Ақ неке екі дүниелік бақытқа жетелейді

Дүйсенбі, 11.07.2021

Адам баласын өз жұбымен жаратып, ер мен әйелден таратқан Әлемдердің Раббысы - Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын! Ардақты пайғамбарымыз, Алланың ақырғы елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с), оның отбасына, ізбасарлары мен қияметке дейін соңынан ерушілерге Алланың игілі мен сәлемі болсын!

Адам баласын өмір көшін жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзбей берекелі қоғам құруы үшін, Алла Тағала үйленіп, отау құруға мұқтаж күйде жаратты. Бұл жайлы қасиетті Құран Кәрімде:

«Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» («Хұжрат» сүресі, 13- аят), - делінген.

Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан, бұл нәрсе екі жастың әуелі имам мен куәгерлердің алдында сөз байласып, серттесу рәсімімен бастау алады. Жұбайлардың әрі қарайғы өмірі берік қағидаға негізделеді. Олар бір-бірлері үшін сүттей ақ, судай мөлдір, барынша мейірімді әрі кешірімді болуы керек. Жұбайлар арасындағы отбасылық қарым-қатынас мәселесіне орай Алла Тағала:

«Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», («Ниса» сүресі, 19-аят). - деп әмір еткен болса, Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с) бір хадисте:

Амр ибн әл-Ахуас әл-Жушами (р.а) жеткізген хадисте:

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоштасу қажылығында Алла Тағалаға мақтау айтып, шүкіршілік білдірген соң жамағатқа былай деп насихат айтқанын естідім: «Әйелдеріңе жақсы қараңдар! Өйкені, сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар. Анық арсыздық жасамайынша, олармен тек жақсы қарым-қатынаста болуға тиіссіңдер. Сендер үшін бұдан басқа жол жоқ. Егер әйелдерің қандай да бір арсыздыққа барса, олардан бөлек жатып, бір жерін зақымдап алмайтындай етіп ұрыңдар. Егер бойұсынатын болса, оларды басынып, қиянат жасамаңдар. Жұбайларыңның сендердің алдарыңда белгілі міндеттері болғаны секілді, сендердің де олардың алдында атқарар міндеттеріңнің бар екенін ұмытпаңдар. Олардың міндеті – жарына адал болу және сендер қаламаған адамды босағадан аттатпау. Ал, сендердің міндеттерің – оларды киім-кешек және ас-ауқатпен қамтамасыз ету», (Тирмизи, рада, 11.) – деген. Бұл хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) пайғамбарлық міндеттің маңызды кезеңдеріне жататын қоштасу хұтбасында да отбасылық қарым-қатынасты өте көркем түрде жалғастыруды өсиет етіп отыр. Мұның өзі текке емес.

Ең маңыздысы жұбайлардың отбасылық мәміледе бір-бірінің хақын адал атқарып, Алланың тыйымдарынан тиылуы. Бұл өз кезегінде Жаратушының ризалығына ие боп, ең ұлы нығметтерден болып саналатын -Алланың дидарын көру бақытына себепші болатыны даусыз. Ал, керісінше, бірін-бірі құрметтемесе, хақысына немқұрайлы қарайтын болса, Алланың ашуына қалып, тозақта зор қасірет шегуге себеп болуы мүмкін. Сондықтан некеден кейін өзара көркем қарым қатынаста болып, бір-бірінің қадір-қасиетін бағалауға құлшыну керек.

Тағы бір хадис шәрифте былай делінеді:

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а): «Алла елшісі (с.ғ.с): «Бұл дүние (мен оның ішіндегі нығметтердің бәрі де) уақытша берілген. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел», - деп айтты» (Бұхари, «Никах»,17; Муслим, «Зикр», 97.). Демек, сәлиқалы жұбайдың нәсіп болуы - Аллаға мың мәрте шүкірлік айтуға тиісті үлкен нығметтерден. Өйткені, ол болашақ балаларымыздың, ұрпақтарымыздың анасы. Анасы жақсы болған жеткіншектің тәрбиесі де, иманы да көркем, инабатты, ізетті болары анық.

