«Барса – келмес»

Бейсенбі, 14.01.2022

Өткен жылдың соңында Сирияға кетіп бара жатқан Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының екі жігіті Ақтау қаласының әуежайында ұсталды. Олар «Ақтау – Ыстамбұл» ұшағына отырғалы жатқанда құрықталды. Бала жетектеген әрі жүкті әйелі бар Нұрлыбек Тұрарбекұлы және бірінші топтағы мүгедек Айбол Жолаев. Бұл мүгедек жігіттің Сирияға кетпек болған бірінші сапары емес. Алғашқыда 2014 жылдың 23 желтоқсанында Астрахан қаласында ұсталып, елге қайтарылған болатын. Ал оның қасындағы серігі Айболат Ғабитов құзырлы мекемелердің мәліметі бойынша, шекарадан өтіп Сирияға кеткен…

Бір нәрсеге таңғаласың. Анасының айтуынша, аузына қасығын жөндеп апара алмайтын, арбадан құлап қалса, өздігінен тұра алмайтын қаріп жігіт бір емес, бірнеше рет Сирияға, соғыс қайнап жатқан жерге баруға неге құмартты? Айболмен сөйлескен мамандардың айтуынша, діни сауаты жоқ оның түсінігінше, мұсылман елдерінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» өмір бар, яғни онда исламның асыл құндылықтары салтанат құрып тұр, ол елде адамдар бір-біріне бауыр, әсіресе, мүгедек адамға ерекше қамқор болмақ. Бірақ, арбаға танылған Айбол Сириядағы ұзаққа созылған суниттік мұсылман сириялықтар соғысына ондаған экстремистік ұйымдардың қатысып, бейбіт халықтың, балалардың мыңдап қырылып, мұсылман мұсылманды бауыз-дап жатқанын білмейді. Жаңақала аудандық мешітінің наиб имамы Серік Мұстафин (суретте) «Аудандағы теріс діни бағытта жүргендер пікірталастан қашады, имамның сөзін тыңдамайды. Жұма намазына келгенде құлаққап киіп алып, аспанға қарап отырады. Олар газет-журнал оқымайды, теледидар қарамайды, оларды қоғамнан мүлде оқшаулап тастаған. Шындығында, қазақтың жап-жас, жуас жігіттері надандықтың құрбанына айналуда. Қатып қалған тәкпіршілер өздері елде қалып, Сирияға жуас, артында сүйеніші жоқ, надан, қой аузынан шөп алмайтын білімсіз жастарды еліктіріп, жіберіп жүр. Жуас жігіттер байқамай адасып кетіп, ол ортадан шыға алмай жүр. Кейбірімен сөйлестік, олар дәстүрлі Әбу-Ханафи мазһабына оралуға қорқады. Ата-аналарға: «Балаңыз теріс бағытта жүр, бізге көмектесіңіз, баланы дұрыс жолға салайық» десек, өзімізге қарсы шығады. «Балам намазын оқып жүр. Одан да мас болып көшеде құлап жатқандармен күресіңдер. Енді бұл тақырыпты қозғасаң, сотқа береміз» дейді. Осындайда «Отаныңды, дініңді сату үшін сатқын болу қажет емес, ақымақ болсаң жетеді» деген сөз еске түседі. Өте өкінішті» дейді.

Біз жақында Жаңақала ауданында болып, Айболдың анасы Нұрғайша Хасановаға жолықтық. «Отағасы екеуміз екі бала тәр-биелеп өсірдік. Кішісі Айбол – бала жастан мүгедек, 2010 жылы намаз оқи бастады. Ойы, көңілі бөлінеді деп қуандық. Жамағаты келгенде, өз бөлмесінде ұзақ сөйлесіп отырады. Ер бала болғасын не айтып жатыр деп мән бермедік. Қалаға алып кетеді, бір аптада кері әкеп тастайды. 2014 жылы қалаға кеткен еді, сөйтсем, балам Сирияға кетіп бара жатқан жерінен Астрахан қаласында ұсталыпты. Үйге әкелдік, үнемі бақылауда болды. Екінші рет кетеді деген ой болмады. Осы жолы «Оралға барамын, 3-4 күнде қайтып келемін» деп кетті. Телефон шалсам, сөндірулі. 1 қараша күні полиция келіп, үйді тексерді, баламды Сирияға кетейін деп тұрған жерінде «Ақтау – Ыстамбұл» ұшағынан ұстапты. Есіміз кетіп қалды. Сезсем, жібермеген болар едім» дейді етегі жасқа толған ана.

