Тарихи оқиғалар желісі бойынша имам Матуридидің сенім ілімі

Дүйсенбі, 23.06.2021

Орта Азиядағы ғылым мен мәдениеттің іргетасы ислами құндылықтарымен сабақтасып,осы аймақта ислам дінін дәлел-дәйектерімен түсіндіретін атақты ғалымдар шыға бастады. Соның бірегейі имам Матуриди.

Орта Азия халықтары исламды қабылдағаннан кейін ғылым мен мәдениеттің қалыптасуына және ислам өркениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Орта Азиядағы ғылым мен мәдениеттің іргетасы ислами құндылықтарымен сабақтасып,осы аймақта ислам дінін дәлел-дәйектерімен түсіндіретін атақты ғалымдар шыға бастады. 

Сол ғалымдардың бірі және бірегейі Әбу Мансур Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әс-Самарқанди. Шамамен IX ғасырда Самарқанд қаласының маңындағы Матурид елді мекенінде дүниеге келген. Матуридилік мектептің негізін қалаушы ғалымның өмірі жайында тарихи мағлұматтар тым аз. Ғалым әл-Матуриди Саманидтер әулеті билік құрған, ислам ғылымы өркендеген кезеңде өмір сүрді. Ол заманда Самарқанд өлкесі Қарахан хандығы кезінде Мауераннаһр қарамағына енді. Имамның ұлтын бір деректер түркі тектес десе, екінші бір деректерде ғалым мәдиналық атақты Әбу Әййуб Халид ибн Зәйд ибн Кулайб әл-Ансари әулетінен, яғни, арабтардан шыққан деп тұжырымдалған. 

Имам Матуридидің еңбектерінің мазмұнында кәлам, мәзһабтар тарихы, фиқһ әдістемесімен тәпсір саласындағы тақырыптар қамтылған.Шығармаларындағы діни тұжырымдар әһли сүннеттің басты қағидаларына сүйенген және нақты дәлелдер арқылы жазылған. Ғалым өз заманында ислам дініндегі хақ жолдан адасушы ағымдардың (муғтазиле мен шииттер) діни ұстанымдарын қатты сынға алып және жеке айтыс-тартыстарда өзінің дәлелді тұжырымдарымен олардан үстем болған.

Әбу Мансур әл-Матуриди Ханафи мәзһабының діни танымын өз бойына сіңіргендіктен фиқһта және ақидада (сенімде) имам Ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүрген. Имам Матуриди Ханафи мәзһабын ұстанып,ақидада Әбу Ханифаның діни ой-пікірлерін әрлендіріп дамытқан.

Имам Матуриди өмір сүрген заманда ислам әлемінде ақида мәселесінде пікір талас күшейген уақыт болатын. Сол заманда ғалым мұсылмандар арасына жік салып жүрген теріс пиғылды ағымдарға қарсы өзінің терең ақылымен, кемел білімділігімен, Құраннан және хадистерден алған анық дәлелдерге сүйене отырып, қиын мәселелерді дұрыс шеше білген. Мұсылмандар арасында теріс пиғылды ағымдардың идеологиясының тарауына тосқауыл болды. Мұхаммед пайғамбардың үмбетінің бірлігін сақтауда зор еңбегі үшін және ислам ақидасын бір жүйеге түсіргені үшін халық  имам Матуриди «Мусахихул ақидатил муслимин» (Мұсылмандардың ақидаларын түзетуші) және «Имам ул-һуда» (Тура жолды имам) деген атақ берген.

Өзі өмір сүрген дәуірде ислам әлемінде негізгі билік иесі болып келген Аббасидтер әулеті құлдырап, бірнеше жаңа мұсылман мемлекеттері қалыптасып жатқан еді. Саманидтер әулеті дәл осы кезеңде жаңа мемлекет құрып, Мауераннаһр аймағына иелік етті. Олар билік жүргізген аймақта мәзһабаралық пікірталастар кеңінен етек алып, қызу тартыстар жүргізілгендіктен, ел билеушілері оқымыстылар мен діндар ғұламалардың дін мен ғылымды жандандыруына жағдай жасады. Сөйтіп Саманидтер әулеті ислам дініне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарының дұрыс жолға қойылып, кемелденуіне елеулі үлес қосты. Елде тәпсір, құқық, хадис, тасауф, кәләм, тіл мен әдебиет секілді түрлі ғылым салаларындағы білімдер бой көрсете бастады[1].