Үйленген соң өз жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болу мұсылмандықтың көркем белгісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) иманның кемелдігі мінездің кемелдігімен, ал мінездің кемелдігі өз жұбайына көрсеткен сый-құрметпен өлшенетіндігін мына хадисінде баян етеді:

«Мүминдердің ішінде иманы ең кемел болғандар - мінезі кемел болғандар. Ал, мінезі ең кемелдер - жұбайына жақсы мінез танытқандар» (Тирмизи, Радаъ, 11.).

Еркек пен әйел бас қосып, ортақ шаңырақ құрғаннан кейін отбасы ішінде әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметі мен жауапкершілігі бар. Егер де олар толық орындалмайтын немесе бұзылатын болса, отбасының берекесі кетеді. Кей жағдайда бұл тіпті, отбасында шаңырақтың шайқалуына апарып соғады. Өмірдің сан қилы сынақтарымен бетпе-бет келгенде Алланың алдында бір-біріне берген серттерін жадында ұстап, отбасын күйреуден сақтағасы келгендерге бірнеше өсиет бар.

Некені сақтаудың жолдары

– Ең әуелі үйленетін жастарға айтарымыз ниеттің дұрыстығы керек. Неке уақытша емес, өмір бақиға қиылады. Тіпті, осы дүниеде ғана емес, о дүниеде де бірге боламыз деген ниетпен қиылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак хадистерінің бірінде:

Мұсылмандардың әміршісі Омар ибн Хаттаб (р.а): «Алла елшісінің (с.ғ.с) «Іс-әрекеттер түпкі ниетке байланысты. Расында, әрбір адам ниет еткеніне ғана қол жеткізеді. Кімнің хижреті Алла мен Расулі үшін болса, оның хижреті Алла мен елшісі үшін жасалған болып табылады. Ал, кімнің хижреті дүниеге қол жеткізу, не болмаса (ұнатқан) әйелмен көңіл қосу үшін болса, оның хижреті сол мақсатта жасалған болады», – деп айтқанын естідім», (Бұхари, «Иман», 41; Муслим, «Имара», 155)  – деген.

Демек, әрбір ісіміздің нәтижесі ниетке байланысты. Неке де солай. Кей жастардың арасында «Тұрып көрейік, болмаса ажырасып кетерміз», деген таяз пікірлер де кездесіп жатады. Мұндай неке әу бастан дұрыс негізге қаланбайды. Шын мәнінде некенің жалғасымдылығы үйленетін адамын дұрыс таңдаудан, жөні түзу оймен басталмақ. Сол үшін некелесу алдында ізгі ниетте болуымыз, уақытша, өткінші қулық пен сұмдықтың жетегінде кетіп қалмауымыз керек.

– Некені өміршең етудің келесі қадамы – жария ету. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Некені жариялаңдар. Оны мешітте қиыңдар және дабыл қағыңдар», (Тирмизи, Никаһ, 6). – деген. Ал, өз некесін қуана көпшілікке жар салып жариялаудан қашқан адамның ниетінен күмәндану керек.

–  Отбасын күйреуден сақтаудың бірден бір жолы – ер мен әйелдің отбасыдағы өз рөлі мен жауапкершілігін жақсы білуі. Хақ ислам - адам өмірге келгеннен бастап қандай жағдайда не істеу керектігін айқындап берген кәміл дін. Онда ерлі-зайыптылардың өзара хақылары мен құқықтары толыққанды қарастырылғаны көрінеді. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде былай делінеді:

«Еркектер - әйелдерді билеуші. Өйткені Алла, бірін-бірінен артық етті. Сондай-ақ, олар малдарынан да пайдаландырады. (Әйелдерге мәһір, нафақа береді.) Ал, енді жақсы әйелдер - бой ұсынушылар, Алла қоруға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар. Ал, сондай-ақ, әйелдердің бас тартуларынан сезіктенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және оларды төсектеріңде тастап қойыңдар. (Одан болмаса) оларды сабаңдар. Ал, егер олар сендерге бойұсынса, онда олардың зиянына бір жол іздемеңдер. Расында Алла өте жоғары, тым ірі[8]» («Ниса» сүресі, 34-аят.).

