Мемлекет басшысы Біріккен араб әмірлігіне ресми сапармен келді

Дүйсенбі, 16.01.2022

Астана. 16 қаңтар. E-ISLAM – Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен араб әмірлігіне ресми сапармен келді.

Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті мен Абу-Дабидің тақ мұрагерінің кездесуінде сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екі елдің ынтымақтастығы мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелер талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қажеттіліктері үшін Астана қаласында және Абу-Даби қаласында жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломатиялық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;

– Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ислам істері және уақыфтар бас агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– «АСТАНА ЭКСПО-2017» және «ЭКСПО ДУБАЙ 2020» бюросы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;

– Маңғыстау облысы әкімдігі мен DP World FZE компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрлігі арасындағы Консулдық мәселелері бойынша бірлескен комиссия құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Экономика министрлігі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Құрлықтағы және су көлігі федералдық агенттігі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автокөлік арқылы халықаралық тасымалы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.

Оқылды 94 рет
JoomShaper
Top