Ислам философиясы қалай пайда болды?

Сәрсенбі, 25.05.2022

Умая дәуірінде мұсылмандар парсылар мен гректер және римдықтармен қарым-қатынас жасай бастады. Осы қарым-қатынас барысында олардың ескі мәдениеттері мен философиялық көзқарастары мұсылмандар арасына таралды.

Исламнан бұрын Ирандағы философиялық мектептерге ұқсас Иракта да философиялық оқу орындары бар еді. Харис бин Кәлда мен оның ұлы Нәдір секілді кейбір арабтар философиялық көзқарастармен осы мектепте танысты. Ислам бұл өлкеге таралған шақта, олар философиялық ілімді мұсылмандарға таныстырды.  Сондай-ақ, философияның мұсылмандар арасына таралуына сириялықтарда үлес қосты.

Ибн-у Халликанның айтуына қарағанда, құрайыштықтардың ішінде исламнан өзге ілімдерді ең жақсы білген Халид б. Иезид б. Муаби болатын. Тіпті, Халид б. Иезид химия мен медицина ілімдерін де терең меңгерген еді. Халид б. Иезид бұл ілімдерді Мариянус әр-Руми деген хриситан поптан үйренген. Халид б. Иезидтің химия мен медицияна ілімдеріне қатысты жазған үш трактаты бар. Соның бірі өзі мен Мариянус арасындағы диалогқа, оның ілім үйрету медодикасына арналған болатын.

Кейбір бұзылған ағымдардың пайда болуына көне Үнді, Месопатамия философиясының ықпалы болды. Өйткені, ескі философиялық теориялар исламдық сенімдегі болмыс пен табиғат ұғымымен үйлесе бермейтін. Мұсылман ғалымдарының ішінде ескі философиялық түсініктердің тұмшалауынан шыға алмағандар болды.

Ислам тарихында алғашғы расатхана (обсервотория) омаяттар халифасы Абдулмәліктің кезінде 707 жылы Шамда салынды. Ибн Кәсир ислам сенімдеріне қайшы келетін Антика философиясының Исламның алғашқы жүз жылында мұсылмандарға танымал болғандығын айтады. Садраддин Ширази (Молла Садра) Сухравардидің еңбектеріне сүйене отырып, омаяттар дәуіріндегі каламшы ғалымдардың ескі Грек философиясынан хабардар болғандығын айтады. Яғни, көне Грек философиясының ықпалы мұсылмандарға Аббаситтер дәуірінде емес, одан бұрын омаяттар кезеңінде кеңінен танымал болған. Исламдағы бұзылған муғтазали мәзһабының өкілдері сенімдік мәселелердегі қолданған логикалық әдіс-тәсілдерін философтардан алды. Ал, муғтазалийа мәзһабы омаяттар дәуірінде пайда болған еді.

Дегенмен, Антика философиясының шығармаларын жүйелі түрде араб тіліне аудару аббаситтер халифы Мамун, Мутасым кезінде қолға алынды. Алғашқы мұсылман философы әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн-Синалардың дүниетанымына көне грек философиясы әсер етті. Философтардың көзқарастарының  мұсылмандарға әсер етуі өз кезегінде ойшылдар арасында талас-тартыс тудырды. Әл-Фараби мен Имам Ғазали арасындағы талас-тартыстар осыған дәлел бола алады.

Ислам тарихында Антика дәуіріндегі секілді белгілі-бір философтың атынан тұратын мектептер қалыптаспағанмен, ескі ойшылдардың дүниені танып білудегі тұжырым-пікірлері, философия мен дін қоспасынан тұратын исламдық бұзылған мәзһабтар пайда болуына түрткі болды.

Философияны зерттеушілер араб тілінде том-том еңбектер жазды. Философиядан әсерленген кейбір ғалымдар Құран-Кәрімдегі Алла Тағаланың сипаттары хақында жаңа пікірлер айта бастады. Олар «Алланың заты мен сипаты бөлек пе, кәлам* Алланың сипаттарының бірі ме, Құран-Кәрім жаратылған ба» деген мәселелерді ортаға қойды. Сондай-ақ, философияның әсерімен өмірге ақыл өлшемдерімен қарап, адамның өз қалауы өзін де ме, адам өзінің іс-әректінің иесі ме деген мәселелерді өрбітті.

Осылайша, философияның ықпалымен әртүрлі пікірілер қылаң берді. Әрбір қисынды пікір айтқан ғалымды қолдаған топтар пайда болып, нәтижеде әртүрлі ақида ағымдары тарих сахнасына шықты. 



*  Алланың сөйлеу сипаты

Оқылды 1239 рет
Жауап берген:
JoomShaper
Top