Бүгінде Айбол Жолаев пен Нұрлыбек Тұрарбекұлы Орал қаласындағы тергеу абақтысында. Ал Нұрлыбектің әйелі жүкті болған себепті қамаудан босатылды. Тар қапас жиһадшыларды тәубесіне түсіргендей. Күні кеше Сирияға жол тартып, ата-анасын, туған жерін, Отанын сатқандар бүгінде басқаша сайрап отыр. «Істеген ісіме қатты өкінемін, — дейді Айбол Жолаев (суретте). — Жиһад дегенді ғаламтордан қарадым. Діни білімсізбін. Ол жақта соғыс болып жатқанын, бару қате екенін енді біліп отырмын. Нұрлыбектің отбасынан кешірім сұраймын, оны «Барайық» деп үгіттеген менмін. Сирияға кететінімді ата-анам білмеді, зейнетақымды жинап, 100 мың теңгемен жолға шықтым. Білімсіздіктің кесірінен адастық. Бауырларға қателеспеңдер, менің сөзіме құлақ асыңдар, бұл жолдан қайтыңдар деймін».

Жүкті әйелінің, баласының болашағын ойламай, Сирияға сүйреген Нұрлыбек Тұрарбекұлы (суретте) былай дейді: «2014 жылы ислам дінін қабылдап, ұстазсыз, ғаламтордан видео қарап, жиһад, Сирия мәселесінде сезімге беріліп, теріс жолға түсіп кеткенімді білмей қалыппын. Бүгін ойласам, дін сезіммен тұрмайды екен. Бірінші білім керек екен. Жастарға мен сияқты қор болып қалмай, бастарыңа іс түспей тұрып ойланыңдар дегім келеді. Ата-ана туралы хадис көп, «Жәннат ананың аяғының астында» деген бар. Біз әке-шеше, баланы ойламадық. Сендерге біреу Сирияға бар десе ойланыңдар, ол жақта өліп қалсаң, әке-шешең не болады? Қазақстанда ешкім қысым көрсетіп жатқан жоқ, кішкентай баланы Сирияға сүйремеңдер, бала өскенде не болады, қатты қор боласыңдар. Мен білімсізбін, қасымдағы жамағатым не айтса да, көзімді жұмып ере беріппін. Сұрақтарың болса имамнан, дін істері басқармасының мамандарынан сұраңдар, ғаламтордан дін үйреніп керегі жоқ. Әке-шешемнен кешірім сұраймын, оларды қиын жағдайда қалдырғаным үшін қатты өкінемін, олардың қаһарына қалдым». Тап осы жерде Нұрлыбек жылап жіберді. Ол кемсеңдеп отырып, «Анам, кешір мені!» дей берді…

Құзырлы орындардың мәліметі бойынша жалпы тәкпірлік бағытта жүрген әрі Сирияға жиһадқа кеткендердің және діни экстремистік бағыт бойынша сотталған азаматтардың 90 пайызы әке тәрбиесін көрмеген, яғни әкеден ерте айырылған жігіттер екен. «Анасының бауырында иі жұмсақ, көнгіш, жуас болып өскендерді айтқанға көндіру оңай» дейді психологтар. «Барса келмес», яғни бір жағына ғана жол билеті бар Сирияны бетке алған Айбол мен Нұрлыбекті Алла сақтады бір жолға! Күнәсіз сәбилердің көрер жарығы бар екен. Әсіресе, бүгінде ана құрсағында жатқан бейкүнә шарана жарық дүние есігін қайнаған соғыс пен ұшқан оқтың, қираған ғимараттардың, ойран болып, адыра қалған, өлімнің исі кезген Сирияда емес, тәуелсіз Қазақстанда, Жаңақаланың жып-жылы бір үйінде ашпақ! Періште сәбиді етегіне орап алатын әжесінің бақытын айтсаңшы!?

