Теолог оққа қарсы тұрмайды

Дүйсенбі, 25.11.2021

Назарларыңызға Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаевпен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.

 

Назарларыңызға Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаевпен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.

Еркінбек ШОХАЕВ - Шымкенттегі Арыстанбаб медресесінде оқыған, жеті қырағаттан ижазасы бар (яғни, Құранды оқудың жеті жолын меңгерген), қари атанған (Құранды жатқа білетін адам). Триполи (Ливан) университетінде ислам дінін зерттеп, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің дінтану факультетінде білім алды. Араб тілін меңгерген.

2013 жылдың көктемінде Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы болып тағайындалғанға дейін  Астанада ҚР дін істері Агенттігінде бас сарапшының қызметін атқарды. 

 

...ТӨРТ ТЕОЛОГТЫ ЖІБЕРДІ

- Қазіргі таңда облысымызда Ислам дінінің атын жамылып, арам пиғылдарын іске асырып жүрген азаматтар өте көп. Оларға қарсы қандай күрес жүргізіліп жатыр? Сіз соңына дейін қарсы тұра аласыз ба? Биліктің нақты жоспарлары бар ма? Бұл мақсаттарға сіздің басқармада қанша қаражат қарастырылған? Облыстық дін істері басқармасының өз сайты бар ма?

- Мәселен, басқармаға 2013 жылға 23 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Алдағы жылы бұл қаражат тағы да артады, сәйкесінше, атқарылатын шаралар да көбейеді.

Облыстық басқарма ағымдағы жылдың шілде айынан бастап республикалық бюджеттен емес, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырыла бастады. Облыс аумағында қаржы талап етілмейтін көптеген шаралар атқарылуда. Сонымен қатар, үстіміздегі жылғы 1 қыркүйекте біздің басқарманың жанынан «Ақпараттық-талдау орталығы» КМК құрылды.

- Облыста дәстүрлі емес діни ағымдар идеяларының таралуына қарсы атқарылып жатқан қандай шаралар бар? Нақты мысалдарды келтіруіңізді өтінемін.

- Қазіргі таңда біздің жастарымыздың дәстүрлі емес діни ағым идеяларына еріп кетуінің басты себебі - діни сауатсыздық пен түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігі. Сондықтан, біздің негізгі мақсатымыз - жастардың діни сауатын арттыру.

Осы мақсатта биыл шілде айында ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңын түсіндіру, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау және дін саласындағы ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыс жасайтын облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі 86 ақпараттық-насихат топтарын (құрамында 404 адам бар)  құрдық.

Бұл топтардың құрамында мемлекеттік қызметкерлер, теолог мамандар, барлық деңгейдегі мешіт имамдары және зиялы қауым өкілдері бар. Облыс әкімінің қолдауымен облысқа Астана, Алматы қалаларынан 4 теолог-маман шақыртылды. Бұл мамандар ақпараттық-насихат топтарының құрамында жұмыс істеуде.

Сонымен қатар, теологтардың көмегімен діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау, діни радикализмнің алдын алу бағытында оқу орындарында, мәдениет үйлерінде, түзеу мекемелерінде және компанияларда, т.б. жерлерде ауқымды іс-шаралар атқарылуда.

Ағымдағы жылы сәуір айында Атырау қаласында республикалық деңгейде «Әйел және Дін», «Дін және Жастар» атты тақырыптардағы форум мен ғылыми-практикалық конференция, сондай-ақ, 8000 адамның қатысуымен «Мұнайшы» стадионында «Жастар экстремизмге қарсы» атты патриоттық акция өткізілді.

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы ақпараттық-консультативтік және құқықтық-психологиялық қызметтерді атқаруда. 

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық материалдарды жариялау үшін екі облыстық және жеті аудандық мерзімді басылымдарда «Иман», «Религия», «Имандылық», «Ізгілік нұры», «Иман нұры», «Діни рәсім» атты айдарлар мен арнаулы беттер ашылған.

Жалпы айтқанда, 2013 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін жергілікті және республикалық басылымдарда барлығы 319 мақала жарияланды және 37 телеарна көрсетілімі, 16 радио таратылымы болды.

Қыркүйек айынан бастап облыстық «Қазақстан-Атырау» радиосында әр аптаның жұма күні «Жұмадағы тілдесу» бағдарламасы кешкі сағат 19.00-20.00 арасында тікелей эфирде таратылуда.

«Қабір және зәбір», «Діннен адастырар теріс ағым», «Слепая вера», «Қатерлі жиһадизм немесе радикализм матрицасы», «Дұшпанның кесірінен сақтанайық» және «Ағым және алаңдаушылық» атты деректі фильмдер телеарналарда көрсетілді.

24 қыркүйекте президентН.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Діни экстремизм және терроризммен күрес бойынша 2013-2017 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама» қабылданды. Алдағы уақытта осы бағдарламаның негізінде жұмыстар жасалатын болады.

Аталмыш бағдарлама профилактикалық шараларға басымдық береді. 

 

 САҚАЛДЫЛАР МӘСЕЛЕСІ

- Неге жастар сақал өсіріп, шалбарларының балақтарын қысқартып алып жүреді? Ал кейбіреуінде, әсіресе, мешіт молдаларында ол жоқ. Қандай айырмашылық бар? Сақалдылар әлдеқайда радикалды ма?

