«Таблиғшылар» тұйыққа тірейді

Сейсенбі, 08.12.2021

Тәуелсіздігімізді алып, тоқыраған рухани құндылықтармыздың бірі дәстүрлі діни танымымызды жандандыра бастадық. Осы рухани бос кеңістікті толтыру мақсатында жастар дін іздеп шекара асып, діни оқу орындарына кетіп жатты. Шетелдегі күмәнді діни оқу орталарынан оқып келген азаматтар елімізге келіп, өз ілімдерін таратып, көптеген жақтастар жиып та үлгерді. Осындай еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығына қауіпті діни ағымдардың бірі – «Таблиғи жамағаты» ұйымы.

Бұл ұйымды әу баста 1926 жылы Үндістанның Кандахла елдімекенінде туған Шейхүл-Хадис Мауләна Мухаммад Зәкәрия Кәндехләуи (1885-1944 ж.ж.) құрған. Алайда, Кәндехләуидің өмірбаяны жайлы мағлұматтар өте аз.

Үндістаннан бастау алған таблиғшы топтың идеологиясы уақыт өте келе, көрші Пәкістан, Бангладеш, кейіннен Сирия, Иордания, Палестина, Ливан, Мысыр, Судан, Ирак, араб елдеріне тарады. Бұдан ары Еуропаға және ТМД елдерінде кең таралып, соңынан біздің елге де жеткен.

«Таблиғи жамағат» өкілдері жайлы қысқаша сипаттама беретін болсақ, бұл ұйым мүшелерінің діни сауаттары төмен деңгейде. Сонысына қарамай олар «үш күн, жеті күн, қырық күн дағуат айтамыз, адамдарды дінге шақырамыз» деп, ауыл-аймақты аралап, кейде шекара асып кетеді. Баратын жерлері Үндістандағы медресе (марказ) «Низамуддин», Пәкістандағы «Райванд» және  Бангладештегі «Кокрайл» медреселері екендігі белгілі. Ол жердің діни ұстаздары, оңы мен солын білмейтін адамдардың санасына дәстүрлі емес діни уағыздарды сіңіреді.

 «Таблиғи жамағат» діни ұйымының негізгі ұстанымы мен мақсаты – фанатизм, яғни, соқыр сенім болғандықтан, олар топқа, яғни жамағаттарға бөлінеді, әрбір топ мүшелерінің қызметтерін нақты бөліп қарастыратын өз басшысы – әмірі болады және әмірге бағыну олар үшін міндет саналады.

 Әмірлері діни қағидаттарды бұрмалап, Пәкістанның ұлттық киімінде өздерін «дағуатшылар» («дінді насихаттаушылар») ретінде таныстырып, біз таза ислам жолына шақырамыз деп, тек қана Кәндехләуидің «Фазаил амал» («Амалдардың құндылықтары») деген кітаптарын оқуды насихаттайды.

Діни сауаты төмен, зайырлы білімнен хабары таяз таблиғи жамағаты елдің өркендеуі мен дамуын, халықтың әлеуметтік, экономикалық әл-ауқатының жақсаруын тежейді. Себебі, адам баласы дүниеге келген соң білім-ғылымды игеріп, елінің дамуы мен өркендеуіне қызмет қылуы тиіс. Ал, бұл ұйым мүшелері болса ғылым дегеніміз дін деп, одан басқа алгебра, астрономия, философия және тағы басқа ғылым салаларынан адамдарды тосады. Бұл жағдайда ел ешқашан дамымайды, ал шын мәнінде, Құран мәтініне келетін болсақ, ғылым-білімге шақыратын аяттар жетерлік.

Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында белгіленген тәртіп бойынша құзыретті органда діни бірлестік ретінде тіркеуден өтпеген бұл ұйымның ендігі қызметі ел аумағында заңсыз болып есептеліп, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешіміне сәйкес «Таблиғи жамағаты» ұйымы экстремистік деп танылды. Осыған сәйкес Қазақстан аумағында тыйым салынып, оны насихаттаған адам жауапқа тартылады.

Дін жолын ұстанамын деп, экстремистік жолға түсіп кетпеу үшін сан ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі діни танымымызды үйренуіміз керек. Мәселен, діннің өзіндік қағидалары мен заңдылықтары болады, солар қоғамға еніп, әдетке айналып, қолданыс табуы мен іс жүзінде жүзеге асуын дәстүрлі діни таным деп атаймыз.

Қазақтың дархан даласында ислам діні, соның ішінде ханафи жолы кең тараған. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы аялауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет қылуға негізделген. Бұл жолды ұстанған, халқымыз экстремист те, лаңкес те болған емес. Ендеше, бүгінгі ұрпақ дінді қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.

Дәстүрлі діни таным жайлы мағұлмат алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарынан, ресми сайттарынан және облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының дінтанушы мамандарынан алса болады. Орталықтың негізгі қызметi  мақсаты облыстағы діни ахуалды зерделеу, талдау және түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осы мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қазіргі уақытта республикалық 114 - Қауырт желісі және Орталықтың «Сенім телефондары» - 51-50-20, 8771050-13-04 қызмет атқарады.

 

Ерзат ЖАҚЫПОВ,

Жамбыл облысы әкімдігі

Дін проблемаларын зерттеу орталығы

Ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімінің басшысы

 

 

Оқылды 579 рет
JoomShaper
Top