Алла жолында дос болу

Дүйсенбі, 18.04.2022

Алла Тағала жолында дос болу ─ Алла тарапынан пендесіне берілген үлкен нығмет. Бұл нығметті ─  сатып алу және оған бірер қағида-заңмен жету мүмкін емес. Алла Құран Кәрімде пайғамбарға (с.ғ.с.) мухажирлер мен ансарлардың (Меккеден көшіп барған сахабалар мен Мединелік сахабалар) арасын қаншалықты дос қылғанын айтып, былай деген:

«Ол мүминдердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана» (Әнфәл: 63).

Ибн Аббастан (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Жақсылық жойылып, туыстық сезім үзілуі мүмкін. Алайда жүректердің (бір-біріне) жақын болуынан асқан нәрсені көрмедік», – деп айтты» деген риуаятты Таус жеткізеді (Бухари). Алла Тағала келесі бір аятында былай дейді:

«Түп-түгел Алланың дініне жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар...» (Әли-Имран: 103)

Достықты күшейтетін бірнеше себептер мен әдептер бар.

1. Досыңызды жақсы көрсеңіз, оған «Мен сені Алла жолында жақсы көремін» деп білдіріңіз. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сізден біріңіз досын жақсы көрсе, досына мұны жеткізсін. Бұл сүннет, араларыңда бір-біріңе махаббат күшейеді», – деген.

2. Досқа жарқын жүзбен жолығу.

Досыңызбен кездескен кезде, қабағыңыз қатулы, түнерген, тырысқан халде емес, ашық-жарқын жүзбен жолығыңыз. Досқа күліп қарау – шын достықтың көрінісі және арадағы достық қатынасын күшейтеді.

Қайс (р.а.): «Жарирдің: «Мен исламды қабылдағаннан кейін Алла елшісі (с.ғ.с.) мені жайдарлы жүзбен қарсы алатынын көрдім», – дегенін есіттім.

Бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Қазір мынау есіктен иемендіктердің ішіндегі ең абзал адамы кіреді. Оның жүзінде періштеліктің белгісі бар», – деп айтқан болатын. Есіктен Жәрир кірді», – деген риуаятты айтады (Бухари).

3. Досқа сыйлық беріп тұру.

Достардың бір-біріне сыйлық жасап тұрулары ізгі амалдардың қатарына жатады.

Әбу Һурайра (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, араларыңда сүйіспеншілік орнайды», – деді» деген хадисті жеткізген (Нисай, Әбу Яғла).

Айша анамыздан (р.а.) риуаят қылынған хадисте: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) сыйлық алар еді және өзі де сыйлар еді» делінген (Бухари).

4. Егер кездесіп қалса, амандасады.

Омар ибн Хаттаб (р.а.) Алланың елшісіне (с.ғ.с): «Уа, Алланың елшісі! Әли мені көрген уақытта, маған бірінші болып сәлем бермейді (яғни, менің оған сәлем бергенімді күтіп тұрады)», – деп Әлидің (р.а.) үстіне шағым айтып келеді.

Алланың елшісі (с.ғ.с) Әли ибн Әбу Талибты өзіне шақырады. Кейін: «Ей, Әли! Сен Омарды көрген кезіңде неге оған бірінші болып сәлем бермейсің?» – деп сұрайды.

Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Уа, Аллаһтың елшісі (с.ғ.с)! Мен сіздің: «Кім бауырына бірінші болып сәлем берсе, Алла оған жәннаттан бір ғимарат көтереді» – деп айтқаныңызды естіген едім. Сондықтан, мен Омар маған бірінші болып сәлем беруі арқылы, әлгі жаннаттағы сарайға ие болуын қалап, оның бірінші сәлем бергенін күтемін», – дейді.

5. Досқа жиі барып тұру.

Зиярат – достықты күшейтетін себептердің бірі. Досының хәл-жағдайын сұрап барып тұру, тым болмаса үнемі телефон арқылы болсада хабарласу адамның досына қаншалықты мән беретінін білдіреді.

Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Біреу досына барып, оның қал-жағдайын сұрайтын болса Алла  тағала: «Ғұмырың бақытты болсын! Игі іс істеп, жәннаттан өзің үшін орын әзірледің» – деп айтады», – деді» (Бухари).

Әбу Һурайрадан (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с) «Кім Алла үшін науқастың немесе бауырының хәл-жағдайын сұрап барса, жаршы (періште): Сен жақсы (амал жасадың) және сенің өтпелің де жарық. Сен үшін жәннәттан үй көтерілді! – деп жар салады»деді» деген риуаят келеді (Тирмизи).

Ал халифа Әли (р.а): «Үлкен күнәларды жуып, одан арылудың жолы – көмек сұраушыға қол ұшын беру, оның қайғысын қуанышқа айналдыру»– деген.

