Араб тілі мамандарына арналған жаңа кітап жарық көрді

Сейсенбі, 06.09.2021

Астана. 6 қыркүйек. E-ISLAM – Ел тарихындағы таңдаулы діни қайраткері, ғалым Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фарабидің «әл-Қасида маусума би лалали әл-масунат фи сарф уа шархиһа»  атты туындысы жарық көрді, деп хабарлайды Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі.

Отырар өңірінен шыққан дін ғұламасы Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фарабидің (1286-1357жж) аталмыш кітабы сол түпнұсқа негізінде алғаш рет басылып отыр. Ғұлама шығармасында араб тілінің морфология қағидаларын өлеңге айналдырып, одан әрі өз қасидасын қара сөзбен түсіндірген.

Қауам ад-дин әл-Итқанидің фиқһ, усул фиқһ саласында қалдырған көлемді еңбектері бар. Ол араб тілін жетік меңгерген филолог, ақын ретінде де танымал. Діннің, поэзия мен грамматиканың қиын қағидаларын өлеңге айналдырып, кейін оны қара сөзбен түсіндірген бұл қасидасынан басқа тағылымдық сипаттағы тағы да қолжазба түрінде үш поэзиялық шығармасы айқындалған.

Нұр-Мүбарак университеті проректоры, ф.ғ.д., профессор Шамшәдин Керім Ғылыми кеңес шешімімен ұсынылған еңбекті баспаға дайындап, алғысөзін жазды. Ал белгілі профессор, ғалымдар Ә.Дербісәлі мен Б.Жұбатова құнды кітап жайында салмақты пікірлерін білдірді.

24 беті қазақша түсіндірмеге, 136 бет араб тіліндегі мәтінге арналған «әл-Қасида маусума би лалали әл-масунат фи сарф уа шархиһа»  кітабы араб тілі оқытушылары мен тіл үйренушілеріне, филологтарға таптырмас еңбек деуге болады.    

Оқылды 213 рет
JoomShaper
Top