Ысырапшылдық – Құдай сүйер іс емес

Сейсенбі, 16.02.2022

Ислам ысырапшылдықты тиым салынған амалдардың санатына жатқызған. Сол үшін де дін талаптарына сәйкес әрбір адам өз мүлкін орта деңгейде жұмсауы тиіс. Дегенмен,  игі мұсылман ысырапшылдық харам екен деп, сараң да болып кетпей, әр нәрсені орта өлшеммен жасайды.

Құрандағы «Сараң болма және ысап етпе!» (Исра: 29) бұйрығы бізге екі өлшемнің ортасын ұстауды міндеттейді.

Рас, дініміз ысырапшылдықты айыптап, жомарттықты мақтан тұтады. Ислам шариғатында жомарттықтың мәні ысырапшылдық емес, мал-мүлікті үнемділікпен әрі орынды жарату дегенді білдіреді. Өйткені, мал-дүние құнды әрі бағалы болғандықтан дініміз дүниені бейберекет шашуды құптамаған.

«Жеңдер, ішіңдер және ысырап қылмаңдар. Шын мәнінде, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Ағраф: 31).

Мүлік – Алланың пендесіне берер нығметтің бірі. Адамның ақыретке жияр азығы да осы мал-дүние арқылы келеді. Оның дәулеті орнымен жұмсалар болса екі дүниені теңдікте ұстауына жәрдемдеседі. Қажылыққа бару, Алла жолында дүниесін сарып ету де мал-мүлікке байланысты. Денсаулығына көңіл бөліп, уақытында ем қабылдау, өзгенің қолына қарамау, ағайын-туысты қамтамасыз ету, садақа беру, мұқтаждарға көмек көрсету мүлік арқылы іске асады.

Сондай-ақ, емхана, бала-бақша, мектеп ғимараттарын тұрғызу, су көздерін ашу, жол және көпір салу мал-мүліктің арқасында орындалады. Ұзын сөздің қысқасы, қоршаған ортаға пайда келтіру, қоғамға қызмет көрсету материалдық қаржымен шешімін табатын дүниелер. Асыл шариғатымыз «Адамдардың ең қайырлысы, оларға көп пайда тигізгені» деп, бізді ізгілік пен қайырымдылық жасауға шақырады. Бірақ, бұл ізгілік бекер мал шашпақпен емес, үнемділік және ұқыптылықпен болмағы ләзім.

Ысырапшылдық – адамның бойындағы кемшіліктердің бірі. Мұны дін мамандары дерт деп те атаған. Әрбір дерттің өз дауасы болады демекші, ысырапшылдықтан құтылудың да үш жолы бар екен. Олар:

Бірінші жол – білім жолы. Ысыраптың зардабы мен зияны туралы тәлім алу. Дін исламның ысырапшылдыққа қатысты ұстанымымен танысу. Оның тиым салынған амалдардың қатыранда екенін ұқтыру. Өйткені, әрбір әрекеттің ақ-қарасын ажыратып, білу үшін де білім керек.  Білім адамды дұрыс жолға сілтеп, адасудан сақтайды;

Екінші жол – өз бойындағы ысырапшылдық қасиетімен күресу. Ысырап жасамауға тырысу. Қажет жағдайда сенімді жолдасының біріне өзінің кемшілік тұстарын айтып, ескерте жүруін өтінсе де болады. Мал-дүниесін орынсыз оңды-солды шашқан кезде әлгі досы оған ескертіп айтады. Осылайша, адам өзіне бақылау жасап жүреді;

Үшінші жол – бойындағы ысырапшылдықтың себептерін біртіндеп анықтап, оған қарсы күрес жүргізу. Әрине, бұл күресте жеңіске жету үшін көп тер төгудің қажет екені анық. Адамды ысырапшылдыққа әкелетін алты себеп бар көрінеді.