- Діни көзқарасқа келер болсақ, дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабында (қазақтар және жалпы әлем мұсылмандарының 70 пайызы ұстанатын) сақал қою сүннет болып табылады Бірақ сақалды жөнсіз өсіру, тарап, күтіп ұстамау және өзгенің діні мен иманын сақалдың ұзындығымен өлшеу надандық болып табылады.

Ислам дінінің өзі тазалықтан тұрады. Хадис бойынша Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) өзі бірде шашы және сақалы алба-жұлба, жуылмаған, реттелмеген бір адамды көріп: «Адам шашы мен сақалын тазалап, реттеп жүруі керек қой» - деп ескерту жасаған екен.

Ал балақ қысқарту мәселесіне келетін болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балағының тобықтан төмен болғаны - тозақта», ал тағы бір хадисінде: «Кімде-кім тәкаппарлықпен балағын тобықтан түсіріп жүретін болса, ол тозақта» дейді. Себебі, сол кездегі байлар өздерінің байлықтарын киімдерінің етегін шұбатып көрсететін болған. Мұндағы мақсат қоғамдағы менмендік пен тәкаппарлықты жою болған.

Бұл хадисті естіген соң, Пайғамбарымызға сахабасы Әбубәкір келіп: «Менің киімім ұзын, көтеріп қойсам да, түсіп кете береді. Менің жағдайым қалай болады?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен тәкаппарлықпен істемейсің. Олардың қатарына кірмейсің» депті. Демек, ер кісілердің шалбарларының балағын тозақы деп айту - ақымақтық.

Біздің мешіттердегі имамдарымыз дәстүрлі ханафи мазхабының өкілдері болғандықтан, аталмыш мәселелерге кең тұрғыдан қарайды. Сондықтан, кейбір имамдар сақалдарын қойып, енді бірі қоймай жүреді. Бірақ, бұл тұста айта кететін жайт, адамның радикалдық көзқарастары оның сақалында емес, көкейінде болады. Адам сақалды қандай көзқарастың нәтижесінде қойып жүр, бәрінен бұрын соны аңғару керек секілді.

Өкінішке орай, біз кейде сыртқы атрибуттармен - біресе, сақалмен, біресе, хиджабпен күресіп кетеміз. Бұл жұмысты біз белгілі бір дәрежеде ойластыруымыз керек. Біз әуелі олардың көкейіндегісін білуіміз тиіс. Мұның бәрі сәләфилік, уахабилік бағыттан шығып отырса, ол қауіпті.

Егер сақалын күтіп ұстаса, неге өсірмеске? Бүкіл әлемде ерлер діндарлығына қарамастан, сақал жібереді. Біреу сәндік үшін, біреу жарасып тұрғасын қояды. Әйтпесе, ұлттық салт-санамызбен үндесе отырып, қойылған сақал болса, онда тұрған не бар?

Ал орамалға келсек, қазақта әйел заты шашын ашып жүрген емес. Жасына сай орамалын тағып, кимешегін киген. Ал енді сәләфилік, уахабилік бағытта санасы уланған біздің қыздарымыз қап-қара киіп алады да,  ата-анасымен де араласпай, қоғамнан оқшаулануда.

 ДІН ІЛІМІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

- Қазақстан имам Әбу Ханифаның мазхабын ұстанады, алайда, егер Әбу Ханифаның шәкірттері құрастырған «Фиқһул Акбар» кітабын қарасақ, онда имам Әбу Ханифаның өзі былай дейді: «Мен Алла тағаланың елшісі (с.ғ.с) сахабалары Құран аяттарына сәйкес, Алла тағала аспанда және аршының үстіне орнығып алған деп айтқанын көрдім және естідім. Және адасқандардан өзге бұған қарсы тұрғандарды көргенім жоқ».

 (Алайда ҚМДБ-ның имамдары Алла тағаланың нақты мекен-жайы жоқ деген көзқарасты ұстанады). Алла тағаланың елшісінің (с.ғ.с.) сахабаларын көрген имам Әбу Ханифа дінді дұрыс түсінбеген  бе? Осы ұстанымда жүрген бізге мұны қайтадан ашып түсіндіріп бересіз бе? Ал егер оның сөзі дұрыс болса, мұны ақиқат деп танып, мойындайтын уақыт келген болар?

- Сіз өзіңіз намаз оқисыз ба?

- Иә, мен Әбу Ханифа мазхабының қағидалары бойынша намаз оқимын. Ақида араб тіліндегі «ақада» сөзінен келіп шыққан. Яғни түйіндеу, байлау, сенім, көзқарас және түйсік деген мағыналарды білдіреді. Ақида ілімінің мақсаты – адам бойында дұрыс діни көзқарасты қалыптастыру, кейде оны таухид немесе иман ілімі деп те атайды.

Ақида саласы бойынша Имам Әбул-Хасан әл-Ашғари, Имам Әбу Мансур әл-Мәтруди секілді ғұламалар терең зерттеулер жасап, Құран мен сүннетке негіздей отырып ортақ қағидалар қалыптастырды. Соның нәтижесінде «ашғари және мәтруди» мектептері қалыптасты.

Сондай-ақ, Алла тағаланың сипаттарына қатысты Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін тікелей тілдік мағынасында түсінетін топтар пайда болды. Бұлар Х‑ХІ ғасырларда Андалусия (Испания) жерінде басталып, ары қарай ХVIII ғасырда Нәжд өлкесі - қазіргі Сауд Арабиясының солтүстігінде жалғасын тапты.

