Әйел барда әлем бар

Сәрсенбі, 27.08.2021

Қазақ халқы қыз баланы ерекше қастерлеп, құрметтейді. «Қыз өссе елдің көркі» деген халқымыз қыз баланы нәзіктік, сұлулық, мейірімділіктің бастауы ретінде санайды. Батыр да, ақын да анадан туады. 

Әйел алдымен отбасының ұйытқысы, сұлулықтың символы. Әйелдің жаратылуы жайында ислам дінінде: «Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар...»,– деп баяндалады. Хадистерде Хауа ананың жаратылуы жайлы мынадай дерек бар, Әбу Һурайра (р.а.): «Әйел баласы қабырғадан жаратылған. Қабырғаның қисығы ең жоғарғысы. Әйелдерге жақсылық жасауды өсиет етемін» - деген екен. Қазақтың «қабырғаңмен кеңес» деген сөзі осыдан негізін алған болуы керек. [1]  

Әйелдің қоғамда, отбасында алатын орны, атқарар рөлі өте үлкен.

Ана - ақылшы, тәрбиеші, үйдің береке – ырысы ғана емес, ол ел мен елді елдестіруші, араздықты бітістіруші. Ана — әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады, ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді. 

Нәзік жандылардың қоғамда алатын орны ерекше маңызды. Әйелдердің қоғамда белсенділік танытып отырғанын тек дамыған Еуропада ғана емес, сонымен қатар халқының 100 пайызы мұсылман Пәкістанда да салтанат құрды. Дүниежүзілік саясат әлемінде өз есімдерін алтын әріптермен жазып кеткен қайраткер әйелдер аз емес. Пәкістанның премьер-министрі болған Беназир Бхутто мен Түрік елінің мерейін аспандатып кеткен  Тансу Чиллер, Украинаның экс-премьер-министрі Юля Тимошенко, Индонезия Республикасын  басқарған Сукарнопутри мен  Бангладеш Үкіметінің тізгінін ұстаған Халида Вазет, т.б. [2]

Қазақ аруларыда ерте заманда тек отбасының жағдайын ғана жасап қоймай, дәстүрлі мәдениеттің бесігін тербетіп, рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне көтеріле білген.  Бүгінгі таңда әйелдер ер адамдармен бірге тізе қосып, елімізді көркейту мақсатында ерен еңбек етуде. Бүгінгі күні әйелдің барлық салада қызмет етуі заман өзгерісіне орай  заңды құбылыс. 

XX ғасырдың басында қазақ жерінде жаңа қоғамдық қозғалыс пайда болды. Қоғамдағы әйелдің рөлін айқындайтын алғашқы тұжырымдамалар 1917 жылы Орынборда өткен Алаш Орданың конференциясында қабылданды. Олар: әйелдер мен ерлердің саяси құқықтары тең болуы керек; әйелдер өздеріне серігін таңдауға ерікті; неке екі жақтың келісуімен қиылады; әйелі келісім бермесе, екінші әйел алуға болмайды. [3]

Бұл әйел адамның өзін-өзі дамытып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, шығармашылық айқындалуына жол ашты.

Еліміз тәуелсіздігін алып, тұғырымыз биіктеген тұста мемлекет басшысы: «…тәуелсіз Қазақстан әйелдерінің  саяси және экономикалық мәртебесін арттыру – уақыт талабы, бұл мақсатқа жету менің ұдайы назарымда»  деген еді. .Қазақстан 1998 жылы БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. Ал 2005 жылы 29 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің №1677 Жарлығымен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Бұл стратегияны жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Отбасы және гендерлік саясат» жөніндегі комиссиясы жемісті қызмет етуде.

Бүгінгі Қазақстан халқының басым бөлігі әйелдер. Әйелдер отбасының иесі ғана емес, мемлекеттік қызметте де, бизнесте де, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерінде, тіпті тауысып болмайтын өмірдің барлық саласында белсенді еңбек етіп жүр. Ананы мадақтау – адамгершілікті мадақтау. «Ерлер көктен түскен жоқ, әйел – оның анасы» дегендей, жаны жайсаң, көңілі дархан, дос дегенде ішкен асын жерге қоятын ақкөңіл, кеудесін елі үшін оққа тосатын батыр ерлер ананың тәрбиесінен шыққан, соның аялы алақанының жылуын, жанарының мейірімін көріп өскен. Ел қамын ойлап, дархан даланы дүбірлетіп өткен, тарих көшін батырлығымен, мәрттігімен әрлендірген Абылайлар мен Исатайлар, Махамбеттер мен Амангелділер де анадан туды ғой. Өткір тілді, ұтқыр сөзді, найзадай жарқылдаған билер менен шешендер де ана көрегендігінің кәусар бұлағынан сусындады. 

Қазіргі қазақ әйелі қоғамның барлық салаларында еңбек етуде. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік қызметте 3-4 пайыз әйел болса, қазіргі күні бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғарылаған. Қоғамымызда кәсіпкер әйелдердің ықпалы артып келеді. Соңғы уақытта «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсіпкерлікпен айналысамын деген әйелдер саны 40 пайызды құрайды. 

Статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда барлық педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы әйелдер болып табылады. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы әйелдердің үлесінде. [4] Мемлекеттік басқару ісіне де кәсіби деңгейі жоғары көптеген әйел адамдар белсене атсалысуда. Тәуелсіздік жылдарында ондаған әйелдер министр және мемлекеттік органдардың басшылары болып тағайындалды. Жүздеген әйелдер Парламент пен мәслихат депутаттары болып сайланды.

Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік басқару органдары арасындағы әйелдер өкілеттілігін 30 пайызға дейін көтеру міндеті қойылған еді. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген болатын. Әйелдер – отбасы тірегі, яғни – мемлекет тірегі.

Қазіргі қазақ әйелінің бейнесі –  адал жар, аяулы ана, сонымен қоса сегіз қырлы, бір сырлы барлық салаға өз үлесін қосып жатқан, қызметтен де басқа қоғамда өз орыны бар жан-жақты дамыған тұлға.

Пайдаланылған әдебиеттер:

[1] Ниса сүресі, 1-аят; Бұхари, Муслим

[2] http://kultobe.kz/?p=2869&cpage=1

[3] Қазақстан азамат соғысы қарсаңында. –© ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, 2013 

[4]http://adilet.zhambyl.gov.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=314&lang=ru

Иманбаева А.Қ., Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының  аға сарапшы қызметкері

 

Оқылды 1068 рет
JoomShaper
Top