Кешiрiлмейтiн күнә

Бейсенбі, 03.12.2021

 Ислам дінінде адам құқықтарына баса мəн берілген жəне адам құқықтарының сақталуына барынша жағдай жасалған. Алла тағала Құран кəрімде былай дейді: «Бір-біріңнің малыңды нақақтан-нақақ жемеңдер. Сондай-ақ адамдардың малының бір бөлігін негізсіз жейтіндеріңді біле тұра, билерге пара беруге ұмтылмаңдар» (Бақара: 188 аят).

Келесі бір аятта: «Уа, мүминдер! Күмəннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмəнның кейбірі күнə. Бір-біріңнің жасырғанын жария етпеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Өлген туыстарыңның етін жегенді қалайсыңдар ма? Əрине, оны жек көресіңдер. Расында, Алла тəубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді», – делінген (Хужурат: 12). Қалай болғанда да адамдардың құқығын аяқасты етіп, оларды жəбірлегендер залымдар санатына жатқызылған. Құран кəрімнің көптеген аяттарында мұндай кесапаттардан безіндіріп, оларды жан түршігерлік азап күтетінін жеткізген: «Шынында, адамдарға зұлымдық қылып, жер жүзінде кесірлігімен шектен шыққандарға лайық. Міне, солар үшін жантүршігерлік азап бар» (Шура: 42); «Залымдардың орны қандай жаман!» (Əли Имран: 151); «Сондай-ақ, залым- дар үшін жəрдемші жоқ» (Мəида: 72); «Естеріңде болсын! Алланың қарғысы залымдарға төнеді» (Худ: 18). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл туралы: «Бір-біріңді күндемеңдер, əділ сауда жасаңдар, заттың бағасын өздерің алмайтын дəрежеде көтеріп, бауырларыңды қинамаңдар, бір-біріңе өштеспеңдер, алакөзденіп сырт айналмаңдар. Дін жолында тату-тəтті туыстық одақ құрыңдар. Мұсылман мұсылманға – бауыр. Кісі бауырына зұлымдық жасамайды, жек көрмейді, қажет болған жағдайда қол ұшын береді жəне оны кемсітіп қорламайды» дей отырып, үш қайтара жүрегін нұсқап: «Тақуалық міне, мұнда. Кісінің мұсылман туысын қораш санап, кемсіткені – басына үлкен жамандық жинағаны. Мұсылман үшін əрбір мұсылманның қаны, малы жəне ары харам жəне қасиетті аманат іспетті» дейді. «Мұсылманның мұсылман бауырына жасар бес түрлі міндеті бар. Ол – амандасқанда сəлемін алу, түшкіргенде Алла тағаланың рақымын тілеу, шақырғанда бару, науқастанғанда көңіл-күйін сұрау, жаназасына қатысу». Əбу Хұрайрадан жеткен риуаятта: «Мүфлистың кім білесіңдер ме?» деген сұраққа сахабалар: «Ол ақшасы, мал-мүлкі таусылған пенде ғой», дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Үмбетімнің арасындағы ең пақырының кім екенін айтайын: Ол – қиямет күні намазы, оразасы жəне зекетімен қоса ананы тілдегені, мынаған жала жапқаны, пəленшенің малын жегені, түгеншенің қанын мойнына жүктегені, біреуді ұрып-соққаны, тағы көп күнə арқалап келген адам. Сонда ол істегенін мойнымен көтереді, сауаптары зардап шеккендерге таратылады. Ал сауабы жетпесе, əлгілердің күнəларын арқалап, тозаққа лақтырылатын болады» деп түсіндіреді. Бұған қоса, «Қиямет күні кісі ақысы өз иелеріне қайтарылады. Керек десең, сүзеген қойдан мүйізі жоқ тоқал қойдың есесі алынады» деп ескертеді. Өзі дүниеден озарында сəл бұрын мешітке келіп сахабаларын жинап, бұйымтайын айтады: «Уа, ағайын! Мен енді орталарыңда көп жүрмеймін. Мінекей, кімге қолым тиген болса, арқам дайын, келсін де мені қамшымен ұрсын. Кімнің мал-мүлкін жеген болсам, келсін де менен қарымтасын алсын. Кімнің арына, абыройына тіл тигізсем, келсін де мені тілдеп өшін алсын. Мен дұшпандық қылады-ау деп тартынбасын. Əсілі, мен үшін осы күндердегі құрметті адам менен ақысын талап еткен не болмаса мені кешірген кісі болмақ. Сонда көңілім тыныш, алаңсыз Раббымның құзырына баратын боламын». Тыңдап тұрғандардың біреуі: «Сізде үш дирхам алашағым бар еді» дегенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған