Хазіреті Әлидің тақуалығы

Жұма, 10.03.2022

Күндердің бірінде Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) қасына ұлын ертіп базарға шығыпты. Екеуі киім-кешек көріп жүріп, сатушының алдына келеді де:

– Сенде бес дирһамға келетін көйлек бар ма? деп сұрайды.

Сатушы:

– Ия, деп мүміндердің әмірі Әлиге екі көйлекті ұсынады: біріншісі үш дирһам, екіншісі екі дирһам тұратын еді.

Әли бірінші (үш дирһамды) көйлекті ұлына беріп, екіншісін (екі дирһамдыны) өзіне қалдырады. Сонда әкесінің бұл әрекетіне таң қалған ұлы:

– Уа, мүміндердің әмірі! Мына көйлекті өзіңіз алыңыз. Сіз мінбеге шығасыз, халыққа насихат айтасыз – дейді.

Имам Әли:

– Мен Әлимін. Рас, мінбеге көтерілемін, халыққа уағыз жеткіземін. Ал сен жас жігітсің. Сенде жастықтың шаттығы бар. Мен өзімді сенен артық көруге Раббымнан ұяламын. Күмәнсіз, мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): Оларды өздерің киген киімнен киіндіріңдер, оларға өздерің азықтанатын тағамнан беріңдер – дегенін есіттім – деп бағалырақ көйлекті ұлына ұсынады.

Әңгімеден шығатын түйін:

– Отбасын асыраудың маңыздылығы;

– Отбасы алдындағы жауапкершілік;

– Бала тәрбиесінің орны;

– Пайғамбардың айтқан насихаттарына амал ету және т.б.

                                                                             Жалғас Садуахасұлы

Оқылды 348 рет
JoomShaper
Top