Жоғары оқу орындарында діни білім берудің әдіснамалық негіздері хақында

Бейсенбі, 03.10.2021
Жоғары оқу орындарында діни білім берудің әдіснамалық негіздері хақында

Бүгінгі коммуникация құралдарының қарқынды дамуы жаһандану үдерісін тудырып, түрлі ұлттық-этникалық мәдениеттердің, діни ұстанымдардың бір жерде тоғысуына алып келуде.

Бүгінгі коммуникация құралдарының қарқынды дамуы жаһандану үдерісін тудырып, түрлі ұлттық-этникалық мәдениеттердің, діни ұстанымдардың бір жерде тоғысуына алып келуде. Нәтижесінде өзіндік этникалық ерекшеліктері мен діни ұстанымдары бір біріне сай келе бермейтін, философиялық, діни дүниетанымы керағар ұлт өкілдерінің бір қоғамда бейбіт өмір сүруі күн тәртібіне шығып отыр. Әсіресе қоғамдағы негізгі күшті құрайтын бүгінгі жастарға қажетті діни білім берудің қаншалықты маңызды екендігі ешбір талас тудырмайды. Негізі осы бағытта ҚР Дін істері агенттігі жұмыс жасап, күні бүгінге дейін түрлі деңгейде талай шаралардың өтуіне мұрындық болып, атсалысып келеді.

Мемлекеттік деңгейде де көңіл бөлініп, діни саладағы ғылыми зерттеулерге қолдау жасалуда. Бір ғана мысал, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қазіргі қазақстандық қоғамдағы діннің даму үдерісіне талдау жасау бағытында филол. ғ. док., профессор Г.Е.Надированың жетекшілігімен «Қазіргі Қазақстандағы ислам: мәні мен діни жаңарудың нәтижелері» атты тақырыпта ғылыми зерттеу жұмысы жүріп жатыр. Бұл ғылыми зерттеудің негізгі міндеттеріне діни жаңарудың себептерін, мәнін, қарама-қайшылықтары мен нәтижелерін зерттеу, дінді ұстанған қазіргі адамның әлеуметтік портретін жасау, оның менталдық, білім деңгейі, жасы, гендерлік ерекшелігі, біліктілігі және т.б. сипаттарын анықтау жатады. Сондай-ақ радикалды саналып жүрген ислам ағымдарының қазақстандық жастарға кері әсер етуінің сипаттары мен деңгейлерін, сонымен бірге оның салдарын анықтау аясы кіреді.

Тәуелсіздіктен кейінгі жаңа қоғамда діни мәселелер өзінің аса өзекті екендігін көрсетуде. Өкінішке орай, оның бір жағы ислам дінімен тікелей байланысты болып отыр. ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қ.Лама Шариф: «Елімізде орын алып отырған үдерістердің өтпелі сипаты Қазақстандағы исламдық кеңістіктің қалыптасуын күрделендіре түсті. Біз бұрынғы кеңес кеңістігіндегі ел мұсылмандарының бір бөлігінің шеттен келіп жатқан радикалды сипаттағы діни идеялар мен ой-пікірлерді белсенді түрде қабылдауына ықпал еткен «жаңа исламдандыру» толқынымен бетпе-бет келіп отырмыз» [1] деп нақты атап көрсеткендей, қазіргі діни ахуал сан құбылып тұр.

Бүгінде біз жастардың діни сауаттылығын көтеру аса қажет деген пікірмен бірауыздан келіссек те, оның қалай іске асатындығы әлі талқылану деңгейінде. Әсіресе жоғары оқу орындарында (бұдан әрі «ЖОО» деп қысқартылды) діни білім берудің әдіснамалық негізі қандай сипатта және мазмұнда болу қажеттігі жайында түрлі пікірлер айтылуда. Мұндай сан түрлі пікірлердің болуы, әрине, заңды құбылыс. Мұның бәрі түптеп келгенде жастарға ЖОО діни білім берудің тиімді әдіснамалық негіздерін жасауға себеп болады деп санаған дұрыс. Осы ретте ЖОО діни білім берудің әдіснамалық негіздері хақында өз көзқарасымызды ұсынуымызға болады.

