Исламдағы бауырластық баспалдақтары (Екінші бөлім)

Дүйсенбі, 13.02.2022

Расында да исламда бейбітшілік пен достықты насихаттау жолдары көптеп айтылады. Олардың бірқатарын өткен әңгімеде атап өттік. Әрине, адамдардың арасындағы достық пен бауырластықты нығайту жауапты іс. Өйткені қасыңдағы адамға мейірім, рақым, жанашырлық, қамқорлық көрсету сияқты т.б. ізгі қасиеттерді үздіксіз таныту, оны әдетке айналдыру қиынның қиыны.

Бұл мұсылмандар арасындағы жай ғана махаббат емес, бұл мұсылман бауырын түсіне білу және онымен бірге мазасыздану қабілеті. Дегенмен, бұл машақатты жол екен деп бұл әдттен бас тарту да мұсылман үшін әсте дұрыс болмас.

Сонымен адамдар арасындағы махаббат пен сыйластықты күшейтудің келесі әдісі – сыйлық беру. Бұған қатысты имам Суютый пайғамбардың (с.ғ.с.) «Бір бірлеріңізге сыйлық беріңіздер – жақсы көресіздер» деп айтқан хадисын риуаят қылады. Әдетте адам сыйлықты өзінің бауырына, жақынына, досына, ағайын-туысына береді. Сыйлық арадағы сыйласытқ байланысын күшейтеді. Ал хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сыйлықты беретін адамды нақты атап, белгілеп отырған жоқ. Сыйлық беріп, жақсы көріңіздер. Достық пен бауырластық шеңберін арттырыңыздар деп шақырады.

Адамдардың бір-біріне қонаққа барып тұруы да қоғамдағы бауырластықты арттыратын, махаббат пен бейбітшілікті тарқату амалына жатады:

«Уақыт өте бір-бірлеріңізге қонаққа барып тұрыңыздар, бұл – араларыңыздағы махаббатты күшейтеді» (Табарани). Бір-біріне қонаққа барып, қал-жағдай сұрасып тұру әдеті адамды көпшілікке, жомарт мінезді болуға үндейді. Қоғамда бір ғана дін өкілі немесе бір ғана ұлт өмір сүрмейді. Мұнда түрлі конфессия, сенмі өкілдері мен этностар тұрады. Олардың әрбірінің әдеті мен салт-жоралғысы тағы бар. Сол себепті де дін ислам орта жолды ұстануға шақырады. Қоғам мүшелері арасында достық орнатудың келесі құралы әділдік. Әділдік – қоғам мүшелерінің ұстануы тиіс қағидасы. Бұл қасиет адамдардың құқығын шектемей дұрыс қатынаста болуды қамтамасыз етеді. Құранда мұсылман кісінің басқа адамға қандай қатынаста болуы керек екендігін ашық айтқан:

«Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал (жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» (Фуссиләт: 34).

Мұсылман ғалымдары қоғамдағы әділдік категориясына көп көңіл бөлді, тіпті бұрын соңды батыс білмеген «көркем мінездегі әділдік» деген тұжырымды шығарды. Көркем мінездегі әділдік – тұлғалар арасындағы қатынастарда және басшылық қылғандар мен олардың қарамағындағылар арасында болуы тиіс әділдік туралы тақырып: «Егер адам қайсы бір сезіміне қатысты орта жолды ұстай алмаса, мысалы, үйленбесе, тамағын қажеттен тыс азайтса, онда ол әділдік өлшемін бұзушы екені анық баяндалады. Сол сияқты қарын мен құмар қалауын тойдыру мақсатында соның соңынан кеткен, оған мүлдем қарсыласпаған адам да әділдік теңдігін бұзған саналады. Осы екі жағдайға тап болған адам үлкен зұлымдықтың ішінде деп түсінуге болады» (Мин ахлақ әл-ислам кітабынан).

Ислам мұсылманға басқа дін өкілдерімен жақсы қатынаста болуға шықырады. Әлеуметтік деңгейде олармен қарым-қатынас жасауға, қонаққа баруға да тиым салмайды. Ислам тарихына, сахабалардың өміріне көз салсаңыз қоғам мүшелері арасындағы достық пен бауырластықтың үлгісін көресіз. Егер мұсылман емес кісі мұсылман мемлекетінде тұрса немесе мұсылман мемлекетінің қамқорлығында болса мұсылман оның өміріне, намысына, жеке мүлкіне қол сала алмайды. Мұсылман басқалардың да құқығын сақтауы қажет. Ол өзге адамдардың меншігін ұрлай алмайды не алдап ала алмайды, зұлымдық жасамайды. Оны ұрып масқаралауға немесе өлтіруге құығығы жоқ. Мемлекет оны мұндай зұлымдықтан сақтап, кепілдік болады деген сияқты т.б. көптеген қағидаттармен танысасыз.

Ислам адамдарды бейбіт өмірге, достық пен бауырластыққа шақырғаны іспеттес шындық, адамгершілік, адалдық сияқты т.б. көптеген ізгі сипаттарды ортаға қояды. Ал енді бүгінде кейбір азаматтардың исламды дұрыс түсінбей қоғам азаматтарын діни сеніміне сәйкес алалап, «біз» және «адасқандар» немесе «мұсылман» және «кәпір» деп жік-жікке бөлу үлкен қателік. Мұндай көзқарас қоғамда достық пен бауырластық дәнін екпейді, керісінше қақтығыс отын тұтатады. Бұл пайғамбардың (с.ғ.с.) достықты тарқатыңдар, бауырластықты күшейтіңдер деп үйреткен жолы емес. Мұсылманның міндеті – жамандықты тарқату емес, әдептілік және көркем сөзбен жақсылыққа шақыру. Адамдарды достыққа, ізгі амалдар жасауға үндеу. Бұл үндеуді күшпен немесе зорлықпен жасамайды: «Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр...» (Нахл: 125).

Демек, қоғамдағы достық пен бауырластық дәнін егу, жақсылық жасап, жамандықпен күресу біздің әрбіріміз үшін міндет. Бұлай жасау азаматтық борышымыз. Біз үшін қоғамдағы бауырластық пен достықты ешкім нығайтпайды, бірлікті сақтамайды. Оны сақтайтын да, нығайтытын да өзіміз.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы.

Оқылды 346 рет
JoomShaper
Top