Міне, осы топтың өкілдері Алла тағаланы физикалық денеге теңеп, «Рахман аршының үстіне «истиуа» етті» деген аятты орнықты деп түсінді (яғни, Алла тағала аспандағы аршының үстінде орныққан»).

Шын мәнінде Әбу Ханифа өзінің Фиқхул Акбар кітабында ешқашан орнықты деп айтпаған. Тек аударылмау қажет «истиуа» сипатымен ғана Алланы сипаттаған. Сол секілді, Әбу Ханифаның аталмыш кітабында Алла тағалаға мекен-жай беріп, «Алла аспанда» деп айтқан сөзі бар деуге де ешбір негіз жоқ.

АСТАНА ТӨРІНДЕГІ ТӘҢІР МЕ?

- Астананың орталығында мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақтардың байырғы діні мен басқа да түркі халықтарының тәңіршілдік символы - Бәйтерек орнатылды. Қазақтардың мәдени дүниетанымының және соның ішінде тәңіршілдіктің жаңғыруына байланысты не ойлайсыз? Қазақстанда өзіндік идеологиясы болуы тиіс деп есептейсіз бе? 

- Тәңіршілдік — біздің бабаларымыз ислам дініне дейінгі ұстанған дін.  Оның белгілері қазақ халқының бойында әлі де кездеседі. Бірақ қазақ даласына ислам діні келіп жеткен соң, қазақ халқының бұл жаңа дінді қабылдағаны тарихи шындық. Неге? Себебі, ислам өзінің ерекшеліктері мен басқа діндерден артықшылығын біздің дана халқымызға көрсете білді. 

Ал, Астанадағы Бәйтерекке келер болсақ, ол - архитектуралық құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы. Елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі. Бәйтерек сөзі – өмір, мәңгілік ағашы дегенді білдіреді. Демек, бұл құрылыстың рәміздік мағынасы – өмір, мәңгілік деген сөз.

Жаңа Қазақстанның нышаны, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті. Бәйтеректі тәңіршілдікпен байланыстыруға, оны қайта жаңғырту дегенді білдіреді деуге ешбір негіз көрмеймін. 

«УАХАБШЫЛАР ОРДАСЫНА» ҚАЖЫЛЫҚ

- Сауд Арабиясында исламның ресми ағымы уахабизм саналады. Жыл сайын Сауд Арабиясы АҚШ қолдауымен уахабизмді насихаттау үшін миллиондаған долларлар жұмсайды. Егер Сауд Арабиясына қажылыққа өз азаматтарын жіберіп отырса, Қазақстан уахаббизммен қалай күреспек?

-Жоғарыда айтып өткенімдей, уахабилік ағымның идеологиялық астары Х‑ХІ ғасырларда Андалусия (Испания) жерінде кейбір ғалымсымақтарының тарапынан басталып, ары қарай Нәжд өлкесі - қазіргі Сауд Арабиясының солтүстігінде жалғасын тапты. Андалусия ғұламалары ашғари мектебінің түлектері болғаны белгілі.

Бірақ ол елдегі қазіргі сәләфилік-уахабилік идеяның негізін салған кейбір ғалымсымақтары мешіттерде жүріп жатқан дәрістердің барысында өз пікірлерін тықпалап, ашғари мектебінің тәлімдерін жоққа шығарып, дау‑дамайларды тудырып, бүлік шығаратын еді. Бұдан кейін ХIII-ХІV ғасырларда Шам өлкесінде өмір сүрген Ибн Тәймия (1263-1328 жж.) аталмыш идеологияның жалауын көтерді.

Ол ашғари, мәтрудия тәлімдерін адасқан деп сынап, қаралады. Бүгінде өзіміз білетін сәләфизм-уахабизм идеясы аталмыш кезеңдерден бастау алып, ХVIII ғасырда қазіргі Сауд Арабиясы жерінде өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдулуахабтың қолында жаңғырып, өзге діни мектептерге қарсы ерекше агрессиялық үлгіде дамып қалыптасты. Сондықтан тарихта бұл топ «уахабилік» және «уахабилер қозғалысы» деген атаумен танымал.

Сол кезде Осман халифатының шеңберінде өте жоғары деңгейде агрессиялық идеологиялық негізі бар мұндай топтың пайда болуы кейбір елдердің оң жамбасына келді. Сыртқы күштер бұл қозғалысты мемлекет ішіне іріткі сала отырып, Осман халифатын құлату жолында аянбай пайдаланды.

Бірақ бұл тұста уахабизм идеологиясы мен исламдағы қажылық құлшылығын шатастырмау қажет. Қажылық – ислам дiнiндегі бес парыздың соңғысы. Сондықтан, шамасы жеткен мұсылманның өмірінде Мекке қаласындағы Қағбаға бір рет барып, зиярат етуі міндетті болып табылады.

Сондықтан, Сауд Арабиясы Корольдігі идеологиясының уахабилік бағытта болуы әлемдегі мұсылмандардың қасиетті жерге барып, қажылық құлшылықтарын атқаруға ешбір кедергі бола алмайды. Сонымен қатар, қажылықты өтеу үшін Сауд Арабиясына барған еліміздің мұсылмандары уахабизм идеясын алып келеді деу дұрыс емес.

Мәселе, қажылықта емес, еліміздің кейбір жастарының аталған елдегі теологиялық оқу орындарында білім алуында. Сонда оқыған жастарымыз елге келіп, сәләфилік бағытта уағыз айтып, діни тәлім үйретіп, қоғам ішінде іріткі салуда.

 ӘЖЕСІНІҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ?

- Cадақа, той-томалақтарға бармау керек дейтін діндарлар туралы не айтасыз?

- Садақа мәселесіне келер болсақ, қайтыс болған адамның жетісін, қырқын және жылын беру арқылы жетім-жесірлерге, нашар отбасыларға ас беріліп жатса, үлкен қайырлы іс болып саналады. Әрине, бұл тұста кейбір ысырапшылдықтың болмағаны жөн екенін айта кету қажет.

Әркім өзінің шама-шарқына қарап беруі қажет. «Ас та, төк» етіп мал шашу, әрине, дұрыс емес.  Шын мәнінде, бүгінде садақа асы беріліп жатқан жерге бармау қажет, себебі ол жерде харам істер болады деген топтың пайда болғаны ащы болса да, шындық.

Жақында немересінің өзінің туған әжесінің жаназасы мен садақасына қатыспағанын естіп, төбе шашым тік тұрды. Немересінің пікірінше, әжесінің жаназасында бидғат істер (харам істер) болады-мыс...

Ал Пайғамбар өміріндегі мына бір оқиғаны қарасақ, «қайтыс болған яхудиді (еврей) жерлеуге алып кетіп бара жатқанын көрген Мұхаммед Пайғамбар ол басқа дін өкілі болса да, адам баласы ғой деп, сахабаларына тұрып құрметтеп, шығарып салуға бұйырған екен».

Қайтыс болған адамның рухын сыйлау, оның зиратын қастерлеу – сонау ғұн, үйсін дәуірінен келе жатқан ата салт. Оны аялап өсірген өзінің туған әжесінің жаназасына қатыспаған немереден қандай жақсылық күтуге болады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда сәләфи ағымының идеяларына бой ұрғандардың  той-томалақты, беташарды, құдалық дастарханды және шілдехана секілді қазақ халқының керемет дәстүрлерін жоққа шығарып, сақтамауға шақырып жатқан оқиғалары көптеп кездесе бастады.

Тұрмысқа шығып, ақ некесін қидырған жас келіннің қыз ұзатуы, дәстүрге сай беташары, екі жақтың құдалығы, құдалардың төс қағысуы, харам араласпаған той-мерекесі, есік көру, ары қарай шілдеханасы - барлығы да құрылған отбасының іргесін бекітіп, тұтқасын нықтайды.

Жас жұбайлар қонақтарды тойға шақыра отырып, өздеріне әлеуметтік міндетті жүктейді. Егер жастар арасында ұрыс-керіс шықса, олар ажыраспай, қарым-қатынастарын сақтап қалу үшін 100 себеп табады.

Ата-аналары мен туған-туысқандарының алдындағы ар-ұяты мен жауапкершілігі уақытша түсініспеушіліктен жоғары тұруы керек. Біздің әртүрлі діни ағымдарға ерген кейбір адамдардың санасының уланғаны соншалық, олар осындай қарапайым нәрселерге мән бермеуде. 

Өкінішке орай, үйлену секілді үлкен қуанышына өзінің он шақты «браттарын» ғана куәгер ететін діндарсымақтардың көп уақыт өтпей «талақ» деп әйелінен ажырасып жатқанын жиі естіп жатырмыз.

Әрине, мұның бәрі отбасылық өмірді нықтаудың шараларын қабылдамағанның, қазақи дәстүрлердің ешбірін орындамағанның салдары. Мұны біздің қоғамды құлдыратуға бағытталған идеологиялық шабуыл деп қабылдауымыз қажет.

-  Мәтруди ақидасын ұстанбаған адам қоғамға қауіпті ме?
- Матруди ақидасы – ислам  дініндегі сенім саласына қатысты қалыптасқан ұлы мектеп.

Айтпақшы, ағымдағы жылғы 26 қыркүйекте Талдықорған қаласында ҚР Дін істері агенттігі мен Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мәтруди ақидасы – Әбу Ханифа ілімінің жалғасы» деген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Бұл мектеп Орта Азия жерінде кеңінен тараған.

Бүгінгі күні біздің осы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұстанымымызды жоққа шығарып, мәтруди ең адасқан ақида дейтін топ – сәләфи-уахабилер шықты. Себебі, сәләфилік топ қай жерге барса да, мұсылман қоғамын ыдыратумен, бүлдірумен және бұзумен танылған.

Бүгінгі таңда біздің елімізде де осындай үрдіс орын алып отыр. Соның салдары мешіттегі имамдарды, қарапайым жамағатты, жалпы қазақ қоғамын адасқан, бидғатшы, Аллаға серік қосушы деп айыптайтын қаракөздер көбейді.

Сәйкесінше, мұсылмандар арасындағы қарым-қатынас бұзылды. Аталмыш топтың артында тұрған ықпалды тараптың да мақсаты осы. Бірақ, санасы сәләфилік вируспен уланған жастар мұны білмейді әрі білгісі де келмей жүр. 

 АҚШ-ТЫҢ ӘСКЕРИ БАЗАСЫ

- Мадхалиттер дегеніміз кімдер? Олар мұсылмандар ба?

- Мадхалиттер деген өткен ғасырдың 1980-85 жылдары Сауд Арабиясы жерінде пайда болған, Рабиғ ибн Хади әл-Мадхали деген кісі қалыптастырған сәләфилік топ. Бұл топ АҚШ-тың әскери базасының Сауд Арабиясы аумағында орналасуының қажеттілігін шариғат тұрғысынан негіздеп берді. Сонымен қатар сол елдің билігі тарапынан үлкен қолдауға ие.

