Мектептерде дінтану сабағы басталды

Сәрсенбі, 18.09.2021

Оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып 2009-2010 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныптарына «Дінтану негіздері» атты факультативтік сабақ енгізілді.

 

Кезекті оқу жылының басталуына бір ай қалғанда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі еліміздің орта мектептерінде жаңа дінтану факультативтік пәнін оқыту туралы бұйрық шығарды. Тосыннан қабылданған бұл шешімнің сырын алғашында ел жұртшылығы неге жорырын білмей, абдырап қалғаны рас. Әрине, жас жеткіншектерімізге мектеп партасында-ақ дін сабағын өткізіп, олардың әртүрлі секталар мен діни ағымдардың алдауына түсіп қалмауларының алдын алсақ деген арман-мұрат ұлтжанды азаматтарымыздың көкейінде ертеден жүрген. Бірақ, осы арманның ойламаған жерден орталарына топ ете қаларын көп адам күтпесе керек.

Неге десеңіз, жоғарыда айтылғандай, қыркүйек айы тақап қалса да, осы оқу жылынан бастап дінтану пәні мектептерде жүруі тиіс. Қазақстанда 8 мыңдай орта білім беретін мектеп жұмыс істейді десек, олардың бәріне аяқастынан дінді жетік білетін мұғалімдерді қайдан табамыз? Арнайы дінтану оқулығы даярланды ма? Оқушылар таңдауы бойынша қалаған дінін оқиды ма әлде бәріне бірдей барлық діндер оқытыла ма? Жалпы, дінтану факультативтік пәні бағдарламасында қандай діндерді оқыту көзделген? Кадр және оқулық мәселесінің олқы тұсын жақсы білетін миссионерлер ертең мектептерімізге жұмысқа тұрып алып, емін-еркін жастарымыздың санасын улауға кіріспей ме? Бұл олар үшін қайталанбас мүмкіндік болуы да ғажап емес. Міне, білім мекемесінің мектеп бағдарламасына дін сабағын енгізгеніне бір жағынан қуанып қалсақ та, осындай көңілде күдік пен күмән тудыратын сауалдар қатары алдымыздан кес-кестеп шыға келгені рас.

Біреулер мұны осынша нәзік те күрделі дін мәселесіне шенеуніктеріміздің селсоқ қарағаны ма, сөйтіп бұл байыбына бармай істелген шаруа болды ма десе, енді бір адамдар мектеп бағдарламасына дінтану пәнін енгізу туралы мезгілсіз шешім әлдебір сыртқы күштің әсерінен қабылданды деген топшылауларын алға тартты. Үшінші біреулер болса, Ресейде «Діни мәдениет негіздері» пәнінің енгізілгенін тілге тиек ете отырып, біздікілер ұлы көршінің «жолын» қуған екен десті. 

Дегенмен, мәселенің мәнісін айқындап, ақ-қарасын ажырату үшін біз Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің өзіне тікелей сауалнамамен шығуды жөн көрдік. Сөйтіп, аталмыш министрліктің Орта білім департаментінің директоры Н.Аршабековке мектептерде оқытылатын жаңа дінтану пәнінің бағдарламасы, кадр және оқулық мәселесі, оқу жүйесі, осы бағдарламадағы ислам дінінің алатын орны сынды бірқатар түйткілді тұстарын қамтыған сегіз сұрағымызды жолдаған болатынбыз. Құзырлы органның жауабы қысқа да нұсқа болды. Дегенмен, сол жауап хатты назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

«Қазақстан Республикасы Президентінің «Терроризм мен экстремизм көріністерінің алдын алу және тыю жөніндегі шаралар туралы» 2000 жылғы 10 ақпандағы № 332 Жарлығына сәйкес 2004 жылдан бастап «Дінтану негіздері» пәні 10-сыныптарда тандау бойынша  арнайы курс ретінде өткізіліп келді.

Оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып 2009-2010 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныптарына «Дінтану негіздері» атты факультативтік сабақ енгізілді. Курстың көлемі оқу жылына 34 сағат.

Аталған факультативті қоғамдық пәндердің мұғалімдері өткізеді. 

