«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»

Сенбі, 30.04.2022

Көзіңнің нұры, бауыр ет балаңнын - сыңғырлаған күлкісін емес, жанына батқан дертінен күндіз-түні жылағанын есту, құлындай секіріп, ойнап-күліп жүргенін емес, созылмалы дертінен төсекке таңылғанын көру ата-ана үшін қандай қасірет десеңізші.

Кешкісін жұмыстан шаршап келсе де, «әріптесінің ұлының денсаулығы қалай болды?, емге қажетті қаржы мәселесі шешілді ме?», деп жолдасымды сұрақ астына алдым. Себебі, әріптесінің кішкентай ұлына бірнеше мәрте ота жасаса да дертінен айықпай жүргенін естігенім бар. Өзім ана болғаннан кейін, уайымдадым айтпасам да әр намаз сайын дұғада болдым. Алла сол дұғаларымды қабыл еткен шығар, кеше «Қазақстан» ұлттық телеарнасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафонының кезекті көрсетілімінен эфирге шықпасы бар ма әріптесінің! Шыны керек, ол әріптесін сырттай естігенім болмаса, өмірімде көрген емеспін. Телеарнаға кішкентай ұлымен келіп отырғанын көргенде: Жаратушы шебер ғой, мұнда келші сенің әріптесің емес пе!? – деп жолдасыма дауыстап жіберіппін. Аллаға мың шүкір, жасаған дұғамыз қабыл болғанына, кішкентай бүлдіршінге үміт сыйлады Қазақстан телеарнасы, –деп, көз жасымды тыя алмадым.

Бірнеше күннен бері өтіп жатқан «Шынжүректен» телемарафоны игі бастама, ауқымды қайырымдылық іс-шара дер едім.

Дәл қазір бүкіл қазақ елінің назары да, аузындағы сөзі де, бар үміті де осы іс-шарада болып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде перзентінің туғанынан не оқыстан болған ауыр да, созылмалы дертінен тағдырының маңдайға салған тауқіметін өзі ғана көтеріп, әрі әбден қажыған ата-аналарға сағым болған үміт оты қайта жағылды!

Осы телемарафонның өз деңгейінде өтуіне телеарна қызметкерлері тайлы тұяғына дейін атсалысып, тер төгіп жатқанын білеміз. Телеарна ұжымы және аймақтық арна орталықтары екі дүниеде жауапкершілігі үлкен ізгі бастаманы батыл қолға алып, атқарып қана қоймай, Қазақстан халқын  бірігіп қайырымдылық жасауға шақырды. Телеарнаның ұйытқы болуымен науқас балалардың қажетіне қыруар қаржы жиналды. Перзентінің ауыр науқасымен жалғыз алысып,  қаржының қолбайлау болуынан мына нарықтық заманда, отбасына берілген сынаққа мойынсынған, төзімі таусылған отбасыларына қуаныш сыйлап, шамасы келетін жақсылығын жасап, қайырымдылық көрсетететін атымтай жомарт нар азаматтарымызбен қоса нәзік жанды кәсіпкер әйелдерімізде бірінен соң бірі ағылып кеп жатқанын көріп куә болдық. Мұндай ізгі амал, қайырымдылық қолын созған мәрт азаматтарымыздың жақсылығын осы журналист қауым халыққа айтып жеткізбесе бірін білсек, бірін білмейміз. «Мұсылман - мұсылманның айнасы» демей ме хадисте.

Мен де өтіп жатқан осынау іс-шараға өз тарапымнан қандай көмегім тиер екен деп байыз тауып отыра алмадым. Сондықтан, мамандығым бойынша, шараға титтей де болса әрбір атсалысушыға және Малым жанымның садақасы, – деп, Алла тағаланың – «Рахман», «Рахим», «Аса Қамақор», «Ерекше Мейірімді» есім-сипаты бойынан табылған демеуші азаматтарымызға екі дүниелік сауап барын айтып, асыл дінімізде келтірілген аят-хадистермен сүйншілеп, рухын көтергім келді.

Халифа Омар ұлы Хаттаб (р.ғ) Әбу әл-Әшариге: «Кімнің ниеті шынайы (таза) болса Алла онымен адамдардың арасына қамқоршы болады» – деген.

Алла Тағала Құранда пендесінің жасаған жақсылығы марапатсыз қалмайтыны туралы былай деген: «Кім жақсылықты қолдаса, оған одан несібе бар. Ал және кім жамандыққа болысса, оған да, одан бір тиесі бар. Алланың әрнәрсеге күші басым» (Ниса: 85)

«Негізінде сендер, Алла жолына (қайырымдылық жасауға) шақырыласыңдар. Алайда кейбіреулерің сараңдық қылады. Кім сараңдық қылса, өзіне ғана сараңдық қылады. Себебі Алла бай, сендер кедейсіңдер. Егер Алладан бет бұрсаңдар, орындарыңа сендерден басқа халықты ауыстырады. Сосын олар сендер сияқты болмайды» (Мұхаммед: 38).

 «Негізінен иман келтіріп, ізгі іс істегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер үшін Жаратушыларының қасында сыйлық бар» (Бақара: 277).

«Жақсы амалдың сыйы тек жаксылық» (Рахман: 60).

Ал енді дана Әли мұқтажға жәрдем беруге жігерлендіріп, былай деген: «Өзіңе керек бола тұра басқаға беру – иманның шыңы».

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме бабам қазақ. Осынау игі бастамаға қазақ халқы жұмылған жұдырықтай бірігіп, шама-шарқына қарай көмек беріп жатқанын көріп тәубе, ҚАЗАҚ біріксе еңсермейтін биік, алынбайтын қамал болмайтына көзіқарақты көрерменнің көзін жеткізді ұлттық телеарна! Жаса Қазағым! Ауызбіршілігің, бейбітшілігің, тәуелсіздігің мәңгі баянды болғай!

 Келешекте де аталмыш қайырымдылық іс-шарасы елімізде өз жалғасын табады деп үміттенеміз.

  Гүлнар Жаладинқызы, дінтанушы

Оқылды 773 рет
  • клово
  • Раббымыздың ең ұлы есімдері Рахман және Рахим екенін жақсы білеміз. Бізді жаратып,өзінің тура жолымен жүруіміз үшін,жақсылық пен жамандықтың парқын ажырата білуіміз үшін бізге Ислам деген Ақиқат дінін пайғамбарлары мен елшілері арқылы жеткізді. Ия,адам басына түсетін әртүрлі жақсылы,жаманды,қуанышты,қайғылы жағдайлар көп болады.бәрінің де басында болған шығар деп ойлаймын. Сондай кездері не істеуіміз керек? Сабыр сақтаймыз,шүкіршілк етеміз,Аллаға дұға жасап,көмек сұраймыз. Дұға - біздің Жаратушымызға деген сеніміміздің көрінісі, Раббымызға мұқтаж екенімізді еске алуымыздың көркем әдебі,мұсылманның қаруы.Дұғаларымыз қабыл болғай! Мейірімі мен жақсылығын қолдан келгенше аямайтын,кол ұшын беруге даяр тұратын азаматтарымыз көп болғай! Осындай игі,шынайы,Алланың разылығын көздейтін бастамалардың басында жүрген бауырларымызға Алла мол сауаптан жазғай!
JoomShaper
Top