Қазақстандағы дәстүрлі исламның ерекшеліктері мен мәселелері

Сәрсенбі, 29.10.2021
Қазақстандағы дәстүрлі исламның ерекшеліктері мен мәселелері

Қазіргі таңда Қазақстанда Ислам діні бір кездегі арнасына қайта толып келеді. Тіптен жанданып, жаңа даму сатыларына өту үстінде. Дегенмен де бұл үдерістің өзіндік тарихи-мәдени алғышарттары баршылық.

А.П. Әбуов,

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық

орталығының директоры, ф.ғ.д, профессор

 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазіргі таңда Қазақстанда Ислам діні бір кездегі арнасына қайта толып келеді. Тіптен жанданып, жаңа даму сатыларына өту үстінде. Дегенмен де бұл үдерістің өзіндік тарихи-мәдени алғышарттары баршылық.

Осылай деп тұжырымдауға төмендегідей ақпараттар дәлел бола алады. VII ғасырдан тарала бастаған Ислам, Х ғасырдың соңында қазақ жерінде құрылған мемлекеттердің ресми діні деңгейіне дейін көтеріле алды.Исламның Әбу Ханифа мәзһабының дін, қоғам мәселелерін шешуде Құран, шариғат үкімдерімен қоса жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін де есепке алу секілді ерекшелігі Орта Азияның көшпелі, жартылай көшпелі халқы, соның ішінде қазақ халқы үшін де жақын болды. Осы ерекшеліктің арқасында бүгінге дейін біз Исламның ханафи мәзһабын ұстанамыз және Ислам қазақ халқының дүниетанымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп, сан ғасырлар бойы қазақ мәдениетімен тұтасып, ұлт тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Ханафидегі еркін ойшылдық ұлы даладан әлемге «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабиді, Ж.Баласағұн, Ахмет Ясауи, М.Қашқари, Қадырғали Жалаири сияқты ғұламаларды берді. Олардың еңбектері орта ғасырдағы Орта Азиялық ренессанс кезеңінің мәдени өміріне зор үлес қосты. Әсіресе, әл-Фарабидің сан-салалы ғылыми еңбектері тек Таяу немесе Орта Шығыс ғұламалары: Ибн-Сина, Бируни, Хорезми, Омар Хайям, Хафиз сияқты ғұламалардың ой-пікірлеріне ғана емес, сонымен бірге Еуропа ғылымына да зор ықпал етті. Ұлтымыздың ақын-жырауларының шығар-машылығына үңілер болсақ, біз олардың ең алдымен жай ақын немесе қарапайым ғалым емес, діннің білгірлері болғандығын байқаймыз. Біздің ақын-жырауларымыз, ғалым-дарымыз, сал-серілеріміз дін фило-софиясын, құндылықтарын терең зерттеп, ұғынып, оның нәрі мен сөлін қарапайым халыққа ұғынықты түрде жыр-шумақ пен күй-терме түрінде жеткізіп отырды. Ұлы даладан шыққан рухани тұлғалар мен ұстаздардың діни танымы кең болды, олар діннің қыр-сырын меңгеруде Ислам әлемінің көптеген рухани-мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатты. Білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Қазақтың ұлы реформатор-хандары жүйелеген қазақ қоғамының моральдық нормаларын, азаматтық құқықтарын реттеуге арналған «Жеті Жарғы» секілді заңдарымыз шариғаттың негізінде дайындалып, бүгінде Ата Заңымыздың діңгегі бо-лып табылады. Қазіргі кезде тарихшыларымыз «Ислам – ата-бабамыздың тарихи таңдауы болды» дегенді көп айтады. Бұл дұрыс та. Себебі біз тарихымызды зерделей отырып, Исламның қазақ ұлттық болмысы мен мемлекетінің қалыптасуына, мәдениеті, әдебиеті, өнеріне, жалпы дүниетанымына қосқан зор үлесін көре аламыз. Осындай дүниетанымдық, құнды-лықтық, құқықтық және т.