Ханафи мазхабы және оның басты ерекшеліктері

Бейсенбі, 19.09.2021
Ханафи мазхабы және оның басты ерекшеліктері

Біз мазхабымыздың не екеніне үңіле алмай жүргенде мазхабсыз мазхабтар – салафилер, уахабилер, таймияшылдар – өзінің ақидасын (діни сенім жүйесін) жастарымыздың санасына егіп үлгерген.

Біз қазақтар мазхабымыз ханафи дейміз. Бірақ бұл қандай мазхаб? Басқа мазхабтардан қандай артықшылығымен ерекшеленеді? Жалпы мазхаб деген не? Мазхабтың дін және ұлт тарихындағы орны не? Жалпы мазхаб керек пе? – деген сияқты сұрақтарды жауаптандырмастан, ақыл-ой таразысына салып, мәніне үңілместен қабылдай саламыз. Қазіргі жаханданған заманда дәстүрлі емес діни ағымдар мен таным өкілдері, қоғамның діни сауатының төмендігін пайдаланып, өздерінің сенімі мен діндерін насихаттап жатыр.

Олардың дінінің негізгі идеясы мен ұстанымдарын қабылдау немесе тану үшін, ең қарапайым әдіс салыстыру керек болса, бізде ол да жоқ. Себебі, дінімізді білмейміз. Өз дінімізді білмей тұрып оны басқа дінмен қалай салыстырамыз. Біз мазхабымыздың не екеніне үңіле алмай жүргенде мазхабсыз мазхабтар – салафилер, уахабилер, таймияшылдар – өзінің ақидасын (діни сенім жүйесін) жастарымыздың санасына егіп үлгерген. Ал жастар біздікі, ақидасы бөлек, танымы бөтен, іштен шыққан жік болып дәстүрлі емес ағымдар ат ойнатып отыр. Нәтижеде отбасы, қоғам, мемлекет ішінде идеялық, танымдық, діни, психологиялық жаттану процесі жүріп жатыр. Бұл мәселенің бір жағы. Сондықтан жоғарыдағы сұрақтарға қайта оралғанымыз абзал. Сонымен ханафи мазхабы туралы не білеміз.

Әбу Ханифа 699 жылы (х.80) Куфада туды. Әке жолымен мата саудасымен айналысты, бір жағынан терең ислами білім алды. Калам, фикх, қырағат салалары бойынша білімін жетілдірді. Кейіннен ұстазының орнын басып, мектепте 30 жыл ұстаздық етті. Ирак, Хорасан, Түркістан, Йеман, Арабстаннан келген шәкірттері 4000-нан асатын. Өмірінің 52 жылы Омайадтар, ал 18 жылы да Аббасилер билік құрған тұсқа сай келді. Омайа әулетіне қарсы Аббасилерді жақтады, ал екеуіне қарсы да хз.Али әулетін жақтады. Мысалы, Омайа әулетінің соңғы билеушісі Маруан бин Мұхаммедтің Ирактағы әкімі Йазид бин Омар бин Хубайраның қазылық және қазына басшысы қызметінен бас тартып, зынданға жабылды. Одан шығып Меккеге кетті. Аббасилер билік басына келгенде (759) Мансұр дәуірінде Куфаға қайта оралды. Ол жерде Аббаси әулеті мен Хз.Али әулеті арасында тақталаста Хз.Алиді жақтағандықтан және қазылықтан бас тартқандықтан зынданға атылды. Ауыр соққы жеп, уланып өлді. Кей деректерде зынданнан шыққан соң дәріс оқудан, халықпен байланысуға тиым салынып, х.150 (767) жылы үйінде қайтыс болады.

Әбу Ханифа сахабалардан дәріс алғандықтан «табиғин» мәртебесінде танылды. Оның Әбу Ханифа лақабы туралы нақты мәлімет жоқ. Ханифа атты ұлы да жоқ. Ибн Хажар ал-Хайсами, ол үнемі қолына дәуіт ұстап жүретіндіктен оған «Әбу Ханифа» делінді [1] – дейді.

