Жалпы, ислам банкингінде табысы нақты активтердің қайтарымымен байланысты арнайы облигация түрі – сукукпен жасалады. Сукук (الصكوك) араб тіліндегі сакк сөзінің көпше түрі, мағынасы асбап немесе құрал дегенді білдіреді. Жалпы, сукук – келісімшарт актісі, чек, құқықтық құжат, түбіртек ұғымында да қолданылады. Ал, тәжірибеде сукук деп ислам экономикасындағы пайызсыз қолданылатын бағалы қағазды айтамыз.
Сукук облигацияларын шығару – активтерді сатып алуға мүмкіндік беретін және оларға қатысты қаржы міндеттемелерін қалыптастыру мүмкіндігін құратын, тетік әзірленетін стандартты секьюриттеу процесіне ұқсас. Осындай қаржылық міндеттемелер байланысқан активтеріне тәуелді бағалы қағаздардың тәуекелі мен кірісі бағалы қағаздардың иелеріне (инвесторларға) қайта салынғанда белгілі уақыт кезеңі аралығында кірісті алу мүмкіндігіне ие болуды білдіреді.
Сукук облигацияларын шығару үшін секьюриттеу процесінде пайдаланылатын негізгі келісімшарт – бұл мудараба. Бұл келісімшарттың атауы араб тіліндегі «әл-кард», яғни, «Бір нәрсені кесу, үзу, қию» сөзінен шығады. Бұл келісімшартта ақша қорынан кесіліп алынған қаражат мәміле жасаушы әріптеспен бірігіп қолға алған ортақ кәсіпке салынатындықтан, бұл келісімшарт «мудараба» деп аталады. Кейбір араб елдерінде бұл келісімді «кирад» деп атайды. Бұл сөздің түбі «мукарада» – «теңесу» деген етістіктен шыққан. Яғни, келісімді түзуші тараптарға табыс тең бөлінетіндіктен, мәміле «кирад» деп аталады. Мудараба келісімшарттары меншікті бағалы қағаздарды шығарып, содан кейін өз құрылтайшысының инвестициялық жобаларын қаржыландыратын дәстүрлі Special Purpose Vehicle (SPV) ұқсас Special Purpose Modaraba’ ұйымдарын құру үшін пайдаланылады. Әрине, жобалар шариғат нормаларын сәйкес болуы шарт.
Қазір шығарылатын сукук облигацияларының көпшілік бөлігі екі исламдық келісімшартқа негізделеді. Бір жағдайда салям бай муаджал немесе бай салям келісімшарттары пайдаланылады. Осындай келісімшарттарды пайдаланатын сукук облигациялары (сукук аль салям) қысқа өтеу мерзімдерінде ыңғайлы инвестициялық тетік болып табылады, өйткені, тиісті тауарларды қаржыландыру әдетте қысқа мерзімді сипатта болады, үш айдан бір жылға дейін. Бірақ сукук – бұл таза қаржылық бағалы қағаздар болғандықтан, шариғат оларды борыш міндеттемелері ретінде қарастырады. Сондықтан, ислам елдеріндегі көптеген инвесторлар сукук облигацияларын нарықта қайталап сата алмайды, өйткені риба туындауы мүмкін. Осы шектеуге байланысты инвесторлар облигацияларды өтеу мерзіміне дейін ұстауға тырысады.
Облигациялардың екінші типі өтеу мерзімі ұзақ бағалы қағаздарды шығару үшін пайдаланылатын иджара (сукук аль иджара) келісімшарттарына негізделеді. Иджара келісімшарты жалпы қабылданған лизингілік келісімшартқа аса жақын, сонымен бірге тиянақталған және құбылмалы мөлшерлемеде икемді төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сукук облигациясы нақты ақшамен бірге мүліктің құнын да білдіреді. Шариғаттағы мәміле жасау барысындағы сукук облигациясы негізінен пайызсыз алып-сатуды қамтамасыз ету үшін шығарылады.
Әлемдік тәжірибеге назар салатын болсақ, қазір сукук облигациясы 175 миллиард доллардан астам активтің құнын құрап отыр. Standard & Poor’s агенттігінің деректері бойынша сукук облигациясы Парсы шығанағы және өзгеде Азия елдерінің экономикасының 20 пайызын құраған. Сукук облигациясына деген сұраныс жылына шамамен 8-10 пайыз өсімді көрсетуде. Әлбетте, бұл көрсеткіштер ғаламдық экономиканың пайызсыз жұмыс істеуге деген ұмтылысын білдіреді.
Мұхан ИСАХАН,
дінтанушы