Имам Матуридидің танымал ұстаздары

Сенбі, 13.12.2021

Имам Матуридидің үлкен ғалым ретінде жетілуіне көптеген ғұламалардың септігі тигендігі шүбәсіз. Алайда, басым көпшілігінің кімдер екені бізге беймәлім. Дей тұрғанмен, Имам Матуриди төрт ірі ғұламадан және Әбу Ханифаның бес рисалесінен сабақ алғаны жайлы айтуға болады. Солар туралы аз-кем деректерді оқырман назарына ұсынсақ...

Әбу Бәкір Ахмед ибн Исхақ ибн Салих әл-Жүзжани (815ж.) – Имам Мұхаммедтің шәкірті Әбу Сүлеймен әл-Жүзжаниден (200/816) фиқһ дәрісін алған. Фиқһ және кәләм салаларын терең меңгерген Әбу Бәкір әл-Жүзжани «Китабул-фарқ уәт-Тамизи» және «Китабут-Таухид» сынды құнды еңбектер қалдырған.

Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Муқатил ар-Рази (248/862 ж. қайтыс болған) – туған жері мен жылы туралы нақты мағлұмат жоқ. Ол имам Мұхаммед пен Әбу Мути әл-Балхидің шәкірті болған. Рейде қазылық қызметін атқарумен қатар, Әбу Ханифаның пікірлерін кеңінен насихаттаған. Сондай-ақ, Мұхаммед ибн Әли әл-Хаким ат-Тирмизи және Имам Бұхари сынды ғалымдарға дәріс берген.

Насыр ибн Йахия әл-Балхи (268/881ж.) – Әбу Сүлеймен әл-Жүзжаниден фиқһ дәрісін алған. Сондай-ақ, Әбу Муқатил Хафс ибн Сәлам ас-Самарқандидан (253/872) және Әбу Мути Хакам әл-Балхиден (199/815) дәріс алған. Әрі Әбу Ханифаның пікірлерін Балхқа кеңінен таратқан белгілі ғұлама.

Әбу Насыр Ахмед ибн әл-Аббас ибн Хұсейн ас-Самарқанди, әл-Йади (260/874-жылдан кейін қайтыс болған). Ол жастайынан алғыр, Мауарауннаһр, Хорасан және Мерв аймағында ілімі тұрғысынан алдыңғы қатарлы ғалым болған. Тіпті, Йади туралы ел арасында «Жүз жылда бір туатын ғалым» деген сөз тараған.

Жиырма жасында шәкірттерге дәріс бере бастаған. Кәлам, фиқһ саласында Матуридидің замандастарынан қырыққа жуық шәкірт тәрбиелейді. Йади мұғтазила, нажжария секілді ағымдарға қарсы күрескен. Матуридилік мәзһабтың қалыптасуына ат салысқан. «Китабул Мусаннаф фи Мәсалати-с сыфат» (Алла тағаланың сипаттары туралы бұл еңбектің қай кітапханада сақталғандығы белгісіз) атты еңбегі мұғтазила, жахмия сынды мәзһабтардың көзқарастарына қарсы бағытталған құнды дүние.

Өмірінің соңғы жылдарында жазған «әл-Мәсаилул ашрул иазидия» деген еңбегінде мұғтазила пікірлеріне қарсы он бабтан тұратын тұжырымдарын келтірген. Осы пікірлерді көптеген данамен бастырып, Самарқанд көшелерінде таратады. Ханафи фиқһ ғалымы Әбул Қасым ас-Самарқанди: «Көптен бері Маураннаһрда білімді, әдепті әрі тақуа Әбу Ахмед әл-Йади сияқты ғалым көрмедім» деген екен.

Имам Матуриди осы секілді Ислам ғұламаларынан дәріс алған еді. Сондай-ақ, имам Матуридидің ұстаздарының тізбегі имам Ағзам Әбу Ханифаға барып тіреледі.

 

Қалмахан ЕРЖАН, т.ғ.д. PhD, доцент

Оқылды 1014 рет
JoomShaper
Top