«Зиялы» деп кімдерді айтамыз?

Бейсенбі, 17.03.2022

Бүгінгі қазақ публицистикасында жиі ұшырасатын «зиялы» ұғымының түбірі араб тіліндегі «зия» сөзінен келіп шығады. «Зия» сөзі – нұр, жарық, ағару мағыналарын білдіреді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 2008, 346 б.) «зиялы» терминіне «ізетті, әдепті» немесе «оқыған, сауатты азамат» деп анықтама берілген. Шынтуайтында, бұл анықтама латын және орыс тілі қолданысындағы «интеллегенция» терминінен тәржімаланып алынған. Әлбетте, бүгінгі күннің талабымен алғанда зиялы адам әдепті әрі білімдар болуы шарт. Бірақ, мәдениетті һәм сауатты адам ұлттық құндылықты аяқасты етіп, отанына опасыздық жасауы да ғажап емес. Яғни, мәдениетті һәм сауатты болу толық зиялылықты білдірмейді. Оны тек зиялылықтың бір нышаны деп ғана қарастыруға болады. Олай болса, «зиялы» сөзі толығымен не мағына береді? Қандай ұғымға саяды?

Белгілі философ-ғалым Д.Кішібеков: «Зиялы жан шыныдай таза, ол жеке басы пайдасынан гөрі қоғам мақсатын жоғары ұстайтын адам» – дейді. Әйткенмен, жеке басы пайдасынан қоғам мақсатын жоғары қоятын тұлға әр дәуірде әртүрлі атаулармен аталған. Айталық, қадым заманда қара басының қамынан қалың бұқараның мүддесін жоғары қойған адамды халқымыз «ер» деп атаған. Орхон-Енесей ескерткішінде: «Он жаста шешем Ұмай текті ананың бағына, інім Күлтегін ер атанды», – деп Күлтегіннің он жасында елі үшін ерлік жасап, жауға шапқандығы баяндалады. Демек, «ер» сөзі адамның жынысын ғана емес, ел үшін басын бәйгеге тігіп, жауына қарсы күрескен тұлғаның мақамын да білдірген. Мысалы, Асан қайғы бабамыз: «Төс табаны төрт елі, Нарлар жүрер жер екен. Төсегінен түңіліп, Ерлер жүрер жер екен» – деп жеке басының қызығын тәрк етіп, халық үшін ғұмыр кешкендерді жырлайды.

Жалпы, қазақ халқы «ер» сөзіне балама ретінде «батыр», «баһадүр» атауларын да қолданған. Мысалы, қазақ халқы өз батырларын «Ер-Абылай», «Ер-Жәнібек», «Ер-Науан» деп атайды. Сонымен бірге, халқымыз «ер» сөзіне қосып қалың бұқараның қамы үшін аянбай қажыр-қайратын жұмсаған, жанқияр іс атқарған жанды «азамат», «сабаз» деп те мадақтайды. Яғни, ерлік жасаушы мағынасын білдіретін – «ер», «батыр», «баһадүр», сондай-ақ, ірі іс атқарды һәм ұлылық танытты дегенді білдіретін – «азамат», «сабаз» атаулары да зиялылық ұғымымен астасып жатыр деген сөз.