б. тарихи рөл атқарған Ислам дініне қазіргі таңда «қайта жандануда» деген баға берілуде. Тәуелсіздік алған жылдары бастал-ған дінмен қауышу үдерісі 20 жыл көлемінде әлі де жалғасын тауып жатыр. Осылай деуімізге Исламның қазіргі таңдағы ахуалы себеп болып отыр. Баршаға мәлім, 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) құрылды. Бұл қадам әлсіреген діни байланысты қайта жаңғырту болды. Алғашқы кезеңнен бастап Қазақстанда осы арна арқылы басқа конфессияларға толерантты көзқарас танытатын, олардың құнды-лықтарын мойындайтын, ғылымның дамуын, техникалық прогресті қол-дайтын Исламның дәстүрлі бағыты таралуда. ҚМДБ республика ішіндегі және ТМД шеңберіндегі діни конфессиялармен тату қарым-қатынас орнатып, рухани-ағартушылық жұмыстарына баса мән береді. Діни басқарма еліміздегі мұсылман қауымын біріктіруші діни бірлестік ретінде өткен жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы талабына сәйкес қайта тіркеуден өтті, қазіргі кезде оның 1800 аумақтық бөлімшесі қайта тіркеуден өтіп, 400-ге жуығы қайта тіркеуден өту кезегінде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда барлығы 63 мешіт болса, қазіргі кезде олардың саны 2465-ке жетті. Алайда, мешіттердің сандық көрсеткішін ел аумақтарына бөліп қарастыратын болсақ, басымдылық оңтүстік өңірлеріне тиесілі. Ислам діні ең алғаш осы оңтүстік өңірлер арқылы таралғанын ескерсек, мұндай басымдылық көрсеткіші орынды секілді. Ал еліміздің бас қаласы Астанада 7 мешіт қызмет етеді. Айталық, «Нұр Астана» (2005 жылы ашылды), «Әзірет Сұлтан» (2012 жылы ашылған) мешіттерінің ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысты. Қазақстан халқының 70%-нан астамы өзін мұсылман ретінде танитындығын ескерсек, елдегі мешіттер санының әлі де арта түсуі заңды. Халықтың дінге бет бұруының артуы діни ғимараттарға деген сұраныспен қатар, діни мамандардың – имамдардың қажеттілігін туындатты. Осы орайда білікті имамдар даярлау мәселесі бірінші орынға шығып келеді. Қазіргі таңда бұл мәселелерді шешу жұмыс-тары жүйеленуде, мысалы, имамдар, исламтанушылар, дінтанушылар, араб тілі мен әдебиетінің аудармашыларын дайындайтын «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті; қарилар даярлайтын республикалық орталық, шетелден діни білім алған мамандар мен отандық имамдардың біліктілігін арттыру орындары қызмет атқаруда. Сондай-ақ, Алматы, Астана, Павлодар, Ақтөбе, Орал, т.б. қалаларда медреселер қызмет атқаруда. Діни басқарманың Қазақстан аймақтарында облыс, аудан, қала, ауыл имамдарымен қоса өкіл имамдары қызмет атқарып, тұрғындардың діни сенімінің дұрыс бағытта дамуына ықпал етуде. Діни қызметкерлер мемлекеттік билік органдарымен, білім беру мекемелерімен белсенді ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп, діни тақырыптағы әңгімелесулер мен дәрістер оқиды. Осы орайда, «Қазақстан» ұлттық арнасынан жұма күндері берілетін «Иман айнасы» хабары мен «Асыл арна» ислами ағарту телеарнасы бағдарламаларының қызмет етіп отырғандығын атап өткен жөн. Имамдар мен медресе ұстаздары аталған хабар мен телеарнадағы дін тақырыбына арналған бағдарламаларға қатысып, қоғамда