Досай КЕНЖЕТАЙ: Жастардың дінге бет бұруы қауіпті емес

Дүйсенбі, 11.04.2022

Бүгін қазақ қоғамындағы көптеген мәселе болмыс және құндылықтар арасы нақтылану үдерісінде көрініс беріп жатыр. Дәстүрлі деп аталатын құндылықтар мен танымдар, түсініктер мән мағынасынан алыстап барады. Ақпараттық қоғам қысымы да өзінің көз ілеспес жылдамдығымен адамдардың дүниеге көзқарасы мен құндылық танымдарын өзгертіп, қарманарға бұтақ қалдырмады. Осы орайда еліміздегі жастар мәселе, жастардың дінге бет бұруы төңірегінде белгілі теология және философия ғалымдарының докторы Досай Кенжетаймен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

– Досай аға, жаһандық дәуірдегі әрбір өзгерістер жастардың санасына ықпал етіп, уысында ұстап отыр. Бұл дегеніңіз бір қоғамды, болашақ бір ұлтты уысына алды деген сөз. Өзіміздің қазақы құндылықтарымызды, мәдени ерекшеліктерімізді бірінші орынға шығару үшін ұлттық иммунитетті қалай көтереміз?

– Қоғамды, ұлтты, мәдениетті ерекшелеп, болмыстық мән беретін қуат ол – дін. Сондықтан, жастар мен дін тақырыбы өте маңызды. Қазір жаһандық үдерісте шекара, идеологиялық аймақ, жергілікті құндылықтық тәрбие деген ақиқаттар жолда қалды. Интернет қазіргі жастардың құндылығын да, шекарасын да, тәрбиесін де өз мойнына алып үлгерді. Үйде басқа, түзде басқа, интернетте басқа ақиқаттарды қатар ұстап жүру деген ең ауыр да рухани қысымға айналды. Бұл жастар психологиясына да кереғар әсер етуде. Дін мен қоғам арасында өзара әсер бар екендігі белгілі. Дін қоғамға, қоғам дінге әсер етеді. Сондықтан, бүгін дін төңірегіндегі мәселелер мен жастар тақырыбы ортақ зерттеу нысанына айналып отыр.

– Енді мұның шешу жолдары қандай болмақ?

– Негізінен бүгінгі қазақ қоғамында жастардың діндарлығы, дінді тану үдерісі де құндылық негізінде бірге қарастырылуы тиіс. Себебі, нормалар, тыйымдар, ырымдар, сенімдер, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер құндылық ретінде адам өміріндегі ең ықпалды институт.

Сондай-ақ, жастар қоғамның динамикалық орталығы. Сол үшін де қоғамдық проблеманы шешу – ол жастар проблемасын шешуден басталады. Социология ғылымында бір теория бар: кез келген қоғамдық құбылыстың себебі, оған ықпал етуші басқа бір қоғамдық құбылыс. Сондықтан, бүгінгі жастар проблемасының себебі, олардың өмір сүрген қоғамдық жүйесінен бастау алады.

– Ал бүгінгі қоғамдық жүйе жастардың рухани материалды жағынан дамуына не істеп жатыр?

– Бұл сұрағыңызды мектепте мұғалім мен шәкірт арасында байланыс мазмұны қаншалықты реттелген? Мемлекет өз жастарына ие бола алды ма? деген сияқты сұрақтармен жалғастыра беруге болады.

Жастардың психологиялық ерекшеліктерінің кейбірі туралы нақты құбылыстық сипаттар белгілі. Жастардың ең басты мәселелерінің бірі кәсіп табу мен жолдас таңдау десек қателеспейміз. Олардың табиғатындағы асқан қиялшылдық, байлыққа құмарлық, өзгеден ерекшелену, өзін тани алмау, тұлғалық адасушылық, моральдық және рухани құндылықтардың құнсыздануы, фанатизм, жұмыссыздық т.б. жағдайларды бүгінгі жастар проблемасына жатқызуға болады. Бұған себептер де жоқ емес. Соның бірі қоғамдағы әлеуметтік, мәдени, және жүйедегі жылдам құндылықтық өзгерістерге бейімделе алмау да жатады. Осы құбылыстарға параллель өзін өзгерте алмаған жастар рухани психологиялық қобалжуларға тап болады. Жас ерекшеліктеріне қарай жылдам өзгерген құндылықтар мен нормаларға үйлесімділік сақтай алмай қиналады. Сондайлар ешбір құндылық танымастай өзгеріп, идеал мүдде таба алмай мақсатсыздыққа беріліп, күнделікті тіршілікке, тәндік ләззатқа, материалдық жылтыраққа құмартып, өзіне сосын ортасына бөлектеніп кете барады. Болмаса шектен тыс идеализмге, фанатизмге бой алдырып, айналасын өзгертуге тырысады, агрессиясы артады да, тура жол тек өзінікі сияқты көрінеді.

