Қабірге зиярат етудің шарттары

Дүйсенбі, 16.11.2021

Ислам – дүние мен ақыреттің шылбырын тең ұстаған иләһи дін. Сондықтан да оның әкелген құндылықтары осы дүние мен қатар ақырет игілігін де ерекше назарда ұстайды. Ислам діні осы дүниені ақыреттің егін алқабы ретінде қарастырып, соған сай әрекет етіп, тек қана жақсылық жасауға, күнәлі істерден бойды аулақ ұстап, ақырет азығын жинауға шақырады.

Осындай рухани құндылықтардың бірі – осы дүние мен ақыретті байланыстырып тұратын алтын көпір қабірлерді зиярат ету. Қабірлерді зиярат ету ақыретті еске салатындықтан адамды тақуалыққа, ықыластылыққа жетелейді. Адам өзін бұл дүниеге уақытша келген қонақ сияқты сезініп, соған сай өмір сүрсе рияшылдықтан құтылып, ықыласқа қол жеткізед. Қонақта адам өзін қалай ұстайды? Әрине, барынша әдепті, сабырлы болуға әрекеттенеді. Өйткені,  қонақ болу – уақытша ғана сәт. Сол сияқты мына өткінші ғұмырда да өзінің қонақ екенін сезіне білген адам әрбір адымын аңдап басады. Хақ тағала айтқандай: «Әрбір тірі жан өлімнің дәмін (әйтеуір бір) татады. Қиямет күні істеген жақсылықтарыңның қарымын толық аласыңдар. Кімде-кім тозақтан алыстатылып, жұмаққа кірсе, мұратына жеткені. Дүние тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе де емес». («Әли Имран» сүресі, 185-аят). Тағы бір аятта: «Уа, иман еткендер, дүние-мүліктерің мен бала-шағаларың Алланы еске алуларыңа кедергі болмасын! Осынау нығметтерге алданып, Алланы ұмыт қалдырғандар үлкен зиян шегеді...»(«Мунафиқун» сүресі, 9-аят),– деп дүние қызықшылығына алданып, Алла тағаланы естен шығарып алмауға бұйырады. Сондықтан да Пайғамбарымыз: «(Жалған дүниенің) ләззатын ұмыттыратын (өлімді) жиі естеріңе алыңдар» (Тирмизи, зүһд 4), деп әрдайым өлімді еске алуға үндеген. Ардақты Пайғамбарымыз айтқандай, осы өлімді еске салып тұратын ең маңызды тұрақ – қабірлер. Сондықтан ол жерлерді зиярат ету сауапаты амалдар қатарына жатады.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда біздің қоғамымызда осы мәселеге қатысты үлкен дау-дамайлар туындауда. Бірілері шариғаттың талаптарына немқұрайлы қарап, әулиелерді аралауды кәсіпке айналдырып, көптеген адамның иманына селкеу түсіруде. Өмірде тап болған барлық қиындықтардан шығудың жолы әулие аралаудан өтеді деген жалған сеніммен мәселелерінің түйнін шешуді Алла тағаладан сұраудың орнына,әулеиелерден сұрап, бата алу қажет деп өздері шатасқанмен қоймай, өзгелерді де адастыруда.

Шариғат талаптарына осындай немқұрайдылық танытқандарға қарсы реакция ретінде өздерін «сәләфи» деп атаушы уаһһабилер қабірлерді зиярат етуге «ширк болады» деп үзілді-кесілді қарсы шығуда. Керек десеңіз кейбіреулері тарихи қорымдарды былай қойғанда, өз ата-анасының қабірлерін қиратып вандалистік әрекеттерге баруда. «Исламды бидғаттардан тазартамыз» деп ұрандатқан уаһһабилердің бар арманы Қазақстандағы барлық әулиелердің қабірлерін қирату екені де жасырын емес. Керек десеңіз «Құран өлілерге емес, тірілер оқу үшін түскен кітап» деп, қайтыс болған ата-бабаларымызға Құран бағыштауды да харамға шығаруда. Сондықтан да исламның шынайы рухын түсінген, шектен шықпайтын, орта жолды ұстанған әхли сунна уәл-жамағаттың және сол түсінік негізінде қалыптасқан бабаларымыздың осы мәселеге қатысты ұстанымдарын дәлелдерге сүйене отырып баяндай кетсек.

