Ширк туралы не білеміз?

Дүйсенбі, 14.09.2021

Біз мына әлемді жаратушы, басқарушы ең ұлы болмыстың құдіретіне ортақ қосу мағынасына келетін терминді арабтың ширк сөзімен анықтаймыз. Сөздік мағынасы бойынша ширк «ортақ болу», «ортақтық», «ортақ қосу» дегенді білдіреді. Ширк амалдарын жасаушыларды мушрик, ширк қосылғанға да шарик дейміз. Ал, Алла тағала «ла шарика лаху» оның ешқандай да серігі, ортағы жоқ деп анықтама жасаймыз.

Терминдік мағынасында «Алланың мәнінде, сипаттарында, оған ғибадат ету амалдарында ортағы мен ұқсасы бар екендігіне сену» деген сөз. Мұндай бір тәңірден тыс сенім түрлеріне политеизм делінеді.

XIX ғасырдағы эволюциялық дін түсінігі бойынша адамзат политеистік діндерден бұрын табиғатқа, аталар рухы ақиқатына негізделген қарапайым сенім мен құлшылық формалары бар діндерге сенетін. Сосын адамзат дамуымен бірге монотеизмге, кейіннен атеизмге ұласқан. В. Шмидттің монотеизм теориясы бойынша, бұл теория ислам теологиясына да сай келеді, бастапқыда адамзат сенімі монотеизм болатын. Адам ата мен ұрпақтары монотеист болып, кейіннен әсіресе Нұх кезеңінен кейін монотиезм бұзылып, адамзат таухидті ұмытып, орнына политеситік сенім басып кеткен. Пайғамбарлар адамзатқа таухидті әкелген. Ислам теологиясы бойынша пайғамбарлардың келуі тікелей осы таухидтің танымы мен өлшеміне деген қажеттіліктерден туындаған.

Құранда ширк ұғымы жүздеген аятта кездеседі. Ширк ұғымы ұқсас, тең, теңдес, дос, мырза, мәндес, шапағатшы, көмекші деген сөздермен де анықталған. Онда Алланың болмысы мен бірлігі сенімі көптеген аяттарда ашық түсіндірілген, сонымен қатар Алланың құдайлық құдіретіне ортақ қоспау, тек Аллаға ғана құлдық ету, тек Одан ғана көмек сұрау, Тек Оны дос білу, шапағаттың да тек Алланың қалауы мен рұқсатымен болатыны білдірілген.

Ислам діни танымы бойынша тек қана таухид сенімі адамды ождан еркіндігіне еткізеді. Ал, ширк адам еркіндігін шектейтін, Аллаға барар жолдардан адастырып кедергі келтіретін, адамды нәпсі мен ортасына құл қылып, санасын улайтынең басты кедергі. Сондықтан, ширк түсінігі күпірлікке бастайтындықтан, адамды ең басты құндылықтан алыстатып, діни әрі дүниелік барлық құқтардан мақұрым қылатын фактор. Дегенмен, ширк пен куфр бір біріне көрші ұғымдар. Ханафилерде куфрдің мазмұны кеңірек қарастыралады. Онда әрбір ширк куфр, ал әрбір куфр ширк емес. Ширк Алланың құдайлығы мен амалдарында ортағы бар екендігіне сенім бар, ал куфр, тікелей исламның білдірген, танытқан Алла түсінігін мойындамауды білдіреді. Матуриди де ширк танымының Алланың бірлігі мен барлығына ортақ қосылуының нақли харам екендігін, мүмкін еместігін ақыл да әшкерелеп тұрғандығын ескертеді. Матуриди мына әлемді өзара қарама-қарсы екі қадым бастаудың басқарып отырғандығын жақтайтын манихеизм, дуализм, мажусилік сияқты дайсания, маркуния ағымдарының құдай түсініктерінің таухидпен еш  сыйыспайтындығын ғылыми-танымдық тұрғыдан дәлелдеп берген ғұлама. Матуриди, мушриклер құдайлықтың өздерінің пұттарында емес, Аллада екендігін біледі, бірақ өздері тікелей Аллаға құлшылық етуге лайық көрмегендіктен, Аллаға тиісінше құл бола алмағандықтан, Аллаға жақындастыратын шапағатшы болатындықтарын деген үмітпен пұттарына табынуды әдетке айналдырған. Мушриклер аталарының да осы жолмен жүргендіктерін, Алла егер қаласа бұған кедергі болатындығына сенетін еді. Ақыретке сенбейтіндіктен, аталары қателік жасағанда, Алла оларды осы дүниеде жазаландыратынына сенетін. Бұл жерде Матуриди, иман, сенімдегі қателерді талдап көрсетеді (Тауилат ал Құран).

Матуриди өзінің «Таухид» еңбегінде табиғаттың жүйесі мен тіршілік принциптерін Алланың жаратуымен емес, өздігінен, заттың мәнінен деген немесе мына әлемнің жұлдыздар тарапынан басқарылатынын, жұлдыздарға қарап ғайыпты білуге болады деген сенімдерін таухид негізінде жоққа шығарып талдап көрсетеді.