Ал, оны осы психологиялық ахуалға итермелейтін кеңістік: отбасы, жолдас – жоралары, мектеп және білім беру жүйесі, өскен ортасы, телерадио-бұқаралық ақпарат, интернет құралдары, әлеуметтік желілер тағы с.с. Қазақта мақал бар: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Сондықтан, баланың ең алғашқы тәлім тәрбие, білім алу ортасы ол отбасы. Отбасы дұрыс болуы керек. Дұрыс отбасынан дұрыс ұрпақ, дұрыс ұрпақтан дұрыс ұлт, дұрыс ұлттан да дұрыс қоғам мен мемлекет пайда болады. Сондықтан, отбасында рухани құндылықтар мен діни тәлімнің рөлі үлкен. Бала алдымен сол отбасында, бата, тілек, дұға, мінажат, қайыр садақа, өлгендерді еске алу, жаратушы құдай, діни мейрамдар пен парыздар сияқты ұғымдар мен танымдарды бойына сіңіреді. Фараби атамыз айтпақшы, «жалпы бала білімнен бұрын тәрбие алып үлгеруі тиіс, оның ақылы мен сенімі, миы мен жүрегі тұтас болуы керек». Жастарда ақылға қарағанда сезім, эмоция, елік пен желік басым болады. Ал, құрғақ сезімдер көр соқыр, балаға болашағын көрсете алмайды. Сондықтан, балаға ата-анасы, сосын дос жараны, мектепте ұстазы, қоғамда ортасы, мемлекет те жауапты.

– Қазір елімізде «...діни таным басып кетті. Жастар формаға көшіп кетті. Не білім жоқ тек қана сақал мен балаққа мән береді. Ғылыми таным қалды, діни фанатизм жайлап барады» деген сөздер жиі айтылатын болды...

– Шындығында еліккен жастар Қазақстанда да уахабизм, салафизм догмасына кіріп кеткен. Олардың ауыздарынан екі үш сөз ғана айтылады: «ширк, куфр, бидғат». Себебі, олар өмірге осы уахабизм танымынан басқа діни танымды жоқ деп біледі.

Оны әлеуметтік желілерде орын алған ақпараттардан да көруге болады. Уахабистер қазақ тілінде өз жағдайларын түсіндіріп, арасында Қазақстанда да жихад жариялауға ашықтан ашық үгіттеп жатыр. Бұл діни танымдық басымдық тенденциясы қазіргі жастарымыздың арасында кеңінен тарап, діни сана, діни тәжірибеміз бен діни танымымызға жат шаблондар орнығып үлгерді. Сондықтан да, қазір бізде зайырлылықты атеизм ретінде танытқысы келіп, мемлекетке оның конституциялық құрылымына қарсы психологиялық наразылықтағы жастардың бар екендігі байқалады. Зайырлылықты исламға жат, не оған қарсы құбылыс ретінде көреді. Ал, сыртқы жат діни ақидамен қаруланып үлгерген арамыздан шыққан жастарымыз, қазақтың мұсылмандық жолындағы жүріп өткен тарихын, діни тәжірибесін мансұқтау жолына түсті. Анаусы бидғат, мынаусы ширк, онысы күпір деген дайын қалыптар мен шаблондарға да құлақ үйренді. Қоғамдағы діни ахуал БАҚ беттерінде көбінесе «әйелорталықты» мәселе ретінде танылатын болды. Хижап, орамал, тұмшалау, талақ, қызды мектепке жібермеу, неке, тоқал, келіннің сәлем салуына дейін дінге қатысты мәселе болып жатыр. Бұлардың ішінде дінге емес дүниеге қатыстысы, дінге емес дәстүрге қатыстысы да, ислам шеңберінде қаралатын болып кетті.

