Ұлттық киімнің қазақ мәдениетіндегі дәрежесі

Сәрсенбі, 21.08.2021

Қазақтың ұлт киімдерінің түрлері мен атаулары көп: кейде ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп, кейде жүздер ішіндегі рулардың аттарымен де ерекшеленеді.

 

Қазақ халқының киім киісі айналадағы ортаның, оның үскірік аязы мен аңызак желінің әсерімен, бар өмірі аттың үстінде өткен көшпелі қауымның, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей күн көрген диханның іс-әрекетімен байланысты қалыптасқан заттық мәдениетінің көрінісі. Көркем қолөнерінің классикалық туындылары, ұлттық ерекшелікті бейнелейтін мәдениет үлгісі. Онда халықтың әсемдік талғамы, өмір сүру салты, өткен әлеуметтік тарихи тәжірибе айқын сезіледі.

XV-XVII ғ.ғ. қазақ хандығының құрылуы – ұлттық мәдениеттің қалыптасуының негізі болды.

Ұлы даланы мекен еткен көшпелі тайпалар бірыңғай этникалық топқа жіктеліп қазақтың халық болып қалыптасуына негіз болды. Сөйтіп, қазақ халқының төлтума мәдени құндылықтары: дәстүрлі өнері, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, шаруашылық формасы, діни сенімдері, философиялық мұрасы дами бастады.

Қазақтың ұлт киімдерінің түрлері мен атаулары көп: кейде ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп, кейде жүздер ішіндегі рулардың аттарымен де ерекшеленеді. Мысалы, арғын тымақ, найман тымақ, қыпшақ тымақ, адай бөрік, кызай бөрік, ноғай бөрік т.с.с. Кейде географиялық мекен атына қарай да ерекше мәнер үлгіге бөлінеді - қоңырат үлгісі, жетісу үлгісі, арқаның үлгісі және т.б. Мұндай бөліп атау киімдердің кеңдігі, ықшамдылығы, бойға қонымдылығы және әшекейлеу мәнерлерінің ерекшеліктеріне қарай да ажыратылады. Мысалы, шапан үлгісін алайық. Ұлы жүздің шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, ашық жағалы келеді. Оңтүстік елі өзбек, тәжік, ұйғыр халықтарымен көршілес, көпшілік кәсібі бақ өсіріп, егін салу болғандықтан бұлардың киім үлгісімен тігілу мәнеріне осы жағдайлардың ықпал еткенін көреміз.

Орта жүздің шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ ойма немесе түймелі болып келеді. Өйткені орта жүз қалаға жақын, орыс, татар халықтарымен аралас-құралас отырады.

Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып келеді.

Осындай ара-тұра айырмашылықтары болса да, солардың бәріне бірдей ортақ, ұлттық мәнер мен қазақша атаулар берілген. Үш жүздің қайсысында болса да шапанға шабу қояды және оны барлық жерде шабу деп атайды. Жеңтүптері кең келеді де, оны жеңтүп, ойынды, қолтырмаш деп атайды. Үш жүздің қайсысы болса да шалбарға ау қояды, қолтыққа қолтырмаш салады. Ертеден қалған киімдердің үлгі нұсқаларына қарағанда, киімді адам денесіне шақ етіп тігу беріректе, орыс халқымен аралас, қаламен қатынас көбейе түскен кезде калыптаса бастаған сияқты. Қазақ киімдерінің ең ықшамды кішірек түрлері орта жүз бен ұлы жүзде, ал ең мол үлкен үлгілері кіші жүз жақтан кездеседі.

Бір сөзбен айтқанда, етегін төсек, жеңін жастық етіп жүретін –жорықшылық, шидем, тон, шапан қабаттап киінетін - мал бағушылық, етек-жеңін түрініп, ықшам киінетін - диқаншылық тағы басқа тұрмыстық жағдайлар киімдердің түрлеріне зор ықпал жасап отырған.

