Сәләфилер неге бөлінді?
Соңғы жылдары елімізде дәстүрлі емес көптеген діни ағымдар мен секталар жауыннан кейінгі қаулап өскен оттай қаптап кетті. Олардың басым көпшілігі Ислам атын жамылған және протестанттық прозелитистік ағымдар десек қателеспейміз. Еліміздің рухани тұтастығын сақтағымыз келсе, осы ағымдардың канондық-доктриналық һәм агитациялық ерекшеліктерін екшеудің өте өзекті мәселе екені түйсігі ояу адам үшін түсінікті жәйт. Олай болса, біз бүгінгі зерттеуімізде Хақ діннің атын жамылған – «Сурурия» ағымының діни ұстанымын жан-жақты саралаудан өткізбекшіміз.
Тегінде, зерделеп қарайтын болсақ, кез-келген діннің өз ішінен түрлі ағымдарға бөлінгенін бажайлаймыз. Адам табиғатындағы еркін ой айту қасиетін қаперге алсақ, бұл құбылыс біржағынан заңды. Осы себептен де Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жәннәтқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», - деп ескерткен болатын. Осы тұста екі дүниеміз үшін аса мән беретін жәйт; сахабалардың бірі: «Уа Алланың Елшісі! Жәннәтқа баратын топ қайсысы?» - деп сұрағанда, Пайғамбарлар падишасы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің және сахабаларымның жүрген жолымен жүргендер», - деп жауап берген еді (Әбу Дәуіт, Суннат 1; Ибн Мажа, Фитан 17).
Шынтуайтында, Әнас ибн Маликтен жеткен басқа бір хадистегі: «Шын мәнінде, үмбетім адасушылыққа бас қоспайды (бірікпейді), егер қарама-қайшылықтарды көрсеңіздер (душар борлсаңыздар), міндетті түрде үлкен топқа (көпшілікке) қосылыңдар!» (Ибн Абу Асым «Әс-суннә») деген өсиеті бүгінгі күнде сунниттердің 87,2 пайызын құрайтын «Матуридилік» пен «Ашғарилік» мектебін ұстанатын сүнниттерді (Әһли сүннет уәл-жамағат) меңзеген.
Тарихқа зер салар болсақ, дәстүрлі Ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың көпшілігі уақыт көшіне ере алмай жойылып кеткенімен, идеологиялық сарқыншақтары сақталып қалды. Оның дәлелі - теріс пиғылды ағымдар – дәстүрлі Ислам доктринасына, ұлттық ауызбіршілігімізге сұрқиялықпен сына қаққысы келіп, қоғамда бүлік тудыруда. Сондай адастырушы топтың бірі сәлафизм ағымының бір тармағы – Сурурия ағымы.
Суруриттер – Салафилердің ішіндегі саяси, идеологиялық ағым. Оның негізін қалаған Мухаммад ас-Сурур Зейнул-Абидин. Ол Сирияның Харран қаласында дүниеге келген. Мухаммад Сурур бұрын «Ихуан әл-Муслимин» (мұсылман бауырлар) ұйымының ресми тұлғасы болған. Кейіннен ол ұйымнан шығып, өзінің саяси көзқарастарын Сауд арабиясында таратқан. Сауд Арабиясы патшалығында әскер қатарында офицерлік лауазымда болып, сондай-ақ «Имам» Ислам университетінде ұстаздық қызметтерін атқарған. Кейіннен Мухаммад Сурур Сауд Арабия билігін күпірлікке шығарып, араб елдерінен қашып, Ұлыбританиядан пана тапқан болатын.
Суруриліктің идеологиясын Сәләфизим мен Ихуанизмнің (жиһадизм) қосындысы десек болады. Оның негізі Ибн Таймия (XVI ғ.) мен Ихуаншылардың көсемі Сайд Құтыбтан (XX ғ.) бастау алған. Біріншісінен сәләфилік теріс ақиданың, соңғысынан саяси басқару, көтеріліс ұйымдастыру тәсілдерін алған. Дегенмен, оның діни концепциясы «Ихуан әл-Муслимин» ұйымынан да, соқыр сеніммен ере беретін Сәлафилік бағытынан біршама өзгеше. Суруриттердің басқа Сәлафилерден айырмашылығы олар мемлекет басшысының саясатына немесе ел басқару жүйесіне араласады. Бұл тұрғыда олар мемлекет басқаратын патша Суруриттік ағым өкілі болуын, кәпір елдермен ынтымақтастық қарым-қатынас құрмауды талап етеді.
