Намазда «әминді» іштен айтқан абзал ма?

Жұма, 15.04.2022

Ислам – Алланың аяты, пайғамбар (с.ғ.с) хадистерімен толықтырылып, кемеліне жеткен дін. Ілгергі-кейінгі мұсылман ғалымдары да бұл саладағы өзекті мəселелердің түйінін тарқатып берген. Алайда ғалымдар ортасында шешімін тапқан кейбір діннің ішкі үркіндерінен ілік іздеп жалпы жамағаттың ауызбіршілігін бұзушылар бар. Осы орайда белгілі ғұлама Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтің «Иламдағы талас тартыстар» атты еңбегінен Құран мен Сүннет бойынша намазда əминді іштен айту туралы шариғи дəлелдерін ұсынып отырмыз.

  «Əминді» намазда іштей айту абзал ма, əлде дауыстап айту дұрыс па?

Бұл сарапталып алынған мəселе өзара талас-тартыс тудырып отырған мəселелердің ішіндегі ең бірегейі десек, асыра айтқандық емес. Əрине, бұл мəселе тап бүгінгідей ортаға қойылған жоқ. Керісінше, намазда «əмин» дауыстап айтылады ма, əлде іштей айтылады ма дегенге негізделіп қойылды. Негізінде төрт мазһабтың басында тұрған ғұламаларымыз, мұжтахидтеріміздің барлығы бір ауыздан, намазда «Фатиха» сүресінен соң «əминді» айтуды сүннет деп келіскен. Ал «əминді» дауыстап айту немесе айтпау жайлы екі түрлі жолды ұстанған. Кейбіреулері – Шафиғи мен Ханбали мазһабының ғұламалары «əминді» дауыстап айтуды абзал санаған болса, кейбір ғұламаларымыз, əсіресе, Ханафи мен Малики мазһабының ғұламалары  «əминді» іштей айтуды абзал көрген. Себебі, пайғамбарымыздан (с.ғ.с) риуаят етілген хадистерде екі жағына да дəлел табылған. Кейін əрбір тарап өздерінің не үшін бір жағын абзал санағанын түсіндіру мақсатында өз дəлелдерін келтірген жəне екінші тараптың дəлелдеріне де өз пікірлерін айтқан.

Біз олардан хабарымыз бар ма, жоқ па белгісіз, бірақ тап осы мəселеде талас-тартыс (ихтилаф) шығарғанымыз анық. Енді болар іс болды, десек те бəрібір пайдасы болар деген ниетте Алладан көмек сұрап, осы мəселе бойынша нендей əңгіме сөздер болғанын түсініп, бағамдауға бір талпынып көрсек деген үміттеміз.

Тақырыпқа кіріспес бұрын мынаны айтып өткеніміз абзал болар, осыны жазып отырған қызметшілеріңіз өзі ұстанған мазһабқа байланысты намазда «əминді» ішінен оқитындарға да, «əминді» намазда дауыстап айтатындарға да өз құрметін білдіреді. Əсіресе, осы мəселеде ижтихад жасаған сəлафи салих ғұламаларымыздың барлығына құрметпен бас иеді. Олардың еш қайсыларына сəл болса да бір орынсыз пікір немесе соған ұқсас сөздер болмауын ниет етеді. Себебі, ол ғұламаларымыз істеген ісі тура болса екі сауап, қателескен болса бір сауап алып кеткен. Өткендерімізге, əсіресе өткен ғұламаларымызға құрмет ету біздің борышымыз.

 

«Əминді» дауыстап айтуға келіскендердің дəлелдері

Намазда «Фатиха» сүресін оқып  болғаннан соң «əминді» дауыстап айтуды абзал санағандардың дəлелдеріне тоқталып өтеміз. Бұл жақтың ең танымал уəкілі, алдын да айтып өткеніміздей, Шафиғи мен Ханбали мазһабтары болып табылады.

Бірінші дəлел: Имам Бұхари Əбу Һурайрадан (р.а) риуаят еткен хадисте: Алла елшісі (с.ғ.с): «Қашан имам «...ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» – десе əмин деңдер. Өйткені, кімнің айтқаны періштелердің айтқанымен тура келсе, оның өткен күнəлары кешіріледі» – деген. Имам Шафиғи мен имам Ханбали жəне олармен пікірлес жақтар осы хадиске сүйеніп, пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам «əмин» десе бізге де «əмин» деуімізге бұйыру да, ендеше біз де «əмин» деуіміз керек дейді.