Пайғамбардан кейін пайда болған қайшылықтар мен мәселелерді шешу үшін атақты ислам ғалымдарының шешімдеріне қажеттіліктер туды. Ешкім өз үкімдерін қағазға түсірмеген еді. Алғашқы болып исламға қатысты фиқхтық үкімдерді Әбу Ханифа өзінің «Фиқх әл-акбар» атты еңбегінде түсіндірді. Негізінен бұл еңбек қалам, ақидаға арналып жазылған. Осы еңбекке 15-тен астам түсіндірме (шарх) жазылған. Мысалы, соның бірі «Али ал-Қаридың (1605) жазған «ал-Манхаж-ул Азхар» атты еңбегі, 1900 ж. Ташкентте қайта басылған. Сол дәуірде исламда шыққан алғашқы мәселелердің бірі көсем-басшы төңірегінде болды. Яғни төрт халифаның бірінің бірінен ұлық болғандығының немесе халифалық дәрежеге ие емес деген пікірлердің төңірегінде болды. Одан кейінгі мәселе Құранның, Пайғамбардың сүннеттерінің кейінгі мұсылмандар тарапынан қолданылып, қолданылмауы мәселесі еді. Одан кейінгі тағы бір мәселе Шиа мазхабының көзқарастары болды. Яғни олардың сахабаларды күнәкар деп есептеуі, алғашқы үш көсем халифаларды кәпір деп ойлауы секілді тұжырымдары. Бұдан басқа да харижиттер және мутазила секілді мазхабтардың көзқарастары исламның тоқырауына себеп болды. Әбу Ханифаның «Фиқх әл-Әкбар» еңбегінде жоғарыда айтылған мәселелер қарастырылды. Бұл еңбектегі тұжырымдар көптеген мұсылмандар тарапынан қолдау тапты.

Ұстазы Хаммад бин Әби Сулейман ал-Куфи, алғаш фиқх мектебінде «рай» методын ұстанған ғұлама. Әбу Шибли Алкама бин Абдуллаһ ал-Куфи де Ибн Масғұдтың шәкірті, Әбу ханифаның ұстаздарының бірі. Алкама Ибн Масғұдтан басқа, Хз.Омар, Осман, Али, Айша, Салтан ал-Фариси, Әбу-д Дарда, Хузайра, ал-Ашари сияқты сахабалардан хадис жаттаған тұлға [2].

Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит бин Фаруқ – ханафи ағымының негізін қалаған, имам (тұлға) ретінде ислам тарихында фиқх (құқық) мектебінің қалыптасуындағы қызметімен әйгілі [3]. Әбу Ханифа жастайынан Құран, хадис, өлең, әдебиет, философияға зейін қойып, калам және хитаба (риторика) ілімдерін меңгерген. Әбу Ханифа туралы деректерде оның уақытының көпшілігін пікір таласпен өткізетіні айтылады. Кейде харижиттердің ибадия, суфрия, харижия секілді ағымдары өкілдерімен әрдайым тартысатын. Әбу Ханифаның мұншалықты тартыс, пікірталастың ішінде болуы, оның логика және философия ілімін жақсы меңгергендігін білдіреді. Ол кейінірек исламдағы құқықтық (фиқх) мәселелер төңірегінде ақыл мен логиканы керемет қолдана отарып тамаша тұжырымдар жасаған. Әбу Ханифа фиқһтық мәселелерді зерттеумен шұғылданып, фиқһтық ұстанымдар бойынша уағыздар айтып үкімдер шығаратын болған. Оның қалыптастырған фиқхтық мазхабы ислам әлемінде қабылданып, қазіргі таңда да миллиондаған адамдар осы мазхаб бойынша өмір сүруде.

Әбу ханифаның мазхабы негізінен оның көзқарасы мен ижтихадына сүйенетін сунни ағым. Бүгін мұсылмандардың жартысынан көбі осы мазхабқа қарайды. Бұл мазхаб Куфада пайда болып, Бағдадта орталығы қалыптасты. Ирактан Сирияға, Мысырға, Османлыға, Мавараннахрға, Дешті Қыпшаққа, Қытай мен Үндістанға тарады. Әбу Ханифаның ең үлкен шәкірті Әбу Юсуфтың Халифа Харун Рашид дәуірінде бас қазы болды, бұл мазхабтың ресми және кең тарауына ықпал етті. Осы дәуірде барлық қазылар Әбу Юсуф арқылы тағайындалды. Ханафи ағымының ғұламалары бұл мазхабтың артықшылығы мен ерекшеліктерін таныстыруда, насихаттауда жанқиярлықпен қызмет көрсетті. Бұл да мазхабтың кең тарауына ықпал еткен бірден бір себептің басында келеді.

