Шымкент жұртшылығы наурызды тоғыз күн тойлайды

Жұма, 13.03.2022

АСТАНА. 13 наурыз. E-islam.kz - Оңтүстік Қазақстан облысында Наурыз мейрамын тоғыз күн тойламақ. "Бақ.кз" жариялаған 14-22 наурыз аралығындағы іс-шаралар бағдарламасы төмендегідей: 

14 наурыз «Алас күні» айдарымен өтеді. «Алас» ұғымының астарында тазалану, тазару деген мағына жатыр. Ұлыстың ұлы күні келер шақта тазалану табиғатқа да тән. Бұл күн биыл аптаның сенбі күніне сәйкес келетіндіктен облыс көлемінде жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылады. Саябақтарға ағаш көшеттері отырғызылады.

15 наурыз «Береке күні» деп белгіленіп отыр. Наурыз – береке-бірліктің, ырыс-несібенің мейрамы. Несібесін жер анадан терген диқан үшін нағыз қарбалас уақыт. «Береке басы – еңбек» ұғымын өмір қағидатына айналдырған халқымыз үшін бұл мерекенің орны айрықша. Мереке аясында аудан, қалаларда мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Оның аясында отандық өнімдер көрмесі өткізіліп, аудан орталықтарында «Қазақстанда жасалған!» айдарымен тауар сөрелері безендіріледі, отандық өнімдер жан-жақты насихатталады.

16 наурыз «Жайнау күні» деп аталды. Бұл күні мереке алдындағы соңғы апта бастау алады. Соған байланысты қалалар мен елді мекендердегі орталық көшелерге, қоғамдық көліктерге Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік құттықтаулар, баннерлер ілінеді. Оқу орындары мен мәдени ошақтарда түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады.

17 наурыз «Мейірім күні» деп беліленген. Халқымыз Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жоқ-жітікке қол ұшын беру, қамкөңіл жандардың жағдайын түзеуге көмек беру сынды қайырымды істермен дәстүр сабақтастығын жалғастырған. Бұл күні балалар үйлері мен мүгедектерді оңалту орталықтарында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіледі.

18 наурыз «Құрмет күні» айдарымен өтеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету халқымыздың болмысына сіңген қасиет. Қарияны қазынаға балап, игі бастамаларымызға абыз ақсақалдың батасын аламыз. Наурыз мейрамында үлкенге құрмет көрсету арқылы ұрпақтар сабақтастығы дәстүрі жаңғыртылған. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығын салтанатты жағдайда атап өткелі отырмыз. Наурыз мейрамы қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіледі. Жастар ұйымдары арқылы соғыс ардагерлеріне сый-құрмет көрсетіліп, патриоттық шаралар атқарылады.

19 наурыз «Шаттық күні» атауымен өтеді. Наурыз табиғаттың жаңғыруы ғана емес, өсіп-өнудің басы саналады. Дүние қайта түлейді, жан-жануар төлдейді. Айнала шаттыққа, қуанышқа бөленеді. Бұл күні дүниеге келген сәбилерге құттықтау хаттар жолданып, шағын сыйлықтар беріледі.

20 наурыз «Тағзым күні» атауымен өтеді. Наурыз мерекесі қарсаңында ата-бабаларымыз көпшілік болып бата жасаған. Осы сынды дүниеден өткен азаматтардың рухына Құран бағыштау игі істердің санатына енеді. Бұл күн мұсылман қауымы үшін қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мереке аясында мешіттерде өтетін жұма намазда бабалар рухына Құран оқытылады. Имамдар жүргізетін уағыздарда Наурыздың ұлтты ұйыстыратын мейрамның бірі екендігі жөнінде насихат айтылады. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отырмыз. Қазақ хандарының біразы Түркістан топырағында мәңгі қоныс тапқандығы ескеріліп, Қ.А.Яссауи кесенесінде ауқымды шара ұйымдастырылады.

21 наурыз «Үйлесім күні» айдарымен өтеді. Наурыз мейрамының ең басты сипаты үйлесімде. Табиғат пен адам үйлесім табады. Бұл күн Күн мен түннің теңеліп, әдемі үйлесімділікке келген тұсы. Сондықтан да қадірі ерекше. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл. Бұл күні түрлі этнос өкілдері өздерінің салты мен дәстүрін насихаттайтын шаралар ұсынады. Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ауқымды шара өтеді.

22 наурыз «Ұлыс күні» атауымен өтеді. Ұлыстың ұлы күні мерекелердің төресі саналған халқымызда. Бұл күні бата жасалып, үлкен той-думан ұйымдастырылған. Ұлыстың ұлы күніне арналған кешенді шаралар осы күні өтеді. Бұл күні ұлттық өнер насихатталып, ұлттық спорттық сайыстар ұйымдастырылады. 

Оқылды 347 рет
JoomShaper
Top