Ал, «əминді» іштей айтуды құп көретіндер Ханафилер мен Маликилер. Олар «əмин» деп айту өте дұрыс, сол үшін біз де солай айтамыз. Бірақ бұл хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с) «əминді» дауыстап айтыңдар деп тұрған жоқ қой. Сондықтан бұл хадисті «əминді» дауыстап айтуға дəлел қыла алмайсыздар дейді. Расында, бұл хадис екі жаққа да дəлел бола алады.

Екінші дəлел: Имам Мүслим Əбу Муса əл-Ашғаридан (р.а) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бізге хұтба қылып, бізге сүннет жайлы баяндады да намаз оқығанда сапқа тұрыңдар, біреулерің сендерге имам болсын, ол тəкбір айтқан кезде сендер де тəкбір айтыңдар. Қашан ол «...ғайрил мағдуби ғалайһим уалад-доллин» десе, сендер əмин деңдер. Алла Тағала қабыл етеді» – деген. Бұл хадис -шариф жайында да осы тараптағылар бірінші хадистегідей айтады. Сөзді түйіндеп айтар болсақ «əминді» дауыстап айту жайында бекітілген үкім жоқ екендігін аңғарамыз.

Негізінде, дауыстап айтуға дəлірек үкім болмағандықтан «əминді» іштей айтуды абзал санайтындардың пікірлері «əминді» дауыс шығарып айту абзалырақ дейтіндердің пікірлерінен жоғары тұрады. Жəне осыған ұқсас бір-екі риуаяттар келтіріледі. Олардың кей сөздері басқа болғанымен мағынасы бір. «Əминді» дауыстап айту абзал дегендер пайғамбарымыздың (с.ғ.с) əмин деп айтқаны жайындағы хадистерді де дəлел ретінде келтіреді.

Үшінші дəлел: Хафиз Əбу Бишр əд-Дауалиби келтірген риуаятта Уайл ибн Хужр əл-Хазрами (р.а) былай дейді: «Алла елшісінің (с.ғ.с) намазда болғанын көрдім. Тіпті о жағынан да, бұ жағынан да көрдім. Ол кісі: «...ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» деп қырағат қылғаннан кейін, даусын созып «Əəəмиин» деді. Мұны бізге тəлім ретінде жасаған болар деп ойлаймын». Қарсы жақ осы жəне осыған ұқсас хадистерде пайғамбарымыздың (с.ғ.с) имам болып тұрып, «əминді» айтқандығын алға тартады.

Бірақ, бұл имамның артында тұрып намаз оқып жатқан кісілерге «əминді» дауыс шығарып айтсын дегенге дəлел бола алмайды, дейді. Сонымен бірге, хадисте дауысын созып айтты дейді, дауыстап айтты делінген жоқ. Əдетте имамның бірінші сапта тұрған кісілер есітетіндей дəрежеде дауыс шығаруы бір нəрсені дауыстап айту делінбейді. Себебі, көп сахих риуаяттарда келуінше, Алла елшісінің (с.ғ.с) бесін намазында кейбір аяттарды бірінші қатардағылар есітетіндей дəрежеде дауыс шығарып оқығаны белгілі. Бесін намазында дауыс шығарып қырағат қылынбайтындығы да баршаға аян. Екіншіден, тап осы хадистің имам Ахмад, Əбу Дəуд ат-Таиулуси, Əбу Иағло  əл-Мүсили, имам Дора Қутни жəне имам əл-Хакимдер келтірген басқа бір риуаятта, ол кісі: «...ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллинге» жеткенде дауысын бірінші қатардағылар есітетіндей дəрежеде төмендетіп, «əмин» деді, деген сөздермен келтіреді. Демек, сол намаз дауыс шығарып қырағат ету керек болған намаз болса да пайғамбарымыз (с.ғ.с) Фатиха сүресін дауыстап оқып болған соң, бірінші қатардағылар еститіндей дəрежеде ғана шығарып «əмин» деген. Оның үстіне Уайл ибн Хужрдың (р.а) «Мұны бізге тəлім ретінде жасаған болар деп ойлаймын» – деген сөздерін дəлел қылып, пайғамбарымыз (с.ғ.с) «əминді» айтқан болса да тəлім ретінде айтқан, дейді. Себебі, Уайл ибн Хужр əл-Хазрами (р.а) иамандық (иемендік) басшы кісілерден болған, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хабарларын естіп Мəдина қаласына өзі арнайы барады. Ислам дінін қабылдап, бір аптадай пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанында тəлім алып, намаз оқуды үйреніп, сосын өз еліне қайтып кеткен.