Бұл топ ислам дініндегі ақида және құқықтық мектептердің ешбірін дұрыс деп қабылдамайды. Қажет болса, өздерімен ақидасы бір, бірақ, басқа пікірдегі сәләфилердің өзін мойындамайды.

Қазіргі таңда сәләфизмді «байсалды» және «радикалды» деп бөліп қарау қажет деген пікірде жүргендер пайда болды. Бұлардың бірі зайырлы мемлекеттің принциптерін мойындап, қарулы әрекеттерге баруды шариғатқа қарсы іс деп санайды. Ал екіншісі мемлекет тек шариғат заңдарымен ғана өмір сүруі қажет, олай болмаса, қаруға жүгіну қажет деп есептейді.

Сондықтан бірінші топты біздің мемлекеттік құрылымға қарсы келмейтін болғандықтан, байсалды деп есептеп, күресіміз сәләфизмнің екінші радикалды тобына қарсы бағытталуы керек дейді. Бұл жерде «байсалды» деп аталып отырған осы «мадхалиттер» тобы. Ал «радикалды» деп аталып отырғаны біз білетін «тәкфиршілер» тобы.

Сәләфилерді мұндай санаттарға бөлуде өте сақ болу қажет деп ойлаймыз. Себебі, екі топ та бірдей әдебиеттерді оқиды, және олардың ақидасы бір. Олар радикалдық көзқарасты ұстанады. Бұлардың арасында кейбір саяси ұстанымдарда ғана айырмашылық бар.

Демек, қазіргі таңда саяси көзқарастары байсалды болып көрінген сәләфизмнің тобы мүдде талабына сәйкес болашақта жоғарыда айтылған негізгі мақсат – өздерінен басқа бүкіл мұсылмандардан әлемді тазарту үрдісін жүзеге асырмауына ешкім кепіл бола алмайды. Осылайша бүгінгінің байсалды сәләфилері ертеңгінің радикалы болуы болашақтың еншісінен әбден күтілетін жайт.

 БҰЛ ОЗЫҚ ОЙЛЫ ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН

- Сопылар деген кімдер? Пірге табыну шариғатта бар ма?

- Сопылық – Құран мен хадис мәтіндерінің терең сырларына үңіле отырып, ең жоғары дәрежеде түсіндіру жүйесі. Сопылықты уағыздайтын тәлімді тасаууф деп атайды. Демек, бұл ілім фиқһ, ақида салалары емес, ислам дінінің моральдық, этикалық құндылықтарына мән береді.

Бүгінде бұл ілімді ешбір мән-мазмұнын түсінбей тұрып қаралайтындар пайда болды. Қазір, әсіресе, сәләфилер тобы сопылық мектептің тәлімін адасқанға шығаруда. Әрине, бұл әрекеттің де, айтып өткенімдей, жымысқы саяси мақсаты көрініп тұр.

Сопылық ілімді дамытуға ислам әлемінің Әбу Хамид Әл-Ғазали, Фахриддин Әр-Рази, Мухасиби, Қушайри, Руми секілді танымал ғұламалары, сондай-ақ, қазақ жерінің Қожа Ахмед Яссауи, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Абайдай тұлғалары үлес қосқан. Қазіргі кездегі Фатиха сүресін дұрыс оқи алмайтын уахабилерді аталған тұлғалардан артық ислам мен сопылықты түсінді деп айту ақылға қонбас.

Өкінішке орай, елімізде соңғы жылдары сопылықты ұран етіп көтерген кейбір «зікіршілер», «Құрбанәлі тақсырдың тобы» секілді топтар сопылық тәлімнің атына кір келтірді. Бүгінде сопылық десе, халық сол топтарды еске алатын болды.

Аталмыш топтар сопылық ілімнің атын жамылып, өздерінің жеке мүдделеріне пайдаланып жүрді. Бірақ, қалай болғанда да, біз ғылым мен руханиятқа негізделген сопылық пен жалған сопыларды шатастырмауға тиіспіз. Шын мәніндегі сопылық жоғарыда аталған тарихи тұлғалардың ұстанған жолы болып табылады.

 ЖЫНДАР МЕН ПЕРІШТЕЛЕР

- Баяғыда «Иә, әруақ!», «Ағатай!» деп, немесе «Абылайлап» жауға шапқан қазақтар адасқан ба? Әруақ пен әулиеге сенуге болмайды деген түсінік қазақты рухтан айыру, руханияттан алшақтату емес пе?

- Алдымен “Әруақ” сөзі араб тіліндегі «рух» сөзінің көпше түрі. “Рух” біздің тілімізде жан деген мағынаны білдіреді. Демек, “әруақ” – “жандар”, “рухтар” деген сөз. Осы тұста қазақ халқының бұл сөзді «жын, періште» секілді мағыналарда да қолданатындығын айта кету керек.

Мысалы, қазіргі таңда тәуіптердің «адамға әруақ қонды» дегені  «жын қонды» дегенді білдіреді. Себебі, адамға ешқашан әруақ қонбайды. Бірақ, жындар қонып, оны басқаруы мүмкін.