Халық менталитетінің бір көрінісі әдет-ғұрып. Отбасылық ғұрыптарға орай киім үлгілері жасалды. Отбасылық ғұрыпқа сәйкес бала мен қыз киімі, қыз ұзату мен келін түсіру салтына орай күйеу мен қалыңдықтың үйлену салтанатына киетін киімдері, тойлар мен жиындарда, дипломатиялық қатынастарда киетін сән-салтанатты киімдер тігілді. Әлеуметтік белгілерге қатысты, рудың өзіне тән ерекше белгілерін бейнелейтін киімдер, ер мен әйелдің жас ерекшеліктерін айыратын киім үлгілері және де шаруашылық формаларына оңтайлы киімдер, оның ішінде аңшылық және бақташылық кәсіпке бейімделіп тігілген киім нұсқаларын жатқызамыз.

Жалпы қазақ халқы киім мәдениетін көшпелі мал өсірушілердің өндіріс тәсіліне орай қалыптастырды. Олардың киімдері қалалық тұрғындардың киімдерінен ерекше болды.

Сондықтан материалдық игіліктер мен рухани құндылыктар қашан да көшпелі өндіріс тәсіліне сай болды. Қазақ халқы қысқы киімнің жел, суық өткізбейтін жылы, жазғы киімнің әдемі, әсем тартымды болуына көңіл бөлді.

Қазақ киімінің нұсқалары, отбасылық ғұрыпқа сәйкес ерекшеленеді.

Қыз киімі. Қыздың киім-кешегінде мынадай киім нұсқалары болған:

Қос етек көйлек. Жұқа матадан тігіліп, белі қыналған ішкөйлектің үстіне киілген. Етегіне екі-үш қатар желбезек тіккендіктен қосетек деп атаған. Жағасына тамақша (тамақша күміспен соғылатын да, көйлектің тік жағасына коса көктелетін алқаның бір түрі) тіккен немесе мойнына алка тақкан. Көйлектің бұл түріне Маңғыстауда, Сыр бойында желбезек орнына екі-үш катар бүктесін беріп, оны да қосетек деп атаған. Қос етек көйлек әдетте ақ түсті қымбат жібектен, асыл матадан тігіліп таза жүннен тоқылады. Мысалы, ақ шәйі, ақ жібек, ақ кәлүнгір (каленкор), ақ торғын, ақ файы, ақ шағи, дүрия, бәтес, зифа, ләйлек, сусыма, сұпы, кәріс сияқты іштік матадан желбірлеген көйлек түрлері жиі кездеседі. Сонымен қатар қызыл, жасыл, сары, көк, кара, кұбақан, жолақ түсті шыттар мен қырмызы, манат, қамқа, барқыт, пүліш, шұға, үштоп, атлас және т.б. тыстық маталардан да қос етек көйлектер тігілетін. Мұндай көйлекті қыста киюге арнайды да, бір киер көйлек санайды. Қос етек көйлек әдетте ұзын, кең, оның жеңінің ұшы мен жағасы, белі бүрмеленіп, қатпарлы желбір салынады. Қазіргі өлшеммен алғанда бір қос етек көйлекке 6-7 метрдей мата жұмсалады. Мұндайда сараң күйеудің «кос етек, қойды құртқан осы етек» деп тарылатыны да болған [Ө.Жәнібеков, Уақыт керуені. Алматы: Жазушы, 1992. – 61 б.].