Бірінші себеп – ақымақтық. Көптеген адамдарды ысырапшылдыққа ұрындыратын себептердің бірі де осы. Ақымақ адам жеңіл әрі келте ойлайды, мұрнының алдындағыдан әрі аса алмайды. Кейде осындай ақымақтың қолына жеңіл олжа келіп, дүние бітеді. Осы кезде оның жанынан «достары да» табыла кетеді. Олар оған: «Қолында малы бар жігіт өмір сүріп қалуы керек», «нағыз еркек малын аямайды», «бар дүниені көрсетіп шаш» деген сан түрлі өтіріктерді айтып, малын тауысқанша «ажырамас достай» жүреді. Әдетте дұрыс тәрбие алмаған дәулетті отбасынан шыққан балалардың басым бөлігі осы дерттің салдарынан әулетті жерге қаратады.

Екінші себеп: адам ысыраптың не екенін толық білмейді. Оны қайырымдылық пен жомарттықтан ажыратпайды. Сөйтіп орынсыз, арам, құмар, зиянды мақсатта жұмсалған малын жомарттық деп алжасады. Жомарттық деген осы екен деп жастарды дәстүрлі тәрбиеден алшақтатып, қоғамды рухани дағдарысқа ұшырататын түрлі күмәнді ойынханаларға демеулік жасайды.

Үшінші себеп: рия және басқалардың көзіне көріну үшін малын ысырап етеді. Мені көрген жұрт «Туһ, мынау бай екен», «Апырмай, мынау неткен дәулетті!» деп ойласын деген ниетпен мал шашып, мазар басында бағалы мәрмәр тастармен  зәулім «сарай» тұрғызады, керек десеңіз ұшақпен шет мемлекетке барып түстеніп келеді (елімізде ондайларда бар екен) және т.б.

Төртінші себеп – жалқаулық. Өзі еңбек етпейді. Біреудің маңдай терімен келген малын жеңіл және рахаттанып шашқанды жақсы көреді.

Бесінші себеп – зерігу, рахат өмірден «жалығу». «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, мына дүниенің рахат өмірінен  жалығып, іші пысып көңіл көтеру үшін, нәпсі рахатына беріліп, дүниесін судай шашу.

Алтыншы себеп – дінге немқұрайдылық. Ысырапқа қатысты тиым салатын аят-хадистерге құлақ аспайды. «Есеп күнінде қалай есеп беремін?» деп ойланбайды. Өйткені, мұндай адамдар үшін «Құдай», «Қиямет күні», «Пайғамбар өсиеті» деген ұғымдардың қадірі мен қасиеті жоқ десек те болады.

Ойымды ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисімен түйіндегім келеді: «Адамды адасу жолына жетелейтін нәрсе – ысырапшылдық пен тәкаппарлық» (Бұһари).

Иә, расында да, осы хадисте айтылған екі ұғым (ысырапшылдық пен тәкаппарлық) адам баласын көптеген қателіктерге ұрындырып жататыны шындық. Бойымыздағы ысырапшылдық, тәкаппарлық, сараңдық, көреалмаушылық сияқты т.б. нашар мінез саналатын қасиеттерге қарсы күресу өзімізге байланысты. Бұл сипаттарды жеңу немесе жақын тұту өз ықтиярыңда. Қаласаң, олардан айығу жол іздейсің, құтылуға күш саласың. Егер немқұрайлық танытсаң немесе жалқау болсаң, онда олармен бірге өмір сүресің. Сөйтіп, сол қалпыңда Құдайдың алдына барасың. Алла тағала жақсылықты да, жамандықты да, әрбір жанның ниет-қалауына қалдырды. Бойымыздағы ерік-жігеріміз бен күш-қайратымызды дұрыс әрі орынды пайдалана білсек, үлгілі мұсылманға айналарымыз сөзсіз. 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

дінтанушы, философия ғылымының кандидаты

 

Оқылды 476 рет
JoomShaper
Top