 

Қалаубек ТЕМІРОВ,

Жаңақала аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Ауданда 24 мың халық бар. Өткен жылы діни сауат ашу орталығын аштық. Күні бүгін курста 15 жас оқып жүр. Бірақ облыстағы діни ахуалы күрделі үш ауданның бірі екеніміз рас. Ауданда теріс бағыттағы салафилік жолда жүрген азаматтар бар.

2013-2017 жылдарға арналған экстремизм-терроризммен күрес бағдарламасы бойынша аудан әкімі жанындағы діни бірлестіктермен, құқық қорғау құрылымдарымен, антитеррорлық комиссиямен, қоғамдық ұйымдармен, теологтармен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Жұмыссыз жастарды қолдаудамыз.

 

Жасұлан ҚИСАМЕДИН,

аудан ақсақалы:

- Ауданда исламды бұрмалаушы жастар бар. Дәстүрлі киім үлгісінің болмауы да бізді қынжылтады. Жұма намазға келгенде көремін, «Намаз оқымаған адам – кәпір» дейтін жастар пайда болып жатыр. Олар базардан алған етті жемейді дейді. Бұл дұрыс емес, бисмилланы айтып жесең, адал деп ойлаймын. Құран араб тілінде түскенмен де, біз қазақпыз, намаз оқып, мұсылманның бес парызын орындасақ та, салт-дәстүрден алыс кетпеуіміз керек. Бұл адасу ислам дінін кеш әрі дұрыс бастамаудан, әрі ата-аналардың діни сауатсыздығынан деп ойлаймын. Ауданда сауат ашу курсы ашылды, енді жастарды оқытуды ғаламтор немесе әр үйден емес, осы орталықта қолға алынуы керек.

 

Жарас АХАНОВ,

Батыс Қазақстан облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы:

- Дін – халықты біріктіруші құндылық. Бұзып жаратын күш емес. Қазақтың тарихында жалған діни ағымға бөліну болған емес. Қазіргі ғаламтор (интернет) кеңістігі, демократиялық көзқарас деген желеумен толассыз идеологиялар осындай тосыннан теріс діни ағымдар жолындағы азаматтарды қалыптастырды.

Мемлекет тарапынан жекелей және жалпылай, басқа да мүмкіндіктер арқылы оңалту және дәстүрлі бағытқа қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жеке тұлғаның осындай діни эстремистік сипатқа қалыптасуының бірнеше себептері бар: қоғамға ренжуі, психологиялық күйзеліске ұшырауы әлеуметтік жағдайының төмендігі және оны өзінің жалқаулығынан емес, мемлекеттен көруі (әйтпесе жұмыс жасаймын деген адамға елде екі қолға бір күрек табылады), рухани құлдырауы. Жалпы психологияда азғантай топ өзара ауызбіршілікте болады. Теріс діни ағым өкілдерінің аздығы, олардың бір-біріне қамқор болып көрініп, кез келген сәтте бір-бірінің жанынан табылуы сол ортаның әрі қарай сақталуына ықпал етіп отырады. Жалған жиһадшылдық, діни экстремистік көзқарасқа алып келетін теріс идеологиялар салдары осы арбауға түскен азаматтардың мәліметті бір көзден алуынан туындайды. Яғни жан-жақты іздену жоқ. Оның үстіне теріс діни көзқарастағы азаматтар арасында кез келгені шейх-ұстаз бола салады. Яғни оларда субординация (жоғарыдан төмен қарай бағыну немесе білімділігіне қарай реттілік) деген ұғым жоқ. Мысалы, кез келген идеологияда немесе қоғамда жүйе бар. Жүйесіз құрылым, түптеп келгенде, мемлекетте «хаос» тудыратын жағдайға алып келетін жәйттар. Бұндай көзқарастағы азаматтардың діни бағытындағы жүйесіздігі, эмоцияның жетегінде кетуі түсініспеушілікті тудырады. Дегенмен мемлекет тарапынан бұл жағдайлардың жан-жақты бағыттары зерттеліп, талданып, жүйелі жұмыстар атқа-рылуда.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Оқылды 480 рет
JoomShaper
Top