«Дінтану негіздері» факультативінің мақсаты - дін және діни нанымдар туралы жалпы білім беру, оқушылардың жалпы рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру. Мұнда қандай да бір дін туралы немесе оны насихаттау туралы мақсат көзделмеген, яғни сабақ зайырлы сипатта оқытылады.

Факультативтік сабақтың бағдарламасында діндер туралы, ежелгі діни нанымдардың пайда болуы, діннің тәрбиелік мәні, әлемдік діндер, оның ішінде Қазақстанда басым тұратын ұлттардың мәдениетінің дамуына әсер еткен діндер, Қазақстандағы қазіргі діни жағдай туралы мағлұматтар беріледі. Жеке арнайы бөлім Қазақстан Республикасы Президентінің ұлысаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі еңбегіне, мемлекеттің дін мәселесіндегі саясатына арналған.

Бағдарлама ҚР Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетімен келісілуде. 

2009-2010 оқу жылында білім беру ұйымдары факультативтік сабақты оқыту үшін Қазақстан Республикасы Діни істер комитеті, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы ұсынған оқу-құралдарын пайдаланады. 

Қоғамдық пәндер мұғалімдеріне арналған арнайы курстар ұйымдастырылуда. 2007 жылдан бастап респу-бликалық біліктілікті арттыру институтының бағдарлама-ларына діни экстремизмнің алдын алу, кәмелет жасқа толмағандарды ресми емес діни ағымдардың теріс әсерінен қорғау, тәрбиелеудің зайырлы сипатына қайшы келетін іс-шараларға қарсы тұра білу мәселелері енгізілді.

Әрбір облыстық білім басқармалары мен қалалық, аудандық білім бөлімдерінде аталған пәнге жетекшілік жасайтын мамандар бар. Ол  мамандар білім беру ұйым-дарында сабақтың талапқа сай өтілуін бақылауда ұстайтын болады.

Орта білім департаментінің директоры Н. Аршабеков». Қолы қойылған.

Бұдан көріп отырғанымыздай, дінтану пәні факультативтік сабақ ретінде енгізілген, яғни, біздің түсінуіміз бойынша, ол мектеп бағдарламасына енгенімен, оқу-шыларға міндетті оқытылатын пән емес. Әркім қалауы бойынша қатысып, дін негіздерінен хабар алады. Бұның көрші Ресейде іске асырылып жатқан тәжірибеден айырмашылығы - оларда «Діни мәдениет негіздері» пәні Ресейдің 18 аймағында ғана 3 жыл сынақ ретінде оқытылады. Егер жақсы нәтиже беріп жатса, кейін мектеп бағдарламасына міндетті оқу пәні ретінде енгізілмек.

Бірақ, дінді оқытудың Д.Медведев ұсынған үлгісі бойынша, ата-анасының таңдауына орай, әр оқушы белгілі бір діннің негіздерін ғана оқиды. Мәселен, орыстар - православиені, татарлар - исламды, якуттар - будданы, еврейлер - иаһұди дінін ғана оқуға мүмкіндік алып отыр. Ал Қазақстан мектептеріндегі дінтану факультативтік сабағы барысында барлық оқушы бірдей барлық діннің негіздері мен тарихын оқымақ. Бұл, әрине, өз дінін біліп қана қоймай, көршісінің діни сенімінен де хабардар болуларына бағытталған дұрыс шешім болар. Дегенмен, әр бала өзінің ата-бабасы ұстанып өткен дінді көбірек оқыса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, ұлтты ұлт қылатын дін екені белгілі. Сондықтан, мектеп бағдарлама-сына дін сабағының енгізілгені үшін Аллаға мың шүкіршілік ете отырып, қазақ баласының асыл дініміз - ислам негіздерін мектеп қабырғасында жүріп тереңнен танып-білуіне жол ашылса деген тілегімізді жеткіземіз.

Тағы бір үлкен мәселе - кадр және оқулық жағдайы. Дінтану факультативтік пәнін оқыту ҚР Әділет министрілігінің Дін істері комитеті және Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы ұсынған оқу-әдістемелік құрал бойынша жүргізіледі деген соң, ҚР Әділет министрлігі жанындағы Мәдениеттер   мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Пасқұлұлы ӘБУОВКЕ жолықтық.

