардан көп зұлымдық пен қорлық көрген болатын.

Тек яһудилер ғана емес, осы аймақтарды мекен еткен әр дін мен ағымдардың, тіл мен ұлттың өкілдері бұрынғы басшыларына қарағанда, діни төзімділіктерімен танылған мұсылмандарға бағынуды өздері үшін ең оңтайлы шешім ретінде қабылдаған. Себебі, мұсылмандар қоғамдағы зұлымдық пен қиянатты, басқыншылық пен қорлықты жойып, оның орнына әділет пен теңдік көрсетумен, берілген сөзге беріктігімен танылды. Мұсылмандар қол астындағы адамдардың діндері мен діни түсініктеріне еш араласпай, оларды өз еріктерінде қалдырған.

Ислам жеңістерінің нәтижесінде мұсылмандардың қол астына кірген яһудилер, қай жағынан алып қарасақ та, рахат өмірге қауышқанын көреміз. Ислам жеңістеріне дейін яһудилер Құдысқа тек жылына бір-ақ рет бара алатын. Ал, мұсылмандар билікті қолдарына алғанда яһудилерге бес жүз жыл бойы (135-638) салынған тыйымды алып тастады. Сонымен қатар, құлшылықтары мен мерекелерін де қалағанынша өткізе бастады.

Исламнан бұрынғы дәуірде Сасанилер билігі яһудилердің тіпті балаларын сүндетке отырғызуына тыйым салып, құлшылық жасауларына да кедергі болған. Сасанидтер қоғамында яһудилер әлемдегі жамандықтың бастауы ретінде қабылданып, діни мерекелерін тойлауға да тыйым салынатын. Жаназалары мен басқа да діни рәсімдерін еркін атқаруларын да хош көрмейтін. Рим мен Византияның ұстанымы да Сасанилерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ еді.

Ал мұсылмандар билігіндегі қалаларағы яһудилер жайбарақат өмір сүруге қол жеткізді. Мәселен, батыста христиан басшылар билеген қалаларды мекендеген яһудилердің саны мыңға да жетпейтін. Ортағасырлық яһуди саяхатшы Бенжамин мынадай маңызды деректі береді. Оның айтуынша Римде 200, Салернода 600, Салоникиде 500, Констонтинопольде 2000 яһуди болса, мұсылмандардың қалалары болған Шамда - 3000,Бағдатта 40000, Куфада 7000, Хамаданда 30000, Исфаханда 15000, Ширазда 10000 яһуди қоныс тепкен. Егер өзге сенім иелері мұсылмандар тарапынан отаршылық пен басқыншылыққа ұшыраған болса, әр жерден тыныштық көрмей, диаспора болып қана өмір сүрген яһуди халқының сан ғасырлар бойы мұсылман қалаларында осыншама көп қоныстануына қажеттілік те қалмас еді.

Ислам әлемінде яһудилер қабілет пен мүмкіншіліктері болса дәрігерлік, кеңесшілік, уәзірлік секілді дәуірінің ең абыройлы қызметтерге де еш қарсылыққа ұшырамастан алынатын. Яһуди саудагерлердің жұмыстарына да қандай да бір шектеу қойылмайтын. Нишапурлық яһуди Александрияға, Морокколық яһуди Фустатқа, Иран және Ирактық яһуди Палестина мен Мысырға қалағанынша сауда керуендерімен жолға шыға алатын.

Он төрт ғасырлық ислам дінінің қол астындағы өзге дін өкілдеріне жан-жақты еркіндік бере отырып, оларға бар болғаны мынадай ережелер қойғандығын көреміз:

1. Құранға құрмет көрсету, оған қатысты қандай да бір жаман сөз айтпау.

2. Хазіреті Пайғамбарды жалғандықпен айыптамау, оны қорлайтын сөздер айтпау

3. Ислам дінін жамандамау және жала жаппау.

4.Мұсылман әйелге қастандық жасамау, зина жасамау және онымен некеге тұрмау.

5.Мұсылмандарды дінде күмәнға түсірмеу, мал-мүліктері мен дініне қастандық жасамау.

6. Мұсылмандардың дұшпандарына көмек жасамау, тыңшылық жасамау және мұсылмандардың мал-мүліктеріне көз тікпеу.

Демек, соңғы жылдары әлемдік саясаттағы кейбір оқиғалардың арасында «мұсылман» немесе «ислам» деген сөзді ести сала саф ислам мен мұсылмандардан көңілді суыту да дұрыс емес. Өйткені, Ислам дінінің соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары берген бейнесінен әлдеқайда өзгеше он төрт ғасырлық тарихы бар екенін естен шығармауымыз керек.

 

Ернар ЕСІМҚҰЛОВ,

«Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті

Дінтану кафедрасының оқытушысы

Оқылды 562 рет
JoomShaper