Міне, осыған байланысты көрген-естігендерін кейінірек риуаят қылып берген. Ең маңыздысы, əуелде айтып өткеніміздей пайғамбарымыз (с.ғ.с) «əминді» айтқан болса да имам болып тұрып айтқан. Бұл риуаяттың қауымға «əминді» дауыстап айтуына қандай қатысы бар дейді ханафилықтар. Сондықтан болса керек, қазіргі таңда «сүннет тұрғанда фиқһтың не керегі бар?» - дейтіндер өз тартысуларында «əминді» дауыс шығарып айтуға жоғарыдағы риуаяттарды дəлел қылып келтірмейді.

Сайд Сабиқ «Фиқһус-сүннə» кітабында төмендегі сөзді жазады: «Намаз оқушы Фатиханы оқып болғаннан соң əмин деуі сүннет. Дауыстап оқылатын намазда дауыстап оқып, сырлы оқылатын намаздарда дауыс шығарылмайды. Нуғайм əл-Мужмирден риуаят етіледі, ол кісі Əбу Һурайраның (р.а) арқасында тұрып намаз оқыдым. Ол «Бисмиллəһир рахманир рахим» деді, сосын Фатиха сүресін оқыды, «уаладдоллинге» жеткен кезде əмин деді. Адамдар да əмин деді, деген» Сайд ас Сабиқтың бұл сөздері туралы оның өзіне ұқсап амал ететін хадис ғалымдарының бірі Насриддин Албани ол сөздердің орынды емес  екендігін айтып жауап қайтарады. Өйткені, бұл риуаятта дауыс шығарып айтылғаны дəлірек айтылмаған. Риуаят етуші жақын тұрып айтылған «əминді» есіткен болуы мүмкін. Кейін Сайд Сабиқ: «Ибн Зубайр жəне онымен бірге болғандар «əминді» айтқанда, мешітте қатты дауыс шыққан» деген сөзді келтіреді. Насриддин Албани болса, бұған жауап ретінде былай деп жазады: «Ілесушілердің «əминді» дауыс шығарып айтулары жайында бұдан басқа деректер жоқ. Бұл толық дəлел бола алмайды. Өйткені, оны пайғамбарымызға (с.ғ.с) дейін жеткізбеген. Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с) «əминді» дауыс шығарып айтқаны жайлы хадистер келді де, бірақ ол хадистердің біреуінде де сахабалар пайғамбарымыздың (с.ғ.с) арқасында тұрып «əминді» дауыстап айтты деген сөз жоқ».

Шейх Насриддин Албани бұл мəселе жөніндегі сөздерінің жалғасында имам Шафиғи де кейінірек «əминді» іштен айту абзал екендігіне қайтқаны жайлы жəне өзінің «Умм» атты кітабында «əминді» дауыстап  айтуды дұрыс санамаймын деп жазғандығын келтіреді. Бұл, басында «əминді» дауыстап айту абзал деген ғұлама адамның, кейінірек басқа дəлелдермен танысып шығып, өзінің бірінші сөзінен қайтқанын көрсетеді. Хадис ғұламаларының қазіргі таңда көп сөз болып жүрген мешітті басына көтеріп «əмин» делінгені жайындағы риуаяттардың өте əлсіз (дағиф) екендігін түсіндіріп бергеніне аңдап қарағанымыз жөн болар.

 

«Əминді» іштей айту абзал дейтіндердің дəлелдері

Бұл пікір негізінде Ханафи мазһабы жағынан айтылғандығын алдында атап көрсеткен едік. Енді Ханафи ғұламаларының дəлелдеріне тоқталайық. Əуелі бір нəрсені ескертіп қойғанымыз абзал болар. Ханафи ғұламалары, кейбіріміз аузымызға не келсе соны айтып жүргеніміздей, адамдарды тек қана өз пікірімен жүруге үндемейді. Олар əрбір үкімге Құран мен сүннеттен дəлел келтіруге тырысқан. Дəлірек айтқанда Құран мен сүннеттен алынған үкімдерді қарапайым кісілерге жеткізуге тырысқан. Бұл жөнінде төменде келтірілетін хадистерден біліп алсақ болады.

