Омардың жейдесі

Дүйсенбі, 18.01.2022
Омардың жейдесі

Екі дүние сұлтаны (с.ғ.с.) сахабаларымен сұхбаттасып отырған. Ол түнде көрген түсін әңгімелеп былай деді:

«Ұйықтап жатқан екенмін. Бір адамдарды көрдім. Олардың кейбірінің үстіндегі жейдесі кеудесіне дейін, біреулерінікі одан қысқа, біреулеріні ұзындау. Кенет Омар өте шықты. Ол киімін шұбатып келе жатыр еді». Сахабалар: «Уа, Алла елшісі! Түсіңізді не нәрсеге жорыдыңыз» деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Дінге» деген екен. Бұл Бұхари және Муслимде сахаба Әбу Сағидтен (р.а.) келген риуаят.

Аталмыш хадистен қысқаша үш жайтты байқап, түйіндеуге болады. Бірінші, тау тұлға Омар бин Хаттабтың (р.а.) діндарлығы мен тақуалығы жайлы айтылуда.

Екінші жайт, түс жору. Құран Кәрімде Мысыр патшасының жеті семіз сиыр мен жеті арық сиыр жайлы көрген түсін Юсуф (ғ.с.) жеті тоқшылық жылдан соң жеті қиыншылық жылдар келуіне жорыған қиссасы бар. Сонымен бірге, Ибраһим мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлардың түсі жайлы аяттар бар. Бұған қоса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да бірқатар түсті жорығаны жайлы риуаяттар кездеседі. Әрине, барлық түс жаппай жорыла бермейді. Түсті көргендегі уақыт, жағдай және т.б. жайттар да ескерілу қажет. Оған қоса, адам мінез-құлқының да белгілі дәрежеде маңызға ие.

Үшіншісі, хадистің сіз бен бізге қатысты тұсы. Түстегі адамдардың киімі – діндарлыққа және ар-ұятқа жорылған. Анығырақ айтқанда, киімнің ұзын-қысқалығы адамның ар-ұятының қаншалықты екенін байқатады екен.

Киім тек адамға көрік пен жылу беретін сәндік дүние емес, ол ең әуелі ұят-абыройды қорғайды. Ежелгі араб халқы «Пәленшенің жейдесі – діндарлық, шекпені – тақуалық» деген сөзбен адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін киім киісімен бейнелеген екен. Мақалдың меңзегені адамның киімі емес, оның бойындағы асыл қасиеті. Адамның көркі киімінде болғандықтан, арабтар киіммен бейнелеп жеткізеді. Ол киіміне дақ түсірмеген деумен, сүйегіне таңба түсетіндей масқара тірлік жасамаған дегенді білдіреді.

Жалпы алғанда, мұсылман ешбір жағдайда киімсіз жүрмейді. Мейлің, төсекке жатса да, моншаға түссе де кіндік пен тізе арасын қымтап бүркеп жүреді. Тіпті, қабірге де мұсылман кебінмен қойылады.

Өкінішке қарай, қаракөздеріміз арсыздықты ту еткен мәдениеттерге еліктеп жалаңаштануды «эстетикалық сұлулық» деп түсінеді. Қазақ: «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп, ұятты биік тұтқан қасиетті халық пе еді?!

Хадис «Омардың фазилеті» атты тарауда жазылған. Дегенмен, кісі бойындағы қасиетін көре отырып, адам азды-көпті өзіне тиесілі тұсын алады емес пе? Жә, түсіңізде де, өңіңізде де киіміңіз ұзын болғай!

Руслан ҚАМБАРОВ

исламтанушы

Оқылды 858 рет
JoomShaper
Top