Алаштанушы-ғалым Т.Жұртбай: «Зиялы қауым – қоғамның қозғаушы күші. Онсыз ешқандай ұлт алға қарай дамыған емес. Есте жоқ ескі замандардан бастап, көшпелі кеңістіктерден бастап, сандаған ғасырларды төңкеріп, күні бүгінге дейін қоғамның алға жылжып, дамуына игі себеп болған, итермелеуші күш болған осы ұлт тізгінін ұстаушылардың, зиялылардың ой-қуатының, қажырлы іс-әрекеттері» – деген пікір білдіреді. Халық көшінің бұйдасын ұстаған ел билеушілердің ерен істері зиялылыққа баланатын болса, онда тарихымызда ұлтымызға бас болған билер мен бектер, хандар мен сұлтандар да зиялы болып есептеледі. Мысалы, «Қорқыт ата» кітабында бектер оғыз-қыпшақ тайпаларының тауқыметі үшін күрескен көшбасшылары ретінде сомдалған. Атақты В.В. Бартольд өз зерттеулерінде «бек» сөзінен «би» сөзінің шыққанын дәлелдейді. Қазақ халқының: «Тура биде туған жоқ» деген қанатты сөзі тектен текке айтылмаса керек. Бұл турасында белгілі заңгер-ғалым С.Өзбекұлы: «Би деген қазақ халқының әлеуметтік өмірін, салт-санасын, әдет-ғұрпы мен құқықтық жүйесін жетік меңгерген, халық арасынан суырылып шығып, өзінің ақылгөй даналығымен, шешендік қасиеттерімен дау-жанжалдарды шешуде әрқашан асқан әділеттік танытқандықтан халықтың құрметіне бөленген әлеуметтік топ. Би таптық әлеуметтік мүдделерден ада, олармен мүлде байланыста емес. Ол тек әділеттіліктің символы ғана» – деп билеріміздің қас зиялының өзі болғанын жазды.

Тарихтағы ел билеген хан-сұлтандарымыз Шыңғысханнан тараған төре тұқымдары болып саналады. Халық алтын ұрық – төре тұқымдары билік жүргізсе, ел баянды өмір сүреді деп түсініп, хан-сұлтандарға ерекше құрмет көрсеткен. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп оларды ақ киізге көтеріп ардақтаған. Ханның билігін кие тұтқан. Әйтсе де, бектер мен билер және хан-сұлтандардың барлығы халықтың қамы үшін ғұмыр кешті дегенді білдірмейді. Тарихта әділетсіз би мен бектің, хан мен сұлтанның өмір сүргені көпшілікке мәлім. Дегенмен, елден асқан ақыл-ойы һәм ерен қажыр-қайратын ұлтын ұшпаққа шығаруға жұмсаған билеушілердің болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Олай болса, халық үшін тер төккен бектер мен билеріміз һәм хан-сұлтандарымызды, жалпы ел игі-жақсыларын зиялылар санатына жатқызумызға болады.   

А.Мауқараұлы мен М.Исаұлы өз зерттеулерінде зиялылықтың өзегі ретінде рухты негізге алып, ар-ұжданын ұлықтай алған жан өзінен бұрын өзгенің бақыты үшін өмір сүретін зиялы адам бола алады деген пікір айтады. Біздіңше ар-ұжданды жоғары ұстау кісілік келбет пен адами болмыстың негізгі сипаттарына жатады. Тегі, зиялылық ошағы – кісі бойындағы ізгі қасиеттер десек асыра айтқандық емес. Себебі, он сегіз мың ғаламдағы саналы һәм ақылды болып жаратылған мақұлық – адам екені әмбеге аян. Абай атамыз: «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?» – деп, «адам» атауының мәртебесі жоғары екенін жырлайды. Ал И.Тайманұлы: «Хан елімен кісі» – деп билеуші халықшыл болғанда ғана кісілігін жоғалтпайтынын жеткізеді. Яғни, ескілікте зиялылық негіздері адам немесе кісі ұғымдарымен өлшенгенін аңғарамыз.

Философ-ғалым Д.Кішібеков зиялы болғысы келген адам ең алдымен өзінің ішкі нәпсі қалауларын жеңу керектігін алға тартады. Ол осы ойын: «Ең жоғарысы сол ішкі «Меннің» адамды тәртіпте ұстауы, жолдан тайдырмауы. Ол үшін адам өзін өзі тізгіндейді,  тойымсыз талапты ноқталайды. Зиялы адам өзін қашанда іштей белгілі дәрежеде ұстай біледі» деп түйіндейді. Егер, нәпсі қалауларын жеңе білген жанды зиялы адам деп қабылдайтын болсақ, онда моральдік-этикалық құндылықтарды насиқаттаған Ж.Баласұғынның «Құтадұғу білік», «Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Қ.А.Ясауидің «Диуиани хикмет», С.Бақырғанидің «Ақырзаман кітабының» көтерген негізгі тақырыбы зиялылық деп айта аламыз. Тіпті, Хакім Абайдың ғақлиясына айналған «кәмил инсан» (толық адам) тұжырымы да зиялылық ұғымымен астасып жатқан болады. Хакім Абай «Тасдиқ» атты еңбегінде зиялылықты «жәуан мәрт» терминімен бейнелеген. Яғни, нәпсі қалауларын еңсеріп, ақиқатты тану мен танытуға бүкіл ғұмырын сарп еткен жомарт мінез-құлықты (кәмил инсан) нағыз зиялылық ретінде көрсетеді.