Сарапшылардың тұжырымы бойынша – Суруриттердің діни дайындығынан өткен адамның радикалданып, заңды билікке, басқа дін өкілдеріне, зайырлы азаматтарға қатысты шектен тыс төзімсіздік танытып, өзінің саяси мақсатына жету үшін кез келген тәсілді қолданатынын, соның ішінде қарулы қақтығысқа да баратынын айтады.
Суруриттердің негізгі идеологтары ретінде Насыр әл-Омар, Сулайман әл-Ауда және Аид әл-Қарниды жатқызуға болады.
Демек, Суруриттердің бағытына сараптамалық талдау жасай отырып – «Ихуан әл-Муслимин» саяси теріс ағымының идеологиялық тұғырларын негізге алатын және «Сәлафизм» ағымының бір тармағы деп танымдық анықтама берсек те болады.
Бүгінгі күні «Суруриттерге» қатысты отандас шариғаттанушы-дінтанушы мамандар діни тұрғыда жан-жақты талдап, сараптама жасаған отандас шариғаттанушы-дінтанушы мамандар жоқтың қасы. Десе де, суруриттерден келетін қауіпті сезген мамандар жоқ емес. Солардың бірі заңгер-дінтанушы Мұхан Исахан суруриттер хақында былай дейді: «Жоғары саяси ұйымға айналғаннан кейін уаһабшылдық ілім Араб түбегінен шығып, өзге мұсылман мемлекеттерінің кеңістігіне де жылыстай бастады. Егемендіктен кейін сыртқа есік ашылған сәтте Сауд-Арабиясына барып діни білім алған жастар елге оралғаннан соң Қазақтанда уахапшылдықтың кең өріс алуына қызу жұмыс жасады. Бұл кезде уахапшылдық ілім елімізге Сурурия және Мадхалия тармағымен тарала бастады. Задында, бұл діни тармақтар Сауд Арабиясында 1990 жылдары пайда болды. Олардың тарих сахнасына шығуының себебі, тоқсаныншы жылдары Ирак билеушісі Саддам Хусейн Кувейтті окупациялағаннан кейін, Сауд Арабиясы Бағдаттың әскери әрекетінен қауіптеніп, АҚШ-пен ауыз жаласты. Яғни, Ирак Хизаж аймағына әскери шапқыншылық жасар болса, АҚШ Саудияны қорғайтын болып келісім жасалды. Осының нәтижесінде қасиетті Қағбаны иелік еткен ел Протестанттық алпауыт мемлекетке (АҚШ) протекторат (бір мемлекеттің әскери қорғауында болу) ретінде бағынышты болды. Саудия үкіметінің бұл шешіміне наразы болған Ахмет (Мұхаммед) Сурури бастаған діни азшылық топ король билігін «кәпірге» шығарды. Олардың пайымынша, мұсылман мемлекеті өзге дін өкілдерімен ауыз жаласпай, өзіндік мұсылмандық мүддені қорғауға тиісті-тін. Ал, биліктің саясатын жақтаған Мұхаммед Мадхали бастаған топ Сурурияның ұстанымын терістеді. Тіпті, Албани секілді Мадхалия өкілдері Сурурияны «Үмбеттің Хауариждері» деп атады» (Ислам және өркениет, №5. 11-20 ақпан 2014 ж.).
Расында, салафизм көсемдерінің суруриттерді «Хауариждер» деп сипаттағанымен, айыптаушы тараптың өзі де сенім тұғырлары мен мәзһаб мойындамауларымен аталмыш сипаттан ешқандай да ерекшелігі көрінбейді. Өйткені мадхализм мен суруризмнің салафилік бағыттары – дәстүрлі исламның (Әһлі сүннет) қағидаттары мен алғышарттарына қайшы келеді. Аталмыш топтардың ерекшеліктерінің қатарына – ақида негіздерін бұрмалап, оның ішінде «Таухид» ілімін үшке бөліп қарастыруын, сондай-ақ Алла Тағаланың затында антропоморфизмдік, яғни, Алланың физикалық дене бітімі бар деп ұйғару мен Құран аяттарының астарлы мағыналарын (тәуил) теріске шығару идеяларын жатқызуға болады. Олардың басты ерекшелігі – Ислам ғұламаларына тіл тигізіп, мәзһаб ұстануға қарсылық танытып, өздерінің санаулы көсемдеріне ғана бағыну болып табылады. Қазіргі таңда үмбеттің жанашырларының ыждағаттықтары нәтижесінде аталмыш топтар барынша «Концпирация» тәсілін жүзеге асыруда. Демек, Сурурия ағымы өздерінің жансақ пікірлерін тарату мақсатында жасырын әрекет тәсілін қолдануда. Осы орайда М.Исахан: «Олар Қазақ қоғамына сыйымды болуы үшін әзірге орсақ тістерін көрсетпей, шынайы құбыжық бейнесін қашан асыл мұраттарына иек артқанға дейін жасыра тұруды жөн санады. Сөйтіп, уахапшылдар «қалыпты салафиттер» деген ғылыми негізсіз, жалаң тұжырыммен жұмыс жасауға көшті. Сурурия тармағының бұл әдіс-айласы теология ғылымында «тақия» (жасырыну) деп аталады. Яғни, олардың бұл әдісінен елімізде уахапшылдықтың «Тақияшылар» атты тармағы ортаға шықты. Ішкі ындыны айпарадай анық көрінбегенімен, осы тақияшылар уахапшылардың ішіндегі ең қауіпті тармағы саналады. Өйткені, тақияшылар қалың бұқараның қамын жеген болып көрініп, көпшіліктің сеніміне кіріп, ыңғайы келгенде сол ұлттың бай-мәдениетінің жаназасын шығаруға құмбыл тұрады» (Ислам және өркениет, №5. 11-20 ақпан 2014 ж.), - деп аталмыш ағымның концпирациясын ашып көрсеткен-ді.