Ең әуелде, жастарға діни білім беру – танымдық, ағартушылық бағытта және бүгінгі жаһандану заманында зайырлы қоғамдағы түрлі көзқарастар мен пікірлерді құрметтеп, олармен сұхбаттасуға, сыйласуға сондай-ақ кез келген діни экстремистік, терроршыл іс-әрекеттің алдын алуды көздейді. Осылайша жастар арасында діни экстремизм мен терроризм пиғылдарына қарсы профилактиканы жүргізу арқылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы: «Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» [2] деген сөзін діни білім берудің негізгі мақсаты деп белгілеп алсақ, осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін пайымдауға болады. Бұл ең алдымен қазіргі діни жағдайды саралап, діни сауаттылықтың деңгейін айқындауды қажет етеді.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы діни ахуалды республикалық деңгейде ішкі шеңберде және әлемдік деңгейде сыртқы шеңберде қарауға болады. Бұлай деуге себеп Қазақстан азаматтарының діни ұстанымдары әртүрлі әлемдік және дәстүрлі емес діндерге табан тірейді.

 Қазақстан Республикасы тәуелсіз зайырлы мемлекет ретінде діннің ішкі мәселелеріне тікелей араласпайды. Халықаралық деңгейде қабылданған ұстанымдар бойынша қарекет етіп, өз азаматтарына діни ұстаным бостандығын береді. Бұл жайында ҚР 1995 ж. 30 тамызда қабылданған Конституцияның 19-бабының 1-тармағында: «Әркім өзінің ... қай дінге жататынын көрсету-көрсетпеуге хақылы» [3] делінсе, 2011 ж. қазан айында қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 6-бабында: «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға құқылы» [4] екендігі нақты көрсетілген.

 Осы заң аясында әрбір азамат өз қалауынша қандайда бір діни сенім-нанымды ұстауға яки ұстамауға ерікті. Олай болса, түрлі діни сенім-нанымдар мен көзқарастарды бір жерде тоғыстыратын көпұлтты елімізде, бүгінгі зайырлы қоғамда азаматтардың өзара түсіністігі мен татулығы, олардың бейбіт өмір сүру кепілдігі, елдің ынтымақ-бірлігіне, тыныштығына нұқсан келтірмейтіндей етіп реттеп отыру мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселе. Сондай-ақ ғасырлар бойы қол созып арман еткен ел тәуелсізігін сақтау, оның іргесін нығайту жолында үлес қосу сөзсіз әрбір азаматтың міндеті болып қала бермек.

Біз бүгінгі көпұлтты қоғамда тыныштықты сақтауға, діни сұхбаттастық пен төзімділікті насихаттауға, еліміздегі азаматтардың діни ұстанымдарына  қандай болғанда да оған азамат ретінде, адам ретінде құрметпен қарауға дағдылана білуге тиіспіз. Бүгінгі технология саласындағы жетістіктер мен жылдам ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін жаһандану заманында адам баласына деген құрмет төмендемеуге тиіс. Адамның байлығы тек материалдық тұрғыдан ғана өлшенбей, адамның рухани, ішкі жан дүниесінің байлығы да назардан тыс қалмауға тиіс. Хакім Абай айқандай: «...адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ...» (18-қара сөз) [5].

Қазақстанға шетел азаматтарының уақытша тұрақтауы, мигранттардың келуі, сондай-ақ сауда-саттық, экономикалық, ғылыми, мәдени сияқты т.б. түрлі салалардағы бас қосулар түрлі дін, ұлт, мәдениет өкілдерін бір жерге тоғыстыруда. Осы орайда баршаға құшақ жайып, лайықты құрмет танытанын қазақи болмыс пен оның қонақжайлығы, еліміздің сыртқы дипломатиялық ұстанымдары назардан тыс қалмайды. Дегенмен дін мәселесі, адамның сенім-нанымы өте нәзік мәселе. Ол адамның ішкі жан дүниесімен, болмыс-бітімімен, жүріс-тұрысымен ұштасып жатқан аса күрделі таным-түсінік. Сондықтан болар, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиялық Жолдауында: «Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек» деп ескертілген болатын.

