Білім алу – мұсылманның міндеті

Дүйсенбі, 22.02.2022

Шын мәнінде білім – біздердің қателіктерімізді түзеуге, бағытымызды нақтылауға, білім иелерімен бәсекеге түсуге, ең бастысы Алладан шынайы қорқуға алып келеді.

Қазіргі жастардың көбі білімді ғаламтор беттерінен тапқысы келеді. Осының салдарынан жастарымыз діннен басқа ешбір саланы қажетсінбейтін болып барады. Ең өкініштісі осындай бір бағытты жастардың қоғамда көбеюі, болашақта елдің тұтастығына, оның дамуына үлкен кесірін тигізері анық. Осы орайда білім алудың маңызы жайлы және оның ерекшелігіне біршама тоқталып кеткен жөн.

Алла өзінің шариғатын адамзатқа алғашқы түсірген кезден-ақ, білім ізденудің маңыздылығын айтқан. Бұған Мұхамедке (с.ғ.с.) алғашқы түскен мына аят дәлел бола алады: «(Ей, Мұхамед) Жаратқан Раббыңның атымен оқы! (1) Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. (2) Оқы! Раббың аса ардақты. (3) (Раббың) Сондай (ілімді) қаламмен үйреткен. (4) Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен».

Өкінішке орай, қазіргі жаһандану заманында еліміздегі білім алудың маңыздылығын бірі білсе бірі бермейді. Сонымен қатар, олар Ислам дінінің қашанда білім алуға үндейтінін тәрк етеді. Мұның себебінің бірі, мұсылманшылықтың толық парқына жетпегендіктен болады. Білім мұсылманның қашанда Алланың алдында  дәрежесін көтереді. Құранда: «Алла сендерден сондай иман келтіргендердің және ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді» делінген.

Адамзаттың ұстазы болған Пайғамбар (с.ғ.с) білім алуға байланысты көптеген хадистер айтып кеткен. Солардың бірі «Білімді бесіктен көрге дейін ізденіңдер» десе, тағы бір хадисте «Білім іздену барлық мұсылманға парыз» деген. Мұндай хадистерді ұғынған кез-келген мұсылман үшін білім ізденуге қашанда құштары артары анық.

Сонымен қатар Имам Ғазали өз сөзінде былай дейді:

«Білім Аллаға қатысты білім және жаратылыстарға қатысты білім болып бөлінеді. Мұсылманның өз Раббысын тану үшін ізденген білім әр бір адамға парыз. Мұндай білімді күнделікті ізденіп, амалмен жүзеге асыратын болса, онда ондай білім мұсылманды жеңіске жетелейді. Ал, басқа да дүнияуи медицина, инженерия, экология секілді т.б. білімдер бұлар «фард кифая» болып табылады. Яғни, мұндай білімді кей адамдар меңгерсе басқа адамдардың мойнынан бұл парыз түсіп қалады деген сөз».

Имам Ғазалидың бұл сөзінен біз діни білімнен бөлек басқа білімдерді алудың да өзіндік пайдасы бар екенін аңғаруға болады. Қазіргі мұсылмандардың басым көпшілігі осы білімдерді ізденумен айналысады. Алайда, мұндай білімдерді ізденудің де өзіндік шарттары бар. Яғни, ол мұсылманның сенімі дұрыс болу, құлшылығы түгел болу, әрдайым бойын (жаман амалдардан) таза ұстау, мінезі жақсы болу, ұстанған бағыты дұрыс болу, білімге деген ықыласы болу, ұят пен тәкәппарлық қасиеттерден арылу деген секілді.

Осы шарттарды естігенде Әл-Фараби атамыздың «Білімнен бұрын адамға тәрбие керек» деген  сөзі есімізге түседі. Сонымен қатар, білім алуға байланысты Әбу Ханифа өзінің шәкірті Әбу Юсуфке:

«Ең алдымен білім ізденуге тырыс. Кейін дүниелік несібеңді алу үшін жұмыс жаса. Содан кейін ғана өмірлік жар табуға әрекет жаса. Ал, егер бірінші дүниелік несібеңді, байлықты көздесең, білім алуға уақыт таппай қаласың және білімсіз тапқан байлық сені сараңдыққа жетелеп, көзіңді шел басады» деп өсиет айтқан.

Хасан Басриде ешбір бағытсыз алынған білім туралы былай деген:

«Білімсіз амал істеген адамның қоғамға тигізер пайдасынан зияны көп болады. Білімсіз адамның бағыты бұлыңғыр. Сондықтан, білімді алдымен өзіңе сосын қоғамға пайдасы тиетіндей етіп ал».

Катар Дін істері министрлігі Ислам дінін насихаттау басқармасына қарасты пәтуа шығару орталығының «99696» пәтуасында дүнияуи білім алуға байланысты былай делінеді:

«Қоғамға пайдасы бар барлық дүнияуи білімдерді алудың үлкен сауабы бар. Кез-келген адам өзінің ғылыми жолын анықтап, ондағы мақсаты қоғамның тыныштығы мен пайдасын көздесе онда ол білім жолында игілік бар. Ал, игілік бар жерде сөзсіз сауап та болатыны анық. Және мұндай жолда білім алу «фард кифая» болады. Кей ғалымдар қоғамның пайдасын көздеген мұндай білімдер «фард айннан» да артық деген». 

Бұл пәтуадан біз қоғамның игілігін көздеген кез-келген білім жолын таңдап, сол саланың білікті маманы болу игі іс қатарына жататынын көреміз. Кез-келген мұсылман білім алып оны үйретуді алдымен өзінің отбасынан бастауы керек. Себебі, отбасында қаланған білім негізі, баланың қоғамдағы орнын анықтап берері анық. Ал, отбасында білім негізі қаланбаған бала, ертең ғаламтор бетіне тәуелді болып, соқыр сенімге еріп кетуі әбден ықтимал. Сондықтан, баланың санасына тәрбиемен білім негізін де құйып отыру заман талабы.

Пайғамбар (с.ғ.с.) өз дәуірінде жас балаларға білім беруге қашанда құштар еді. Ибн Саъдтан келген риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) әр сахабаларға 10 баладан жинап, оларға жазу мен оқуды үйретуді бұйырғаны айтылады. Сонымен қатар, Ислам ғалымдардың өзі жастарға білім мен дұрыс бағыт бағдар беру керектігін басып айтып кеткен.

Қалай дегенде де Ислам дінінің басты құндылықтарының бірі, ол – қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың ынтымағы болып табылады. Ислам қашанда білімсіз адамды қараңғы, надан адамға теңейді. Бұл жайында Алла тағала мына аятта «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?», деп баяндайды. Сонымен қатар, Алла тағала адам баласына білімін арттыру үшін өзінен қалай тілек тілеуді: «Раббым, білімімді арттыр!» деп үйреткен. Сондай-ақ, сөзімнің соңын Пайғамбардың (с.ғ.с.) мына сөзімен аяқтағым келеді: «Ғалым бол немесе ізденуші бол немесе ғалымдарды жақсы көруші бол немесе ғалымдарды тыңдаушы бол бірақ, бесіншісі болма құрдымға кетесің». Бұл хадис біздерге білім жолына түсудің төрт жолын көрсетіп тұр. Себебі, бұл төрт жолдан басқа біздердің баратын жеріміз құрдым ғана болмақ.

Жалғас АСХАТҰЛЫ

Оқылды 682 рет
JoomShaper
Top