Ханафи мазхабы бойынша дінді жоққа шығармайынша қандай адам болса да және қандай ауыр күнә істесе де, ол адамды кәпір дей алмаймыз. Ол адам бәрібір мұсылман қатарына жатады. Бұл мәселеге қатысты Әбу Ханифаның басынан өткен оқиғасы бар. Бір күні харижиттер Әбу Ханифаға келіп: «Мешіттің алдында екі жаназасы оқылатын адамдар тұр. Олардың бірі арақ ішіп өлген. Ал екіншісі әйел адам. Ол әйел зина жасап жүкті болып, масқараланып өлген. Бұлар қандай жамағатқа кіреді, яхудилерге ме? – деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа «Жоқ» деп жауап береді». Харижилер: христиан немесе мажуси емес па? деп сұрайды. Әбу Ханифа: «Жоқ», деп жауап береді. Харижилер: «Онда қай жамағатқа жатады?» Әбу Ханифа: «Ислам заңдылықтарын таныған жамағатқа жатады», – деп жауап береді. Сонда харижилер: «Олай болса олардың имандары қаншалықты дәрежеде? Үштен бірі ме немесе төрттен бірі ме? – деп сұрайды». Әбу Ханифа: «иманның үштен бірі немесе төрттен бірі деген нәрсе жоқ, иман толық болады» деп жауап береді.

 Сонда харижилер: «Олар қайда барады? Жұмаққа ма, әлде тозаққа ма?» деп сұрады». Сонда Әбу Ханифа: «Егер маған мұндай сұрақ қойсаңдар мен Ибрахимнің айтқан сөздерін айтамын. Оның сөздері: Я, Раббым, кімде-кім менің жолымда жүрсе, олар менен, ал кімде-кім маған қарсы шықса, күдіксіз сен қайырымды әрі мейірімдісің. Немесе Исаның айтқан сөздерін айтамын. Исаның сөздері: Ей, Раббым, егер сен оларға азап берсең олар сенің құлдарың: ал егер оларды кешірсең күдіксіз сен ұлысың әрі құдіреттісің». Яғни Әбу Ханифаның айтпақ болғаны кімнің тозаққа, кімнің жұмаққа баратынын тек бір Алла ғана біледі деген сөз. Харижилер бұл жауапты естіп, өз қателерін мойындап кеткен екен.

Пасық (үлкен күнә істеген) болса да, ізгілікті болса да қандайда да бір мұсылманның арқасынан ұйып намаз оқуға болады.

Күнәлі істер мүминге зиян бермейді деп айта алмаймыз. Бірақ күнәкар адамның мәңгі-бақи тозақта қалатынын немесе мүлдем тозаққа бармайтынын да айта алмаймыз. Яғни ешбір адамның жұмақ немесе тозаққа баратынын нақты айта алмаймыз. Біз тек оның жасаған әрекеттеріне қарай отырып, жобалап қана айта аламыз. Ислам дінінде амалдар ниетке байланысты. Әрбір адамның ниеті қандай екенін тек Алла ғана біледі.

Осылай айта отырып Әбу Ханифа муржия, харижия және мутазила мазхабтарының көзқарастарының орта жолын ұстанған.

Әбу Ханифа өзінің үкім шығару тәсілін былай түсіндіреді: «Ең бірінші Құраннан үкім көрсем соны аламын. Құраннан таппасам Пайғамбардың хадистері мен сүннеттеріне қараймын. Пайғамбардың сүннеттерінен таппасам, сахабалармен бірлесе отырып ортақ келісімдермен шығарған үкімдерін аламын. Олардың арасында тартыс болған немесе біреулері келісіп, олардың арасынан жөн көргенімді қабылдап, жөн көрмегендерімді теріске шығарамын».

Рашид халифалар дәуірінен кейін ислам әлемі дүние жүзіне таралып көптеген елдер ислам дінін қабылдаған болатын. Ол елдердің әрқайсысының өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары болған. Бұлардың ішінде исламға қайшы келетіндері де келмейтіндері де болды. Сондықтан бұларға ислам діні үкім шығаруға мәжбүр болды. Яғни үкімді әрбір елдің салт-дәстүріне және күнделікті әрекеттеріне сай етіп шығару керек болды. Бірақ ислам әлемі барлық елдердің дәстүріне сай етіп үкім шығару қабілетін ие емес еді.

Мұндай кемшілікті халифадан бастап барлық басшылар мен сот өкілдері біліп отырды. Бірақ ислам ғалымдары мен ислам құқықшыларының күнделікті шығып отырған мәселелерге күнделікті үкім шығаруы өте қиын соқты. Әбу Ханифа да халықтың сондай жағдайда екендігінен хабардар еді. Ол өзінің фиқхтық мектебінде жоғарыда аталған мәселелерді шеше алатын шәкірттерді тәрбиеледі. Ол өз шәкірттеріне жан-жақты білім берді. Шәкірттерінің әрқайсысы түрлі салаларды меңгерді.