Философ-ғалым Д.Кенжетай өз зерттеулерінде: «Исламдағы сайру-сулук ілімі қазақ халқына сал-серілік дәстүр ретінде трансформацияланды» деген тұжырым айтады. Исламдағы сайру-сулук ілімінде кемелдікке құштар адам Хаққа рухани сапар шегеді. Хақиқатты толық танып білгеннен кейін халыққа сол хақиқатты таныту үшін қайтып оралады. Бұл жолы кемелділік иесі бар ынты-шынтымен халыққа қызмет етіп, хақиқатты паш етеді. Осы тұрғыдан алғанда исламдағы сайру-сулук иелері мен Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар, Дулат, Махамбет, Абай, Шәкәрім және т.б. қазақ ақын-жырауларының ұстанымынан ортақ үндестікті көре аламыз. Демек, Құдай берген ізгі қасиеттерді халық игілігіне жұмсаған ақын-жырауларымызды да зиялылар санатына жатқызуымызға болады.   

Задында, зиялылықты тек рухани тақырыптарымен байланыстырып, зиялылар мен руханият иелерін бір санатқа жатқызу дұрыс емес. Себебі, әрбір адам халыққа өзінің қабілет-қарымымен қызмет етуге құқылы. Мысалы, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Жетісу жерінде әуқатты Маманов өз қаржысымен мектеп ашып, қазақ публицистикасына бәйге жариялап, хал-қадерінше халыққа қызмет етті. Осыған байланысты халық оны «Маман құт» деп атады. Ал, Сыр елінде жұт жылдары халыққа қарайласқан байларды «сақи» (жомарт) деп мадақтаған. Яғни, тапқан табысы мен байлығын халық игілігіне жұмсаған «құт», «сақи» атағын иеленген игі-жақсыларды да зиялы деп айтуымызға негіз бар.

Нағында, «зиялы» ұғымы  алғаш рет Алаш қайраткерлерінің шығармаларында көрініс берген. Мысалы, Мұстафа Шоқай: «Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз? Бiр қа­рағанда, жеңiл көрiнгенiмен, шын мәнiнде бұл сауалға дұ­рыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адам­ның бәрiн «зиялы» деп атап, оны сол адам өзi тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателе­семiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгiлi мұ­рат-мақсаттар төңiрегiне жи­налған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, эко­но­микалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт дең­гейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар бол­ған халық бұқарасын бiр­лестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi» – деп зиялы ұғымының мәнін жан-жақты ашып көрсетеді.

Алаш қайраткерлері нұсқаған зиялылық ұғымы бүгінгі күннің талабымен толық ұштасады. Себебі, халықтың саяси, эко­но­микалық және әлеуметтiк мұң-мұқтажы мен тіл, дін, діл тәрізді рухани қажеттіліктерін өтеу арқылы ғана біз ұлттық тұтастыққа қол жеткізе аламыз. Бұрын қазақ халқы ұлтқа қызмет еткен тұлғаларды «ер», «азамат», «сабаз», «батыр», «бек», «би», «хан», «қайғы», «ақын-жырау», «игі-жақсы», «құт», «сақи», «сүлей», «камил инсан», «жәуан мәрт» және т.б. атаулармен атаған. Қазіргі күні халықтың жоғын жоқтап, барын ұқсатып кәдеге асыра білген қайраткер һәм кемел ойдың иесін – зиялы деп атаймыз.

Мұхан Исахан

Оқылды 583 рет
JoomShaper
Top