Ата-анаңның алдын кеспе!

Бейсенбі, 25.02.2022

Исламда ата-атаның орны өте жоғары. Дінімізде оларды қатты бағалап, қадірлеу қажеттілігін шегелеп айтқан. Сондықтан да олардың ризалығын алу – адамды оп-оңай жаннатқа жеткізсе, оларды қатты ренжіту – пендені әп-сәтте жаһаннам шыңырауына құлауына әкеліп соғады.

Құранда Алла Тағала құлдарына қатаң әмір беріп: «Тек Алла Тағала ғана құлшылық, ата-аналарыңа да жақсылық жасайсыңдар» дейді. Яғни, Алла Тағалаға құлшылық қандай қатаң бұйрық болса, ата-анаға жақсылық жасау да сондай нар көтермес ауыр жарлық. Сол себепті пенде, Жаратушы Жаппар Иеге ортақ, шірк қосудан өте сақ болса, дәл солай да әке-шешесіне қарсы келуден сақ болуы тиіс. Атам қазақ «отпен ойнауға болмайды» деп жақсы айтқан. Сондықтан, «бұл менің өз әке-шешем ғой, кешірімді не десем де көтере береді» деп еркінсуге болмайды. Ата-ана баласының не еркелігіне көнуі мүмкін. Тіпті, бір аңыз әңгімеде  өз анасының жүрегін суырып алып сүйген кызына жүгіріп бара жатқан есер жігіт жолда құлағанда анасының жүрегі «бір жерің ауырған жоқ па, жан балам!» деп, шырқырайды. Осылайша, барлық ата-ана баласына «құлыным» деп қашан да мейріммен, кешіріммен қарауы мүмкін. Бірақ, олар кешіргенмен Алла Тағала ата-анасының көңілін жыққаны үшін жауапқа тартпай қоймайды.

Бір сахаба былай дейді: «Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге ең үлкен күнәнің не екенін айтайын ба?» деп үш рет қайталайды. Біз: «Иә, Алланың елшісі» деп жауап бердік. Хақ пайғамбар: «Алла Тағалаға ортақ, шірк қосу және ата-анаға бас көтеріп, қарсы шығу» деді. Сосын сүйеніп тұрған жерінен түзеліп отырды да: «Әсіресе, жалған сөз бен жалған куә болудан сақ болыңдар» деді де, осы сөзін қайталап тұрып алды. Тіпті, біз «тоқтаса еді, тоқтаса еді» деп, іштей тіледік».

Міне, осы хадисте ата-анаға қарсы шығуды Алла Тағалаға серік қосқанмен бірдей үлкен күнә деуде. Әке-шешесіне қарсы шыққан діннен шықпайды. Бірақ Алла Тағаланың алдында үлкен күнәкәр болады. Пайғамбарымыз «Әсіресе жалған сөз бен жалған куә» деп айтуына үлкен мән бар. Өйткені, жалған сөз бен жалған куәнің вирусын жұқтырған адам күндердің күнінде ата-анасына да оп-оңай қарсы шығады. Ал ата-анаға қарсы шығып, бас көтерген адамның көп ұзамай Аллаһ Тағалаға да қарсы шығып, діннен безуі әбден мүмкін нәрсе. Өйткені, Аллаһ Тағаланың ризалығы – ата-анаңда. Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.): «Ата-анасына жақсылық жасап жүрген адамға Аллаһ жаннаттан екі есік ашады. Олардың ашуына тиюден, байқаусыз көңілін қалдырып алудан әсте сақ болған жөн. Өйткені, Аллаһтың ризалығы солардың ризалығы арқылы болмақ» дейді. Сол кезде біреу: «Олар зұлымдық жасаған жаман адамдар болса да ма?» дегенде Ибн Аббас. «Иә, зұлымдық жасаған болса да» деп жауап қатады. Басқа бір хабарда мынадай жалғасы бар: Күнде ата-анасына жамандық жасаған адамға Алла Тағала тозақтан екі есік ашады. Егер біреуіне жамандық жасаса онда бір есік ашады».

Бірде хазіреті Мұса (а.с.) Хақ Тағалаға қол жайып:

–  Я, Раббым маған насихат айт! деп жалбарынады. Сонда Алла Тағала:

–  Ей, Мұса! Сен Менің құқымды сақтағаныңды насихаттаймын, - дейді. Сонда хазіреті Мұса (а.с.) қайтадан:

–  Я, Раббым маған бір насихат айта гөр, – дейді. Алла:

– Анаңның құқықын сақта, – дейді. Хазіреті Мұса (а.с.) тағы да жалбарынып қол жайғанда, Хақ Тағала тағы да анасының құқын сақтауын насихаттады. Хазіреті Мұса (а.с.) қайтадан қол жайып сұрағанда Аллаһ:

–  Ей, Мұса, әкеңнің құқын сақта,– дейді.