белең алған «жария діншілдік», лаңкестік әрекеттер секілді өзекті мәселелерді талқылауға қатысуда. Алайда, дін қызметкерлерінің қызметтері зайырлы бұқаралық ақ-парат құралдары тарапынан біркелкі қамтылмайтындығы байқалады. Мысалы, осы жылы шілде-тамыз айларында өткен Ораза кезінде имам-дар халықты діни ағарту мақсатында республикалық деңгейдегі басылым беттерінде, ғаламторда, телеарналарда мақалалар, сұхбаттар, ақпараттық материалдар жариялап, ораза тұтқан қауымның сұрақтарына жауаптары жарияланды. Сондай-ақ, мешіт имамдарының ораза кезінде мешітте, қарттар мен жетімдер үйлерінде ұйымдастырған ауызашарлары, мұқтаж адамдарға материалдық көмек көрсетулері де БАҚ тарапынан жа-ғымды сипатта жарық көрді. Ал Рамазан айы аяқталғаннан кейінгі мерзімде БАҚ беттерінде имамдар-дың қызметтері туралы ақпараттар көрсеткіші төмендеді. Бұл қоғамда дін қызметкерлері маусымдық, яғни тек діни мерекелерде ғана белсенділік танытады деген пікір қалыптастыруымен қауіпті. Қазақстан қоғамы үшін дәстүрлі саналатын Исламның өзіндік ерекшелігі жоғарыда берілгендей көрініс тапса, сонымен қатар қоғамымызда ислами мемлекеттердің үлгілерін бағдар еткен еліміз үшін дәстүрлі болып саналмайтын исламдық ағымдардың, тіпті, радикалды топтардың да Ислам атын жамылып әрекет етуі белең алуда. Әсіресе, «Талибан», «жихадшылар» экстремистік топтарының қатарына ханафи мәзһабының өкілдерінің де енуі байқалуда. Дәстүрлі дінімізден, өздерінің қасаң қағидаларымен, қасиетті Құран мен хадис үкімдерінің мәніне үңілмей тура мағынасында қабылдап, Исламның ішкі рухани тіректерінен бұрын сыртқы қалыбына аса мән беруі арқылы ерекшеленетін «уахабиліктің» кейбір қағидаларын басты ұстаным ретінде қабылдаған «жихадшылар», «тәкбіршілдер» бар. Осындай тағы да басқа экстремистік топтар халық арасында ресми Діни басқарма пәтуаларын, уағыздарын жоққа шығарып, мәзһаб ұстануды мойындамауға үгіттеуде. Олар өздерінің утопиялы мақсаттары – шариғат заңдарын ғана сақтайтын, біртұтас Ислам халифатын құру жолында қарулы күш көрсетуден тайынбайтындығына өткен жылы еліміздің батыс, оңтүстік, орталық өңірлерінде және осы жылы оңтүстік аймақтарда орын алған лаңкестік әрекеттер мен жарылыстарды өзге емес, өз қандастарымыздың іске асырғандығының анықталуы да өкінішті дәлелдердің бірі. Бұл ретте 2011 жылы ҚР Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы «Қазақстандық қоғам санасындағы дәстүрлік, ұлттық және діни құндылықтар» тақырыбында әлеу-меттік зерттеулер өткізді. Зерттеулер нәтижелері бойынша, Қазақстандағы әрбір бесінші адамның «діни экстремизмнің таралуы мүмкін» деп санайтындығы анықталды. «Қазақстанда бүгінгі таңда діни экстремизмнің таралу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?» деген сауалға зерттеуге қатысушылардың 19 %-ы «таралу мүмкіндігі жоғары деңгейде», 54,4 %-ы «таралу мүмкіндігі аз, алайда жоққа шығаруға болмайды», 15,2 %-ы «таралуы мүмкін емес», 0,1 %-ы «соңғы кездері күшейді», 0,1 %-ы «егер шаралар қолданылса, діни экстермизм таралмайды» деген пікір білдірсе, қатысушылардың 11,1 %-ы жауап беруге қиналды. Жалпылай алғанда, бұл түрлі бағыттағы экстремисттік және теріс пиғылды ұйымдардың насихаттары кейбір