Сондай-ақ, Құранда Пайғамбар-дың кезіндегі шайқастарда Алла тағала мұсылмандарға періштелерді көмекке жіберді деген аяттар бар. Біздің қазақ халқы, менің пайымдауымша, шайқастарда жауға «әруақ» деп шапқанда, осы періштелерді көмекке шақырған секілді. Себебі, мұның негізі жоқ емес.

Сосын  әруаққа табыну мен әруақты сыйлауды ажырату қажет. Ислам шариғаты бойынша адам баласы бір Аллаға ғана табынуы керек. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір Аллаға ғана сыйынуға шақырып, әруақты сыйлауды, оған құрметтеп Құран бағыштауды үйретіп жатыр деп ойлаймын.

Қазіргі кезде көпшілікке таныс «Ақ жол», «Сұңқар», «Аққу» деген атпен көптеген адамдарды адастырып, қабірлерді аралатып, олардан ақша алып, бизнеске де айналдырып алғандар бар.

«Ата жолы» ұйымы осындай әрекеттерге барып, тұрғындардың санасын улаумен айналысқандықтан, елімізде оның қызметіне сот шешімімен шектеу қойылды.

 КІМ ЖӘНЕ ҚАНША ТӨЛЕЙДІ?

- Менің сауалым имамдар жалақысы жайында. Былтыр Ақтөбе облысының бас имамы Әбдүмүтәлі Дәуренбеков бұған дейін жұрттың пітір-садақасымен ғана күнелтіп келген аудан имамдарының айлық табысын 50 мың теңге, ауыл имамдарының жалақысын 35 мың теңге көлемінде бекітті. Ал Атырауда имамдарға жалақы төлене ме? Жалпы, елімізде имамдарға, молдаларға жалақы тағайындау дұрыс па, қалай ойлайсыз?

- Еліміздің Конституциясы бойынша мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлек. Сондықтан, діни бірлестіктер мен олардың қызметкерлері мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды.

Бірақ мешіт имамдары елімізде халықтың руханияты мен дұрыс діни сауатының қалыптасуына үлес қосып жатқандықтан, қоғам оларды қараусыз қалдырмауға тиіс.

Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен және «Зекет» қоры арқылы облыстағы мешіт имамдарына білімі мен лауазымдарының деңгейіне қарай 40-100 мыңтеңге аралығында айлық жалақы бекітілген.

ТАЛАҚТЫ ОЙЫНҒА АЙНАЛДЫРДЫ

- Мұсылмандық неке қию орталығының жұмысын қадағалау сіздердің құзырыңызға кіре ме?

-Жоқ, бұл жеке кәсіпкерлік болғандықтан, олардың жұмысын қадағалау біздің құзырымызға кірмейді. Бірақ оларға шығып, байланыс орнатуымызға болады.

- Елімізде «талақ» айтып ажырасатындар көбейді деп естиміз. «Талақ» айтып ажырасудың тәртібі қандай? Және мұндай ажырасудың соңы неге апарып соғуы мүмкін?

-Қазіргі таңда жұбы жараспай, ажырасып кететіндер көбейіп отыр. Бұл – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Асылында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбеттеріне: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттердің алдында мақтаныш етемін», – деген емес пе?

Сондықтан, әйелімен ойнап немесе әзілдеп ажырасамын деп айтудың өзіне тыйым салады. Әзілдің өзін шынайы әрекет ретінде қабылдап, үкімін шығарады. Хадисте «Үш нәрсенің шыны да шын, әзілі де шын. Олар: талақ, неке, құлды азат ету» делінеді.

Ежелгі заманда осы тәрбиемен өскен қазақ келіндерінің санасында көрпе-төсегін жинап, төркініне кету дейтін ой мүлдем болмайтын. Босаға аттаған күннен бастап өмірінің соңына дейін сол шаңырақтың түтінін түтетіп, отын өшірмейтін. «Отан – отбасынан басталады» демей ме.

Мен жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі таңда қоғамның дертіне айналып отырған сәләфилер тобының өкілдері осындай әрекетке жиі баруда. Отбасылық өмірдің мән-мазмұнын жете түсінбейді, сонымен қатар оның іргесін бекітетін ұлттық құндылықтарды мүлде мойындамай, оларды іске асырмайды.

Сосын осы бағытта болған қарындастарымыз да қайта-қайта ажырасып, тұрмысқа шығуды да өрескел көрмейтін болып барады. Неге? Себебі, барлығы да дінге қатысты қате түсінік пен түйсіктен басталып отыр. 

Ислам діні ерлі-зайыптылар бірін-бірі түсіне алмаса, бірге өмір сүре алмаса, ажырасуға рұқсат берген. Алайда бұл шариғат құптайтын іс емес.

Отбасының айрылысуы адам тағдырына қатысты шешім болғандықтан, ислам шариғаты бірнеше шарттар қояды. Мәселен, еркектің ақыл есі дұрыс, балиғат жасына жеткен болуы, әйелінің етеккірден таза күндері, екі куәгердің болуы секілді шарттарды айтуға болады.

Әрине бұл арнайы лекцияны талап ететін тақырып, сондықтан толық мәліметті мешіттерде арнайы ұйымдастырылатын дәрістерден алуға кеңес беремін.

ТЕОЛОГ ОҚҚА ҚАРСЫ ТҰРМАЙДЫ

- Мешіттерде жиһадқа жинайтын уағызшылар жүреді дейді. Осы рас па?

