Ұлттық дәстүріміздің ұлық мерекесі

Сенбі, 21.03.2022

«Жыл басы Наурыз, Мол болсын дәм-тұз!» деген игі тілекті әр адамның ақ ниеті деп түсінсек те, Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Өйткені, ол біріншіден мемлекеттік мереке. Екіншіден, өте көнеден келе жатқан мейрам.

Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Сондықтан, ұлыстың ұлы күнін тойлау – ежелден түркі жұртында бар дәстүр. Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Үлкен әжелер мен аналарымыз бұл күнді «Самарқанның көк тасы еріген күн» демеуші ме еді?!

Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында көне замандардан бері орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Сумейрамы», татарлар «Нардуган», тәжіктер «Гүлгардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи»,  буряттар «Сагаансара» деп түрліше атаған. Ал Шығыс халықтарының наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Омар Хайям, Әбу Райхан Бируни еңбектері арқылы жетіп отыр. Мәселен, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндері жеті кесемен дәстүрлі ұлттық көже – «сумаляк» ұсынады; жамбы атысып жарысады; тозған киімдерін тастап, үйдегі ескі шыны ыдыстарын сындырады; бір-біріне гүл ұсынып, үйдің тіреу ағашына гүл іледі екен.

Ал ежелгі түркілер болса, ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал-мұрттарын түзеп, шаштарын алады, алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге – жамбы атып жарысады.

«Ағылшындар XVIII ғасырдың бас кезіне дейін жаңа жылды 26 наурызда тойлап келді» деген де деректер бар.

Ал, қазақ жерінде сан ғасырлардан бері 21/22 наурызда тойланып, ұрпақтан  ұрпаққа мұра болып келе жатқан жалғыз мейрам – Наурыз мерекесі. Қазақ даласында ұлыстың ұлы күні бүкіл адамды тең санаған, құл мен күң де шаруадан босап, еркін бой жазуға мүмкіндік алған. Бұл күнгі дастарқандағы дәм, айтылар әңгіме көпке ортақ болған екен.

Бүгінгі қазақ жастарын халқының салт-дәстүрін бойларына дарыту арқылы шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу жолында аталмыш мерекенің орны ерекше. Бүкіл тіршілік аталуының түрленіп, жаңаруы, мейрамның ең қадірлі дәмдері мен қасиетті сөздерінің  кеңінен насихатталуының  өзі халқымыздың болмысын таныта түседі.

Ата-бабадан жеткен халқымыздың тамаша жоралғылары мен дәстүрлеріне құлақ салсақ, зердемізге түйіп, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыра алсақ, қандай ғанибет болар еді?!  «Наурыз» күн мен түн теңеліп, жердегі көкке жан бітіп, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың ауызы аққа тиетін, тоң жібіп, Жер-Ана бусанатын, қыстан аман шыққан шаруа адамының еңбекке бастайтын ерекше күн деп саналған.

Жаңа жылды, Наурыздың 22-жұлдызын халық «Ұлыстың Ұлы күні» деп ұлағаттаған. Ұлыс күні қазақ үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Бұл күнгі әрбір өзгеріске үлкен мән берген, қар немесе жаңбыр жауса «нұр жауды», «туар жыл нұрлы болады», «Наурыздың ақша қарындай» деп әсем теңеулер айтып, ағынан жарыла қуанса, мал төлдесе «бір тал көк шөп артық шығады» –  деген ниетте болған. Ал, нәресте дүниеге келсе, ұлағаттап ерекше есім қойған.

Ұлыстың Ұлы күні «көлденеңнен шөпке жан бітіп, қырда саршұнақ інінен қылт етіп, бір көрініп, қайтадан ініне кіріп кетіп, жер беті әбден жылығанда шығады» дейді. Бұл сөзде дала мен табиғат арасындағы көзге көріне бермейтін терең мәнді тағылымды үйлесімділік жатыр.

Тілімізде осы күнге қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Ұлыстың ұлы күні», «Ұзақ ұшып келген күн», «Көк құт (өсімдік) көзін ашқан күн», «Көк тас еріген күн» деген сөз оралымдары сақталған.

«Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алған» деседі.

Наурыздау, ауыл аралап көрісу қазақ даласында үш күнге созылған. Осы күндері әрбір отбасының дастарқанынан көжесі, дәмі үзілмеген, есігі ашық, қабағы жайдар болған.

Наурыз күні міндетті түрде отбасынан дәм татып, ақсақалдар мен әжелердің батасын алу міндетті саналған.

«Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып көріскен.

Аталар бата беріскен,

«Сақтай гөр» деп терістен».

Міне, қарап отырсаңыз, осынау ақ ниетті ағайынның көздегені жақсылықтың бастауы іспетті. Бір-бірімен құшақтасып, бауырласып, алғы күнге ақ тілек ақтару – тамаша көрініс. Қазіргі таңда ауылдық жерлерде осы мереке ерекше сақталған.

Халқымыз Наурыз мерекесінде ән-жыр айтып, айтыс-терме ұйымдастырып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне игі бата беріп қауышып жатады. Бұл − қыстан халықтың аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, көктемді қарсы алу мерекесі. Ауылдың үлкен-кіші азаматтары бас қосып, кетпен-күректерін алып, жол жиегіндегі арықтарды тазалайтын, ағаш отырғызатын. Ең бастысы, бұл күні бұрын ренжісіп жүрген жандар болса, бір-біріне өкпесін кешіріп, қол алысып, құшақтасып, мәмілеге келетін мереке. Сондықтан ғасырлар қойнауынан бастау алған Наурыз мейрамы – ұлттық дәстүріміздің ұлық мерекесі десек, артық айтқанымыз емес.

Т.Т. Әбуов,

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми

зерттеу және талдау орталығы

Діни ахуалды талдау және

мониторинг бөлімінің бастығы,

бас ғылыми қызметкер

 

 

 

Оқылды 1103 рет
JoomShaper
Top