Парасат пен пайым үндестігі

Сейсенбі, 17.09.2021
Парасат пен пайым үндестігі

Қазақ халқы исламды тек қабылдаушы ғана болып қалған жоқ, сонымен қатар біз ислам өркениетін байытуға үлес қосқан ха­лықпыз.

Еліміздің бас газеті – «Егемен Қа­зақ­станның» биыл 20 сәуір күнгі нөмі­рінде жарияланған Әбсаттар ағамыз­дың «Ислам – адамзаттың асыл тәжі» атты сұхбатын оқып, біраз  жайға көз жеткіздік.

Көлемі екі бетті алып жатса да, сұхбатты кез келген оқырманның бір демде оқып шығуына толық мүмкіндігі бар. Өйткені  сырт көзге тілі күрделілеу көрінгенімен, ой жүйелі, сұрақ пен жауап қисынды. Әрі тақырыпшалар бой­ынша үлкенді-кішілі болып бөлінген. Тұтас оқып шығуға ерінгенге, өзінің қа­лаған тақырыпшасына үңілуіне бо­лады. Ең бастысы – әлемдегі өзге сенімдер секілді, қасиетті ислам – телегей теңіз білім мен руханияттың қайнар көзі болғанның өзінде, Бас мүфтидің  басылымның екі бетіндегі жауап­тары­нан діннен бейхабар немесе түсінігі таяз кез келген бауырымыз мол түсінік алады. Ал әрі қарай ізденіп, білімін толықтырамын десе, өз еркі.

Олай деуіміз де бекер емес. Өйткені күні бүгінге дейін: «Ойбай, 500 мың қазақ өзге дінге өтіп кетті» деп сарнай бергенше, бүкіл қандастарды ислам діні туралы қарапайым түсініктерден бастап оқытып, алға қарай жетелей берген артық емес пе?! Міне, сол қиын да күрделі міндетті Әбсаттар аға 12 жыл бойы қажырлылықпен атқарып келеді. Әрине, тек өзі ғана емес, сонымен бірге мыңдаған ниеттестері, әріптестері, қала берді діни жағынан сауатты бүкіл бауырларының көмегімен...

...Сұхбат ең әуелі бір Жаратушымыз жер бетіне жіберген, хазіреттің сөзімен айтқанда: «әлемді түнектен жарыққа жетелеген» пайғамбарларға қысқаша сипаттама беруден басталады. Әр пай­ғамбардың нұрлы қасиеттері атап көр­се­тіліп, ең соңында сүйікті пайғам­ба­рымыз (с.ғ.с.) Мұхаммедтің ерекшелігіне айрықша тоқталады. «Алла елшісі (с.ғ.с.) барша пайғамбарлардың ерекшеліктері мен қасиеттерін бойына жинай білген пайғамбарлар сұлтаны һәм ақырғы елші» деп, пайымдауының кілтін ашады. Сонан кейін шейх Әбсаттар сәл оқырманды қызықтырғысы келгеніндей, шетелдегі қандас бауырымыз Насрулла ат-Таразиге тоқтала кетеді. Білімі мықты, иманы құрыш қорғандай ағамыздың отбасының тағдырымен та­ныс­тыра келе, оның ұрпағының Насрул­ла ақсақалдың рухани мұрасының жар­ты­сын ала тақиялы өзбек ағайынға, жарты­сын Отанымыздың мұрағатына өткізгенін сүйсіне айтады.

Сұхбаттың «Ақырғы елші аманаты» атты бөлігі сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұхаммедтің өмірі мен рухани қызметін қысқа да нұсқа түрде әңгіме­лейді. Әрі қарай «Ұлы өркениетке қа­дам» тақырып­шасынан араб ха­лиф­атының құрылуы және ислам мәдениетінің адамзат тари­хын­дағы қайталанбас маңызы тайға бас­қан таңбадай атап көрсетілген. Ра­сында да араб-мұсылман өркениеті бол­мағанда, христиандық Батыс пен буддалық Шығыс бір-бірінен мүлдем хабарсыз қалар еді. Жаратылысынан және ислам дінінің қағидаларына сай нәсілшілдік пен діни өшпенділіктен ада арабтар адамзаттың екі қиырдағы өр­ке­ниеттерін бір-бірімен байланыстырды.