Әбу Ханифа болашақта пайда болатын мәселелерге шешім табылсын деп мәдениет, жаза құқығы,  куәгерлік, экономика, үйлену, ажырасу, мұрагерлік, жеке құқық және ғибадаттар туралы үкімдер шығарып кітапқа түсірген.

Атақты ислам құқықшысы Яхия бин Адам Әбу Ханифаның шығарған үкімдерінің қасында кез келген ислам құқықшысының үкімдері өз маңызын жоғалтатынын айтқан [4].

Барлық адамдар Әбу Ханифаның үкімдері мен тұжырымдарын қолдаған. Кейіннен қалыптасқан фиқхтың мазхабтар көзқарастарының Әбу Ханифанікіне қарағанда кішкене өзгешіліктері бар. Бірақ барлығының түп негізі осы Әбу Ханифаның салған ислам құқығы болды.

Енді Әбу Ханифа мазхабының басқа мазхабтардан ерекшелігіне тоқталайық.

Алғаш аян келген тұста фиқх жоқ болатын. Оның мазмұны исламның Мәдине кезеңінде пайда болып, қалыптасты. Алғаш ислам құқық негіздері Меккеліктердің дәстүр-салты, ғұрпынан тұратын. Исламның нормаларын Құран белгілесе, оны жүзеге асырушы «өнеге» – үлгі көрсетуші – Пайғамбар болды. Сондықтан хз.Мұхаммед пайғамбардың өнегесі кейінгі мұсылмандарға ұлы жол – сунна ретінде қабылданды. Бұл қажеттілік өзін пайғамбар қайтыс болғаннан кейін арта түсті. Нәтижеде «хадис ғылымы» қалыптасты. Құранды ұғынуда, танудағы негіз – Құран, Хадис, Ижма, Қияс болса, осы компоненттердің ішіндегі ижма, яғни, коллектив көзқарастардың жиынтығы ислам құқығының, фиқхтың дамуына үлкен үлес қосты. 

Ол да бір ислам тарихындағы кезеңді білдіреді. Осы сахаба факихтер қатарында саналатын Абдуллах бин Масғудтың төртінші ұрпақтан жалғасатын, шәкірттердің бірі әрі бірегейі – Әбу Ханифа болатын. Ол – өзі ислам құқық мектебін қалыптастырушы ретінде, қырық адамнан – маманнан тұратын фиқх мектебін ашты. Бұл мектеп сол дәуір үшін құқық ғылымын дамытып қана қоймады, заңдарды сараптап, жүйеге түсіріп, дәстүрге айналдырды. Ислам фикхының кем-кетіс жерлерін таба білді, толықтырды.

Әбу Ханифа рай, яғни, еркін ойлау, салыстыру арқылы шешім қабылдап, ақыл таразысын қолданатын мектептің өкілі еді.

Құқықтың ислам бойынша негіздері қалыптасқан дәстүр бойынша Құран, хадис, ижма, қияс деп жалғасып кете береді. Мұнда діннің мәні мазмұны Құраннан, ал оның жүзеге асырылуы, түсіндірілуі, ұғындырылуы хз.Мұхаммед пайғамбардың суннасына байланысты. Бірақ, Құран өзгермес ақиқат болса, хадистің – ақиқаты, дұрыстығына көңіл бөлу керек.

Ханафи мазхабының басқа ислам құқық мектептерінен басты айырмашылығы оның хадис=суннаға қатынасынан көрініс табады.

Жоғарыда да айтқанымыздай Ханафи фиқх мектебі исламдағы ырайшылар ағымына жатады. Бұл ағым кеңістік ретінде Ирак, Пәкістан, Хорасан, Мауараннахр және т.б. аймақтарда кеңінен тарады.

Рай деп, фиқх методологиясы бойынша, белгілі бір мәселе төңірегінде Құран мен хадисте ешқандай түсінік берілмеген тақырыптар негізінде «ижтихад» – тұжырымның негізі болып, шариғат сілтеген ойлау жолы арқылы жүзеге асырылған ғақли (рационалды) әрекетті айтамыз [5].

Игнас Голадцигердің айтуынша, «ар-рай» сөзі, ең дұрыс, пайдалы мағынаны табушы, ойсыз шешім қаталы құмарлықтың демі деп аталатын «әуейіліктің» антонимі [6]. Рай негізінен қабылданған және пайдасыз рай болып екіге бөлінеді. Пайдасыз райы әрине әуейелікке негізделсе, қабылданған рай да сахаба, табиғин және таба-и табағин факихтерінің жолына негізделіп, ұқсас феномендер арасында ұқсастықты табуға сүйенеді.