Бірінші дəлел: «Əмин» сөзі дұға болып саналады. Оның мағынасы дұғаны қабыл ет! - дегені. Дұғаны қалай қылу жөнінде Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Ағраф» сүресі, 55 аят). Осы аятқа қарағанда «əминді» іштен айтудың қажеттігі шығады.

Екінші дəлел: «Əмин» сөзі Құран аяты емес екені барлығымызға белгілі. Оның үстіне арабша да емес. Ал «Əғузу биллəһи минəш шəйтонир ражим» – деген Құраннан жəне оны Құран оқығанда айту уəжіп қылынған. Солай бола тұрса да «Əғузу биллəһи минəш шəйтонир ражимді» намазда ішімізден айтамыз. Олай болса, не үшін «əминді» дауыстап айтуымыз керек?!

Үшінші дəлел: Хасаннан (р.а) риуаят еткен хадисте: «َСамура ибн Жундуб жəне Имран ибн Хусайн (р.а) өткенді еске алып отырды. Самура ибн Жүндуб (р.а) пайғамбарымыздың (с.ғ.с) екі сəктаны (бір шама үнсіз тұруды) тəкбир тахриманы айтқанда жəне «ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» қырағатынан соң қолданатынын есіне сақтап қалғандығын айтты. Имран ибн  Хусайн бұл кісінің сөзіне иланбады. Кейін екеуі Убай ибн Кағбке (р.а) хат жазды. Екеуіне қайтарған жауап хатында: «Тап солай, мұны Самур ибн Жүндуб жадында жақсы сақтап қалыпты, делінген екен» (Имам Əбу Дауд жəне басқа да хадис ғұламалары риуаят еткен)-деп риуаят қылынған. Демек, пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз бастағандағы тəкбір айтудан кейін де, «Фатиха» сүресін оқып болғаннан кейін де біршама үнсіз тұруды əдет қылған. Міне, осы амалдарды атқару үстінде сахабалар да тап осылай істеген екен. Ханафи ғұламалары өз дəлелдерін бекемдей түсу үшін осы мағынаға жақын тағы бірнеше риуаяттарды келтірген.

Төртінші дəлел: Əбу Уайл (р.а) риуаят етеді: «Əли жəне Абдуллаһ Бисмиллəһир рахманир рахимды да, əғузуды да, «əминді» де дауыстап айтпайтын еді» (Табаранидың риуаяты) деген. Хазреті Əли мен Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а) сияқты пайғамбарымызбен (с.ғ.с) əр уақыт бірге жүрген, өте ілімді сахабалардың «əминді» іштерінен айтулары да күшті дəлел болып саналады. Басқа бір риуаятта Омардың да (р.а) «əминді» ішінен айтып намаз оқығаны мəлімделеді. Ханафи ғұламалары тап осы мағынадағы басқа да аты мəшһүр сахабалардың риуаяттарын келтіреді.

Бесінші дəлел: Намаз өте маңызды (танымал) ғибадат болып саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз парыз болған күннен бастап əр күні намазды жамағатпен оқыған. Ол кісінің қалай намаз оқығанын барлық сахабалар көріп байқап отырған. Егер «əминді» дауыстап айту абзалырақ болғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның ара жігін ажыратып берген болып жəне бұған еш күмəн да қалмас еді. Аллаһ Елшісінің өзі имам болып, кейде үйрету үшін бірінші саптағылар еститіндей қылып «əмин» дегенінен басқа ешбір дəлел жоқ, əсіресе, имамға ұйыған кісілердің «əминді» дауыстап айтқандары жөнінде ешбір риуаят жоқ.

Құрметті оқырмандар!

Біз «əминді» намазда іштей айту абзал ма, əлде сырттай айту абзалырақ па? деген мəселе бойынша бұрынғы ғұламаларымыздың сөздерін барынша қысқаша түрде ғана келтірдік. Сондай-ақ, бұрынғы ғұламаларымыздан екі тараптың да дəлелдерін келтірдік. Ендеше, «бұрыннан-ақ қарастырылған нəрсені қайта қозғаудың не керегі бар?» деген сауалдың туындауы өз-өзінен түсінікті. Иə, əуелі бір нəрсені жақсылап зерттеп алмай тұрып, көпшілікке айтылатын болса, оның арты қолайсыз жағдай туғызатындығы күмəнсіз.

E-islam.kz

Оқылды 594 рет
JoomShaper
Top