Қос етектің негізгі етегінің кеңдігі 3,5-4 ен, кейде 4 ен жармаға дейін, биігін әркім өз бойына (беліне дейін) өлшеп бөлек қусырып алады. Оның етегін әдіптеп, кестелеп немесе оқа жапсырып әшекейлейді. Содан кейін етектің үстінен биіктігі 25,30 см мөлшерінде бірнеше қосымша етек бастырады. Етектің төменгі шетін әдіптеп, әшекейлеп бос қалдырады да, жоғарғы шетін негізгі етекке бүріп бастырады. Бүріп бастырған тігіс үстіне де зер, кесте немесе басқа түсті асыл мата жапсырып әшекей жасайды. Осындай косарлана желбір жасап тұрған етектер екіден тоғызға дейін қатар-катар қатпар түзеп, етекті дөңгелетіп, бір түрлі әдемі ауқым жасап тұрады. Қос етек көйлектің жеңінің ұшы да қос-қос бүрмеленеді. Әйел көйлегін ерекше сәндеп тұратын косымша заттардың бірі омырауға не тігіп, не түйме, түйреуіш, ілгектермен жапсырып қоятын «өңір» деген зат. Өңір жағаның алдыңғы жақ түбінен бел бүрмесіне дейін, ені екі жақ қолтық тігісіне жетеді. Өңірді асыл матадан бөлек тігеді. Шет-шетін кестелеп, зерлер салып шашақтап, бетіне неше түрлі асыл тас, меруерт-моншақ, алтын не күміс алқа, тенге, бастырма, жылтыраған үзбелі салпыншақтар қадайды. Өңірді кеудеше, көкірекше, төстік, алқа деп те атай береді.

Камзол. Көбіне барқыттан, қыздың бөксесіне жетер-жетпес етіп пішіп, белі қыналып тігілетін кеудеме. Оның қаусырмасына, шалғайына, жеңіне оқа тікке, ал ол табылмаса кесте жүргізілген. Камзолға бойтұмар қадаған, әр түрлі өткеншектер ілген.

Қыздың бас киімі- тақия. Тақия барқыттан бедерлі немесе зерлі жібек матадан тігілетін де, інжу-маржанмен, зергерлік заттармен әсемделіп, үкі тағылатын бас киім.

Қыздың тақиясына үкі қадайтын дәстүр обаста табиғаттан тысқары. сикырлы-сұғанақ күштердің жын перілердің «салқынын» бойына тартып, пәле-жаладан, сұқық көзден, ауру-сырқаудан сақтайды-мыс деген көне түркі-қыпшақ заманынан қалған ескі ұғымнан туған. Бірақ кейіннен ұлттық киімнің сәніне айналған.

Кемер белдік. Оның былғары немесе барқыт жолағына металл шытыралар қондырылаған. Белдікті күмістен де соққан.

Қыздың аяқ киімі– етік, кебіс. Биік өкшелі, бедерлі, зерлі, кестелі болып келетін аяқ киім үлгілері. Қыздың киім кешегінде әсіресе тақия, белдік ерекше әшекейленетін болған. Қыз үшін белдігін жоғалту арынан айырылғанмен бара бар болған. [С.Қасыманов Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Қазақстан, 1995. – 160-161 бб.].

Қыз киімдерінің кеуделері тар, қынамалы, омырауы мен жаға-жеңдері кестелі, көйлектері қос етекті, бас киімдері үкілі, моншақты, аяқ киімдері биік өкшелі, жеңіл және қай киімі болса да алтын, күміс меруерт моншақтармен әшекейленеді. Қыздар көбінесе құндыз бөрік, қатипа тақия киіп, шолпы тағып жүреді. Қыздар төсін жасыру үшін кеудесін көкірекшемен қатты тартып тастап жүрген.

Қыз киімінің құрамдас бөлігіне зергерлік әшекей бұйымдар: сырға, сақина, білезік, өңіржиек, қапсырма, бойтұмар, шашбау, шолпы, шашқап, жүзік кіреді.

Қызын қастерлеген халық олардың ішкі жан дүниесінің мөлдірлігімен катар сыртқы келбеті мен тұлғасының да сұлу болғанын қалаған.

Булаткызы С.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы,

Талдау жұмысы бөлімінің аға ғылыми қызметкері

 

Оқылды 975 рет
JoomShaper
Top