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде келгеніндей:

«Жұбайларыңның сендердің алдарыңда белгілі міндеттері болғаны секілді, сендердің де олардың алдында атқарар міндеттеріңнің бар екенін ұмытпаңдар. Олардың міндеті – жарына адал болу және сендер қаламаған адамды босағадан аттатпауы. Ал, сендердің міндеттерің – оларды киім-кешек және ас-ауқатпен қамтамасыз ету» (Тирмизи, рада, 11.).

Міне, осылайша, асыл дініміз әр жыныстың өзінің икемі мен табиғатына қарай, отбасында кімнің қандай міндеттер атқаратыны жайлы айқын көрсетіп қойған. Кей жағдайда жұбайлардың өзара жауапкершілігін айырбастап алғандарына куә болып жатамыз. Әйел адам базар кезіп, жұмыс істеп ақша табуға, ал, ер адам үйде қалып ыдыс жууға, үй шаруасымен айналысуға мәжбүр болып жатады. Аяқ киімін құдды теріс киген адамдар тәрізді мұндай отбасының алысқа бара алмайтыны анық. Себебі, әрқайсысы өз табиғатына қарсы ғұмыр кеше алмайды. Осыны ұғынып, әр адам өмірдегі өзінің рөлі мен жауапкершілігін терең сезінуге тиіс әрі міндетті.

Жоғарыдағы аят, хадистерден байқағанымыздай, әйел өзінің еріне, ал, ер адамдарға өз әйелінен қандай мәміле қажет екендігін жақсылап біліп алуына болады. Әйел адам өз табиғатына лайықты міндеттерін толық орындауға, жаман мінезінен арылуға тиісті. Ал, ер адам ерге лайықты мінезге бойын тәрбиелеп, отбасына басшы болудың жауапкершілігін сезіне білуге тиісті.

Еліміздің болашағы жастардың қолында деген сөз жиі айтылса да, сол жастардың отбасындағы өз орны мен жауапкершілігін білмеуінің салдарынан босағасы берік отбасылардың сиреп бара жатқандығы ащы шындық.

Тағы бір хадисте ер адамның отбасылық өмірдегі орны мен отағасылық образы жайлы былай делінеді:

Әбу һурайра (р.а): «Расулулла (с.ғ.с.): «Егер, біреудің біреуге (адамның адамға сәжде етуін) сәжде етуін бұйырар болсам, әйелдің еріне сәжде етуін бұйырар едім», – деп айтты» (Тирмизи, рада 10.).

Бұл хадис отбасыдағы басшылық ерлерге Алланың берген хақысы екендігін көрсетуде. Әйелдің рөлі, тиісінше, өз ері мен балаларының, үйдегі қариялардың разылығын таба отырып, үй ішіндегі жылу мен тәртіпті сақтап, түтінін түтету болмақ.

Әйелдің ең жақсысы, ізгісі мен салиқалысы - өз еріне итағат қылатын әйелдер екендігі Құран, Ниса сүресінің 34-ші аятында айтылады. Ер мен әйел бірін бірі толықтыратын екі жарты. Еркекте жоқ қасиеттер әйелдің, ал әйелде жоқ қасиеттер ердің бойынан табылады. Сондықтан ешкім өз жұбайының дәл өзіндей болуын талап ете алмайды.

Отбасы құтын сақтаудың амалы толық жасалуға тиіс. Бұл тұрғыда отбасылық өмір жайлы діни және ұлттық нақыштағы әдебиеттерді көптеп оқудың да пайдасы мол.

– Жақсы мәміледе болудың басы әрине бір-біріне жақсы сөздер айтудан бастау алмақ. Жұбайлар бір-біріне жақсы сөздер айта білуі қажет.

