Жат ағымның басты нысанасы

Бейсенбі, 23.06.2021

Екі дүние сұлтаны (с.ғ.с.) соңғы қажылығында дүйім мұсылман  қауымының алдында соңғы өсиеттерінің бірін жеткізді. Қоштасу сөзінде: «Мен сендерге бір дүние қалдырып барамын, оны мықтап ұстасаңдар ешуақытта адаспайсыңдар, анық іс. Ол – Алланың кітабы мен пайғамбарының сүннеті» деді.

Исламның нәр алатын бастауы һәм қорғаны Алланың кітабы мен расул сүннеті. Бұл қос кітап мұсылман үмбетінің жолбасшысы. Хақ жолдан ауытқымаудың дара кепілі де осы.

Алайда, өз бетінше Құраннан керекті иләһи үкімді шығарып алу екінің бірінің қолынан келе беретін оңай шаруа емес. Басты мәселе осында. Сансыз сүннет-хадистерді саралап, бір тақырыпқа қатысты қарама-қайшы риуаяттардың сыры мен қырын ажыратуда мұсылман үмбеті ғұламаларға мұқтаж.

Әрине, мұсылмандығымды өзім, ешкімнің көмегінсіз Құран және сүннет арқылы орындай аламын деу дұрыс емес. Бұрыстығы былай тұрсын, аса қауіпті. Құран – шексіз білім бұлағы. Құраннан қатардағы жай мұсылман баласының бір үкім алуы мүмкін емес. Тіпті, Құранның уахи болып түскеніне куә болған сахабалар да өздігінше аяттар жайлы дербес пәтуа айтпаған. Әуелі аяттың мән-мағынасын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аузынан естіп ұғынған.

Ал, жай кітап дүкенінен сатып алған кітапшаны бір-екі рет парақтап алып, сүннетте былай деген екен деп дүмшелік жасап жүргендер қаншама! Жылдар бойы ғылыммен айналысып жүрген имамдардың мұндайға батылы бармайды. Ал, біз әр біріміз өздігімізше ғұламасымақ болып жүргенімізге жол болсын!

Құран және сүннет ғылымдарының ғибратын сүзіп, маңызын ұсынуда мазхабтың орны ерекше. Мазхаб тарихы сахабаларға барып тіреледі.

Мазхаптың негізі сахабалар дәуірінен бастап қаланды. Ол шақта, Мекке тұрғындары пәтуаны тек Абдулла бин Аббастан (р.а.) сұрайтын. Хазіреті Абдулламен бірге Мекке қаласында өзге де сахабалар өмір сүрді. Алайда, олардың ешбірі Абдулланың (р.а.) бұл әрекетін қате деп сынаған жоқ, керісінше құптады. Ал, Ирак халқы Абдулла бин Масудтың (р.а.) пәтуасымен амал ететін. Ал, Хижаз өлкесінің мұсылмандары Абдулла бин Омардың (р.а.) пәтуасын басшылыққа алатын. Бұл жайт әз-пайғамбарымыздан кейін халифалар дәуірінде басым көпшілік сахабалардың көзі тірісіндегі құбылыс. Ешбір ғалым сахаба бұл жағдайды бидғат деп бағаламаған. Демек, мазхаб ұстану – бидғат емес, керісінше мазхабтан бас тарту – бидғат.

Мазхабтың негізінде жалғыз ғалым тұрмады. Шариғат мектебінің қалыптасуына, оның кемелдік дәрежеге жетуіне мыңдаған ғұламалар сүбелі үлестерін қосқаны мәлім. Табиғиндер заманында арнайы ғылыми орта құрылып фиқһ ғылымымен терең шұғылданатын мектептер әр елде бой көтере бастады. Мектеп негізін құрушы мужтахид ғалым және оның ғұлама шәкірттері ғылыми-зерттеу жұмыстарын ауқымды алып барды. Олар шариғатты шыңдауды мақсат тұтты. Фиқһты қолдану үшін шариғат негіздерін, оның теориясын жасап шықты. Әрине, мазхаб Құран және сүннеттің жемісі. Көптеген фиқһ мектептерінің ішінен ысылып төртеуі шықты. Ғылым мен тақуалықты арқау еткен бұл мазхабтардың өміршеңдігін сыншы уақыттың өзі дәлелдеді. Ғылым мен тақуалық дейтінім, өзінің артынан мұсылмандарды ертуші мужтахидке қойылатын негізгі талап осы екеуі. Ал, төрт мазхабтың тарландары имам Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит, имам Малик бин Әнас, имам Мұхаммед бин Идрис Шафиғи, имам Ахмад бин Ханбал дін ғылымында теңдесі жоқ, шоқтығы биік ғұлама болды. Сонымен қатар, тақуалықта алдына жан салмайтын шынайы салих мұсылман еді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ең жақсы ғасыр – менің ғасырым, сосын одан кейін келетіндер ғасыры. Кейін олардың соңынан келетіндер ғасыры жақсы» деп айтқан екен.

Имам Әбу Ханифа (р.а.) жоғарыда айтылған хадистегі жақсы ғасыр өкілі, һәм пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларына шәкірт болып, ғылым үйренген. Демек, табиғин дәрежесіндегі ғалым. Ал, табиғинның мәртебесі өзге ғалымдардан әлде қайда жоғары екендігін осы хадис айшықтап тұр.

Мазхабқа берік елде жат ағымның жымысқы әрекетінен түкте шықпайтынын олар біледі. Сондықтан, мазхабты басты нысана етуде. Ал, мазхабтан ажырау Құран және сүннеттен алыстаумен пара-пар. 

Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы

Оқылды 938 рет
JoomShaper
Top