Қазақтың мейірімі әлемге үлгі

Сәрсенбі, 15.02.2022

Өткен желтоқсан айында Қазақ елінің бас шаһары Астана қаласына жолым түскен. Дәлірек айтсақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультетінде дәріс оқыған едім. Екі апта бойы әлеуметтану ғылымы бойынша магистратура мен PhD оқып жүрген жастарға білгенімізді үйреттік. Терроризм қаупі мен дін мәселелері жөнінде пікір айтқанбыз. Осы тұста Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Байжұман Қашқынбаев пен Әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Байғабылов мырзаларға алғыс білдіргім келеді.

Қазақ еліне келген сапарымызда қазақ жұртының қонақжайлылығына тамсанып, Астананың айшықты келбетіне сүйсіндік. Дегенмен өз басым қазақ халқының бойынан айрықша қасиетті байқадым. Ол – мейірімділік еді.

Бірде кезекті дәрістен шыққан соң оқу орнының бас ғимаратына қарай бет түзегенім бар. Далада әжептәуір аяз бар еді. Жолда көгершін құшақтаған студентке жолықтым. Жүзінен мейірімі төгілген қыз бала құсты аялап, құшағына қысып алыпты. Жөн сұрастық. Бақсам, қолындағы көгершіннің қанатына мұз қатып, ұша алмайтындай болып қалыпты. Әлгі студент көгершінді үйіне апара жатыр екен. Жем беріп, қауырсындары кепкен соң ұшырып жіберетінін айтты. Студенттің атын білмеймін. Сұраған да жоқпын. Тек бірнеше фотосын түсіріп алдым да, оны басылымдар мен әлеуметтік желілерге жариялауға рұқсат алып, жөніме кеттім. Бірақ қыз баланың бұл мейірімі қазақ халқының болмысын танытқандай болып көрінді маған. Мейірім мен қайырымды өмірлік ұстаным қылған жұрт өзгеге зиян тигізбес деген ойда болдым. Әрі дін атын жамылғандардың террорлық шабуылдарына соңғы кездері жиі ұшырап жатқан өз елімді ойладым. Түркияны еске алдым.

Көгершін құшақтаған студенттің әрекеті шын мұсылманның бейнесі іспетті көрінді. Ол паранжа киіп, бетін тұмшаламапты. Үйде қамалып та отырған жоқ. Білім алып жүр. Болашақта еліне пайдасы тиер маман болып шығарына сенімім кәміл. Сөйте тұра бір ғана әрекетімен адамгершіліктің теңдессіз үлгісін көрсетті маған. Біздің елде соңғы жылдары жастардың арасында радикалды діни ағымдарға ілесетіндер қатары аз болмай тұр. Анкарада, Ыстамбұлда қаншама рет жарылыстар жасалды. Елшіні де атты, Жаңа жыл тойлаушыларға да оқ жаудырды. Қауіптің алдын алғымыз келгенімен қаны бұзылғандар кейде құрыққа ілінбей де кетіп жатады. Шамасы көбіміз діннің сыртқы формасын ғана насихаттап жүрген тәріздіміз. Барлық мәселе жүректе екендігін ұмытсақ керек. Әйтпесе, адам түгілі көгершінді де өлімге қимайтын мінез мұсылмандарда болуы тиіс еді. Өйткені Мұхаммед пайғамбардың Зәйді деген баланың асырап жүрген құсы өліп қалғанда әдейі барып, бүлдіршіннің көңілін аулаған кезі болыпты. Елшінің үмметі қазір дін атын жамылып, төңіректе лаң салып жүр. Бұл иман дегеннің адамзатқа, жаратылысқа жан ашудан басталып, адамгершілікпен, мейіріммен, ожданмен құлпыратынын көрсетке керек. Біз діннің басты қағидаларын тәрк етіп, тек киім кешек пен сақалды бірінші орынға қоятын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Астананың аязында көгершінге жаны ашып, оны ажалдан арашалап қалған қыздың әрекеті айқайға сүрең қосатындардан, Алланың дінінің атын жамылып ел ішіне іріткі салатындардан әлдеқайда қайырлы болса керек. Өйткені әлемді сұлулық емес, түптің түбінде мейірім құтқарады.

Илияс ЭРПАЙ,

Сиирт қаласы,Түркия

aikyn.kz

Оқылды 71 рет
JoomShaper
Top