- Оқу-әдістемелік құралын енді дайындап жатырмыз. Өйткені, Қазақстан оқушылары аталмыш жаңа факультативтік пәнді тек үшінші тоқсаннан бастап оқиды. Қазір оқу-әдістемелік құралдың алғашқы нұсқасын әзірледік. Жаңа жылға дейін толық дайындап шығармақпыз, - деді Айдар Пасқұлұлы.

- Оқу-әдістемелік құралдарды кімдер жазып жатыр?

- Оның белгілі бір авторы болмайды. Оны Білім және ғылым министрлігі, Әділет министрлігінің Дін істері комитеті және біздің халықаралық орталық бірігіп ұжым болып дайындаймыз. Осы ұжымның ішінде мен де бармын.

- Оқу-әдістемелік құрал оқушыларға нені оқытпақшы? Бағдарламасында қандай діндер қамтылмақ?

- Мұнда еліміз аумағындағы дәстүрлі діндер туралы анықтама беріліп, олардың тарихы, өмірге келуі, адамзатқа пайдасы айтылады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда дінмен байланысты орын алып жатқан діни терроризм, экстремизм жайында және жастар біліп жүрсін деген ниетпен, дәстүрлі емес секталар, олардың адамға қауіптілігі, зиянкес іс-әрекеттері хақында да оқытылады. Әрине, оқушылардың санасына дін туралы дұрыс түсінікті ұялату үшін көп жағдай мұғалімдерге байланысты.

- Оқу-әдістемелік құрал әзірленіп шыққан соң, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен, өзге де діндердің жоғарғы мекемелерімен ке-лісіледі ме?

- Әлбетте. Мен өзім ҚМДБ Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәліні жақсы білемін. Ол кісімен Малайзияда, Сауд Арабиясында бірге болғанмын. Мүфти хазрет тарапынан пікірлер болатын болса, оны міндетті түрде қосамыз. Бұл жұмысты дін мамандарының көмегінсіз жасауға болмайтыны мәлім.

- Ресейде православиеге берілген басымдық тәрізді, оқу-әдістемелік құрал бағдар-ламасында ислам дініне басымдықтар беріле ме?

- Дінтану факультативтік пәнін мектептерімізде жылына 34 сағат оқытатын болсақ, мұнда ислам дініне көбірек сағат беріледі деп жоспарлап отырмыз. Оқу-әдістемелік құрал бағдарламасында Ислам дінінің негіздері, Құран мен хадистер, мәзһабтар, пайғамбарлар, ислам парыздары, т.б. туралы кеңінен қамтылатын болады.

- Рахмет!

Ал енді жаңа пәнді оқытатын кадр мәселесіне келетін болсақ, дінтану сабағын жүргізу ісі сеніп тапсырылған қоғамдық пәндер мұғалімдері жіті сынақтан өткені дұрыс. Олардың дәстүрлі емес діни ағымдарға мойын бұрмайтындығы, сенім-нанымы түзу екендігі анықталғаны абзал. Өйткені, олардың берген тәлім-тәрбиесі жас жеткіншектеріміздің келешегіне, ой-өрісіне тікелей әсер етеніні мәлім. 

ҚР БҒМ Орта білім департаментінің директоры Н.Аршабековтың хатында айтыл-ғандай,  дінтану факультативтік пәнінің арнайы бөлімі Қазақстан Республикасы Президентінің ұлы-саралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі еңбегіне, мемлекеттің дін мәселесіндегі саясатына арналғаны өте ұтымды шешім болған. Себебі, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың дін мәселесіне жасап жатқан қыруар еңбегі жас ұрпақтың санасына жетуі тиіс. Қазір әлем қауымдастығы Қазақстанда дінаралық, конфес-сияаралық тұрақтылықтың сақ-талып отырғанын, мұндағы Елбасымыздың жемісті саясатын оң бағалап отыр. Президентіміздің ұйытқы болуымен күні кеше Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының ІІІ сьезі бейбітшілік бағытына қарай жасалған тағы бір қадам болды. Мұндай тәжірибе бұрын-соңды ешбір елдің тарихында болмағаны аян. Қазақстан қалаларында мешіттер мен медреселердің көптеп бой көтеруі, ондаған ұлт пен дін өкілдерінің елімізде бір-біріне төзімділікпен қарап, иық тіресе бейбіт өмір кешуі осы салиқалы саясаттың арқасы. Егер мектеп оқушылары осындай игі істерден сабақ алып, дінаралық қатынастардағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің мәнін ұғынатын болса, бұдан халқымызға келер пайда көп болары айдан анық.