жағдайларда адам тартуда өте ықпалды екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, қазіргі таңда еліміздің батыс өңірлерінде сәләфизм идео-логиясының артуы байқалуда. Ақпарат көздеріне сүйенсек, тек Атырау өңі-рінде бұл идеологияның ықпалына 13-30 жас арасындағы бес мың тұрғын өткен. Осы тұста мұндай қауіпті ағымдармен күресу және алдын алуда ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстары аса ма-ңызды. Халықпен жақын араласып, олардың сауалдарына жауап беру, жас-тар арасында діни ағарту жұмыстарын өткізу, лаңкестік топтар қатарына өтіп кеткен азаматтарды қайтару жұмысына имамдардың қосар үлесі зор. Дін қоғамның негізгі ті-регінің бірі болғандықтан, қай кезде де халық сұранысына ие болатындығы анық. Тиісінше ол жүйелену және бағытталумен қамтамасыз етілмесе, қазіргі кезде көрініс тауып отырған «жария діншілдік» немесе дін ұстанудың сәнге айналуы, дінге түбегейлі беріліп фанатизмге бой алдыру, болмаса тек бір беткейлік таныту арқылы экстремистік топтар қатарына қосылу секілді жағымсыз факторларды туындатады. Сол себепті, Қазақстан үшін дәстүрлі сүнниттік Исламның ханафи мәзһабының ұстанымдарын насихаттауда консервативті, яғни тео-логиялық тәсілдерден бұрын Исламның халықтың тарихи өткен кезеңі мен ұлттық салт-дәстүрлерімен сабақтастық, отансүйгіштік пен ұлттық қауіпсіздік қағидаларына құрмет идеяларын үйлестіре насихаттау аса маңызды. Мемлекетіміздегі дін сала-сындағы мәселелерді реттеуде, жоғарыда аталған радикалды ағымдармен күресте, дәстүрлі дініміз – Исламды дамытуда Қожа Ахмет Ясауи ілімі идеологиялық тұғырнама рөлін атқара алады. Қалай десе де, Ясауи ілімінің алдағы уақытта ұлтымыздың рухани жаңғыруының негізгі факторына айналары кү-мәнсіз. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи ілімін кеңінен зерделеп, насихаттап, оны мемлекетіміздің идеология-лық тірегіне айналдыру бағы-тында нақты іс-шаралар жү-зеге асырылуы тиіс. Сөз соңында айтарымыз, еліміздегі Исламның қайта жандануын келесідей етіп көрсетуге болады: – бірінші кезеңде, яғни өткен ғасырдың 90-жылдары мен 2000 жыл аралығын қамтитын кезеңде халықтың Исламға бет бұруы; – екінші кезең: 2000 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта діни қызметкерлердің ағарту жұмыстары мен діни ғима-раттардың салынуы және дін мамандарының даярлануы жүзеге асты; – 2010 жылдан бастап дәстүрлі емес діни ағым-дармен күресу, халықты ақпа-раттандыру арқылы бір-тұтас дәстүрлі Ислам қауы-мына біріктіру қызметтері жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Ислам дінінің қайта жандануы жүзеге асуда және де негізгі діни ағынның қоғамды рухани, өнегелік негіздері арқылы біріктіру қызметін атқару кезеңіне ауысқандығын байқауға болады. Алайда, аталған үде-рістің баяу жүзеге асуын да жоққа шығара алмаймыз. Ел аумағында Ислам дінін жандандыра түсуге тек дін мамандары ғана емес, сонымен қатар зерттеуші-ғалымдар, қоғам қайраткерлері де атсалысуы керек. Ең бастысы, Исламның тарихын, жүріп өткен жолын, осы жолдағы ата-бабаларымыздың Ислам өркениетіне қосқан үлесін кеңінен насихаттауды бір сәтке де тоқтатпауымыз қажет.

«Ислам және өркениет» газеті

 

 

 

Оқылды 1401 рет
JoomShaper
Top