Хз. Әли халифалығы

Бейсенбі, 05.05.2022

Хз. Осман халифті Абдуллаһ ибн Сабаның азғыруына ерген мысырлық бүлікшілер өлтіргеннен кейін, ислам кеңесі (шура) хз. Әлиді халифа етіп сайлады. Десе де, хз. Османның өлімінен кейін де мұсылмандардың алауыздығы сейіле қоймады. Керісінше, саяси мүдделердің арасындағы ымырасыздық өрши түсті.

Хз. Османды өлтірген мысырлық бүлікшілер халифа болуға хз. Әлиді лайық деп білді. Хз. Әли халиф Османның бұлай өлгенін қаламағанмен, берекесі кетіп, қиюы қашып тұрған мемлекеттік мәселелерді ретке келтіруді өзінің мұсылмандық парызы санап, мемлекет тағына отырды. Әрине, мысырлық бүлікшілердің  хз. Османды қастандықпен өлтіруіне хз. Әлидің ешқандай қатысы жоқ еді. Бірақ өзге саяси күштер хз. Османның құнын хз. Әлиден талап ете бастады. Хз. Әли халифалықты қолына алғаннан кейін, бірінші саяси мәселе ретінде мемлекеттің тұтастығын сақтап қалуды ойлады. Алайда, оның қарсыластары мемлекеттің ең басты атқарар шұғыл шаруасы ретінде хз. Османды өлтірушілерді жазалау деп білді. Сөйтіп, күні кеше пайғамбарымыздың (с.а.с.) соңынан еріп, бір сапта бой түзеген сахабалары мәмілеге келе алмай бір-бірімен қырқысты.  

Хз. Әли халифа болысымен мұсылман қоғамында орын алған жөнсіздіктерді шешуді қолға алды. Ол өз реформасына пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуіріндегі мемлекеттік құрылымды үлгі етті. Халықты басқаруға лайық емес аймақ әкімдерді орнынан алды. Ал бұрынғы ескі әкімдер хз. Османның құнын желеу етіп хз. Әлиге қарсы қарулы көтерілістер жасады. Хз. Айша анамызбен бірге хз. Талха, хз. Зүбайр бастаған басралық көтерілісшілер мен хз. Әлиді жақтаушылар арасында «Жамал» (Түйе) атты соғыс болды. Бұл шайқаста мемлекет әскері жеңіске жетті.

Хз. Әлиге қарсы жасалған екінші үлкен көтерілісті Шам әкімі хз. Муауий ұйымдастырды. Екі жақтың арасында «Сиффин» соғысы болып, алғашқыда хз. Әлидің әскері жеңгенмен, хз. Муауий әскері қулыққа көшіп қаруларының ұшына Құран аяттарын ілді. Хз. Әли соғысты тоқтатып, олармен бітімге келеді. Бірақ, осы бітім ислам мемлекетінің бөлшектенуіне әкеп соқты.  Бітім бойынша, Шам, Хизаж, Иемен, Мысыр аймақтары Муауийдың иелегіне өтті.

Жалпы, осы тартыстардың негізінде ислами жаңа ағымдар пайда болды. Хз. Әлиді шектен тыс жақтаушылар – шиға, хз. Әлидің омаяттармен келісімге келуін құптамаған тарап –харижи, «Сиффын» соғысында ешбір тарапты қолдамай, мәселенің ақ-қарасын ақыретке қалдырған тарап – мүржи, аталмыш мәселелерге Құран мен сүннет тұрғысынан қарап, әрбір істе байыпты бола білген әрі адаспаған тарап – «әхлу сүнна уа жамаға»  деген атпен тарих сахнасына шықты.

Харижиттер хз. Әлидің «Сиффин» соғысында омаядтармен келісімге келуін, оның үлкен қатесі деп білді. Олар Хз. Әлиге «Үкімді тек Алла береді» деп, оған бұл мәселеде тәубеге келу керектігін айтты. Бірақ, хз. Әли соттың шешімінің омаядтарға көбірек пайдасы бар екендігін біле тұра харижиттердің бұл ұсынысынан бас тартты. Ол мұсылмандардың соғысып қан төге беруін қалаған жоқ. Харижиттер бұдан кейін хз. Әлиге қарсы өз жақтастарының санын көбейтіп, бүліктің ауқымын  кеңейте түсті. Хз. Әли харижиттердің бүлігін басуға әскер шығарып, екі жақ Нахраван деген жерде соғысып, харижиттер жеңіліске ұшырады. Алайда, 661 жылы хз. Әли осы харижиттердің жансызының қолынан қаза тапты.

Хз. Әли мемлекетті басқарған төрт жыл тоғыз ай ішінде ислам мемлекетіне пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуіріндегідей «Алтын ғасырды» орната алмағанмен, оның мемлекеттік басқаруының мынадай өнеге тұтар ерекшеліктері болды:

Біріншіден, хз. Әли халиф болып тұрған шақта омаядтар билеушілері секілді дәулетті өмір сүрген жоқ. Бейне сіңірі шыққан кедейлерше өмір сүрді. Сонымен бірге, өзіне қарасты туыстары мен достарына да осылайша өмір сүруді үндеді. Хз. Әли осындай өмірлік ұстанымы мен көркем мінезі арқылы жаңа мұсылман толқынын қалыптастырды.

Екіншіден, хз. Әли мемлекет басшысы болумен бірге, пайғамбарымыздан (с.а.с.) алған өзінің ұшаң теңіз илаһи білімін артынан ерген қауымына үйретті. Хз. Әлидің жау жүректігі мен білімдарлығына қарап, оның қарсыластары: «Әли әскери адам, саясаттың адамы емес» деп күстәналайтын. Себебі, алғашқы халифалар кезеңіндегі жаумен жасалған кейбір бітімдерге хз. Әли разы болмаған еді. Ол исламдық мүддені ештеңеге айырбастауға болмайды деп білді. Уақытысында пайғамбарымызға (с.а.с.) да мүшіріктер бітімге келуді ұсынғанда Алла Тағала пайғамбарымызға (с.а.с.) бұл келісімдерден бас тартуы туралы аяттар түсірген еді. Ал, хз. Әлиден бұрынғы басқарушылар ұзақ стратегиялық саясат ұстанып, бітімшіл болды.

Үшіншіден, хз. Әли артынан дінге қатысты он бір мыңға жуық қанатты сөздер қалдырды. Ол уағыз-насихатты өте жоғары деңгейде әдеппен айтатын. Сонымен бірге, ол уағыз-насихат айтудың әдеби және философиялық негізін қалады. Оның ойлау ұстыны мен сөйлем құрау логикасы өзгелерден ерекше болатын.

Төртіншіден, ислам әлемінің жарық жұлдыздары саналатын Үбайс-и Карани, Кумайл б. Зият, Майсам-и Тамар, Рашид Хижри секілді тұлғалар хз. Әли тәрбиелеген шәкірттер еді. Сондай-ақ, ислам дінінің тәпсір, хадис, фиқһ, ақида, ихсан, қырағат ілімдерін дамытуда хз. Әлидің алар орны өлшеусіз болатын.

Мұхан ИСАХАН,

E-Islam порталының сарапшысы

Оқылды 422 рет
JoomShaper
Top