- Ондай уағызшылар бар деп кесіп айту қиын. Біріншіден, мешіттердегі имамдар ондай жұмыстармен айналыспайды. Екіншіден, біздің қоғамда жиһад пікірін немесе араб елдеріне барып, қарулы қақтығыстарға араласуды қолдайтын, уағыздайтын азаматтар жоқ емес, бар.

Бірақ бұл біздің тікелей заңнамалық нормаларға қайшы келетін болғандықтан, олар уағыздарын жасырын жүргізіп, кейбір бейнероликтер мен аудиожазбаларды бір-біріне жолдап немесе жеке үйлерде уағыз жүргізуі мүмкін. Дегенмен олар да намаз оқитындықтан, мешітке бара алады. 

- Атырау қаласының маңындағы Көктем елдімекенінде және Құлсары қаласындағы №1 ықшам ауданда лаңкестік топты ұстау операциясы кезінде оққа ұшып, қаза болған жастарымыз бар. Осындай операция кезінде теологтарды шақырып, сол жастармен алдын-ала келіссөз жүргізуге болар ма еді? Кез келген операцияда бір келіссөз жүргізуші болу керек сияқты?

Телефон арқылы

- Оларға (лаңкестерге) дауыс зорайтқышпен әлденеше рет ескертілді. Оларды райынан қайтару үшін барлығы жасалды. Теологтар күш құрылымдарының қызметкері емес, азаматтық тұлғалар. Сондықтан, қарулы қақтығыс болып жатқан жерге теологтарды жіберу қауіпті.

Себебі, теолог, имамдарды мойындамай, оларды шайтанның сойылын соғушылар деп айыптап тұрған адамдардың алдына келіссөзге жіберу бір жағынан ақымақтық, екінші жағынан заңға қайшы да болуы мүмкін.

Бірақ біздің құқыққорғау органдары тарапынан өз еркімен берілсе, жазалары жеңілдетілетіні ескертілген. Келіссөзге шақырылды, бірақ олар бас тартты. Ал, құқыққорғау органдары оларды бірден атып тастады, қырып тастады деген - жаңсақ пікір. 

Тағы бір мәселе, дәстүрлі емес діни ағымдағы жастарға теологтарымыз, имамдарымыз оларға «ертең бұл сендерді келеңсіз жағдайға жеткізеді» деп шариғат, теологиялық тұрғыда қателерін түсіндіріп жатты, бірақ шейхсымақтар оларға «сен басқаны тыңдама, имам бидғатшы, адасқан, оның сөзін құлаққа ілме.

Жұмада намаз оқылып жатса, құлағыңа наушникті тығып ал да, біздің уағызымызды тыңдап отыра бер» деп, саналарына құйды. Осы сөзге ерген жастар ешкімді тыңдамай, «біз тек қана Алланың жәннатын ойлауымыз керек» деп түйді. Олар қателерін темір тордың ар жағында отырып, енді ғана түсініп жатыр.

 ӨЗ ЕЛІМІЗДЕ ШЕЙХТАР ЖОҚ

- Дарын Мұбаров, Ринат Қазақстани деген кімдер?

- Дарын Мұбаров Тараздың жігіті. Қырғызстанда білім алған, кейін Сауд Арабиясына оқуға барған деп естідім. Бірақ уағыздары сәләфилік-уахабилік бағытта болды. Біздің діни басқарманың ұстанып отырған ақидасын қолдамайды. Өзі өте шешен уағызшылардың бірі.

Ал Ринат орыс тілінде уағыз жүргізеді. Ұлты - татар, Мысырда білім алған.  Сонда сәләфилік бағытта үйрететін орталықта оқыған. Ол ханафи мазхабына, мәтруди ақидасына қайшы бағытта жұмыс жасайды. 

- Елімізде беделді имамдар мен шейхтар жоқ деп есептеймін. Меніңше, жастардың діни теріс ағымға түсіп кетпесі үшін біздер елімізге Шығыс елдерінің бірінен авторитеті бар шейхті шақырып, соның пәтуасынн тыңдатсақ, жаман болмас еді.

- Біз елімізде авторитеті бар шейхтар жоқ деп айта алмаймыз. Біздің шейхтар, дін саласының мамандарының көпшілігі жастар.  Себебі, дін мамандарын дайындағанымызға көп болған жоқ. Осы қысқа уақыттың ішінде салмақты, авторитетті шейхты дайындап шығу мүмкін емес.

Бірақ, белгілі бір деңгейде жамағат алдында беделі бар білімді шейхтарымыз, теологтарымыз жоқ емес. Аллаға шүкір, осы жылы Атырауға көшіп келген Ерсін ӘМІРЕ, Ерғали АЛПЫСБАЕВ секілді теологтар және Астанадағы Қанат ЖҰМАҒҰЛОВ,  Қайрат ЖОЛДЫБАЙ, Наурызбай ӨТПЕНОВ деген халықтың алдында абыройы бар жігіттер бар.

90-шы жылдардың басында сәләфилер мен уахабилердің шейхтары Қазақстанға келіп, 5-6 жыл бойына жұмыс жасады. Біз ол кезде ханафиті қайсы, уахабиті қайсы екенін ажырата алған жоқпыз. Сол кезде әлгі шейхтар Астана, Алматы, Атырау, Шымкент, Таразда уағыздарын жүргізді, өздеріне шәкірттер жинады. Олар Сауд Арабиясына 40-50 шақты шәкірттерден жіберіп тұрды.

