Бұл төзімділік тек күнделікті сөзде, пікірімізде немесе жиналған жерде айтылып қана қоймай, іс-әрекеттерімізде де жүзеге асырылған уақытта пайдасын көреріміз ақиқат.
Ислам дінінің негізгі қағидаларының бірі болып табылатын діни төзімділік адамдар арасында бір-біріне деген махаббат, сүйіспеншілік, мархамет ету, көмектесу секілді жақсы істерді насихаттайды.
Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құрандағы «Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес» (Нахл, 125), «Дінде зорлау жоқ» (Бақара, 256), «Бұл ақиқат (Құран) Раббыларыңнан» де. Сонда кім қаласа, сенсін» (Кәһф, 29) секілді аяттар Ислам дінінің басқа дін иелері мен түрлі діни ұстанымдағы адамдарға көзқарасы мен оларға қандай қарым-қатынаста болу керектігін көрсетуде.
Ислам тарихына көз салатын болсақ, ешбір уақытта адамдарды қинап, қорқытып, зәбір көрсетіп, зорлық-зомбылықпен исламға кіргізу немесе оны қабылдату секілді оқиғаға кезікпейміз. Ислам мұсылмандардың қол астына өткен жерлердегі өмір сүріп жатқан ешбір адамды зорлықпен дінге кіргізуге рұқсат етпеген. Бұл дін барлық адам нәсілінің өз сенім-бостандығында еркін әрекет жасауына мүмкіндік береді. Тек жоғарыда Кәһф сүресінде айтылғандай, ақиқаттың не екенін және сенімдегі дұрыс пен бұрыстың не екенін айтып ескерту. Сондықтан Құранда Алла Тағала сүйікті пайғамбарына: «Сен адамдарды мұсылман болуға күштеп көндіремін деп ойлайсың ба? Жоқ, жер бетіндегі адамдар тек Алла Тағаланың бұйрығы болса ғана түгел мұсылман болады» (Юнус, 99) – дейді. Бұл аяттан шығатын нәтиже – жаппай исламды қабылдау тек бір Алланың қалауындағы іс болып табылады. Бұл дүниенің әрбір пенде үшін сынақ дүние екені естен шықпағаны жөн.
Жаратушымыз бейкүнә адамдардың өлтірілуін харам қылған. Бір адамның жанын жазықсыздан жазықсыз қию күнәлі істердің бірі болып есептелінеді. Құранда: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық. Расында оларға елшілеріміз ашық дәлелдермен келді. Бірақ содан кейін де олардың көбірегі жер жүзінде шектен шығушылар болды» (Мәида, 32), «Олар Алламен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Алла өлтірілуін арам еткен кісіні орынсыз өлтірмейді де зина қылмайды. Кімде-кім оларды істесе, күнәға жолығады» (Фұрқан, 68) делінген.
Толеранттылық жайындағы мысалдар мен үлгі-өнегелерді Пайғамбарымыздың дәуірінде де кездестіруге болады. Батыстың атақты зерттеушілері мен жазушылары Ислам дінінің соңғы пайғамбары Мұхаммедтің (с.а.у) және мұсылмандардың басқа дiн өкілдеріне көрсеткен кеңшiлiгi мен құрметін жиі жазды. Солардан бір мысал келтірер болсақ:
«Бір күні бір яһуди Мұхаммедке келіп мұсылмандардан бірінің діни сеніміне тіл тигізгенін және де Мұхаммедтің Мұса пайғамбардан жоғары екенін айтып ренжіткенін білдіреді. Мұхаммед пайғамбар болса әлгі ренжіткен мұсылманға қарап былай дейді; Мұндай сөзді айтпауың керек еді және басқаларының сеніміне құрметпен қарауың керек» деп ескерту жасаған. Бұдан пайғамбардың діни сенім жайында қаншалықты кең болғанын аңғарамыз.
Илаһи діндердің құлшылық жерлері киелі болып саналады. Мұсылмандардың мешіті қалай қорғалып сақталатын болса, христиандар мен яһудилердің шіркеулері мен синагогалары солай сақталады. Бұл жайында Құран: «Егер Алла адамдарды, бірін-бірі арқылы қорғамаса, монастырлар, шіркеулер, яһудилердің құлшылық орындары және ішінде Алланың аты көбірек зікір етілетін мешіттер құлатылар еді...» делінген [Хаж, 40]. Қандай да бір мұсылман мешітке барып құлшылығын жасауға құқылы болғанындай бір христиан немесе яһудидің өз құлшылық жерлеріне барып құлшылық жасауға құқықтары бар. Мұхаммед пайғамбардың Мәдина қоғамына қарайтын болсақ ол жерде өмір сүрген яһудилердің құлшылық жасауларына қысым көрсетілмегенін және Наджрандық христиандардың сенімдеріне шектеу қоймай, құлшылықтарын орындауына рұқсат етілгендігі тарих кітаптарында айтылады.
Мұхаммед (с.а.у.) хижреттен кейін Мәдина қаласының тұрғындары болып есептелінетін яһудилермен жақсы қарым-қатынаста болып, олармен келіссөздер жүргізген, тіпті Құран мұсылмандарға кітап иелерінен, яғни христиандар мен яһудилерден әйел алуға әрі олардың асын ішуге рұқсат еткен. Сонымен қатар Пайғамбарымыз алдынан өтіп бара жатқан яһудидің жаназасына көңіл бөліп, орнынан тұрып құрмет көрсеткен және сахабаларына да үлгі болған. Сонымен қатар мүшріктердің кіруіне рұқсат етілмеген мешітке кітап иелерінің кіруіне рұқсат берген.
Алланың әмірлеріне құрмет, барлық жаратылыстарға рахымшылдық жасау және адамзатты жақсы көру асыл дініміздің қағидаларынан болып табылады. Бұл қағиданы Абай атамыз өз сөздерінде былай деп ұштастырған:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Мұхаммед пайғамбар барлық қарым-қатынастарда ақылды, парасатты болуды, дұшпандық орнына достықтың орнауын, кек орнына кешірімді болуды, жамандыққа жақсылық жасап төзімділік көрсетуді өсиет еткен. Исламнан нәр алған аталарымыз «Ашу - дұшпан, ақыл- дос», «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Жамандыққа жақсылық - ер адамның ісі», «Сабыр түбі - сары алтын» секілді төзімділік пен имандылықты ұрпағына өнеге етіп қалдырған.
Мұхаммед пайғамбардың діни төзімділігі, әсіресе кітап иелеріне деген құрметін жасаған іс-әрекеттері арқылы адамзаттың алар ғибраты жеткілікті. Мұсылмандарды террорист, ал дінін де террорист дін етіп көрсетуге әрекет жасағандардың және де дін атын жамылып, елде бүлік шығарушылардың Ислам тарихын, әсіресе Мұхаммедтің өмірін қайта оқыса нұр үстіне нұр болып, шұғылалы таңымыз атып, бірлігі жарасқан ел болар едік.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында да: «Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс. Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек», - деп атап өткен болатын. Яғни, бұдан шығатын қорытынды, біз діни фобияның қандай да болмасын көрінісіне тосқауыл қоя білуіміз керек.
Мұратбек Оңталапұлы,
дінтанушы, Сүлеймен Демирел
Университетінің (Түркия)
докторантура студенті