Хз. Пайғамбар қайтыс болған соң ислам әлеміндегі саяси, діни таралу нәтижесінде жаңа мәселелер бой көтерді. Факих сахабалар жаңадан пайда болған мәселелердің шешімін нақтылау үшін шариғаттың басты дереккөзі, жалпы негіздері мен мақсаттары шеңберінде ижтихад ой-пікір дамытты. Осылайша Хз.Пайғамбар дәуірінде болмаса да, бұл кезеңде рай мен ижтихад (ой) ислам құқығының өз алдына жеке дереккөзі ретінде қалыптасты [7]. Өйткені, Хз.Пайғамбар тірі кезінде, одан басқа, мәселелердің шешімін ешкім өз бетінше шешуге тырыспайтын да еді. Бұл жағдайда рай, яғни, өз бетінше ой жүгіртуге деген қажеттілік де жоқ болған. Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін, ислам билігі кең жайылып әр түрлі мәдениеттермен, халықтармен бетпе-бет келудің нәтижесі, Құран мен хадисте нақтыланбаған жаңа мәселелерге еркін ойдың шешімі мен үкімет қажет болды.

Сондықтан да «хадисшілер» мен «райшілер» арасындағы басты ерекшеліктер пайда бола бастайды. Себебі, хадисшілер Жихад аймағында, ал райшылар да Ирақ аймағында дамып, қалыптасты. Жихад ғұламасы жаңа мәселелермен онша кездеспеді. Ал райшылардың, Ирақ сияқты жаңа өркениеттер мен мәдениеттердің тоғысқан жерінде пайда болуынан заңды нәрсе жоқ еді.

Ислам бесігі Жихад аймағынан жырақ жерде пайда болған жаңа мәселелердің барлығын Құран мен Суннадан таба берудің мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан аналогия, салыстыру, ұқсату, ортақ негіз табу сияқты әдістерге сүйенген рай – ойлау ағымының пайда болуы сол кеңістік пен уақыттың мәселені шешу үшін ұсынған бірден-бір жолы, табиғи құбылыс ретінде қабылдағанымыз жөн.

Райшылар, Құран Сунна және Ижма арқылы үкімі нақтыланбаған мәселелерді, кейбір хадистердің дұрыстығынан күмәнданғандықтан да, ақыл-ойдың таразысына салып, тексеруді жөн деп білді. Ал ақыл-ой таразысы да рай, ижтихад және аналогия арқылы жүзеге асатын. Бірақ райшылар да хадисті басты дерек ретінде танитын.

Бұл жерде өте нәзік мәселе бар. Рай сөзінің мәні – ұғыну, ойлаудың өзі емес. Өйткені, райшылдар басқа ағымдағылар да ұғыну, ойлау, жорудан кенде болмаған. Сонымен қатар рай сөзінің мәні, сунна я болмаса басқа деректерге сүйенбейтін көзқарас та емес. Олай ету ешбір мұсылман ғалымның әрекеті бола алмайды. Рай – жору, қияс – салыстыру ғана емес. Райшылдар деп, мұсылмандардың барлығының немесе көпшілігінің келісілген мәселелерге кірмей қалған тақырыптарда, алғашқы ғұламалардың методымен шешім ұсынушы топтарды айтады. Бұлардың әрекеті жалпы алғанда, хадис табуға тырыспай-ақ, бір мәселені шешу үшін соған ұқсас құбылыспен салыстыру арқылы үкім беру [8].

Райшылар хадисті ұғынуда тек пайғамбардың не айтқанына ғана емес, не айтқысы келгендігіне, нені мұрат еткендігіне назар аударады. Олар мәнге, мұратқа көңіл бөлген. Хадисті ұғынуда Құранды, исламның негізгі ұстанымдарын, тұтастай хадистердің ұсынған жолды табуға ұмтылған. Олар Хз.пайғамбардың сөзімен, ісімен жүзеге асырғысы келген мән-мақсатты, жеткісі келген бағытты, бағдарды негіз етіп алып, сөздердің, формалардың мәнді, оған жан берген негізгі ұстанымды табуға тырысады. Сондықтан негізгі мақсатқа жету үшін қолданылған көптеген құралдардың сунна деп танушыларға қарсы шығып, олар мақсат пен құралды ажырата алмаған жалған еліктеушілер деп білген.

Д.Кенжетай,

философия және теология ғылымдарының докторы, профессор

қорық-мұражайдың ғылыми қызметкері

http://azretsultan.kz

 

 

 

Оқылды 2106 рет
JoomShaper
Top