Әбу Насыр Әл-Фарабидің діни ілімі

Сәрсенбі, 27.11.2021

Әл-Фараби философия мен дінді адамның дүниедегі болмыс тәсілдері ретінде анықтайды. Философия (фәлсәфа) деп әл-Фараби тек даналықты (хиқма), "Жалпы туралы" ғылымды ғана түсінбейді, оны өмір сүру тәсілі, адамды өзінің адами мәнін түсінуіне жеткізіп қана қоймай, осы тәсілдің арқасында сол нағыз мәнге айналдыратын тәсіл ретінде түсінеді. Дінді де ол дүниедегі болмыс тәсілі деп, ақиқат жолға бастайтын тәсіл деп түсінді. 

"Дін - бәрі үшін Ең Бастының жазмышы арқылы алдын ала айкындалған көзқарас пен іс-қимыл Діннің арқасында бәрі өз бойларында үяланған мақсатқа жетеді..." ...Ол сөйтіп, Құдай адам бойына белгілі бір мақсатты ұялатты және өзінің барлық іс-әрекетінін барысында ол оның парасат пен парасатты шығармашылық екенін дәлелдеді деп тұжырымдады. Адам адами мәнді ғылым, философия, поэзия, музыка арқылы іске асырды. Адам мақсатын әл-Фараби Жаратушыдан берілген шығармашылық әрекеттен көрді».Шынтуайтына жүгіентін болсақ ойшыл ұғымын кәміл меңгеру үшін Теология өнерін /Синаат уль-калам/ тану бағытына иек артқан дұрыс, сонда барып діни танымымыз кемелдене түседі. Діни ұғымды тереңдету үшін юриспруденцияның да /фикх/ да рөлі өте зор. Фикхтың бұлтартпайтын көңілге сиярлық дәлелдеріне түсіндірме жасау факихке /заңгер/ жүктеледі.

«Әл-Фараби дін философиядан кейін, ал қалам мен мұсылман құқы діннен кейін пайда болады деп санайды. Философия мен діннің кайсысының екінші пайда болғаны әл-Фараби үшін маңызды болып көрінеді. Кейде дін мен фәлсафаның бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстары бар. Ол жөнінде Әбу Наср діни шарттылықтар философтардың көмегімен зерделенетін ұтымды тұжырымдамалар легі екенін нақтылайды. Дегенмен мутакаллимдер мен мутазилиттер тұжырымдамаларын да қарастырып қойғанымыз дұрыс.

Әл-Фарабидің философиялық жүйесінің негізінде үш басты өзек айқын байқалады: 1/ Дүниенің мәңгілігін мойындау; 2/ Кез-келген құбылысты зерттеуде детерминизм /табиғатта және қоғамда кездесетін оқиға, құбылыстарды, оның ішінде адамның еркі мен мінезінің өзара байланыстылығының себептерін, себептестігінің заңдылығын зерттейтін ілім/ негізіне тұруы; 3/ Жеке адам рухының өлмейтіндігін жоққа шығару туралы қорытынды жасаудың айқын үрдісімен ұштасатын ақыл-ой жөніндегі ілім.

 Бұл – діннің абыройын түсіретін негіздемелер. Алайда, егер біз осы аталған үш пікірмен шектеліп қалатын болсақ, онда бұл ойшылдың ұтымды ойлары бар, бірақ олар қиыспайтын діи-теологиялық қабыққа оранған деп түсінген болар едік. Мәселеге бұл қырынан келу аса дұрыс болмас еді, нақтырақ айтқанда, нақты тарихи тұрпат, көзқарастар жүйесінің тұтастығы жоғалады.

А.Қабылова атап көрсеткендей «Әбу Насыр өзінің "Философияның дінге қатысы" атты еңбегін "Мейірімді, мейірман Аллаһ үшін..." деген сөздермен бастауы да кездейсок емес. Көп жағдайда оның қүран мәтіндеріне назар аударуы, бүл үзінділерді түсіндіруі өзінің түлғалык позициясы мен өзінің түсінуі тұрғысынан және сонымен бірге қүран сөздерін логикалық пайымдау тұрғысынан жүзеге асады. Сол арқылы философ дүниедегінің бәрі түсіндірілуі тиіс екендігін және дүниедегінің бәрін түсіндіруге болатынын көрсетеді. 

Сондықтан Құран мәтініне дүрыс қарап, оны түсініп және түсіндіру керек. Әл-Фарабидің Құран мәтіндерін осылай еркін түсіндіруін оның арабталған түркі болғандықтан (ал Құран исламға дейінгі арабтардың дүниетанымының, олардың мәдениетінің көрінісі болғандығына күмән жоқ), Құранның сакралды катынасына байланып қалмағандығымен немесе оның ақиқатты іздеумен сабақтаскан жеке философиялық ұстанымымен түсіндіруге болады». 

А.Қабылова еңбектерінде атап көрсеткендей нағыз ислам философы ретінде әл-Фараби Мұхамед пайғамбардың миссиясын, оның Алла жөніндегі танымын мойындайды. Аллаға, Періштелерге, Қасиетті кітаптарға, Пайғамбарларға, Ақыр заман күніне, тағдырға сену сияқты Ислам ілімінің барлық алты белгісі әл-Фараби трактаттарында тура болмаса да өзінше бір ерекше түрде түйінделген.