Дінтану факультативтік пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге атсалысқан мамандардың пікірінше, бұл жұмыс көптеген жылдардан бергі толассыз күрес нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Ең бастысы, дін сабағы мектепке енгізіледі. Әрине, қандай да істің басында қиындықтардың болары айқын. Көш жүре келе түзелмек.

Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:

- Жалпы, пост-социалистік кеңіс-тікте  мектептерге  дін мәселесіне қа-тысты пән енгізу туралы әңгіме осыдан он шақты жыл бұрын көте-рілген. Өйткені, демократиялық мемлекет үшін діннің орны ерекше. Мемлекет бір дінге қатысты өзіндік саясатын, көзқарасын ұстанып отырған шақта, өсіп келе жатқан жас ұрпақ та соны білуі орынды.

Қазақстан мектептеріне жаңа дінтану пәнін енгізгенін өз басым құптарлық іс деп ойлаймын. Бірақ, бұл сәл асығыстау істелді ме деген күдігім бар. Алдымен, балаларға дін жайында кім сабақ береді? Біздің мұғалімдеріміз бұған дайын ба? Жалпы, Білім және ғылым министрлігі бұл шаруаға қаншалықты даярлықпен келді? Мұның арнайы оқитын кітабы бар ма? Егер осы айтылған мәселелер түбегейлі шешімін таппаған болса, онда біз сәл ертерек қимылдап қойған сияқтымыз. Өйткені, дін дегеніміз - жүрдім-бардым оқитын жәй ғана пән емес, оның жауапкершілігі өте үлкен.

Әрине, оқушыларымызға, студенттерімізге діннің құнды-лықтарын оқытып, әртүрлі секталардан сақтандырып жатсақ, бұдан ұтарымыз анық. Дегенмен, Қазақстан мектептерінде тек ислам дінін оқыта алмайтынымыз тағы рас. Өзге ұлт, дін өкілдерін естен шығаруға болмайды. Елімізде орыс-қазағы аралас оқитын мектептер, тіпті сыныптар да бар. Бұларға дінтану пәнін қалай оқытамыз? Мұны да ойланып шешкен артық болмайды.

Қазіргі кезде кейбір әде-биеттерден оқушыларға дінтану пәні бойынша баға қоюдың өзі оғаштау деген әңгімелерді оқып қалып жүрмін. Неге? Өйткені, әр баланың түсінігі әртүрлі. Олар баға үшін емес, дінді жүрекпен сезініп, қызығушылықпен оқуы тиіс. Тіпті, ол дінді қабылдау-қабылдамауы да әр оқушының өз еркі. 

Осындай мәселелерді ойға алатын болсақ, мектеп бағдарламасына дінтану пәнін енгізу үлкен дайындықпен, жан-жақты зерделеумен жүзеге асатын жұмыс екеніне көз жеткіземіз.

Қалижан қажы БАЙЫРБЕКҰЛЫ, «Нұр-Астана» орталық мешітінің Бас имамы, ҚМДБ наиб мүфтиі:

Бисмилләһир-рахманир-рахим!

Еліміздің мектептеріне діни пәндердің енгізілуі - жақсылықтың нышаны. Әрбір ұлт өзінің тарихы, тілі, салт-дәстүрімен қоса, дінін де оқуы керек. Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бұл мәселе бірнеше мәрте көтерілген болатын. Алайда, ел аумағындағы дәстүрлі діндермен бірге, жат діни ағымдардың да мектеп бағдарламасына енгізілетін дінтану пәні мәселесіне араласуынан қауіптенген жоғары жақтағылар бұл мәселені кейінге қалдырып келген.