«Діни соғыстар мұсылмандардан гөрі христиандар тарихында көбірек еке­нін білесіз» дейді бір сөзінде қадір­менді хазірет. Мұны мүфти ағамыздың бүкіл әлемде, кей-кейде елімізде қылаң беріп қалатын исламды құбыжық ету (исламофобия) сорақылығына наласы деп түсіндік. Расында ислам тарихы аутодафе, инквизиция, қасиетті Ворфоломей түніндегі католиктердің гугенот­тар­ды жаппай қырып салуы сияқты қайғылы оқиғалардан хабарсыз. Мен тіпті бір тарихи кітаптан инквизиция қатері төнген испандық жебірейлерді құтқарып, өздеріне жеткізу үшін кемелер жіберген Осман империясының сұлтандарының ізгілігі туралы оқып таңданғаным бар. Соған қарағанда, «Бүгінгі Еуропа діни және ұлттық төзімділікті ислам әлемінен алған» деген пікір негізсіз болмас...

Исламдағы төрт мәзһаб – Әбу Ханифа, Малики, Шафиғи, Ханбали тарап­тарына кеңінен тоқталған Әбсаттар ағамыз «мәзһаб» ұғымына мынадай нақты түсінік береді:  «Мәзһаб – жол, мектеп, бағыт деген мағынаны білдіреді. Шариғат тұрғысынан алғанда, ар­найы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен Ислам ғұламаларының көзқарастар жиынтығын мәзһаб дейміз. Мұ­сыл­мандар өміріндегі намаз, ораза, зекет, қажылық сынды діни іс-амалдардың барлығы мәзһаб ғұламалары анықтаған үкімдерге сай атқарылады». Басқа мәз­һабтар былай тұрсын, өзіміз бас ұратын Әбу Ханифа мәзһабынан хабарсыз талай пенде үшін қадірменді хазіреттің тәлімді түсіндіруінің маңызы айрықша.

Сонан кейін Бас мүфти теріс ағым­дар туралы парасатты пайымдауын айтқан. Бүгінде ол мәселе жиі сөз болатындықтан, оған ерекше тоқталу­ды қаламадық. «Білімге үндейтін ілім» атты тақырыпша да мейлінше тартым­ды. Онда ислам өркениетінің даңқын шартарапқа жайған атақты ғалымдар туралы айтылады. Ол аз десеңіз, бүгінгі ғылым мен техникадағы талай жаңалықтарды мұсылман ғалымдары ашқаны жайында шегелеп көрсетілген.

Сұхбат берушінің: «Қазақ халқы исламды тек қабылдаушы ғана болып қалған жоқ, сонымен қатар біз ислам өркениетін байытуға үлес қосқан ха­лықпыз. Ислам дінінің тарауы арқылы қазақ жерінде де ғылым дами түсті. Тіліміздегі «қалам, дәптер, кітап, ұстаз, мұғалім, медресе» сынды ғылымға қатысты сөздердің араб тілінен енгендігі исламның жерімізде ғылымның да­муына қаншалықты оң әсер еткендігін аңғартса керек» деген іспеттес пайымдауы да көңілімізден шықты.

Соңғы тақырыпша «Жер шары – ор­тақ мекен» деп аталады. Мұнда ол «Ислам діні сан ғасырлардан бері мемле­кеттің тірегі ретінде ақыл мен пара­сат­тың, озық ғылым мен ұлы өркениеттің, мәдениет пен татулықтың діні қызметін атқарып келеді. Ата-бабаларымыз таң­да­ған ұлы жол қай кезде де елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, тәрбие мен өнегеге бастады» дейді. Мұның аста­ры­нан Әбсаттар ағамыздың ұлтаралық және дінаралық татулыққа шақырып, Отанымыздың тыныштығы үшін ис­лам­ның зор рухани қуатын мақсатты пайдалануға ұмтылған ниеті мен тілегін айқын сезіндік.

30.11.2021

Серік ЫҚСАНҒАЛИ

«Егемен Қазақстан»

 

 

 

Оқылды 781 рет
JoomShaper
Top