Қасапшыларға арналған семинар өтті (ФОТО)

Сәрсенбі, 07.09.2021

Астана. 7 қыркүйек. E-ISLAM – Құрбан айт мерекесі қарсаңында «Нұр Астана» орталық мешітінде қасапшыларға арналған «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атауымен семинар-тренинг өтті. Бұл жайында орталық мешіттің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, «Төлебай» мешітінің бас имамы Асхат Сәлімов және «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов қатысып, мал сою орындарында қызмет ететін қасапшыларға діни кеңестер айтты.

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мал союдың өзіндік мәдениеті, талап-шарттары мен ережелері болатынын айтып, қасапшыларға өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды. «Құрбан айт мерекесінің ауқымы жылдан жылға ұлғайып, дәстүрлі дін құндылықтарына халықтың сұранысы мен ықылас-пейілі артып келеді. Айт мейрамдарының бүгінде бұқаралық сипат алғаны осыған дәлел. Санаулы күннен соң келетін мүбәрак мерекеде құрбан шалғысы келетін қала тұрғындарына кәсіби тұрғыда қызмет қылу – сіздерге жүктелген аманат. Қала әкімдігі осыған орай мал союға арнайы нысандар белгіледі. Айтулы күндері құрбандық малдарын шариғи шарттарын сақтай отырып союға аса үлкен мән берілуі керек» деді наиб мүфти.

Семинар-тренингте «Төлебай» мешітінің бас имамы Асхат Сәлімов және «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов құрбан шалудың шариғаттағы үкімдері мен талаптарын қасапшыларға кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, мал союдың қыр-сырын практикалық тұрғыдан жеткізіп, жіті көңіл бөлінуі керек жайттарға тоқталды.

Шариғи үкімдер жан-жақты тарқатылған тренингтен тәлім алған қасапшылар өкілдік ұйымдастырған шараға ризашылық білдірісіп, құрбан шалу барысында семинардан үйренген сабақтарын іске асыратындықтарын жеткізді.


Оқылды 240 рет
JoomShaper
Top