 Әйел былай ойлауы керек: «Мен үйде отырмын. Ал күйеуім жұмыс істеп шаршап келеді. Біздің қамымызбен таңның атысынан шапқылап жүр». Осы ізгі ойдың жетегінде күйеуінің мерейін үстем етіп, әрдайым жақсылығын асырып, ыстық ықыласын білдіріп отыруы тиіс.

Ал, ер адам: «Мен күні кешке дейін сырттамын. Ол болса, ошағыма ие болып, балаларымды тәрбиелеп отыр. Менің асымды әзірлеп, үй шаруасымен тыным таппай күйбелеңдеп жүр», - деп ойлауы тиіс. Осылайша, жұбайының әр ісіне, пісірген асы мен құйып берген шайына тәтті лебізі мен ілтипатын айтып отыруы керек. Сондай-ақ, Бөлтірік шешеннің өз ұлына былай деп насихат айтқаны бар:

Асырып сөйлеме,

Батырып сөйлеме...

Сөйлемес жерді білсең,

Бәрінен де сол дұрыс,

Олай болмаған жерде

Қанша асыл деме –

Сөзіңнің алды бұрыс,

Арты ұрыс, - деген екен. Демек, халқымыз айтқандай, «Жақсы сөз - жарым ырыс». Яғни, отбасына ырыстың келуі жақсы сөзден басталатынын меңзеген. Шәкәрім бабамыздың: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің - мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың», – деп қалдырған ұлағатты кеңесі отбасылық өмір мен ақ некенің амандығына да қатысты болса керек-ті. Мұндай үйге фитнәнің кіруі де екіталай болмақ.

– Неке бақытының баяндылығы – жақсы мәміледе. Некені күйреуден сақтайтын ең маңызды құраушы бөлік: өзара жақсы мәміле мен кешірімділік.

Алла Тағала Құран Кәрімде маңызды бір жәйтқа назарымызды аударады:

«Сондай-ақ, Олармен (жұбайларыңмен) жақсы мәміледе болыңдар. Тіпті ұнатпасаңдар да. Бәлкім, сендер ұнатпаған нәрседе Алла сендер үшін көптеген қайыр жасырған болуы мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят.), дейді.

Ал, мүбәрак мәтінді хадистердің бірінде:

Әбу Һурайра (р.а): «Алла елшісі (с.ғ.с): «Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де, қандай бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар», – деп айтты», (Муслим, «Рада», 61.) – делінген. Әлбетте, өмір болған соң «Ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды». Өйткені, пенде бойында кемшіліктерімен жаратылған. Жұбайлар бір-бірінің кемшілігін көрген сайын араларында түсінбеушілік шығып, баяғы сүйіспеншіліктің жүректен бірден өшіп кеткеніндей құлазу сезімі пайда болуы мүмкін. Адамзаттың ұстазы болған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиетінде осының шығар жолын көрсетіп беруде. Демек, қандай жағдай болмасын, сыйласа білу, бірін-бірі жек көрмеуге тырысу керек. Яғни, жұбайының ұнамайтын қылығын көрген кезде ұнайтын, жақсы бір мінезін еске түсіру арқылы бірін бірі кешіруге тырысуы керек.

Осы орайда «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөз текке айтылмаған. Мақалдың мағынасы кемді уақыт дайындалып, бір сәттік ұлан-асыр той жасап үйлену оңай болғанымен, отбасыны әрі қарай сақтап қалудың түрлі машақаттар мен сынақтарға толы болатынын меңзейді. Бұл өзара пидагершілік, сабырлылық, шүкіршілік, жауапкершілік, құрмет, кісі ақысына ұқыптылық, мейірім мен қамқорлық сезімдерінің жиынтығымен ғана мүмкін болмақ.

Жарасымды жұптың бақытқа толы ғұмыры ақыретте Жәннат қызығына ұласатынын Алла Тағала Құран Кәрімің «Ясин» сүресінде былайша баян етеді:«Расында жаннаттықтар ол күні зауқы соққан іспен шұғылданады. Олар да жұбайлары да көлеңкелі жерде жұмсақ төсеніштер жастанады». («Ясин» сүресі, 55-58 аяттар). Бұл аят некенің тек дүниелік, «Отбасы - ошақ қасындағы» селбестік қана емес, ақыреттік жалғасы бар киелі одақ екендігіне назарымызды аударады.