Оның ұстаздарының қатарында Имам Ағзам Әбу Ханифа мектебінен шыққан Шейх Әбу Бакр Ахмад ибн Исқақ, Фақиһул Самарқанди лақабымен танылған Әбу Наср Ахмад ибн әл-Аббас, Нусейр ибн Йахия және Рейдің қазысы болған Мухаммад бин Муқатиль әр-Рази, т.б. өз дәуіріндегі алдыңғы қатарлы ғұламалар бар. Имам Матуридидің оқу-білім іздену жолында дәріс алған ғалымдар тізімін, негізінен Имам Әбу Ханифаның көзқарастарын мақұлдап, мәзһабын ұстанушылар құрады. Сондай-ақ, Имамның Наср ибн Йахйа әл-Балхиден (IX-X ғ.ғ.) ханафи фиқһын оқығандығы туралы да деректер бар. Аталмыш ғұламалардың біліктілігі мен ой-толғамдарының биік деңгейі тарихи туындыларда сара таңбасын қалдырды. 

Матуриди еңбектерінде тәпсір, кәләм және фиқһ саласында бірнеше маңызы зор кітаптар жазған:

1.Китаб Тауилат әл-Қуран(Құранның жорамалы, түсініктемесі)немесе Тауилат Әһли Сунна(Әһли сүннеттің жорамалы, түсініктемесі);

2.Китаб Махаз аш-Шариа(Фиқһ негізіндегі шариғат көздері);

3.Китаб әл-Джадал(Тартыс кітабы);

4. Китаб әл-Усал (Фиқх кітабы);

5.Китаб әл-Мақалат(Мақалалар кітабы);

6.Китаб ат-Таухид(Таухид – Аллаһты бір деп тану кітабы);

7.Китаб Баян Уахм әл-Мутазила(Муғтазилердің қиялын баяндау кітабы);

8.Китаб Радд Ауаил әл-Адилла ли-л-Қааби(Кағбидің «Дәлелдердің әуелгісі» атты еңбегіне қарсы жауап кітабы);

9.Китаб Радд Тахзиб әл-Джадал ли-л-Қааби(Кағбидің «Тартысты түзету» атты еңбегіне қарсы жауап кітабы);

10.Китаб Радд Уаид әл-Фуссақ ли-л-Қааби(Кағбидің «Пасықтардың барар орны» атты кітабына қарсы жауап);

11.Радд әл-Усул әл-Хамса ли Әби Мухаммад әл-Бахили(Әбу Мухаммад әл – Баһилидің «Бес негіз (принцип)» атты кітабына қарсы жауап);

12.Радд Китаб әл-Имама ли бад әр-Рауафиз(Бадир Рауафидтің имамдық кітабына қарсы жауап);

13.Китаб Радд ала-л-Карамита(Қарамиттерге қарсы жауап).

Жоғарыда көрсетілген ислам діні үшін аса құнды имам Матуридидің еңбектері бүгінгі күнге дейін бірде-бірі жарыққа шықпаған. Аталған кітаптардың ішіндегі ерекше құндысы – «Тауилат әл-Құран» мен «Китаб ат-Таухид» және «Китаб әл-Мақалат» қолжазба күйінде ғана сақталған.

Ғұлама ой-өрісінің кеңдігі, білімінің тереңдігі және заманының философиялық ағымдары жайлы мәліметі мол екендігі оның кітабтарында айқын байқалады. Матуриди құқықтың негізгі принциптері (усул фиқһ) жайында қалам тартқан ханафи ғалымдарының алдыңғысы болып табылады. 

Оның еңбектері карматилердің, шииттердің және муғтазилиттердің көзқарастары мен идеяларын жоққа шығаруға бағытталған. Матуриди замандастарының бірі - Әбу-л-Қасым Абдуллаһ әл-Қаби (317/929 ж.ж.) Бағдаттағы муғтазиле мектебінің лидері болатын. Матуриди Китаб ат-Таухидінде Қаби көзқарастарын жоққа шығара отырып, оның үш кітабына қарсы үш кітаптан құралған сыни көзқарастарын жазған. Шығыста Матуриди муғтазилемен, әсіресе, оның Бағдаттағы тармағымен алысқан кезде, замандасы Ашари Иракта муғтазиленің Басра тармағымен шайқас жүргізді[2]. 

Ғалым Матуридидің пікірінше ақыл - білім көздерінің негізі. Өйткені, ақылдың көмегінсіз сезімдер мен хабар шынайы білімді қамтамасыз ете алмайды. Адамды жануарлардан айыратын басты ерекшелік – ақыл. 