Ол елде бәрін қабылдап жатты, себебі, бәрі бір-бірімен алдын-ала келісіп қойған болатын. Біз нанның кезегіне тұрып, айына 2000-3000 теңге тауып жүргенде араб шейхтары елімізге келіп, уағыздарын жүргізгені үшін 2000-3000 доллардың үстінде айлық алатын. Осылайша олар өздеріне іргетастарын мықтап тұрып қалап алды. Жастар оларды таза исламды ұстанушылар деп сенді.

Шейхтар «Діни басқарманы тыңдама» деп олардың миларына сіңдіріп тастады. Сөйтіп, біздің діни басқармадағы ғалымдарымыз олардың алдында авторитетсіз болып шыға келді.

Сондықтан, мен саудиялық шейхтарды елге шақыртуға қарсымын. Бірақ Сауд Арабиясынан бөлек, біз оқыған Ливан, Мысыр, Сирияда дәстүрлі ислам дінін оқытатын бірнеше университеттер бар.  Сол жерде арабтың ғалымдары, ұстаздар сәләфи мен уахабизмнің қаупін түсіндіріп, дұрыс бағытқа қарай негіздеп, шәкірттерді оқытып жатыр.

Әл Азхар университетінде ханафи мазхабын ұстанатын өзіміздің дәстүрлі исламның құндылықтары бойынша дәріс беретін шейхты шақыртуды  жоспарлап отырмыз. 

 

 АҚИДАНЫ ЖІБЕРІП АЛЫП...

- Дін істері басқармасы мен мешіт имамдарынан құралған уағыз-насихат тобы мектептерде жұмысын жалғастырып жүр.

Жастар бұл шараға қатысқылары келмейді. Көбі қашып кетеді, ал қалғандарын ұстаздары күштеп отырғызғандай алып келеді. Менің пікірімше, жастарды ақида тақырыбынан гөрі үлкендерді сыйлау деген секілді, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қатысты тәрбиелік, патриоттық мәндегі әңгімелермен қызықтыруға болады. Сіз бұған не дейсіз?

- Аталған топтардың құрамындағы көзіқарақты адамдар сіздің сұрағыңыздағы мәселелер бойынша (адамгершілік, мораль, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар, үлкенді сыйлау) халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сәйкесінше, имамдар мен теологтар дәстүрлі ислам құндылықтарын түсіндіруде.

Сондай-ақ, дәстүрлі емес сәләфизм ағымының жастарға ең алдымен айтатын және уағыздайтын мәселесі – ақида, сенім болып жатыр. Лаңкестік әрекеттері үшін сотталған сәләфилік бағыттағы тұлғалардың барлығы да ең алдымен осы сенім мәселесінен бастап адасқан. Сондықтан, халыққа бұл тақырып аясында мағлұмат беру қазіргі заманның талабы болып тұр деп ойлаймын.

Орыс халқында «кто предупрежден - тот вооружен» деген сөз бар ғой. Сондықтан, халыққа ақида, шариғат мәселелері бойынша бағыт-бағдар берудің пайдасы болмаса, зияны болмас деп есептеймін.

...ФИЗИКАДАН ҚАШЫП КЕТТІ

- Оқушы балалар сабақтың уақытында мешітте намаз оқып жүр, молдалар оларға сабаққа барыңдар деп айта ма? Оқушы балаларға қандай шаралар алынады?

- Біздер оқушыларға қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сабақтың уақытында олар міндетті түрде білім алулары керек. Исламның өзінде білім алу мәселесі барлығынан жоғары тұрады. Шариғат бойынша білім алу уақыты намаз уақытына сәйкес келіп қалса, оқушы намазын сәл кейінірек оқи алады.

Молдалар мешітке келген жамағатқа: «Сен кел, ал сен келмесең де болады» деп айта алмайды. Олар кім келсе де, соларға қызмет жасауға міндетті. Бірақ молдаларға да, имамдарға да біз бұл мәселеде өзіміздің кеңестерімізді беріп отырамыз.

Алайда, сәләфи бағытында жүріп, ата-анасын да, имамды да тыңдамаған жастарымыз сабақ кезінде намаз оқу үшін мешіттерге барады. Енді ол мәселені әзірге құқықтық тұрғыдан реттей алмай отырмыз. Біз тек түсіндіру шараларымен ғана шектелудеміз.

 АНТИТЕРРОРИСТІК ТҮБІРТЕК

- Осы діни мәселелер жөнінде сенім телефондары бар ма?

- Бүгінде елімізде бірыңғай 114 нөмірі бойынша «Қауырт желі» құрылды. Осы нөмірге хабарласып, консультациялық кеңес алуға болады. Өз тарапымыздан біз облыстағы коммуналдық мекемелерге әрбір үйге келетін коммуналдық қызметтер түбіртектерінің сырт жағына коммерциялық жарнамалардың орнына дәстүрлі емес діни ағымдардың, діни экстремизм мен терроризмнің профилактикасына бағытталған ақпараттық материалдарды тарату үшін ұсындық.

Сондай-ақ, «Қауырт желі» туралы ақпаратты да халыққа жеткізетін боламыз. Атырау қаласында ақпараттық-консультивтік және құқықтық-психологиялық қызмет көрсету бойынша «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы жұмыс жасайды. Сондай-ақ, жалпы діни мәселелер жөнінде мына телефондар 32-16-40, 46-74-43 арқылы әрдайым қызмет көрсетіледі.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

Дереккөз

 

 

Оқылды 4300 рет
JoomShaper
Top