Қағба көлеңкесінен айырылған күн 3

Бейсенбі, 25.09.2021

Бұл мақала ақырзаман туралы емес!!! Қажылық маусымында күн Мекке аймағы үшін тас төбеде тұратын мерзім. Күн сәулесі тіке түскеннен кейін, қағбаның көлеңкесі жерге түспейді. Осынау ғажайыпты көзбен көргеннің арманы бар ма? Иә, бірер күннен соң, дәулеті жеткен мұсылманға парыз болып бекітілген ұлы құлшылық қажылық басталады. 4 миллионнан астам адам қасиетті Мекке шаһарына жиналып, бір мезетте Алладан тыныштық, екі өмірдің бақытын сұрасады. Осы ұлық маусымның қарсаңында "Е-Ислам" сайтының журналисі Нұрбек Бекбау арнайы мақалалар сериясын дайындады. Қасиетті қалада бастан өткерген оқиғаларымен бөліседі ол. Алғаш рет қажылық жасаушы адамның көп ұшырасатын қиындықтары мен қызықтарын теріпті. Мақала еріксіз езу тартқызатын сатира стилінде, жатық тілде жазылған. Күле отырып, ойландыратын, моральға толы мақала қысқасы.  Оқыңыз, мархабат!.. Кеше, бүрсігүні жарияланғандарды  да оқыңыз...

Меккедегі үшінші күн

       (Қаланы қоқыстан тазартуға Құдай көмектеседі)

 

Әл-харам мешітіне жаяу бармаққа бекіндім. Ондағы ойым – Меккені тамашалау. Бұл мекенді енді қайта көру бақыты бұйыра ма, жоқ па? Бір Аллаға мәлім. Сондықтан, шаһар һәм оның жұрты жадымда қалсын деп аралауға бекіндім. Қала керемет. Қайда қарайын, мейірлене күліп тұрған жұрт. «Ассалаумағалейкум», - деп бас изеп қояды. Көңілім аспанда. Осылай қалықтап келе жатқан көңілім, бір сәтте жермен-жексен болды. Көз алдымда бір кісі ішіндегісін сіміре ішті де, қалбырды көшеге лақтыра салды. Түкіріп қояды тағы.

-                     Әй, қажы, - деп айқайлап жүріп әлгі адамға жетіп ап, құтысын қолына бердім.

-                     Қасиетті қаланы былғауға, қоқыс тастауға қалай дәтің барады, - деймін әлгі жерде. Түсінбеді. Енді ше, мен оған қазақша сөйледім ғой. Десе де, қалбырды қолына ұстаған күйі кете барды.

Жанымдағы жол көрсетуші араб досыма, мынау кісінің бұл ісіне разы еместігімді жеткіздім. Ол: Меккеге қажылық маусымында 4-5 миллион халық келеді. Олардың ішінде аса мәдениеттісі де бар, әдебі шамалы, қарадүрсіндері де көп. Жаныңды ауыртатыны, әлгі адам секілділері көпшілікті құрайды. Олар жылдар бойы армандайды. Алла тілегін береді. Келеді. 2 аптадай болады, кетеді. Ал артынан таудай-таудай қоқыс қалады,-деді.

Расымен де. Айналама қарасам, үйілген қоқыс. Бойымды үрей биледі. Осыншама көп қоқысты Сауд елі 1-2 жылда тазалап үлгермейтін сияқты. Сұмдық көп. Сосын сұрадым:

- Таудан да көп қоқысты қайтіп тазалайсыңдар,-деп.

- Құдай көмектеседі.

Күліп жібердім. Мынауың орынсыз әзіл. Мейлі діни, дүнияуи нәрселерге Алла көмек береді ғой. Бірақ, қаланы қоқыстан тазартуға Құдайды араластырғаның не? - деймін ғой баяғы.

Ол жүзін өзгертпеген күйі, тағы қайталады, «құдай көмектеседі» дегенді. Қажылық аяқталғанда, өзің де куә боласың, - деп арқамнан қақты.

Қажылық аяқталды. Қағбамен қоштасу тәуабын жасап жатырмыз. Қолымды көкке жайып, дұға қайырып келемін. Бет-жүзім су болып кетті. Жоқ, көз жасым емес еді бұл. Көктен жаңбыр себелеп бастапты. Бір уақытта, нөсерлетті дейсің. Соңғы айналымды белуардан су кешіп жүріп тәмамдадық.

Әл-харам мешітінен де шықтық. Міне керемет. Мынау сел-жаңбыр, қаланы тазалап жатыр. Рас айтам. Көшелердегі тау болып үйіліп қалған қоқыстарды жаңбыр суы көтеріп ап, шахардың сыртына қарай ағызып әкетіп барады... 

Таңғалып тұрғанда, артымнан әлгі араб бауырым келді. Айттым ғой саған. Алла көмектеседі деп. Енді сендің бе? - дейді.

Мен басымды изей бердім...

PS: Меккедегі алғашқы күн: http://e-islam.kz/islam/ishki-kategoriyalar/islam-negizderi/qajylyq/item/3473-ka-ba-kole-kesinen-ajyryl-an-k-n

Меккедегі екінші күн: http://e-islam.kz/islam/ishki-kategoriyalar/islam-negizderi/qajylyq/item/3518-ka-ba-kole-kesinen-ajyryl-an-k-n

Нұрбек Бекбау

 

 

 

 

Оқылды 835 рет
JoomShaper
Top