Бұл дүниеде қызығы мен қиыншылығын бөліскен, ащысы мен тұщысын бірге көрген, өзара сүйеу-демеу болған, жамандығын жасырып, жақсылығын асырып бірін-бірі өрге қарай сүйреген жұбайлардың ақыретте де Тәңір ілтипаты мен Жәннат сыйларын бөлісулері үлкен нығмет емес пе?

Талақ мәселесі

Осының бәрін істеген соң қанша тырысып баққанмен бірге тұруы мүмкін болмаған адамдарға шариғат ажырасуға рұқсат еткен. Алайда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак хадистерінің бірінде мұның қандай амал екенін айтады:

«Алла Тағала адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» (Әбу Дәуіт, Талақ, 3.). Демек, рұқсат берілген күнде де, талақтың Алла құзырында ұнамсыздығы мәлім болады.

Ислам дінін үмбетіне жеткізіп, ең кемел бейнеде үйреткен Алла елшісі: «Ләззат алу мақсатымен ғана жиі-жиі әйел ауыстырған еркектерге, күйеуден күйеуге жүрген әйелдерге Алла лағынет етсін», «Маңызды бір себепсіз ерінен ажыраспақ болған әйелге жаннат иісі харам» (Әбу Дәуіт, Талақ, 3) .деп, отбасын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп кеткен болатын.

Ибн Әл-Һумәм мен Ибн Абидин сияқты Ханафи ғұламалары ажырасудың негізі тиым салынған амал екендігін, тек амалсыз, шарасыз күйде қалғандарға рұқсат етілетінін, оның өзі де Аллаға ең ұнамсыз рұқсат екендігін айтады.

Алланың үкімінсіз тіпті бір жапырақ та үзілмейді. Солай болғанда тоғысқан тағдырлар иесі - ерлі-зайыптылар да Алланың тағдыры екендігі күмәнсіз. Жұбайының қиын мінезі немесе денсаулығының нашарлығы, ризық несібесінің тарлығы, күйбең тіршіліктегі көлденең шығып отыратын көп кедергілер де тек Алланың сынағы деп білген жөн. Перғауындай адамзат тарихындағы ең азулы Алла дұшпанымен бір некеде бола тұра Жәннаттағы сарайын тірі кезінде көріп сүйіншіленген Әсия анамыз бен пасық қауымның күнәсіна ортақ болған әйелдерді өз некесінде соңына дейін ұстаған Нұх, Лұт (Оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлардың өмірі бұл тұрғыда біздер үшін теңдессіз өнеге.

Айрылысуға не себеп болса да, тек шәһуат қуалаған арзан құмарлық болмауға тиіс. Бір отбасыны күйретіп кетпес бұрын мұны істемек болған адам Алланың алдында айтар уәжінің қандай болатынын ойлануы тиіс. Ең әуелі мынаны жақсы білуге міндеттіміз - ажырасу үкімі халал, яғни, рұқсат етілгенімен халалдардың ішіндегі Алла Тағалаға ең жек көрінішті амал болып есептелінеді. Ол тек басқа амалы қалмаған жұптарға шарасыздықтан жүгінетін ең соңғы шешім ретінде ғана берілген мүмкіндік.

Ақ некемен құрылған шаңырақ – Алланың адамзатқа сыйлаған мейірімі, оны сақтауға сіз бенен бізге әрқашан мүмкіндік берілген. Себебі, бұл нығмет бізді екі дүниелік бақытқа жетелейтін Жаратқанның шарапаты.

«Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер! Сондай-ақ бізді тақуалардың алды қыл!»(«Фурқан» сүресі, 74-аят). Алла Тағала жер бетіндегі барлық отбасыға тыныштық, ынтымақ пен бақ-берекесін берсін!

Есмағанбет НҰРБЕК,

ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы

Оқылды 367 рет
JoomShaper
Top