 Шынында да осы айтылғандар орындалу барысында кемшіл түскен жағдайда кейбір сыртқы күштердің елімізге көз алартуына, ең қауіптісі діни ұстанымдары бір болып келетін еліміздегі азаматтардың қолымен елімізде діни терроршыл іс-әрекеттерге баруға бар жағдайды жасап, ел тыныштығына нұқсан келтіруге ықпал ете алатындығымен өзекті. Олай болса, еліміздегі жастармен жұмыс жасап олардың діни сауатты болуымен қоса еліміздің саяси ұстанымдарын оларға кеңінен насихаттауды тоқтатпауымыз қажет. Сондай-ақ жастардың елімізге деген патриотизмі басқа мүдделерден жоғары тұру үшін оларға көбірек көңіл бөлінуі тиіс. Мұның бәрі түптеп келгенде бүгінгі жас ұрпақтың білім алумен қоса, қай салада болса да діни һәм саяси сауатты болуын талап ететіндігін көрсетеді.

Енді ЖОО діни білім берудің негізіне тоқталсақ, оны біздің пікірімізше қазірше арнаулы элективті (таңдау) курсы ретінде түрде ұсыну қажет. Бұл курсты жүргізуде еліміздің негізін құрайтын қазақи ұлттық дүниетанымдармен, салт-дәстүрмен үндесетін әрі дінге сенушілері тұрғысынан басымдық танытанын негізгі қауымның, яғни мұсылман үмметінің басты діни дереккөзі саналатын Құран Кәрім мәтіні негізге алынуы орынды болмақ. Бұлай деудің бірнеше себептері бар.

Біріншіден, Құран – ең әуелде оқуға, ғылым-білімге, ағартушылыққа үндейді. Білім алудың басты артықшылығы жайында Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінен көптеп дәлел, айғақ келтіруге болады. Негізі мұсылман ғұлама-ғалымдарының ғылымға көңіл бөлуі дін, дүние, қоғам факторларына тікелей байланысты болды. Себебі білім адам баласына жаратушы Иені дұрыс танып-білуге, діни ұстанымдар мен оның мақсат-міндетін жетік түсінуге, тағат-ғибадаттарды, діни құлшылықтарды мүлтіксіз орындауға жол салумен қоса, мұсылмандарға әлем табиғатын, адам табиғатын зерттеуге жол ашты. 

Алла тағала мұсылмандарға қаратып, Құранда «Жасия» сүресінің 13-аятында: «Сендерге көктердегі нәрселерді де, жердегі нәрселерді де толық бағындырды...», [6] – деген аятын негізге ала отырып мұсылман ғалымдары табиғатқа байланысты ғылымдарды дамытып, оларды жеке адам, қоғам игілігі үшін пайдаланды. Құран мен пайғамбар хадистері аясында ғылым-білім әлеуметтік және өркениеттік өрлеуге жеткізетін құралға айналды. Нәтижесінде бүгінгі Орта Азия мен тәуелсіз Қазақстан топырағынан ғылымның түрлі салаларында сандаған мұсылман ғұламалары шықты. Мысалы, әлеуметтану саласында Ибн Жәбир, Ибн Батута, әл-Мақризи сияқты ғалымдар белгілі болса Ибн Халдун іргелі «Муқаддима» еңбегін жазып қалдырды. Ал, жағрафия саласына Мұхаммед Ибн Мұса әл-Хорезми «Жердің бейнесі» атты зерттеуімен өз үлесін қосса, астрономия ғылымына әл-Баттани мен Ибн Юнус сияқты мұсылман ғұламаларының ғылыми туындылары әйгілі болды.  Осы сияқты т.б. ғұламалардың есімін көптеп атауға болды.

Кезінде ислам діні Қарахан, Ғазнауи, Селжұқ, Хорезмшаһ, Алтын Орда сияқты мемлекеттердің ресми дініне айналып, есімдері әлемге әйгілі, мұсылман түркі жұртшылығының мақтанышына айналған тұлғалар шыққаны белгілі. Біз олардың әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашғари, А.Иүгінеки, А.Йассауи сияқты кейбірін ғана білеміз, ал олардың әлі зерттелмей, еңбектері жарыққа шықпай жатқандары қаншама. Тіпті кешегі ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ би-шешендері мен ақын-жырауларының шығармалары мұсылмандық-ислами дүниетаныммен ұштасып, біте қайнасып жатыр. Бұлардың бәрі де қазіргі тәуелсіз ел дүниетанымы тұрғысынан зерттеуді қажет етеді. Бұлардың жастарға берер тағылымы да өте мол. Өз тұлғаларымызды дұрыс танымағандықтан да қазіргі жастар сырттан діни тұлға іздейді. Тіпті елімізде кейбір топтар исламға дейінгі тәңіршілдік пен шамандық сенімді насихаттауды жөн көруде. Мұның бәрі кешегі кеңестік дәуірдегі ислам жайындағы жансақ таным мен түсінік аясымен шектелген, сондай-ақ бүгінгі діни экстремизм мен терроризмді ислам дінінің ұстанымдарымен байланыстыру салдарынан деп білеміз. Өткенге салауат айтып, келер күнге үмітпен қарайтын қазақи мінезімізді ескерсек, біз бүгінгі жастарға ислам дінінің қағида-заңдарының қаншалықты орындалып, орындалмауына емес, ислам дінінің ғылым-біліміне, оның ұстанымдарының негізін дұрыс түсіндіру бағытында жұмыс жасауымыз қажет. Міне бұл ислам ұстанымдарымен байланысты ланкестік іс-әрекеттердің алдын алу бағытындағы шаралардың бірі деп білеміз.