Жалпы имам Матуриди өз жүйесін екі негізгі принцип бойынша құрастырған: танзих (пәктеу) және хикмат (даналық). 

Танзих принципінде ол Алланың сипаттарын қуаттай отырып, ұқсастыққа (ташбих) және антропоморфизмге (таджсим) қарсы тұрған. Құранда орын алған Алланың қолы, жүзі, көздері, оның ғарышты игеруі сияқты антропоморфтық мәтіндерді сыртқы мағынасымен түсінбеу қажет, өйткені, бұлардың сыртқы мәніне қарап түсініктеме жасау Құрандағы мағынасы айқын аяттармен қайшы келеді. Сондықтан, аталған бөлімдер таухид(бірлік) сеніміне сай түрде Алланы оған қайшы сипаттардан арылтатын бөлімдер аясында түсіндірілуі тиіс және сөздердің араб тіліндегі түсініктері бойынша мойындалуына да көңіл аудару қажет. Оның шынайы мәні Алланың іліміне сай келуі тиіс.

Хикмат (даналық) мәселесінде Матуриди джабрия мен муғтазиленің бір-біріне қайшы түрде ұсынған пікірлерін ұштастыруға, барлық нәрсені қамтитын құдайлық қалауды, құдіретті және үкімді теріске шығармай, Алланың да белгілі бір деңгейде қалауының бар екендігін сипаттауға тырысқан. Хикмат дегеніміз – бір нәрсені өз орнына қою деген сөз. Сонда құдайлық хикмат әділетті, қамқорлықты және парасаттылықты қамтиды. Алла – абсолюттік құдірет иесі, оның абсолюттігі өз хикматынан басқа сыртқы күшке тән емес[3].

Осындай өткір пікірлерімен ғалым Матуриди өз уақытында теріс пиғылды ислам ағымдарына қарсы ауыр соққы жасады. Имам муғтазиле ағымына бастапқы кезден-ақ қарсы тұрған болатын және олардың ілімдерін Құран мен хадистерден дәлел келтіре отырып теріске шығарды. Ғалым ислам тарихындағы осындай қиын сәттерде мұсылман әлемін жіктелуден сақтады.Сонымен қатар ислам дінін негізгі қайнар көздер шеңберінде заман ағысына бейімдеп, ақыл-ойдың ілім мен танымдағы құндылығын жоғары қойып, аталған дінді қоғамнан бөлмей, онымен тұтас өмір сүруіне шексіз еңбек еткен ғалым.

Сілтемелер:

[1] -Әбсаттар қажы Дербісәлі, «Ислам және өркениет», №24 (240), 21-31 тамыз, 2011 жыл;

[2]–«Матуриди сенім мектебі және ұстанымдық ерекшеліктері туралы», 2013 ж., e-islam.kz;

[3] - «Матуриди сенім мектебі және ұстанымдық ерекшеліктері туралы», 2013 ж., e-islam.kz.

 

Қолданылған материалдар тізімі:

1.Әбсаттар қажы Дербісәлі, «Ислам және өркениет», №24 (240), 21-31 тамыз, 2011 жыл;

2.«Матуриди сенім мектебі және ұстанымдық ерекшеліктері туралы», 2013 ж., e-islam.kz;

3.Смайыл Сейтбеков, «Иман негіздері», ҚМДБ, Алматы – 2011 ж., 376 бет;

4.Мұхан Исахан, «Әл-Матуриди – Түркі әлемінің ұлы перзенті» 2009 ж.,kz.zaman.com.tr/kz;

5.Ершат Оңғаров,  «Имам әл-матуриди – «әһли сүннет уәл-жамағат» ғалымдарының ұлығы», ҚМДБ, www.muftyat.kz;

6.Мұхан Исахан, «Имам Матуриди ақидасы», sunna.kz;

7.Исмаил Чалышкан, Түркия Республикасы Йылдырым Бейазид университетінің профессоры, «Орталық Азиядағы Исламның қайта дамуы: артықшылықтары мен проблемалары» баяндамасы (Астана 17 сәуір 2014 ж., Орталық Азиядағы исламның рөлі» халықаралық конференциясы);

8.Н. Ж. Байтенова, С. У. Абжалов «Исламдағы Әбу Ханифа жəне «Рай 

мектебі»», Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,ҚазҰУ хабаршысы Алматы 2009 ж., №1 (32).

М. И. Оспанов, 

ҚР ДІА Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы

Исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері 

 

 

 

 

Оқылды 1133 рет
JoomShaper
Top