Татулық пен келісім мекені

Сейсенбі, 17.09.2021
Татулық пен келісім мекені

Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын.

«Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын.

Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз». Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі.

Жай сөз емес, сана сілкінтер салмақты сөз. Құндылықтарды қалай қастерлеу қажеттігін пайымдайтын парасатты пікір. Оңың мен солыңды танытатын, барыңды бағалататын, қасиетің мен киеңді қа­дірлететін орнықты ой. Осы ойды ары қарай өрбітетін болсақ, Елбасының ерен еңбегі мен сарабдал сая­саты Қазақстанды дүниежүзіне бейбіт­шіліктің бастауы, тұрақтылықтың талбесігі, тыныштықтың тұтқасы һәм конфес­сия­аралық келісімнің ордасы ретінде танытып отырғанына тағы бір мәрте көз жеткіземіз.

Тұңғыш Президентіміз ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, елімізде дінаралық диалогтың жарқын үлгісін қалыптастырды. Қазақстандағы этносаралық толерант­тылықты әлемге әйгілі етті. Дүние дүрлігіп тұрған тұста бізді қақтығыстар мен ки­кіл­жіңдерден аман алып шықты. Өз ке­зе­гінде бұқара халық Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларын қолдап отырды. Қолдап қана қойған жоқ, сенім білдіріп, соңынан ерді. Ұлт Көш­басшысы ел ама­натын абыроймен ар­қалады. Осылайша елімізде «Елбасы – біреу, халық – тіреу» деген ұғым пайда болды.

Нұрсұлтан  Назарбаевтың  халық­ара­лық аренадағы беделі Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізуде де шешуші рөл ат­қарды. Ба­йыр­қалы басқосудың ұраны төрт  Т: Trust (сенім), Tradition (дәстүр), Transparency (транспаренттілік) және Tolerance (толеранттылық) болды. Осы тізбедегі төртінші компонент – мә­де­ниеттер мен діндер және өркениеттер арасындағы диалогты нығайтуға ба­ғытталды. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы міндетіне кірісер кезде: «Біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі кон­фессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі»  дегенді айтты.

Этносаралық және конфессияаралық келісім әр кезде жалпыхалықтық жетістік болып қала береді. Мақсатқа жету үшін Елбасының бастамасымен Астанада әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі ұйымдастырылып келеді. Дәл осы конфессияаралық диа­логтың басқа жиындардан ерекшелігі –  ол бір ғана діннің мүддесіне қызмет етпей, жалпы адамзатқа ортақ өзекті проб­лемаларды қамтиды. Ең бастысы, мұнда көпұлтты, көптілді, көпконфессиялы қоғамның мәселелері қаралады.

Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін ұйымдастыру арқылы халықтар мен діни көзқарастарды жақындастыруға, сол арқылы бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін әлем қауымдастығы Қазақстанға және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары баға берді. Бұл – біз үшін абырой әрі мәртебе. Ұлт Көшбасшысы ел азаматтарының ұлттық және конфессиялық мүдделерін сақтаудың ерекше құралы ретінде дүниеге Қазақстан халқы ассамблеясын әкелді. Мемлекет басшысының кеңесші органы саналатын ұйым 1995 жылдың наурызында пайда болды. Бүгінде әлемде теңдесі жоқ аталмыш институт ел аумағындағы ұлттық-мәдени орталықтар мен бір­лестіктердің құрылуына ықпал етіп отыр. Сонымен қатар ол ұлтаралық келісім идеясы Мем­лекет басшысы тарапынан басымдығы мол құбылыс екенін на­сихаттап, оның негізі барлық этникалық құрамға азаматтық сыйластықпен қарау және деструктивті позиция қағидаларынан бас тарту екенін түсіндіріп келеді.

Елбасы Қазақстан халқы ас­сам­блея­сының мерейтойлық ХХ сессиясында аталмыш институт қоғамдық келісімнің кепілі, бірліктің діңгегі, достықтың дәнекері болып отырғанын баяндап, тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласқанын атап көрсетті. Ас­самблеяның тарихы – біздің тұрақ­тылығымыздың тарихы екеніне тоқталып, Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессия өкілінің туған шаңырағына айналғанын айтты. Мерейтойлық сессияның та­қырыбы «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» екенін тілге тиек етіп: «Біз – көпұлтты қоғамбыз. Бізде ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауы керек. Мемлекетте бәрі тең болуы тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауы тиіс. Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек. Ешқандай этносқа ешқандай ар­тық­шылық болмайды және болмауы тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей. Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз. Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз.Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауы тиіс. Біз еліміздің бірде-бір азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақстандық биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс. Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Ендеше, тәуелсіз Қазақ елінің азаматтарын ала­лауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт» деді. Елбасы айтса айтқандай, Қазақстанды тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір ұлттар мен ұлыстар мекен етіп отыр. Олар көк Тудың астында бірігіп, туған жердің абыройын асқақтатқысы келеді. Мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет болуды мұрат тұтады.

Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы:

– Біз Қазақ­станға 1944 жылы Грузияның  Түр­кия­ға шекаралас  Ахал­калак деген қа­ла­сынан жер ау­­­­­­­­да­­рылдық. Ол кез­де мен кішкентай қызбын. Соғыстан кейін Қазақ­стан­ның да жағдайы нашар болатын. Киерге киім, ішерге ас таба алмай қатты қи­налдық. Десек те, қазақ халқы бізді бетімізден қаққан жоқ. Кеудемізден итермеді. Керісінше, бізге ерекше құрмет көрсетіп, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, аман-есен осы күнге жеткізді. Жалпы, қазақ – адамгершілігі асқақ, арамдықтан ада, тумысынан таза, қия­наттан шет, өзі дара, жүрегі бала халық. Оның жүзінен иман төгіліп тұрады. Қазақтар ешкімді алаламайды, еш­кімнің бөтендігін бетіне баспайды. Мен бұл халыққа өле-өлгенше қарыздар болып өтемін. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сұңғылалығының арқасында қазіргі береке-бірлікке, тату-тәтті тірлікке, оның ішінде толеранттылыққа қол жеткізіп отырмыз. Қазақтың бағына біткен Нұрсұлтаны болмаса, бізде мұның бірі де болмас еді.

Меніңше, бейбітшілік феноменін құрайтын ұлтаралық келісім – ол қара­пайым адамдар арасындағы достық пен махаббат, сенімділік пен төзімділік. Түсіністік қандай жағдайда пайда болады? Біріншіден, адамгершілік болған кезде. Екіншіден, айналасындағы әрбір адамға оның қоғамдағы дәрежесіне қарамастан мейірім шуағын төге білген кезде. Үшін­шіден, өз ұрпағына адами махаббат се­зімдерін жеткізе білген кезде. Сондықтан да әлемдік, жаһандық, одан қала берді ұлтаралық түсіністік деген кезде осындай кішігірім нәрселерден бастау керек. Әлемде болып жатқан келеңсіздіктер неден туындайды? Адамдар бір-бірін түсін­бегендіктен туындайды. Түсіністік бол­маған жерде береке болмайды. Құдайға шүкір, бізде бас-басымызға  би болуға ұмтылу жоқ. Елбасы – басшы, халық – қосшы. Осылай болуы керек. Сонда ғана елімізде дүрдараздық бол­майды. Қазақта  «Тіл білген адам құшақтасады, тілін білмеген адам пышақтасады» деген сөз бар. Қазақтың тілі мен тарихын білмеген жастың бойында бұл елге деген құрмет болмайды. Менің барым да, базарым да, кәсібім мен нәсібім де – қазақтың тілі. Мен Қазақстанды мекен етіп отырған адамдардың барлығы осы тілді жетік білгенін қалаймын.

Халил МАСЛОВ, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия Ұлттық университетінің PhD докторанты:

– Менің ша­шым сары, көзім көк емес, бірақ қа­ным – белорус, жа­ным – қазақ. Анам әзірбайжан ұлты­ның өкілі. Бір сөзбен айтқанда, мен интер­нацио­налдық әулеттің ұрпа­ғымын.  Шынымды айтайын, қазақ дегенде шығарға жаным бөлек. Осы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ерекше құр­меттеймін. Қазақтың қызымен шаңырақ көтеріп, бала сүйіп отырғанымды да мақтанышпен айтамын. Өзім туып-өскен елдің азаматы бола тұрып, республика көлемінде болып жатқан жағымды өзгерістерді байқамауым мүмкін емес. Елбасымыздың жүргізіп жатқан саясаты Қазақстан халқын өзара түсіністікке жетелейді. Бізге көршілес елдер қызығып әрі қызғанып қарайды. Біз егемен елде, тәуелсіз Қазақстанда бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Біле білген адамға бейбітшілік дегеніміз баға жетпес байлық. Бізде түрлі ұлттар мен ұлыстар бір атаның балаларындай ғұмыр кешіп жатыр. Бұл – Елбасы саясатының жемісі. Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының II съезінің ашылуында Қазақ елінің жастарына зор жауапкершілік жүктеп, мемлекет тарапынан оларға үнемі қолдау көрсетілетінін айтты. Біз Мемлекет басшысының сенімін ақ­тауымыз керек. Ол үшін Қазақ еліндегі, қазақ жеріндегі бірлігіміз бен бей­бітшілігіміздің баянды болуына және келісімнің одан әрі тұрақтана түсуіне үлес қосып, жан аямай еңбек етуіміз керек.

05.07.2021

Дереккөз

 

 

 

Оқылды 978 рет
JoomShaper
Top