Бір сөзбен айтқанда, біз қасиетті Құран мәтінімен тәуелсіздік алған күннен бастап қана танысып отырған жоқпыз. Біздің сан ғасырлық тарихымызда, ұлт ретінде қалыптасуымызда, жалпы ұлттық құндылықтарымыз бен салт-санамызда, қазақи мәдениетімізде Құранның алар өзіндік орны бар. Олай болса, біз ЖОО «Құран мәтінін тану» немесе «Құрантануға кіріспе» пәнін элективті курс ретінде енгізуді ұсынамыз. Бұл пәнді енгізу арқылы біз көктен түсірілген діндердің тарихын мұсылмандық дүниетаным аясында түсіндіріп, олармен болатын мұсылмандық қарым-қатынасты, сыйластық пен өзге дін өкіліне құрмет көрсетудің негіздерін жастарға түсіндіреміз. Осылайша жастар діндердің шығуы жайлы тың мағлұматтар алып, діни сұхбаттастықтың Құран негіздеріне сүйенген ұстанымдарымен танысады. Бұл ең баста еліміздегі негізгі діни топтардың (ислам діні мен христиан діні өкілдерінің) өзара сұхбаттастығы мен түсіністігін қалыптастырады. Бірақ осы тұста ескеретін мәселе біз айтып отырған «Құран мәтінін тану» немесе «Құрантануға кіріспе» атты элективті курсы қазақ тілді аудиторияларға арналады. Ал орыс тілді, христиандық немесе өзге діни дүниетанымдағы аудиторияда айтылатын, яки оқылатын курс бағдарламасы қазақ тілді аудиторияға қарағанда басқаша болғаны жөн. Себебі қазақ тілді аудиторияда діни ұстанымдар мұсылмандық, ұлттық дүниетаным аясында жүргізілсе, орыс тілді аудиторияда олардың өз діни дүниетанымы ескеріліп, қазақи, мұсылмандық дүниетанымның ерекшеліктерін түсіндіру, ұстанымдарын құрметтеуге насихаттайтын бағытта болуы керек. Осылайша әртүрлі дүниетанымдағы жастарды бір-бірінің пікірін, діни ұстанымын құрметтеуге дағдыландырумен қоса түрлі шараларды, спорттық ойындар мен кештерді, мерекелік жиындар, ұлттық һәм діни мейрамдардағы сияқты т.б бас қосуларды бірігіп, ұжымдасып атқаруға үйрету. Басқаша айтқанда, діни ұстанымына қарай оқшауланбай, өз ортасында қоғамдық шараларға белсене араласуға шақыру. Себебі осы оқшаулану, қоғамнан бөліну діни экстремизм мен терроршылдық әрекеттің жолына түсуге немесе оның құрбаны болуға алып баруы мүмкін.

 Біріншіден, жастарға Құран мәтінін ғылыми тұрғыдан талдап түсіндіру – олардың ғылым-білімге деген ынта-жігерін арттырады. Тек материалдық пайда үшін емес, рухани азық үшін білім алуға, сондай-ақ ел игілігі үшін қызмет етуіне ықпал етеді деген пікірдеміз. Қазір бізде осы тұсы осал түсіп жатқаны жасырын емес.

