"Алматы қаласындағы "Орбита" мешітінің бас имамы Асан Тілеубердиевтің игі бастамасымен шаһардағы №63 бағыт бойынша қатынайтын автобуста Рамазан айының құрметіне жолаушылар үшін тегін жүру акциясы өтті" деп хабарлайды аталған мешіттің баспасөз қызметі. Дін жанашырларының демеушілігімен өткен ізгі шарада қоғамдық көлік бір күн бойы тұрғындарды тегін тасыды. Бұдан әсерленген өзге ұлт өкілдері мешіт ұжымына алғыс-тілектерін жеткізді. "Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Рамазан айының қарсаңында халыққа жолдаған Үндеуінде қайырымдылық акцияларын көбірек ұйымдастыру қажеттігін қаперге салған болатын. Осыған орай, өткен жылғы дәстүр бойынша қалада ең көп аумақты қамтитын және тоқтаусыз жүретін №63 маршрутты таңдап, тегін жүру акциясын ұйымдастырдық" деген "Орбита" мешітінің бас имамы Асан Тілеубердиев осынау іске демеушілік танытқан азаматтарға Алладан разылық тіледі.
E-islam.kz