не үшін қарыз болғанын сұрайды. Ол: «Есіңізде ме, бір қайыршыға сіз «бер» деген соң, үш дирхам беріп едім ғой» деді. Алла елшісі немере інісі Фазылдан əлгі кісіге үш дирхамды қайтаруын сұрады. Фазыл ақшаны төледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кісі ақысын сыйлаудың жөнін осылайша көрсеткен. Үмбетіне əрдайым дұрыс бағыт-бағдар сілтеген елші: «Əсілі, мен үшін құрметті кісі мендегі ақысын талап еткен не болмаса кешірген адам болмақ» дей отырып, сүйіспеншіліктің бізге бейтаныс қырын ашады. Олай болса, ешкім де жақсы көрген, сыйлаған адамынан ақы даулағаным жарамас деп ойламауға тиіс. Ана дүниеде кісі ақысына еш бейжай қарамайтын Құдірет иесінің барын ұмытпай, нақ жаны ашыса, жақсы көрген адамынан ақысын тіршілікте сұрағаны абзал. Əйтпесе, ақирет күні жақсы көрген адамын өзіне кіріптар қылары анық. Ақысын сұрағанның еш айыбы жоқ, ақысын даулағандарды айыптаудың да жөні жоқ. Азын-аулақ өткенін сұрағанды «Қарашы, болмашы тиын-тебенді ұмытпайды екен» деп кемсітпеу керек. Өйткені, кісі ақысы қашан да ақы болып қала береді, оның азы, көбі, үлкені, кішісі болмайды. Бірде жейдесінен күлімсі иіс шыққан Сəуад есімді біреу өзін таяғымен түртіп, үстіндегіні шешуді сұраған пайғамбарға шамданып қап, есе қайтармақ болды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны байқап, еш сөзге келместен оған арқасын тосқан. Міне, осы бір оқиғаның өзінде кейінгілерге үлкен мағына жатыр. Көріп отырғанымыздай, хазірет пайғамбар кісі ақысына асқан ыждағат-тылықпен қараған, көпшілікке жағымсыз болмашы нəрсеге мəн беріп, үмбетін əбігерлікке салатын жайттардың алдын алған. Ол, тіпті, көпшілік ортасына сарымсақ, жуа жеп шықпауды да талап етіп, жұртты жөнсіз мазалауға тиым салған. Бір хадисте: «Алла құқы ретінде мақшар таңында əуелі намаз сұралатын болады. Кісі ақысы ретінде əуелгі сұрақ қан төккен адамға қойылады» делінген. Бұл хадистен кісі ақысын бұзудың ең үлкені – адам өлтіру, мұның Алланың назарында аса ауыр қылмыс екенін аңғарамыз. Əбу Қатаданың (р.а.) риуаятында Расулалла (с.ғ.с.) сахабаларға ең игі жақсылықтың дін жолында күресу мен иман екенін білдірген. Сонда біреу тұрып: «Дін жолында соғысып жүріп өлсем, Алла күнəларымды кеше ме?» деп сұрайды. Расулалла (с.ғ.с.): «Майдан даласынан қашпай, сауабын бір Алладан күтіп, қолың дұшпанның жағасында жүріп өлсең, кісі ақысы мен қарыздарыңнан басқа бүкіл күнəларың кешіріледі. Мұны маған Жəбірейіл айтты» деп жауап қатады. Қажылық жасаушылар үшін «Кімде-кім Алла үшін қажылық жасап, бейəдеп сөз бен оспадар қылықтан, Аллаға асылық етуден сақтанса, құдды анасынан туғандай пəк болып қажылықтан оралады» деген. Ғалымдарымыз бұл хадиске «кісі ақысынан басқа» екенін деген сілтемені қосуды ұмытпаған. Қажылықтың бір əдебі ретінде «сапарға шықпай тұрып кісі ақысынан арылып, кешірім алу» саналған. Қажылыққа аттанатындардың алдын ала ағайын-туыс, көрші-қолаңмен бақұлдасып жататыны содан болса керек. Ислам ғалымдары жасалған күнəнің Аллаға асылық болып, кісі ақысына қатысы жоқ болса, мұндай күнəдан тəубеге келудің үш шарты барын айтқан. Олар: 1) Күнəнің зардабын жою; 2) Күнəні жасағанына пұшайман күй кешу; 3) Күнəға қайта беттемеуге бекіну. Ал жасалған күнə кісі ақысына қатысы болса, оны жоюдың шарты төртеу болмақ. Бұлардың үшеуі жоғарыда келтірілгендер болса, төртіншісі – кісі ақысынан арылу. Бұл күнə дүние-мүлікке қатысты өрбісе, тəубе еткен кісі келтірілген материалдық зиянның орнын толтырады. Əлдекімге зина жасады деп ашық жала жапқан болса, кесімді жазасын өтейді. Əлдекімді ғайбаттаған болса, ол кісіден кешірім сұрайды.

Құдайберді БАҒАШАР,

дінтанушы

Оқылды 1174 рет
JoomShaper
Top