Екіншіден, Құран мәтінін ғылыми тұрғыдан талдап түсіндіруге бағытталған элективті курсты енгізу арқылы біз жастарға ислам дінінің ұстанымдарын басшылыққа алатын, ислам дінінің түрлі ағымдарын, олардың шығу тарихы мен алғышарттарын Құран мәтіні аясында талдап, шығу себебін, олардың негізгі ұстанымдары мен бағыттарын көрсете аламыз. Сондай-ақ бұл ата-бабаларымыздың қазақи салт-дәстүрге негіздеген діни ұстанымдарымызды олармен қатар қойып, қазіргі «дәстүрлі ислам» деп аталып жүрген қазақи салт-дәстүрімізбен біте-қайнасып, ұлттық санамызға сіңіскен ең баста этикалық құндылықтарға негізделген ислами ұстанымымыздың ерекшеліктерін нақты көрсетуге, жан-жақты түсіндіруге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, бұл курс арқылы біз кейбір жастардың ислам діні жайлы тар түсінікте қалуының сондай-ақ түрлі радикалды ағымдарға түсіп кетудің алдын алады. Егер қандайда бір діни радикалды ағым мүшелерімен араласып, олардан әсерленген болса, онда оның ұстанған бағытының күдіктілігі дәлелді түрде түсіндірілгендіктен оның ой-пікіріне қозғау салып, қате діни бағыттан қайтуына ықпал ете алады. Мұнан басқа қазіргі кезде жастардың ЖОО ақылы түрде оқи алатындығын ескерсек, діни ұйымдардың осы елде өз пікірін қолдайтын азаматтардың болуы үшін оларды қаржылай қолдап, ақылы түрде жоғары білім алуына жағдай жасайтындығын да жоққа шығара алмаймыз. Бұған қоса, президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы бакалаврден кейін жастардың алыс шетелдерге оқуға, өз біліктілігін арттыруға мүмкіндіктері бар. Бірақ өмірден жиған тәжірибесі аз, діни сауаттылығы төмен жастардың шетелдерге шығуы ғасырлық тәжірибесі бар діни ұйымдардың арбауына немесе алдауына түсуі де қаперден тыс қалмауы тиіс. Себебі ислам дінінің ұстанымдарымен байланысатын діни экстремизм мен терроршыл іс-әрекеттерді қолдайтын ұйымдар тек мұсылман-араб елдерінде ғана емес, «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы жіберетін Еуропа елдерінде де аз емес. Бұған ғаламтор желілеріндегі қасиетті соғысты (жиһадты), терроршыл іс-әрекеттерді насихаттайтын бейне-роликтерді қоссақ, жастардың санасын улауға бағытталған ішкі және сыртқы сан түрлі факторлардың бар екендігін аңғарамыз. Сондықтан оған қарсы іс-әрекет етіп, жастардың санасын діни экстремизм мен ланкестік пиғылдардан құтқарудың бір жолы – Құран мәтінін дұрыс бағытта таныту деп білеміз. Біз Құранның түпнұсқа мәтініндегі кейбір көп мағыналы, астарлы сөздерді түсінуге, интерпретациялауға байланысты ислами түрлі ағымдардың пайда болғандығын жастарға жіті түсіндіріп талқыға салуымыз керек. Әсіресе, исламдағы «дәрул-харб» пен «дарус-сулх» ұғымдары міндетті түрде талқыланып түсіндірілуі тиіс. Осылайша ислами түсініктермен байланыстырылатын діни экстремизм мен терроризмнің негізгі бастауына бағытталатын жұмыс жасауымыз қажет. Басқаша айтқанда, Құран мәтінін семантикалық әдіс арқылы түсіндіруді басшылыққа алған жөн. Өйткені бұл әдіс: 

1)  Құран мәтініндегі сөздердің беретін мағыналарына талдау жасайды. Сөздің этимологиялық шығу және түрленімдеріне талдау жүргізеді;

2)  Құран мәтініндегі сөздің мәнмәтіндегі орнына қарай мағынасын анықтайды;

3)  Құран мәтінін түсіндіру кезінде түсіндірушінің жеке пікірінің араласып кетуінің алдын алады. Құран тілінің шынайы мағынасын, пәлсапасын ашады;

4)  Құрандағы мәнмәтін (контекс) бүтіндігі маңызды болғандықтан, Құран мәтініндегі негізгі ой жүйесі талқыланады;

5)  Құран аяттары арасындағы мағыналық тізбектің қалыптасуына мүмкіндік беріледі. Осылайша бір аятты аударғанда ол Құран мәтініндегі басқа бір аятқа керағар мағынада болмайды. Өзара үйлесімділікте болады;

6)  Құран мәтініндегі кілт (негізгі, тірек) сөздерге қырағылықпен қарап, оларды объективті түрде талдау арқылы сөздің концептілік ұғымын дұрыс анықтауға жол ашады. Осылайша араб тілінен басқа тілдерге Құран мәтінін аудару барысындағы қателіктің алдын алады;

7)  Құран мәтініндегі сөздердің Құран аяттары түсіп жатқан кездегі араб тіліндегі мағыналары ескеріліп, талданады.