Бурәйда (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім. Енді зиярат етулеріңе болады», –  деп айтты» – делінген(Муслим, жәнәйз 106). Басқа бір риуаятта: «Кімде-кім қабірлерді зиярат етуді қаласа, зиярат етсін, өйткені қабір фәни дүниені ұмыттырып, ақыретті есімізге салады» – делінген (Тирмизи, жәнәйз 60; Әбу Дәуіт, жәнәйз 77). Осы мәндес тағы бір хадисте, ағасы Абдуррахманның қабірін зиярат етіп келе жатқан Айша анамыздан (Алла оған разы болсын!) «Пайғамбарымыз қабірлерді зиярат етуге тыйым салмап па еді?» деп сұраған кезде ол: «Иә, тыйым салған еді. Алайда кейін қабірлерді зиярат етуді бұйырды», – деп жауап берген (әл-Хаким, әл-Мустадрак, 1/375).

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі де мұны іс жүзінде көрсетіп, сахабаларының қабірлерін зиярат етіп, оларға дұға еткендігі белгілі (Муслим, Жәнайз 104). Осы және өзге де дәлелдерге сүйенген ғалымдарымыз қабірлерді зиярат етуді мәндүп деген. Мұны сүннет дегендер де бар. Ибн Хазым және т.б. кейбір кісілер тіпті «өмірінде бір рет қабірлерді зиярат ету уәжіп» деген екен (Шәукани. Нәйлул-әутар, 5/117-120). Демек қабірлерді зиярат ету құпталған іс. Алайда қабір зиярат ету қажет екен деп шектеп шықпай шариғат шеңберінде зиярат жасаудың өзіндік шарттары мен әдептерін де білу қажет. Солардың кейбірін атай кетейік:

          Қабірлерді зиярат етер кезде дәретті болу

Қабірді зиярат еткен кезде әуелі сол қорымда жатқан мұсылман жүртшылығына сәлем беру қажет. Пайғамбарымыз сахабаларына: «Әссәләму аләйкум йә әһләл-қубуур, уә иннә иншаллаһу бикум ләлаахиқун уа әс-әлуллаһа ләна уә ләкумул-афияһ», деп айту қажет екенін үйреткен. Оның қазақша мағынасы: «Уа, қабір қауымы, Сендерге Алланың сәлемі болсын! Алла қаласа, әлбетте, біз сендерге барып қосыламыз. Алладан бізді және сендерді кешіруді тілеймін!». Осы жерден біз қабірлерді зиярат еткен кезде олардың біздің сәлемімізді еститінін көреміз. Өйткені сәлем еститіндерге беріледі. Бұған дәлел ретінде Пайғамбарымыздың бәдір шайқасынан кейін жер жастанған мүшіріктердің басына келіп: «Раббымыздың уәде еткен азабының рас екеніне көз жеткіздіңдер ме?» дегенін естігенде қасындағы сахабалар таңданып «Уа, Алланың елшісі, Сіз мына өліктерге айтып жатырсыз ба?» дегенде Пайғамбарымыз: «Сендер олардан артық ести алмайсыңдар. Бірақ олар жауап бере алмайды» деген-ді.(Ахмед ибн Ханбал, ІІ, 121) 

  

Құран оқып, сауабын күллі мұсылмандарға әрі қабірін зиярат етуге барған ата ана, туған туыстарына бағыштау. 

Мәйітке арнап Құран оқып, сауабын марқұмға бағыштауға болады. Абд ар-Рахман әл-Жазиридің (р.а.) «Фиқһул-Жазири» атты кітабында: «Құран бағыштаудың мәйітке пайдасы бар», – делінген (ҚМДБ. Жаназа пәтуасы, Алматы, 2009 ж. 17-б.).

Ханафи мен ханбали мәзһабында бағышталған Құранның сауабы марқұмға тиетіндігі айтылған. Мәлики мен шафиғи мәзһабтарының кейінгі ғұламалары да оқылған Құран сауабының мәйітке пайда беретінін айтады («Әл-Фиқһ әл-Ислами уа Адиллатуһу», 2/1581.) Ибн ас-Салах: «Аллаһ тағалам не оқысақ та осы оқығанымыздың сауабын пәленшеге жеткізе гөр», – деп дұға қылған (Мұғни Мұхтаж ила мағрифатил алфаз, 3/64). ханбали мәзһабының танымал ғалымы Мухаммед ибн Қудама имам Ахмед б. Ханбалдың марқұмдарға Құран оқуға қатысты мына бір сөзін жеткізеді: «Зиратқа барған кезде Аятул курси және 3 рет Ықылас сүресін оқып, былай деп дұға етіңдер: Аллаһым! Оның сауабын мына қабір әһліне жеткіз» (Мухаммед ибн Қудама, әл-Муғни, ІІ, 424 бет). Ибн Хажар әл-Асқаланиден «Марқұмға бағышталып оқыған Құран сауабы тиеме?» деп сұралғанда ол: «..Алғашқы ғалымдардың басым көпшілігінің пікірі бойынша, оқылған Құранның сауабы марқұмға тиеді. Осы амалдың мустахаб болғаны таңдалған пікір», деп жауап берген екен (Ибн Хажар, Фәтәуа, 20 б.).