6. Досынан сырттан дұға жасауын сұрау.

Достық үшін сырттан дұға жасау амалы арадағы байланысты күшейтеді. Себебі, адам өзі үшін дұға қылған адамды жақсы көреді.

Сафуан ибн Абдулла ибн Сафуа (р.а.): «Мен Шамдағы қайынжұртымның үйіне барған уақытымда, үйде Әбу әд-Дарданың өзі болмай, тек Умму әд-Дарда (әйелі) бар екен. Умму әд-Дарда менен: «Сен қажылыққа барайын деп жатсың ба?» – деп сұрады.

– Иә. Барайын деп жатырмын.

– Олай болса, Алла Тағаладан біз үшін дұға жаса. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.): «Бірер мұсылманның бауыры үшін сырттай қылған дұғасы қабыл болады. Ол бауырына бір жақсылық тілеген уақытта жанындағы періште «Әмин! Саған да сол болсын» – деп тілеп тұрады», – деген.

Мен базарда Әбу әд-Дарданы кездестіргенімде, ол да пайғамбардан (с.ғ.с.) осы сөзді естігенін айтты» деген хадисті келтірген (Бухари).

Келесі хадисте Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Мен пайғамбардан (с.ғ.с.) умра (кіші қажылық) жасауға рұқсат сұрадым. Ол маған рұқсат берді де: «Достым дұғаңызда бізді ұмытпаңыз», – деді» деген.

7. Қуанышына ортақтасу.

Досыңыз қандай да бір жақсы жетістікке жетсе, сол қуанышымен құттықтау керек. Айт күндерімен, бесік тойымен немесе емтиханнан табысты өтсе оның қуанышымен бөлісіп, құттықтаған жөн. Сол сияқты досыңыз сапардан келсе, не ауруынан айығып отбасына оралса қуанышыңызды білдіріп, пайғамбар (с.ғ.с.) көрсеткен дұғаларды айту сіздің достық міндетіңіз.

8. Достың ісіне бей-жай қарамау.

Досыңыздың әрбір ісіне мән беретініңізді білдіріңіз. Әрбір ісінде онымен бірге болыңыз. Егер досыңызға немқұрайлы қарасаңыз, оның сізге деген достық махаббатын, сенімін әлсіретесіз. Сіздің достығыңызға күдікпен қарайтын болады.«Дос – қысылтаяңда», – деп бекер айтылмаса керек.

Ибн Омар (Алла ол екеуіне разы болсын) Алла елшісінің (с.ғ.с): «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол оған зұлымдық жасамайды әрі оны қамқорсыз қалдырмайды. Кім бауырының қажетін орындаса, Алла оның қажетін орындайды. (Сондай-ақ) кім мұсылманның мұң-машақатын кетірсе, Алла қиямет күні қиындыққа тап болған оның қайғысын сейілтеді. Кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла қиямет күні оның (айыбын) жасырады», – деп айтқан хадисін риуаят қылады (Бухари, Муслим).

9. Достың қажетін өтеу

Көмек сұрап келген кісінің қажетін өтеуге қатысты ғибратты оқиғалар пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінде көптеп кездеседі. Алла елшісі (с.ғ.с.) намазға тәкбір түсірілген кезде бір ер немесе әйел қажетін сұрап келсе, оның қажетін орындамайынша намазға кіріспейтін. Мысалы:

Алла елшісіне бір әйел келіп: «Мен күйеуіммен ренжісіп қалдым. Кешірім сұрап беріңізші», – деп қажетін айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.) оны күйеуіне ертіп апарып, татуластырды. Тіпті, Алланың елшісі (с.ғ.с.) кейбір отбасыларының қойларын сауып беретін еді (арабтардың дәстүрі бойынша малды ер адамдар сауатын болған). Пайғамбардың (с.ғ.с.) тәрбиесін көрген сахабалар да осылай жасайтын.

Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) қандай да бір себеппен еркегі болмай қалған көше тұрғындары үшін қойларын сауғандығы жайлы риуаят етіледі. Ол халифа болғанда оның көршілері: «Енді Әбу Бәкір біздің қойларымызды саумайтын болды», – деген. Сонда ол: «Жоқ, олай емес. Расында, мен не нәрсемен айналысып жүрсем, ол (халифалық) менің бұрынғы істерімді өзгерте алмайды», – деген. Мен бұрынғы жұмыстарымды тастамауға үміт етемін», – деп айтқан. Әбу Бәкір расында да қой саууын тастаған емес.

Егер досыңыз сізден қандай да бір көмек сұраса оған жәрдем беруге асығуыңыз керек. Қажет болса досыңыз сізден жәрдем сұрамай тұрып, көмек қолын беруге тырысыңыз. Досыңыз көмек сұрап келсе ашумен жауап қайтаруға болмайды.

 

Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ,

дінтанушы

Оқылды 343 рет
JoomShaper