Түйіндеп айтқанда, семантикалық талдауда – Құран мәтініндегі барша тірек сөздер қарастырылып, олардың мағынасының тарылуы мен кеңеюі, өзгеруі, активтенуі не көмескіленуі сияқты т.б. көптеген ерекшеліктер ескеріледі. Құран аяттарындағы сөздердің ұзақ уақыт ішіндегі мағыналық құбылысы зерттеліп сарапталады. Жалпы Құран және хадис мәтіндеріне тілдік, құқықтық, теологиялық, пәлсапалық тұрғыдан жан-жақты талдау жасап, жастарға діни мәтіндердің негізін түсіндіру пайдалы болмақ. 

Құран мәтінін түсінуде «әл-Вужуһ уән-Назаир» мәселесі де өте маңызды. Бұл біз сөз етіп отырған семантикалық әдіспен араласып жатыр деуге болады. Құран мәтініндегі бір сөздің дәл сол күйінде бірнеше рет кездесіп, олардың түрлі мағынада берілетіндігі «әл-вужуһ» делінсе, тұрпаты әртүрлі сөздердің бір мағынаға келуін «ән-назаир» дейді. Басқаша айтсақ, бір сөздің көп мағыналығы «әл-вужуһ» деп, ал бір мағынаның әртүрлі сөзбен берілуі діни термин ретінде «ән-назаир» деп аталады.

Осындағы «әл-вужуһ» ілімі Құранды түсіндірудің бір жолы ретінде Құран аятын басқа бір Құран аятымен түсіндіруді негіз етіп алады. Мысалы, Құран мәтініндегі бір сөздің мағынасын білген адам сол сөздің мағынасын басқа аяттарда кездескен сол сөздің мағынасына қайта телуі көп жағдайда қате түсінікке алып барады. Өйткені сөз мағынасы сөйлем ішінде қолданылған мәнмәтінге (контекске) қарай өзгеріп, жаңа мағынада қолданылған болуы мүмкін. Мысалы, Құран мәтініндегі «иман», «жиһад», «күпір», «ширк», «фасад» сияқты т.б. көптеген тірек сөздер бірнеше мағынада қолданылады. Құранда қай сөздің қандай мағынада қолданылғандығын анықтау терең діни білімді, сондай-ақ аса қырағылық пен сақтықты қажет етеді. Өйткені Құран адамның емес, Алланың сөзі. Сондықтан оны бірден түсіну оңай шаруа емес. Мұның үстіне Құран тілі – классикалық араб тілінің өте көркем әрі әдеби тілінің шыңы. Құранда: «Зүмәр» сүресі: 23-аятында: «...сөздің ең көркемін Кітап түрінде түсірді», – деп Құран «сөздің ең көркемі» ретінде танытылды [6]. 

Құрандағы әрбір сөз, аят (сөйлем) пен сүре оның бөлшектерін құрайды. Құран аяттарын бірін-бірімен байланыстыра отырып аятқа мағына шығару – Құран аяттарында берілген ойдың аудармада толық дұрыс мағанасында көрініс табуына негіз болады. Олай болса, семантикалық әдістің Құран мәтінін аударудағы рөлі зор. Құран мәтінін түсінуде адамдардың ой-санасы, дүниетанымы міндетті түрде ескерілуі тиіс. Мысалы, кезінде араб тілді қоғамда Құран мәтініндегі сөздердің басым көпшілігі түсінікті болып, кейбір сөздері ғана түсініксіз болғанда оны «Ғараибул-Құран» («Құран мәтініндегі глоссарий сөздер») деп, оларды бөліп алып түсіндірген-ді. Ал қазіргі біздің қоғам үшін толықтай түсініксіз Құран мәтінін қазақ тілінде түсінікті, жатық тілмен түсіндіріп жеткізу аса маңызды мәселе болып отыр.