Сурурия ағымының өкілдері ақидада негізінен Ибн Таймияның концепцияларына арқа сүйейді. Ибн Таймия – 661/1263 жылы солтүстік Сириядағы Харранда дүниеге келген. Салафизм ағымының негізін қалаушы. Ислам ғұламаларының қағидаларына қайшы келіп, дін негіздеріне «Таухид» ілімін үшке бөлуді негіздеп, Құран Кәрімдегі «Мүтәшабиһ» аяттарды тікелей мағынасында қабылдаған. Алайда, бұл негіздерді Ислам ғұламалары бірауыздан теріске шығарғандығы мұқым мұсылман әлеміне мәлім.
Яғни, Уаһапшылар – Суруриттер, Мадхалиттер және Такфир жамағаттарының ақида (сенім тұрғысынан) негізі бір болғанымен, діни ұстанымдары мен көзқарастары әртүрлі.
Бұлардың әрқайсынына жеке тоқтала кеткеніміз жөн болар. Суруриттердің ақида тұрғысындағы көзқарастары қалған екі топтың ұстанымымен бірдей. Бірақ, Исламды жеткізу мен түсінудегі пікірлері қарама-қайшы келеді. Міне, осы келіспеушілік уаһапшылардың өз ішінде бөлінулерінің басты айғағы да осы. Ал қазіргі таңда өздерінің теріс пиғылды пікірлерін тарату істерімен қарқынды жұмыс жасап отырған ағым – Мадхалиттер. Десек те, олар өздерін мадхалиттер деп атауға қарсы, себебі өздерін Рабиғ әл-Мадхалидің шәкірттері емеспіз деп ақтайды. Сондықтан да, өздеріне тағылған бұл атауды негізсіз деп жоққа шығарады. Бірақ, олардың мойындайтын көсемдерінің барлығы дерлік – Рабиғ әл-Мадхалидің ұстанымын жақтайды. Мадхалиттер алғашқы уаһапшыларға қарағанда азда болса жұмсақтық танытады. Сондай-ақ, үлкен күнә жасағандарды кәпір санағанын ашық жарияламай, мәзһабқа еруді адасқандар санатына теңейді. Дегенен, қаншама Ислам ғұламаларын жаттап, мәзһабты мойындамағанымен өздерінің мәзһаб құрып алғандарынан хабарлары жоқ. Ал ақида сенім жүйесінің негізін қалаған Сүннет жұрты мен жамағатының әлемге әйгілі – Имам Әбу Мансур әл-Матуриди және Имам әл-Ашғари сынды ғұламаларының ақиқат сенім тұғырларын жоққа шығарғанымен қоймай, оларға адасқан философтар деген сынды жала жабуларынан бас тартар емес. Бұл ғайбат емес, ақиқат. Қазіргі таңда ағымдардың айналары ашылып жатыр. Сондықтан да сурурия ағымы – ихуандық бағытының қазіргі таңда салафия жамылғысын жамылған айла-тәсілдері қоғамдағы аса қатерлі жайттардан болып табылады. Өйткені іштегі дүниесін өзара бөлісіп, күндізгі сырттай әңгімелері бөлек болмақ. Ал мұндай теріс сенімдегі ағымдардың қоғам бірлігі мен ынтымағына, өсіп-өркендеуіне зиян тигізері сөзсіз.
Алла еліміздің іргесін аман етіп, халқымызға ауызбіршілік, бейбіт өмір сыйлағай!
Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, теолог, (Ph.D) доктор