Егер діннен жақсы хабары бар ұстаздар, дін мамандары оқушыларға сабақ беріп, жастарды имандылық жолына дұрыс тәрбиелеп жатса, бұл нұр үстіне нұр болғаны деп ойлаймын. Әрине, әр нәрсенің екі ұшы болатыны белгілі. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі дінтану пәнін мектеп бағдарламасына енгізгеннен кейін, оған қадағалау орнату бұдан да үлкен маңызды шаруа. Қай мектепте не оқытылып жатқаны бір сәт назардан тыс қалмауы тиіс. Біздің бірлігіміз бен ынтымағымызға, келешегімізге нұқсан келтіретін кейбір діни ағымдар өкілдері мектептердегі дін сабақтары арқылы өздерінің ойларын жүзеге асырып жүрмеуі үшін білім ұяларындағы әрбір дін сабағы көзден қалт жіберілмуі керек.

Бұл мәселеде бір ескерілуі тиіс жағдай: жаңа дінтану пәнінің бағдарламасын, оқулығын дайындау жұмысына ҚМДБ тарапынан дін мамандары да қатысуы тиіс сияқты. Өйткені, оқушы жастардың діни   таным-түсінігін қалыптастыруға үлес қосатын дінтану пәні оқулығын дін мамандарынсыз әзірлеп шығаруға болмайды.

Сонымен қатар, ежелден біз - мұсылман еліміз. Бүгінде Қазақстан халқының 75 пайызын мұсылмандар құрайды. Сондықтан, мектеп оқушылары оқитын дін сабақтарында ислам құндылықтарына көбірек көңіл бөлініп, мән берілсе деген ұсынысымыз бар. Бұл - еліміз аумағын мекендейтін мұсылман халықтарының көптен бергі талап-тілегі.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Әрине, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ел жұртшылығының ондаған жылдардан бергі талап-тілегін ескере отырып, мектептерге жаңа дінтану факультативтік пәнін енгізгені дұрыс болған. Бірақ, менің маман ретінде айтар пікірім, алдымен бұл мәселенің концепциясын анықтап алуымыз керек. Қазақстанда дінтану дегеніміз не? Егер Қазақстанда дінтану бұрынғы атеистік тұрғыда оқытылса, не жай сипап-қамшылап тек қана діндердің тарихын оқытса, ол дінтану болмайды.

Егер ғасырлар бойы біздің жеріміздегі әдеп-ғұрыппен, мәдениетпен, салт-дәстүрмен біте қайнасқан діннің негіздерін, оның бүгінгі қоғамдағы орнын байыптап, Құран, хадистерді сарапқа сала отырып, сол игі құндылықтарды мына өмірге пайдалану тұрғысынан өткізілсе, бұл біздің жастарымызға пайдалы, ұрпақ болашағына игі ықпал беретін дінтану сабағы болатыны сөзсіз.

Бұл тұрғыда Малайзияның тәжірибесін үлгі қылсақ артық етпейтін шығар. Ол елде дінтану пәні барлық жоғарғы оқу орындарында, барлық мектептерде өтеді және олардың бәрі де ислам құндылықтары негізінде жасалынған. Ал қытай, үнді секілді өзге ұлт өкілдері өз діндерінің негіздерін, тарихын оқығанымен, мұнда да ислам дініне белгілі бір басымдықтар берілген.

Егер бізде барлық діннің негіздері мен тарихы, сипаттамасы бір сыдырғы күйде атүсті оқытылатын болса, оны оқыған баланың санасында «барлық дін бірдей екен, бәрі де адамды жақсылыққа шақыратын дін екен» деген ой қалыптасуы мүмкін. Солайы солай ғой, дегенмен, қазақ баласы үшін ата-бабасы мың жылдан бері ұстанып келе жатқан ислам дініне басты маңыз берілуі тиіс.

Ескендір Тасболатов,

«Ислам және өркениет»

 

Оқылды 2708 рет
JoomShaper
Top