Құран мәтіні – бүгінде біздің қоғам үшін жіті түсіндіруді қажет ететін діни мәтінге айналып отыр. Бізде осы тұсы осалдау түсіп жатқандықтан да болар қоғамда неше түрлі жағымсыз іс-әрекеттер белең алуда.

 Егер біз ислами ұстанымдармен байланысты терроршыл іс-әрекеттердің алдын алуды ойласақ, онда қазақ тілінде Құран мәтінінің жақсы аудармасына қол жеткізу бағытында жұмыс жасауымыз керек. Өйткені ислами ұстанымдармен байланысты радикалды топтардың терроршылдық іс-әрекеттерінің басты табан тірер негізі – Құран мәтініндегі кейбір аяттарды түсінумен байланысты.

Мұның үстіне әлі де болса, ғаламтор желілерінде Құран аяттары көбіне орыс тілінде сәләфилік бағытта түсіндіру шаралары басымырақ болып отыр. Діни-ислами мәтіндер көп жағдайда осы орыс тілінен қазақ тіліне аударылып жатқандығын да жоққа шығара алмаймыз. Нәтижеде Құран аяттарын фундаменталды бағытта түсіндіру, әрі осы бағытта насихаттау басым деген тұжырым жасауға болады. Мұның өзіндік себеп-салдары, қолдаушылары мен демеушілерінің бар екені рас. Біз бұған тоқталмаймыз. Тек біз не істеуіміз қажет? Сыртқы идеологиядан, толастаған санамызға жат ой-пікірлерден ұлттық құндылықтар мен салт-сананы, діл мен діни түсінікті, қазақи дүниетанымды сақтау жолында, саяси-әлеуметтік бағдарымызды бағандау үшін қандай қорғаныс тәсілін ұстанамыз деген мәселе көбірек толғандырады. Мұның шешімі түптеп келгенде адам капиталын дамытуға келіп тіреледі. Азаматтардың, әсіресе жастардың жан-жақты әрі діни салада сауатты болуы маңызды факторлардың бірі болып қала бермек.

Қорыта айтқанда, ЖОО діни білім берудің әдіснамалық негіздері ұлттық-мұсылмандық дүниетанымға негізделіп, Құран мәтінін ғылыми тұрғыдан талдап түсіндіру бағытында жүруі нәтижелі игі іс болар еді деген ойдамыз. Ұлт зиялыларының ой-толғамдарын келтіре отырып, олардың діни-мұсылмандық дүниетанымын таныту арқылы ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанған діни жолының дұрыстығын насихаттау баршамыз үшін пайдалы болмақ. Өзімізді исламның сүнниттік бағытын Әбу Ханифа мазһабы бойынша ұстанатын мұсылман үмметі екенімізді жастарға түсіндіру түбінде өз ұлттық болмысымызды, салт-санамызды, төл мәдениетімізді насихаттау деп білеміз.

Осы мақала барысында ұсынған «Құран мәтінін тану» немесе «Құрантануға кіріспе» атты элективті курстың күнтізбелік-тақырыптық жоспары мен оның сағат сандары жайында басқа бір арнайы тақырыпта сөз ететін боламыз.

Сөз соңында бүгінгі жастарға қазақи салт-дәстүрді жоққа шығармайтын діни білім беру жолында жасалатын әрбір іс сәтті болсын демекпіз. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.  ҚР Дін істері агенттігінің Төрағасы Қайрат Лама Шарифтың «Тәкфіршілік – діни экстремизмнің қауіпті түрлерінің бірі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзі (Жезқазған қаласы, 7 маусым 2013 ж.)

2.  ҚР президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына жолдауы. Астана -2012ж. 14 желтоқсан.

3.  Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Қазақстан, 2000.-96 б.

4.  Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы // Ақ Жайық. -2011,18 қазан.

5.  Абай.  Қалың  елім,  қазағым:  Шығармалары.  –  Алматы: Жалын, 1995. – 384 б.

6.  Х. Алтай. Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі, 1991ж. 629 б.

Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы

Әл Фараби атындағы ҚМУ

Шығыстану факултеті, Араб-парсы

тілдері кафедрасының аға оқытушысы

философия ғылымдарының докторы (PhD)

 

 

 

Оқылды 1541 рет
JoomShaper
Top