Ханафи ғалымдары дәлелдерге сүйене отырып, адамның жасаған құлшылықтарының сауабын да қайтыс болған кісіге бағыштауға болатындығына келіскен. Мәселен, намаз, ораза, садақа немесе басқа да ізгі амалдардың сауабын өлген кісіге бағыштауға болады, бағыштағанда өз сауабынан ештеңе кемімейді (Ислам фиқһ энциклопедиясы, 3/99).

Бұған дәлел ретінде мына хадистерді келтіруге болады. Бір хадисте:Сағд ибн Убада былай дейді: «Аллаһ елшісіне келіп: «Уа, Аллаһтың елшісі! Анам қайтыс болып еді, садақа бермеді, артынан өсиет те айтпады. Сол кісіге арнап садақа берсем, пайдасы тие ме?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Иә, сауабы анаңа тиеді», –деп жауап қайтарды да, артынша: «Тіпті қойдың үйітілген сирағы болса да сауабы тиеді», – деп айтты (Табарани, Мұғжамул кабир, 5/258 хадис-5242). Тағы бір хадисте бір әйел Пайғамбарымызға (с.а.с.) барып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Әкем әлсіз, қауқары жоқ. Көлікке міне алмайтындай қартайған шағында қажылық парызын өтеу міндет болды (қаржысы жеткілікті болды). Сол кісінің атынан қажылыққа мен барсам бола ма?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер сенің әкеңнің қарызы болса, оны өтер ме едің?» – деп қарсы сұрақ қойды. Әйел: «Иә, өтер едім», деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ендеше, Аллаһтың алдындағы қарызын өтеу басқадағы қарызын өтеуге қарағанда анағұрлым абзалырақ», – деп жауап берген (Нәйлул-әутар, 4/285). Олай болса, «Құран оқылған кезде әрбір әрібіне он сауап беріледі» деген хадиске сүйене отырып, Құран оқығаннан кейінгі сауапты бағыштауға болатындығына көз жеткіземіз.

Қабір басында Құран оқу сауапты іс. «Ясин» сүресін оқу мұстахаб. Сонымен қатар бір мәрте Фатиха және үш мәрте Ықылас сүресін немесе өзі білген сүрелерді оқып, сауабын марқұмға бағыштаса болады.

Құран оқылғаннан кейін марқұмдар үшін дұға жасалып, Алладан кешірім тіленеді. Көпшілік ғалымдар бағышталған дұға-тілектердің сауабы дүниеден озған әруақтарға жететіндігіне бір ауыздан келіскен. Мысалы, «Уа, Алла тағалам, пәленшені кешір, өзіңнің мейіріміңе бөлей гөр!» деп дұға жасаудың сауабы мәйітке жетеді. Бұған Құрандағы:  «Олардан кейін келгендер былай дейді: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай гөр»(«Хашір» сүресі, 10 аят)– деген аят дәлел. Дұғаның қайтыс болған кісіге айдасы міндетті түрде тиеді. Әсіресе, Құран оқылғаннан кейін жасалған дұға қабыл болуға лайықтырақ (У. әз Зухәйли, Фиқһул ислами уә әдилләтуһ. ІІІ, 91-92).

Қабірлерді зиярат ету барысында мына нәрселерді жасауға тыйым салынады:

Қабірлерді сипалап, қолымен бетін сүрту;

Қабірлерді айналып, тәу ету;

Шүберек байлау;

Шам жағу;

Ақша және түрлі заттарды тастау;

Қабірдегі адамнан тілегінің орындалуын сұрау. Осы соңғы мәселеге қатты абай болу керек. Сұрайтын нәрсенің бәрін бір Алладан ғана сұрау керек. олай  болмаған жағдайда Аллаға серік қосқан болады. Сонымен қатар, «Уа, Алла тағалам, осы қабірде жатқан Пайғамбар, әулие яки қандай да бір ізгі адамның құрметі үшін дұғамды қабыл ала гөр!», деу серік қосуға жатпайды. Міне осы мәселені дұрыс ажырата алмаған «сәләфилер» бұл әрекетті серік қосу деп санап, қабірлерді зиярат етуге тыйым салуда. Қазақтар әруағын сыйлағанымен оларға сыйынбағанын естен шығармау керек. Ал қазіргі таңдағы әруақ аралауда кәсіп етіп жүргендерге қарап, қазақ халқының мұсылманшылығына баға беру жаңсақтық.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

Теология ғылымының докторы, исламтанушы

Оқылды 1722 рет
JoomShaper
Top