Әл-Фараби Қайырымды қалада періштелер жөніндегі ислам ілімінің барлық жағын қарастыруға тырысады. Абу Наср трактаттарында Періштенің аян болуы мен елестеуі туралы бөлім бар. Бұл жерде философ әрекет етуші интеллект бейнесін өңдеуге қабілетті қиялдағы күштер әрекетін қарастырады. Исламның негізгі үшінші бөлімі Қасиетті кітаптарға сенімді, әл-Фараби арнайы бөліп алып қарастырмайды, дегенмен осы бағыт төңірегінде жалпылама тұтас түсінік бар.

Пайғамбарларға сенім немесе исламның төртінші бөлімі әл-Фарабидің әділетті әкім туралы тұжырымдамасында жарқын көрініске ие. Сенімнің төртінші тармағы бойынша мұсылман барлық пайғамбарлардың ақиқаттығына сену керек. Құранда –Адам, Ыдырыс, Нух, Худ, Салих, Ибраһим, Лут, Ысмаил, Жақып, Жүсіп, Аййюб, Шуэйб, Мұса, Харун, Зуль-Кифль, Дәуід, Сүлеймен, Ілияс, Зәкәрия, Яхья, Иса, Мұхаммед сияқты есімдер айтылады. Құранда дінге сенушілердің атасы – Авраам және ол мұсылман деп көрсетіледі. 

Өйтені ол бір құдайға сенуді үндеген алғашқы адам. Авраам пұтқа табынуды жоққа шығарған, сол себепті оны ханиф деген атаумен байланыстырамыз. Исус Христос есімін де Құранның талай бетінен кездестіреміз. Алайда Мұхаммедтің өзі христиандық пен исламның айырмашылығын баса айтады. Хадисте Мұхаммед пайғамбардың: «Мені Исус Христос /Мәриамның ұлы/ сияқты мадақтамаңдар, өйткені мен – құдайдың құлымын; мені Құдайдың құлы немесе Алланың елшісі деп атаңдар», деген сөздері сақталған. 

Құран сүрелерінде көрстілген пайғамбарлар жөніндегі ілім монотеистік діндердің сабақтастығын ғана айтып қоймайды, адамзаттың шығу тегінің бір екендігі идеясына алып келеді. Абу Наср ханиф, елші деген сөздерді қолданбайды, бірақ имам, пайғамбар түсініктерін жиі пайдаланады. Сонымен бірге Қайырымда қала, Бақытқа қол жеткізу еңбектерінде пайғамбарлық жөніндегі мәселелерді алға тартады.

Сенімнің бесінші тармағы Ақыр заман күніне илану Абу Насрде өзінше бір келбетте көрінеді. Жалпы Ақыр заман жөніндегі ілім Құранда жазылған мінез-құлық нормаларымен байланысты. «Оның қашан болатыны жайлы білім тек қана Раббымның жанында ғана. Оның уақытын Одан басқа ешкім білдіре алмайды» (Ағраф сүресі). Бұл туралы ұғымын Әл-Фараби өзінің Қайырымды қаласында өлгеннен кейін қайырымды қала тұрғындарының жандары бір-бірімен қауышады, ал адасқан және надан қала тұрғындарының жаны өлген соң ыдырап, ажырап кетеді деген идеяны ұстанғанда айқындайды.

 Сенімнің бесінші бөліміне байланысты тәртіптің діни және мінез-құлықтық ережелері әл-Фарабидің барлық философиялық саяси трактаттарында дәлелденген. Сонымен бірге хадистердегі мумин түсінігіне Әбу Насрдың Қайырымды адам бейнесі өте жақын. Сенімнің алтынша белгісі – Тағдырға немесе қайырымдылық пен қатігездіктің Алла бұйырған шарттылығына сену. 

Ол жөнінде « араларыңда өлімді біз белгілеп, тағайындадық...» (Уақиға сүресі) деген Құран сүрелері бәрімізге мәлім. Осы орайда Мұхаммед пайғамбар өлгенді жоқтауды айыптайды. Ұлы ойшыл теологиялық пайымға тән дәлдіктен алшақтай отырып, Даналық негіздерінде Қасиетті кітаптан алынған Жайдан-жай бір тал жапырақ та ағаштан түспейді /2, 2/ деген мысал келтіреді.

Ислам ілімі мен Фараби мұралары төркіндес болып келеді. Діннің адамзат баласының ақыл-ойын жаулап алғанына қарамастан, уақыт жағынан алып қарастырғанда, ол философиядан кеш туындағанына көз жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, діннің көмегімен халықты ағартушылық, яғни білім жолына сала отырып, саналық және тәжірибелік заттарды да үнемі іздестіруге мүмкіндік аламыз.

***

1. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар.

Алматы,1973

2. Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар.

Алматы, 1975

3. Қабылова А.С. Әл-Фараби және араб-мұсылман

философиясы. Алматы, 2004.

4. Қабылова А.С. Әл-Фараби философиясындағы

мәдениеттер синтезі. –автореферат. Алматы, 1999.

                                                                                                                               А.А. Төлеубаева

 

Оқылды 2757 рет
Жауап берген:
JoomShaper
Top