Жалпы, исламда адамдарды ширкке апаратын сенімдер мен амалдарды Алладан басқаға табыну, тілек дұғаларын басқадан сұрау, Алладан басқа болмысқа дұға ету, имамдарын раб орнына қою, пұттар мен жұлдыздарға құрбан шалу, Алланың ұл қыздары бар деп білу, Алладан басқа болмысқа серт беру, балаға «пәленшенің құлы» ат  қоюы, қажылыққа басқаның ризашылығы үшін бару және т.б. ретінде тізіп көрсетеді.

Измирли Исмаил Хаққы осындай сенім формаларын бес түрге бөліп талдайды. Бірінші «ширк истиқлал»: Екі бастау, екі болмыс қабыл ету, бұл дуалистер мен мажусилер сияқты екі құдай бар деп тану; Екінші, «ширк табииз», мұнда Алланың Бірлігі мен барлығы мойындалады, бірақ, христиандықтағы таслис (триада) сеніміндегідей Құдайды көп құдайлардан құралған деп білу; Үшінші, «ширк тақриб», мұнда Аллаға жақын деп танылған, шапағатшы ретінде пұттар мен мұсіндерге табыну; Төртінші, «ширк тақлид», жахилия арабтары сияқты бұрынғының жолы деп пұттарға құдай сипатын беру; Бесінші, «ширк асбаб», мұнда табиғаттың жүйесін Алланың жаратуымен емес, зат пен құбылыстардың өздігінен туындаға қуат деп тану.

Осы жіктемелерге қарап ширктің идеялық, әлеуметтік және психологиялық тектерін ажыратуға болады.

Ислам тарихында ширк мәселесінде тафриттік көзқарасымен танылған Мұхаммед Абдулуаххаб, Алланың құдайлығына қарсы сенімдерді «үлкен ширк», одан басқасынажәне рия араласқан құлшылықтар мен амалдардың бәріне «кіші шрик» деп қарайды. Ол кіші ширкті үлкен ширкке жеткізуші фактор деп білген.

Ислам тарихында мұсылмандар арасында ашықтан ашық ширкке кеткен ағымдар болмаған. Бірақ, сырттай қарағанда ширк ретінде білінген, таухид сеніміне күйе жаққан, ширкке бейім көзқарастарды кездестіруге болады. Бір мұсылман үшін Алладан басқа болмыстарға деген махаббат, құрмет негізінен «махлуқ шекарадан» аспағаны абзал. Бірақ, махаббат сезімінің илахи бастауына қауышуына себеп болған жаратылыс, яки махлуқ сипаттағы болмыстар, Алланың Бар, Бір екендігін көрсететін «алам белгі» сипатынан асып кетпеуі тиіс. Сопылықта осы жағы өте сақ қаралып, адам жанының мақамдары мен хәлдері ғылыми психологиялық тұрғыдан зерттеу обьектісіне айналған. Кейіннен бұл ізденістер Юнг психологиясына негіз болғаны мәлім.

Исламда баста пайғамбарымыз, Алла тарапынан қабыл болған сыддықтар, щахидтер, салихтер, әулиелер, періштелер де тарнсцендеттілік сипатына ие емес. Адам саналы түрде осыларды білгенімен, сезім, психология, аналитикалық тұрғыдан сырттай асып кетіп жатады. Жалпы, кез келген құбылыстағы киелілік сипаттар мен қасиеттер Алладан келген. Мұны дін феноменологиясында «мән мен құбылыстың» қатынасы тұрғысынан қарастырады. Мысалы Хз. Омар, Қағбаны «сенің зияны да пайдасы да жоқ қара тас екеніңді білемін. Бірақ расулалланың сені сүйгенін көрмегенімде, мен де сүймес едім» дегені осы «киелілік белгісіне» деген діни танымды көрсетеді.

Ширкке кету себептерінің ақидалық, психологиялық, әлеуметтік,экономикалық қабаттары бар. Ширктің ең басты себебі, адамның «Алланы аты мен затына» сай деңгейде тани алмауы, таухид сенімін өз мәнінде мойындап, сақтай алмауында жатыр. Адам атадан бері адамзат тіршілігі таухид сенімімен басталғандығын, Алладан басқа құлдық ұратын болмыстың жоқ екендігін білдірген пайғамбарлар жіберілсе де, таухидті қабылдамайтын топтар мен уақыт өте келе ойлау дертіне шалдыққан, табиғаттағы тылсымдардың артындағы қуаттың Алладан екендігін ұмытқандар болды. Сондықтан ширк деген құбылыс, адамның надандығы мен бишаралығының, ойсыздығы мен нәпсіқұмарлығының жемісі, адамның өзін өзі алдауы.

Қысқасы, адамның қорқуы, күдігі, менмендігі, надандығы, еліктегіштігіне қоса, мал мүлік, байлық, мақам, атақ сияқты пенделік нығметтер адам өмірінің мәніне, мақсат мұратына айналса, шайтанның тұзағына түсіп, ширкке қарай бет бұра бастайды екен.

Досай КЕНЖЕТАЙ,

Философия ғылымының докторы, профессор

 

 

Оқылды 1533 рет
JoomShaper
Top