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) жеткізген бір хадисте мынадай ғажап бір оқиға өрбіген. Бірде Алла елшісіне (с.а.у.) бір адам келіп.

–  Пайғамбарым! Мен де жиһадқа қатысқым келеді,– дейді. Сонда, Хақ пайғамбар:

–  Ата-анаң тірі ме? - деп сұрайды. Әлгі кісі:

–  Иә, өмірде, – деп жауап қатады. Сол кезде ақырғы елші (с.ғ.с.):

–  Ендеше үйіңе бар да соларға қара. Сенің жиһадың сол, – деп жауап береді.

Мінекей, бұл жерде әлгі адам үшін ата-анасына қарау жиһадқа шыққаннан әлде қайда жоғары тұр. Өйткені, ғазауатқа шыққанда кәрі ата-анасы қараусыз қалмақ. Тіпті, әлдеқандай күн туып шыға қалған күннің өзінде әке-шешесінің рұқсаты мен батасын алып шыққан абзал. Исламда жиһадқа шығып елін қорғау, дінді әлемге паш етіп, өзгелердің иманға келуіне, екі дүниенің бақытына қол жеткізуіне көмек болу ең ардақты істердің бірі. Бірақ, солай бола тұра мұсылман өзінің әке-шешесінен асып кете алмайды. Мысалы, Ислам дінін жаңа үйренген бір жас мұсылман қайраттанып, сезімге беріліп өзге аймақтарға дінді таратамын деп аттанып жатады. Алайда, артында отбасы, әке-шешесі нәпақасыз қалып қояды. Оның ойынша жиһадқа шығып дін таратар болса, Аллаһ Тағала оның кәрі әке-шешесіне ризықты ғайыптан беріп тұратындай көрінеді. Алайда бұл өте қате ұғым. Бұл дүние себептер әлемі. Сен дін таратты екен деп әке-шешең мен отбасыңды біреу бағып бермейді. Осы тұрғыдан Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) аталмыш насихаты аса маңызды нәрсе. Сондықтан жаннатты көріп тұрсаң да ата-анаңның рұқсаты мен батасын алмай кете алмайсың. Тіпті, әке-шешеңнің мұсылман болмауы да шарт емес. Сөздеріне құлақ аспай кетер болсаң ғазауатта жүрсең де сауап емес, күнә жинап жүресің. Өйткені, Ибн Аббастың айтуынша, Құдай Тағала алдыңнан жаннат емес, жаһаннамның екі есігін ашып тұрғанда қайда барып тығыларсың.

Бірде бір сахаба Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп:

–  Уа, Алланың елшісі! Кімге жақсылық жасауым қажет?  деп сұрайды. Сонда Хақ пайғамбар:

–  Анаңа, – деді.

–  Сосын кімге жақсылық жасайын?

–  Анаңа, деп жауап қатады. Әлгі сахаба тағы да:

–  Одан кейін кімге? дегенде

–  Анаңа, – деді.

–  Одан соң кімге?

–  Әкеңе, сосын жақындығына қарай туыстарыңа, – деп жауап береді.

Пайғамбарымыздың бұл хадисіндегі «анаңа, анаңа, анаңа» деп үш рет қайталауында бізге үлкен ғибраттар бар. Әуелі, баланы тәрбиелеуде әкеден қарағанда ананың рөлі өте зор. Әкеден қарағанда бар ауыртпалықты ана тартады. Сол үшін де құндақта жатқанан бастап түн ұйқысын төрт бөліп, оны тәрбиелей бастайды. Түн ішінде бала шырылдап жыласа ана бірінші оянады. Тіпті, көбінесе әке оянбай, оянса да аударылып теріс қарап жата кетеді. Ал ана ешуақытта олай жасай алмайды. Сондықтан да әкенің аяулы алақаны – ананың шапалағы десек қателеспейтін шығармыз. Ендеше, бұл хадисте ананың еңбегінің көптігін меңзеп тұр. Әрі ана – баланың ең алғаш ұстазы. Һәм негізгі ұстазы. Құрсақта жатқаннан бастап ең алғашқы тәрбиені, өмірді анасы үйретеді. Ананың балаға ұстаз болуы да аса маңызды. Өйткені, анада әкеден қарағанда балаға деген мейірім нұры өте қуатты болады. Ана баласы үшін отқа да түсуге қашан да әзір тұрады. Мұндай сезімді ана болғандар ғана ұғына алады. Міне, осындай сезімін ана өз сәбиінің бойына сіңдіре алса, күн ертең сәби азамат болып ел басқарғанда халқына аса мейірімді болады. Анасының осы мейірімін ала алмаған адамдар өскенде қатігез болады. Ендеше, рақымды, шапағатшыл болып өскен бала анасының осы қадірін, ерекше қасиетін білуі қажет.

Мұхитдин ИСАҰЛЫ,

исламтанушы 

Оқылды 368 рет
JoomShaper
Top