Тіліңе сақ болғайсың

Жұма, 24.03.2022

«Алланың алдында өтірік сөйлегіш

тілден асқан жаман кесек ет жоқ»

(Фадил ибн Ғияд)

Расында да адам өзін көркем-мінезді етіп көрсетуі үшін жасанды мінез-құлықты қолдан жасауы әбден мүмкін, бірақ, тілге иелік ету қиынның қиыны. Өйткені, тіл тек өзінің әдетінше үйренген нәрсесін айтады. Шындық сөз адамды құтқарса, өтірік сөз адамды абыройсыздыққа алып келеді.

Тіліне билігін жүргізген адам абыройлы, сөзі өтімді, ел басқарады. Ал рас-өтірікті айырмай сөйлеп үйреніп қалған тіл өз иесін басқалардың алдында құрметсіз етеді.

Әбу Хатим ибн Хиббан есімді ғалым: «Жоғары мәртебелі Алла адамның тілін басқа ағзалардан артық етіп жаратты, оның мәртебесін жоғары қылды. Адам Алланың бірлігін тілімен айтып растайды. Ақыл иесі болған адамға тілін өтірік сөзге әдеттендіріп, Алланы бірлеу кәлимасын (яғни, лә иләһә иллалла) айтқан кезде жалған айтпауы міндетті. Керісінше, үнемі шындықты айтып оған зейін қоюы тиіс. Себебі, тіл – өзінің әдеттенген нәрсесін орындайтын құрал. Егер шындық айтып үйренсе шындықты айтады, өтірік айтып үйренсе өтірікті айтады», – деп айтқан екен.

Тіл – азулы аң сияқты. Егер оны иесі мықтап ұстаса сау-саламатта болады. Егер азулы аңды еркіне жіберсе, ол өз иесін қауып алатыны сияқты ауыздан шыққан өтірік сөз де өз иесін масқара етеді. Ақылды адам өзі білмейтін суды кешпес болар, тек білімі бар нәрсені айтып қана шектеледі. Себебі, күнәнің қайнар көзі – өтірік. Өтірік сөз үнемі масқараны жарнамалап, көркем қасиетті жасырады. Әли ибн Убайда есімді тақуа бір сөзінде былай деген: «Өтірік сөз – қиянаттың ұраны, ғылымның апаты және адамдар үшін қатерлі нәрсе».

Адам өзі ұнатпаған нәрсе жайында әңгіме естіген уақытта оған қосылып өзінің пікірін паш етуі шарт емес. Кімде-кім, кез-келген нәрсе төңірегінде данышпансып, өз пікірін қосып сөйлесе, ол адамның сөзі құнарсыз әрі сенімсіз болады. Басқалар мұндай адамның сөзіне көңіл бөлмейді.

Уқба ибн Амр (р.а.) мынадай риуаятты келтіреді: «Мен: О, Алланың елшісі! Тозақ отынан аман болу үшін не қажет?» – деп сұрадым. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Тіліңе сақ бол, қонаққа жайлы, жайдарлы адам бол және жасаған қателерің үшін еңіреп жас төк – деп кеңес берді» (Термези).

Ал енді Әбу Һурайра (р.а.): «Мен Алла елшісінің: «Расында, пенде бір сөз айтады. Сол сөздің мағынасы оны шығыс пен батыс аралығынан да ұзақ отқа тастайды», – деп айтқанын есіттім деген (Бұхари, Мүслим)

«Раудату әл-уқалә-у» атты кітапта, ақылды адамға не істеу қажет? – деген сұраққа қатысты мынадай кеңес беріледі:

«Өтірік сөз беруді доғару қажет. Себебі, өтірігі көп адамның басқаларға тигізетін кесірі де көп. Өтірік сөз оны байлап тастайтыны, сонша оны қайтып шешіп шығу үшін ешқандай айла жоқ. Тіл өзінің жасаған жарақатын қайтып емдемейді және тілдің кесіп тастаған нәрсесі қайта жалғанбайды. Сөз жарақаты жүрекке тиген соң, оны алып тастау үшін ұзақ жылдар, шеберлік қажет.

Адамдардың ішінде көркем тілі үшін мақталатыны бар және ащы тілі үшін датталатыны да бар. Сондықтан, ақылды кісі – тілі үшін айыпталатын адам емес, тілі үшін мақталатын адам болуы тиіс».

Хазіреті Әли де баласы Хасанды құшақтап, қасына алып абзал дос туралы айтқанда, өтірікшіден сақ болғай деп кеңес берген:

«Құлыным! Ақымақпен дос болма. Ол саған пайда көрсетемін деп зиянын тигізеді. Сараңды дос тұтпа. Ол сенен қажетін алады, кейін жоғалады. Ұятсыз азғыннан сақ болғай! Ол кез келген ұсақ нәрсеге сені сатып кетеді. Өтірікшіден аулақ тұрғай! Ол елес сияқты, саған алысты жақындатады, жақынды алыстатады».

Ия, хазіреті Әли айтқандай өтірік – елес сияқты. Ол адамның ойынан туылғандықтан, жоқ нәрсені адамға бар етіп көрсетеді, бар нәрсені жоқ етіп жеткізеді. Өтірікші сөз арқылы алыс дүниелерді жақын етіп, суреттейді, жақын нәрселерді алыс етіп баяндайды. Сөйтіп, өзінің мүддесін көздеп, басқарлады әлекке салып қояды. Тілімізге ие болып, өтірік айтудан сақ болайық достар.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы.

Оқылды 259 рет
JoomShaper
Top