Осы күні қазақ жастары арасында модаға айналған сөз тіркесін байқасаңыздар «дәлелің бар ма?» Әр сөзіңді дәлелмен, дәйекпен фактылап, нақтылап жеткізгенге не жетсін! Бүгін қоғамда неосалафилдер «осы сұрақ» арқылы жайлап барады. Бүгін қазақтың діни санасы «екі діни таным» арасында қалды. Сондықтан, қазаққа діни санасын, яғни ұлттық, мәдени қабаттарын сақтап қалу үшін, өзінің төл діни танымын жаңғыртып, оның білім беру жүйесінен ойып орын алуына өзін қазақпын деген әрбір жас аянбай еңбек жасау керек болып тұр. Себебі, діни сана өзгерсе мәдени қабаттар да өзгеріске ұшырайды. Оны өзгертетін де, сақтап қалатындар да қазақтың бүгінгі жастары.

– Осы жағдайлардан кейін жастардың дінге көптеп бер бұруы қауіпті емес пе?

– Қазіргі қазақ қоғамы үшін жастар дінге бет бұрып жатса, ол қауіп емес, керісінше жақсылықтың нышаны. Бұл кешегі атеистік зобалаңға жауап, екіншіден, вестернизацияға жауап, үшіншіден ұлттық бірегейленуге жауап. Бұл діннің жастар психологиясындағы көрінісі. Мәселе, осы сұранысты қоғам болып, мемлекет болып қалай қанағаттандырып жатырмыз? Осы төңіректе шешім жолдары мен тетіктерді қарастыру керек. Діннен қорқу өзіңнен қорқу, өз мәдениетіңнің мазмұнынан жеру деген сөз. Жалпы жастарымыз табиғи өзгерістерге орай белсенді жауап беріп келе жатыр. Сондықтан бүгінгі жастар проблемасы дегеніміз ол бүгінгі қоғамдық проблемалар деген сөз.

Қазір кез келген жастың дінге деген ұмтылысы, дінді танып-білуге деген құш-тарлығы өте жоғары деңгейде. Тек бізді құртып отырған жағдай – өзара жамағатқа бөлінушілік. Мен неге жастарды айтып отырмын? Өйткені, адамның жас ерекшелігі мен дінді қажет ету ерекшелігі бірдей болады екен. Ешқандай адам 50-60 жастан асқаннан кейін діни танымға негізделген психологияның шеңберіне кірмейді. Көбіне діни танымды анықтайтындар – жастар. Өйткені, адамның табиғатына тән болмыстық нақтылану үрдісі жастардың бойында жүреді. Сондықтан да, қазіргі көптеген сараптамалардан белгілі болғандай, еліміздегі негативтік тұрғыдағы дін проблемасын жастар мәселесі деп қарастырып жүр. Себебі, бомба жарып, террористік әрекеттерді жасап, Сирияға аттанып кетіп жатқандардың бәрі 15 пен 30-дың арасындағы жастар болғандықтан, олардың осы жас ерекшеліктеріне қарайды да, мұны «жастар проблемасы» деп көрсеткісі келеді. Ал шын мәнінде бұл тек жастар мәселесі емес, тұтас ұлттың проблемасы деп қараған жөн. Өйткені, ұлттың келешегін, ұлттық таным мен болмысты анықтайтын бүгінгі жастар. Жастар дінге ұмтылып жатса, оған мемлекет бағыт беру керек.

Маңызды әңгімелеріңіз үшін рахмет!

 Сұхбаттасқан

Олжас СӘНДІБЕК

Оқылды 632 рет
  • Мен исламнан тәңіршілдікке бет бұрдым,араб тілі мен ушін бөтен бөгде дуние.Жүрегімізде Тәңірге деген сенімімізді оятып,Жаратушы Тәңірімізге өз ана тілімізде сиынғанға не жетсін.Тәңіршілдік дін емес сенім,ал дін болса адамзат санасын баскару кұралы.
JoomShaper
Top